Сейсенбі, 26 Қараша 2024
Қоғам 4886 0 пікір 29 Қараша, 2016 сағат 15:39

Қаражатты қадағалау – парыз

Еліміздің барлық аймақтарында ел қалаулыларының қатысуымен қоғамдық тыңдаулар жиі өткізіліп тұрады. Алайда бюджет жобасын әзірлеуде қаржы жүйесінің ашықтығы өз деңгейінде емес. Мәслихат сессиясы мен комиссиясының жұмысы жайындағы мәліметтердің жіті жарияланып тұратындығын ескере отырып, халық ұсынған ұсыныстардың қабылданғаны немесе сол мақсатта қандай да бір өзгеріс енгізілуі жөнінде деректердің әлі де аз екендігін айта кеткен жөн. «Неге?» деген заңды сауал туындайды. Енді осы мәселеге тоқтала кетсек.

Елімізде жергілікті бюджет ашықтығының индексінде еліміздің барлық өңірлерінде көрсеткіш деңгейі тым төмен, тіпті кей аймақтарда жоқтың қасы.

Жалпы, әр елдегі тәжірибеге жүгінсек, бюджет ашықтығы индексінің көмегімен зерттеуге сегіз негізгі бюджет құжаттары ұсынылып отыруы тиіс. Сондай-ақ, мемлекеттік билік ұсынған сол құжаттардағы мәліметтер халыққа дер кезінде жария болып, ұғынықты әрі пайдалы болуы керек. Айта кетейік, мұндай зерттеулерде Халықаралық валюта қоры, Экономикалық ынтымақтастық және даму мен жоғарғы мекемелерді қаржылық бақылау халықаралық ұйымдары сынды дүниежүзілік мекемелер жинақтаған халықаралық деңгейдегі критерийлер қолданылады.

Қазақстан өткен жылы бұл индекс көрсеткішінің 100-ден 51 ұпайын ғана жинаған болатын. Бұл көрсеткіш зерттеуге алынған жүз мемлекеттің орташа балы 46-дан сәл асқанымен, көршілес Ресей және Қырғызстан елдерінен төмен болып шықты. Бұл — елдегі үкімет жыл бойына халыққа мемлекеттік бюджет пен үкіметтің қаржылық қызметі хақында мәліметтердің бірқатарын ғана ұсынады деген сөз. Мұндай халықаралық зерттеу индексінде еліміздің тіпті алпыс балға да жете алмауының басты себебі — аймақтардағы бюджет мәселесі мен қаржы жүйесіндегі жұмыс әлі дұрыс жолға қойылған жоқ.

Негізі, жергілікті бюджет ашықтығының индексі (ЖБАИ) облыстық деңгейдегі қаржы жүйесінің ашықтық деңгейін анықтауға мүмкіндік береді. Мұндай индекс көрсеткіші елі-міздің әрбір аймағын өзара салыстыруға, сондай-ақ, жергілікті басқару мекемелерінің бюджет ашық-тығын айғақтайтын кез келген мәліметті сапалы ұсынуға септігін тигізеді. Бұдан бөлек, бұл көрсеткіш қандай аймақ өз тұрғындарына бюджет үдерісіне қатысуға көбірек мүмкіндік беретінін анықтауға көмектеседі. Жоғарыда елімізде жергілікті бюджет ашықтығының индексінде бірқатар аймақтардың көрсеткіш деңгейі тым төмен, ал кейбірінде көрсеткіш жоқтың қасы екендігін айттық. Мысал келтіре кетсек, былтыр Ақмола облысының ЖБАИ көрсеткіші 100-ден 43,81 ұпай жинаса, көршілес Қостанай 42,32, Павлодар 36,69 ұпай көрсеткен. Дей тұрғанмен, бұл көрсеткіштер 2013 жылмен салыстырғанда біршама жоғары. Ол жылы жергілікті бюджет ашықтығының индексі 29,49 балды құраған еді. Десек те, жергілікті мекемелердің бюджет және қаржылық қызмет жөнінде қоғамдық мәліметтерді халыққа ұсынуы «орташадан төмен деңгейде» деген баға берілді. Айта кетейік, зерттеуге еліміздің барлық, яғни 16 өңірі алынды.

