«Нұр Отан» партиясы облыстық филиалдарының есептік-сайлау конференциялары өтіп жатыр
Бүгінде еліміздің барлық өңірінде «Нұр Отан» партиясы облыстық филиалдарының есептік-сайлау конференциялары өтуде. Онда 2015-2016 жылдары атқарылған жұмыстардың есебі тыңдалып, алдағы міндеттер мен межелер айқындалады, - деп хабарлайды "Айқын-ақпарат".
Осыған орай кеше Астанада партия Төрағасының бірінші орынбасары Мұхтар Құл-Мұхаммедтің қатысуымен қалалық филиалдың XXIV есептік-сайлау конференциясы өтті. Аталған іс-шараға Парламент пен қалалық мәслихат депутаттары, кәсіподақ және үкіметтік емес ұйымдардың өкілдері де қатысты. Конференцияны Астана қаласының әкімі, филиал төрағасы Әсет Исекешев ашып, жүргізіп отырды. Шара барысында филиал жұмысымен қатар, Парламенттің таяуда қабылдаған «Қазақстан Республикасының 25 жылдығы декларациясына» да ерекше көңіл бөлінді.
Атқарылған жұмыстар аз емес
Алғаш болып «Нұр Отан» партиясы Астана қалалық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Еділ Мамытбеков сөз алды. Ол өз сөзінде филиалдың соңғы екі жылдағы жұмысына тоқталды. Е.Мамытбековтің айтуынша, қазіргі таңда «Нұр Отанның» астаналық филиалы 350 бастауыш партия ұйымының басын біріктіреді. Екі жыл ішінде Астана қаласында жетекші саяси партия мүшелерінің саны 12195-тен 45501 адамға жеткен.
Жалпы, филиал жұмысының басым бағыттары бес институттық реформа мен «100 нақты қадам» Ұлт жоспарын жүзеге асыру, партияның сайлауалды бағдарламасы мен Төрағаның тапсырмаларын орындау, сондай-ақ мемлекеттік бағдарламалардың орындалу барысын қадағалау және қоғамдық қабылдау арқылы халыққа көмек көрсету болып табылады. Осы бағытта 2015-2016 жылдары 5 мыңнан астам түрлі форматтағы іс-шара өткізіліп, 400 мыңнан аса адам қамтылған. «Соның ішінде «100 нақты қадам» Ұлт жоспары аясында қабылданған заңды түсіндіру жұмыстары бойынша 80 мыңнан астам адамның қатысуымен 463 кездесу ұйымдастырылды. «Нұрлы жол» инфрақұрылымды дамыту бағдарламасын жүзеге асыруды тұрақты бақылау мақсатында қалалық мәслихаттағы партия фракциясы жанынан төрт инспекциялық комиссия құрылды. Олар бүгінге дейін Астанадағы құрылыс нысандарын аралап, 22 рейд жүргізді» дейді Е.Мамытбеков.
Партияның астаналық қоғамдық қабылдау бөлмесінің жұмысына да тоқталып өткен филиал төрағасының бірінші орынбасары соңғы екі жылда 26 мыңнан астам азамат көмек сұрап келгенін жеткізді. Олардың 38 пайызының мәселесі дереу оң шешімін тапса, қалғандары тиісті мемлекеттік органдарға жолданып, партиялық бақылауға алынған. Ал биыл мемлекеттік органдардың жетекшілері мен Мәжіліс және мәслихат депутаттары Астана қаласы бойынша 433 қоғамдық қабылдау өткізген екен.
Сонымен қатар Е.Мамытбеков конференцияға қатысушылар назарын филиалдың партиялық жобалар аясында атқарған жұмыс нәтижелеріне аударды. Оның сөзіне қарағанда, аталған жобаларды жүзеге асыру аясында 2700 іс-шара ұйымдастырылып, оған 95 мың адам қатысқан. Соның ішінде қоғамның әлеуметтік аз қамтылған бөлігіне қолдау көрсетуде филиалдың белсенділігі байқалады. Одан бөлек, Астана қаласындағы бастауыш партия ұйымдарының жұмысына жоғары баға берген филиал төрағасының бірінші орынбасары олардың шаһардың дамуына оң ықпалын тигізіп отырғанын айтты. Сөз соңында ол Парламент қабылдаған «Қазақстан Республикасының 25 жылдығы декларациясының» маңызы жоғары құжат екенін және оны партия филиалы толық қолдайтынын жеткізді.
