Шаруалар техниканың пайдасын көруде
Егемендiктің алғашқы жылдары бастау алған ауыл шаруашылығын реформалау нәтижесiнде бұрынғы ұжымшар-кеңшарлар таратылып, аграрлық сектор нарықтық қатынастарға көштi. 1999 жылы ауыл өмiрiнде түбегейлi өзгерiстер орын алғаны белгілі. Шаруаның мүлiктiк пайы мен шартты жер үлесiне құқық беретiн куәлiк арқылы ұжымдық меншiк қалыптасты.
Ауыл азаматтарының көзқарасы өзгерiп, нарықтық жағдайларға бейiмделе бастады. Нағыз жер иесi ретiнде жеке шаруа қожалықтарын құрып, қалауларына қарай өндiрiстiк кооперативтерге, акционерлiк қоғамдарға, түрлi серiктестiктерге бiрiктi. Осы реформаның нәтижесiнде Оңтүстік Қазақстан облысындағы ұжымшар-кеңшар, мемлекеттiк шаруашылықтар базасында 20 мыңнан астам дербес ауыл шаруашылығы құрылымдары пайда болды. Бүгiнде олардың саны 70 мыңнан асады. Бұл республиканың өзге өңiрлерімен салыстырғанда ең жоғары көрсеткiш.
Соңғы жылдары облыстың ауылшаруашылығы өнiмдерінен рекордты көрсеткiштерге қол жеткiзуi шаруалардың төккен терiнiң өтеуi. Екiншi жағынан облыстың климаттық жағдайы мақта, көкөнiс, бақша дақылдары мен жемiс-жидектердi өсiруге қолайлы. Әрi жайылымдарды жыл бойына азықтық база ретiнде қолданып, мал шаруашылығын қарқынды дамытуға зор мүмкiндiк бар.
Жеңiлдетiлген несиелер мен лизингтiк бағдарламалардың арқасында ауыл шаруашылығы тауарын өндiрушiлер жаңа техникалар мен құрал-жабдықтарға қол жеткiзуде. Соңғы үш жылда шаруалар тарапынан 2,6 мыңнан астам жаңа ауыл шаруашылығы техникасы сатып алынды. Оның iшiнде әйгiлi «Джон дир», «Челенджер», «Сампо Лев», «Вектор» комбайндары бар. Айта кетерлiгi, 2010 жылы мақтаның 7 пайызы комбайнмен терiлсе, бүгiнде бұл көрсеткiш 65 пайызға жетiп отыр. Ауылшаруашылығының аталмыш озық техникалары шаруалардың жұмысын жеңілдетіп қана қоймай, өнімділікті арттыруда да үлесі зор.
Abai.kz