Жұма, 22 Қараша 2024
Ақмылтық 5098 0 пікір 30 Қараша, 2016 сағат 10:06

«ТҮНГІ СТУДИЯДА» ҚОЯНБАЕВТЫҢ ҚОНАҒЫ БОЛДЫ

Кеше Президент Назарбаев Ұлттық арнаның эфирі арқылы таралатын Нұрлан Қоянбаевтың «Түнгі студия» бағдарламасында қонақта болды. Аталған бағдарлама «Келін» дейтін Үнді сериялынан кейін басталады. Алайда, бұл «Келін» көрермендердің көңілін қалдырып, әбден мезі етіп болған  «Келін» еді. Өткен түні жұрт «кәрі» «Келінді» амалсыздан көріп,  Елбасын күтті.

Күткендегідей Президент те көрінді. Шоумен-әзілкеш Қоянбаевпен қол алысып, оның «қандай телебағдарламаларды көресіз? Әрине, «Түнгі студиядан» басқа?»,  - деп арасына әзіл қыстырып қойған сауалына:

-         Мен нақты мына бағдарламаны көремін десем, біріңді асырып, біріңді кемсітіп, алалағандай  болармын, сондықтан «бәріңді көремін» деп жауап қайырғаным дұрыс шығар, - деді.

Осы сөздерінен соң Президент қиын-қыстау заманның артта қалғанын, тоқсаныншы жылдардағы экономикалық  дағдарыстан аман-есен шыққанымызды, қазір баршылық қоғамда өмір сүріп жатқанымызды еске салды.

Баспасөздің атқарар қызметі елге тәлім-тәрбие беру екендігін де ескерткен Елбасы жас ұрпақ ата-анаға қайырлы болуы керек дегенді қадап айтты. Пендауи дүниеде діни амалдарға көп жүгіне бермейтін  қазақ пен еврей равиннің жұмақта жолыққанын, қазақтың жұмаққа қартайған әке-шешесін  мәпелеп баққан соң келіп қалғанын баяндайтын тәмсілді тілге тиек еткен Мемлекет басшысы осы күні қарттар үйінен қартайған қазақтың кемпір-шалын көріп жүргенін және соған іші удай ашитындығын білдірді.

Соңынан студияға жиналған жастарға ақ тілек бата беріп, «әумин» деп бет сипады.

Қоянбаев өз кезегінде «Қазмедия» орталығына Елбасының уақыт бөліп келгеніне рахмет айтып, бұндай баспасөз орталығының әлемде баламасы жоқ екендігін жайып салды.

-         Сол үшін Сізге барлық әріптестерімнің  атынан рахмет айтамын, - деді бағдарламаның жүргізушісі.

Қоянбаевқа әдетте белгілі шоу-бизнес өкілдері,  әйгілі спортшылар қонақта болатын.  Бұл жолы оған Мемлекет басшысының өзі келіп қайтты. Әрине, осыдан кейін Қоянбавқа ұлықтар да қонақ болуға келіп тұратын болар. Бұл – сөз жоқ,  қазақтілді бағдарламаның рейтингін көтеріп, дәрпін асырар дәстүрге айналары сөзсіз.

Айтпақшы, Қоянбавтың кешегі қонағынан (Мемлекет басшысынан) көрермен көп әзіл-әңгіме күткен. Алайда, ойға жүйрік, сөзге ұста қонақ асығыс болса керек, көп отырмай студиядағылармен қоштасып, шығып кетті.

Abai.kz

0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1463
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3230
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5321