Іс-шара барысында партия филиалы бақылау-ревизиялық комиссиясының есебі де тыңдалды. Сондай-ақ партия қалалық филиалы ұйымдастыру-бақылау жұмысының консультанты Лунара Жұмашева, Астана қаласындағы Көлік және коммуникация колледжінің директоры Зулфухар Гаипов, партия ардагері, қалалық филиал Саяси кеңесінің мүшесі Надежда Петухова, KEGOC Ұлттық компаниясы жанындағы бастауыш партия ұйымының төрағасы Бақытжан Қажиев және «Жас Отан» жастар қанатының өкілі Мұхамеджан Болысбек баяндама жасап, «Тәуелсіздіктің 25 жылдығы декларациясына» ерекше тоқталып өтті.
Елорда – елдіктің белгісі
Ал «Нұр Отан» партиясы Төрағасының бірінші орынбасары еліміздің ширек ғасырдағы жетістіктері Елбасымыздың ерен еңбегінің жемісі екенін айтты. Конференцияға қатысушыларды партия Төрағасы, Тұңғыш Президент күні және барша қазақстандықтардың ең ұлық мерекесі Тәуелсіздік күнімен құттықтаған Мұхтар Құл-Мұхаммед: «Тәуелсіздік жылдары Қазақстан Нұрсұлтан Назарбаевтың басшылығымен әлем таныған, абыройлы, беделді мемлекетке айналды. Еліміздің ең қиын кезеңі саналатын 1997 жылы Елбасымыз «Қазақстан – 2030» стратегиясын жариялап, алдымызға әлемдегі дамыған 50 елдің қатарына қосылуды мақсат етіп қойған болатын. Сол кезде оған күмәнмен қарағандар да болды. Алайда сол 2030 жылы қол жеткіземіз деген мақсаттардың барлығы 2012 жылы орындалып, Қазақстан әлемдегі ең дамыған 50 елдің қатарынан орын алды. Соған байланысты Мемлекет басшысы 2050 жылға дейінгі жаңа стратегиялық бағдарламасын жариялады. Елбасының жанқиярлық еңбегінің арқасында біз 2050 жылға дейінгі алдымызға қойған мақсаттарға одан әлдеқайда ерте қол жеткізетінімізге сенемін. Себебі, әлемдегі ең ірі рейтингтік агенттіктер, бүкіләлемдік банк және бүкіләлемдік қаржы жүйесі Қазақстанды әлем бойынша алдыңғы орында тұрған, дамыған 42 мемлекеттің қатарына қосты. Демек, біз көздеген меженің тең жартысын қазірдің өзінде орындадық. Осының барлығы тәуелсіздіктің, Елбасымыздың ерен еңбегінің арқасы. Сол себепті, ел Парламентінің қос палатасы өзінің бірлескен отырысын өткізіп, «Тәуелсіздіктің 25 жылдығы декларациясын» қабылдады. Онда еліміздің 25 жылда қол жеткізген ғасырларға бергісіз жетістіктері атап көрсетілген. Сондай-ақ осы табыстардың барлығы мемлекетіміздің негізін қалыптастырушы және елімізді өркениет биігіне бастап келе жатқан Мемлекет басшысының еңбегінің арқасы екені айтылған. Соның ішінде Астананы салудағы ерлігі айрықша атап көрсетілген. Елбасымыз бүгінде бүкіл әлем таныған әсем Астанамызды салып, оны дүниежүзіне жарқырата көрсетті. Астана бүкіл өңірлеріміз үшін дамудың даңғылына айналды. Сондықтан «Нұр Отан» партиясының астаналық филиалы Елбасымыздың бағдарламалары мен стратегиялық курсын орындауда облыстық партия ұйымдары үшін үлгі-өнеге болуға тиіс. Бұл, әсіресе, миллиондаған EXPO қонақтарын қарсы алу кезінде ерекше мәнге ие» деді.