Бұл тізімде көш бастап тұрған Шығыс Қазақстан облысына (67,51) орташа деген баға берілсе, СҚО — 44,51, Алматы облысы — 43,77, ОҚО — 42,69, Жамбыл облысы — 39,53, Ақтөбе облысы 39,02 балл жинап, «орташадан төмен» деңгейде екені анықталды. Ал БҚО — 35,78, Атырау облысы — 35,54, Қарағанды облысы — 27,34, Маңғыстау облысы — 27,17, тіпті, Астана (27,14) және Алматы қалалары (22,07) «өте төмен» деңгейдегі балл жинаған. Көш соңында 20,51 баллмен Қызылорда облысы.

Жергілікті бюджет ашықтығының индексі көрсет-кішінде еліміздегі облыстардың түгелдей дерлік деңгейінің төмен болуы бюджет жобасын әзірлеуде жергілікті халық ұсынған ұсыныстардың қабылданғаны немесе сол мақсатта қандай да бір өзгеріс енгізілуі жөнінде деректердің болмауында. Зерттеу барысында жүргізілген сараптама нәтижесіне сүйенсек, бюджет жобасын орындауда жүргізілген өзгертулер дұрыс көрсетілген. Бірақ бюджетті оң-тайландыру үдерісіне депутаттар ұсынған ұсы-ныстардың енгізілуі жөнінде нақты мәлімет аз. Ал бюджеттік бағдарламаларға мониторинг жүргізуге халықты жұмылдыру туралы мәлімет мүлдем жоқ. Мойындау керек, жергілікті басқару мекемелерінің жылдық есебі жан-жақты қамтылып, жарияланған. Бюджетті оңтайландыру себептері мүмкіндігінше түсіндірілген. Алайда жалпы мәселелерді тұрақты мәслихат комиссиясының талқыланғаны туралы есеп мүлдем берілмеген.

Тағы бір мәселе — жергілікті халық үкіметтің қоғамдық қаражатты басқару барысындағы есебін әрдайым ашық көрсету керектігін талап ете алуы аса маңызды.

Осы тұста айта кетейік, отандық БАҚ-тарға берген бір сөзінде «Құқықтық және экономикалық реформаларды қолдау орталығы» ҚБ-нің директоры Әсел Қырықбаева: «Еліміздегі бюджет жоспарлау әлеуметтің әл-ауқатына тікелей ықпал етеді. Десе де халық бюджет жобасын талқылауға қатыспайды. Тіпті, оны қалыптастыруға да еш араласпайды. Қоғамдық кеңестер туралы» Заңда бюджет бағдарламаларының жобасын қалың бұқара талқылау үшін қоғамдық тыңдаулар өткізуге заң жүзінде мүмкіндік берілген, оны жергілікті елді мекеннің қоғамдық кеңестері ұйымдастыруы тиіс. ҚР бюджет кодексіне сәйкес облыстық бюджетті, сондай-ақ Алматы мен Астана қалаларының бюджеттерін қарастыру мен белгілеу ағымдағы жылы 15 қыркүйектен кешікпей бекітіледі. Олай болса жергілікті бюджет жобасы 15 қазанға дейін тиісті мәслихатқа енгізілуі тиіс. Осыған орай жергілікті атқарушы және өкілдік органдары, сондай-ақ қоғамдық кеңестерді бюджет жобасына арналған қоғамдық тыңдауларды ұйымдастыруға шақырамыз», — деген болатын.

Тағы бір айта кетерлігі, жуырда Мәжіліс төрағасы Нұрлан Нығматулин Халықаралық бюджеттік әріптестіктің сарапшысы Клэр Шутенмен кездескен болатын. Сол кездесуде Н. Нығматулин сөз болып отырған ұйымның осы саладағы зерттеулерінің шынайы әрі тәуелсіз екенін алға тарта келіп, барлық бюджеттік бағдарламаларды қарайтын Парламент үшін бюджеттің ашықтығы мен бақылау тиімділігін арттыратын ұсынымдарды зерделеудің маңыздылығы зор екенін айтты.

«Алтыншы сайланған Парламенттің екінші сессиясының ашылуында Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Үкімет пен Парламенттің алдына бюджет қаржыларын игеруде қатаң бақылау мен заң шығармашылық қызметінің барынша ашықтығын қамтамасыз етуді тапсырды. Қазіргі уақытта Мәжілісте заң жобаларын қараудың мүлдем жаңа тәртібі енгізілді», — дейді Н.Нығматулин.

Олай болса бюджеттің ашықтығы мен оның талқылауына халықтың белсенді араласуы дұрыс жолға қойылады деген сенімдеміз.

А.Көшкінбаев,
«Сорос-Қазақстан» қорының 
«Жергілікті бюджет бастамасы» үйлестірушісі.

Абай-ақпарат

0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1533
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3313
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 6006