Сондай-ақ Мұхтар Абрарұлы Астананың ел дамуындағы ірі донорлардың біріне айналғанын айтып: «Астана қаласының аймақтық жалпы өнімі республикалық көлемде алғаш рет 11 пайыздан асты. Елордамыздың осылайша, қарқынды дамуына шағын және орта кәсіпкерліктің қосып отырған үлесі зор. Құрылыс индустриясы бойынша да Астанада айтарлықтай нәтижелерге қол жеткізілуде. Тек биыл ғана 1,8 млн шаршы метр баспана салынды. Бас қаламызда ашылып жатқан жаңа кәсіпорындардың арқасында жұмыссыздық көрсеткішіде ең төмен деңгейде. Сонымен қатар Астананы әлемнің ең ақылды 50 қаласының қатарына қосу бойынша да ауқымды жұмыстар атқарылуда. Бүгінде электронды технологияны қала өміріне енгізу жұмыстары қарқынды жүргізілуде. Сондықтан бұл межеге де жуық арада қол жеткіземіз деп сенемін» деді.
Одан бөлек, Елбасының тапсырмасымен Астананың дамуына жыл сайын мемлекеттік бағдарламалар аясында миллиардтаған қаржы бөлінетінін айтқан Мұхтар Құл-Мұхаммед оның тиімді жұмсалуына партияның қалалық филиалы қатаң бақылау орнатуы тиіс екенін жеткізді.
Міндеттер мен межелер айқын
Өз кезегінде шаһар басшысы, «Нұр Отан» партиясы Астана қалалық филиалының төрағасы Әсет Исекешев Елбасының арқасында халықтың ертеңге деген сенімі қалыптасқанын айтты. «Аз уақыттың ішінде елорда Елбасы белгілеген міндеттер мен межелі жоспарларды орындап, әлемнің қарқынды дамушы қалаларының біріне айналды. Қазіргі таңда Астана қаласын Жер бетіндегі ең үздік ақылды қалалардың қатарына қосу мақсатында кешенді жұмыстар жалғасуда» деген Ә.Исекешев осы бағытта жаңа әуежай терминалы мен темір жол салынып жатқанын айтты.
Сондай-ақ әкім қаладағы қызмет көрсету сапасын жақсарту, медициналық, мәдени және басқа да қоғамдық орындардың жұмысын жандандыру, бұқаралық спорт пен туризм саласын дамыту бағыттары бойынша қарқынды жұмыстар жүргізіліп жатқанын қаперге алды. Бұл жұмыстың барлығы «ЭКСПО – 2017» халықаралық көрмесін жоғары деңгейде өткізуге арналатынын айтқан Астана әкімі осы орайда партия филиалы тарапынан тиісті бақылау жүргізілетінін атап өтті.
Конференция соңында «Нұр Отан» партиясы Астана қалалық филиалы Саяси кеңесі мен Бақылау-ревизиялық комиссиясының мүшелері сайланып, оларға жаңа міндеттер мен тапсырмалар жүктелді.
Еламан ҚОҢЫР,
Суретті түсірген Рустам АМАНТАЙ
Пікірлер
Анатолий БАШМАКОВ,
Л.Гумилев атындағы ЕҰУ Қазақстан халықтары ассамблеясы кафедрасының меңгерушісі:
– Бұл менің тәжірибемдегі екінші тәуелсіздік декларациясы. Бес жыл бұрын Парламент Сенатының депутаты болып жүргенімде «Тәуелсіздіктің 20 жылдығы декларациясының» қабылдануына қатыстым. Егер осы екі құжатқа саяси талдау жасар болсақ, соңғысы мазмұны мен мәні жағынан ерекше болып табылады. Елбасымыз өзінің даналығы мен көрегендігінің арқасында ядролық сынақ алаңын жапты. Осылайша, тек қазақстандықтардың ғана емес, барша әлем халқының болашағына алаңдайтынын білдірді.
Сол кезден-ақ, Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстанның бағыт-бағдарын айқындап, дамудың даңғыл жолына түсті. Президентіміздің бұл қадамы әлемдік қауымдастық тарапынан лайықты бағасын алып, 29 тамыз – Халықаралық ядролық сынаққа қарсы күрес күні болып белгіленді.
Елбасымыздың келесі бірегей бастамасы – Қазақстан халқы ассамблеясы өз кезегінде тәуелсіздігіміз бен бірлігімізді сақтаудың және біртұтастық пен отаншылдықты қалыптастырудың рухани тетігіне айналды. Декларацияда осы басымдықтардың барлығы қамтылған. Сондықтан оның маңызы мен мәні ерекше болып саналады.
Владимир САВКИН,
Астана қаласындағы Өнертапқыштық, инженерлік және ғылыми кәсіпорындар гильдиясының төрағасы:
– Елбасымыздың арқасында еліміз дамыған, қуатты, әлемдік аренада беделді мемлекетке айналды. Тәуелсіздіктің 25 жылында Қазақстанда инфрақұрылым дамып, ұлттық валюта енгізілді. Барлық елмен сауда-саттық байланысы орнатылды. Халықтың өмірі мен жұмыс істеуіне барлық жағдай жасалды. Сондай-ақ мемлекеттің әрдайым кәсіпкерліктің белсенді дамуын қолдауы да айтуға тұрарлық жайт.
Жыл сайын қазынадан аз қамтылған отбасылар үшін қаржы бөлініп, мүмкіндігі шектеулі жандарға тұрақты түрде көмек пен қолдау көрсетіліп келеді. Біз Елбасымыздың салиқалы саясаты мен көрегендігі арқасында дағдарысты тойтара алдық. Сондықтан Қазақстан Тәуелсіздігінің 25 жылдығына орай қабылданған декларация Тұңғыш Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың ерен еңбегінің жемісіне берілген лайықты баға. Сондай-ақ аталған құжат Қазақстан халқының бірлігі мен ынтымағының жарқын үлгісі болып табылады.
Ханзада БАЛТАЕВА,
«Тұтынушылар құқығын қорғау жөніндегі қауымдастық» заңды тұлғалар бірлестігінің вице-президенті:
– Мемлекет басшысы шын мәнінде, Қазақстанның дамуына ғана емес, көптеген халықаралық қарым-қатынастардың нығаюына да орасан зор үлес қосқан дара тұлға.
Бар болғаны 25 жылдың ішінде жас мемлекетіміз әлемдік аренада өз орнын айқындап, өзгелер санасатындай деңгейге жетті. Осы қарқынымызбен біз көп кешікпей әлемнің ең дамыған 30 елінің қатарына қосылатынымызға сенімдімін. Жаңадан қабылданған декларация сол жолда сенімді қадам жасап, дұрыс жолмен келе жатқанымызды айқындайды. Өйткені Мемлекет басшысының салиқалы саясатының арқасында әлем Қазақстанды бейбітсүйгіш, бірлігі мен ынтымағы жарасқан, жаһанның қауіпсіздігіне алаңдайтын, көпұлтты мемлекет ретінде таниды.
Рәмзия ӨМІРБАЕВА,
Астана қаласындағы №17 мектеп-гимназияның директоры, Астана қалалық мәслихатының депутаты:
– Тәуелсіз Қазақстан үшін Елбасына шексіз ризамын. Біздің бағымызға орай, Нұрсұлтан Назарбаев елді бірлік пен берекеге бастап қана қоймай, халыққа ерекше рух беріп, барша қазақстандықтарды Отанымызды гүлдендіру жолында ұйыстыра білді.
Біз ширек ғасырдың ішінде кейбір елдер жүз жылда жететін биіктерді бағындырдық. Мемлекет басшысының арқасында Қазақстан қарқынды дамып келеді. Сондықтан Елбасының ерен еңбегіне лайықты баға беретін «Тәуелсіздік декларациясын» қолдаймын.
Таир ТАСҚАЛИ,
«Жас Отан» Жастар қанаты Астана қалалық филиалының төрағасы:
– Біздің еліміз тәуелсіз мемлекет ретінде ғасырдың төрттен бірін артта қалдырды. Тарихи өлшеммен қарасақ, бұл өте қысқа мерзім болып саналады. Елбасымыздың арқасында Қазақстан бүкіл әлем таңдай қаққан көптеген нәтижелерге қол жеткізді.
Алдағы уақытта да еліміздің осы бағытта дами беретініне сенімдімін. Президентіміздің биік белестерді көздеген бастамаларын халық қашан да қолдап келеді. Оның жарқын мысалы ретінде президент сайлауында Нұрсұлтан Назарбаевтың айқын басымдықпен жеңіске жеткенін айтуға болады. Сол себепті, Тәуелсіздіктің 25 жылдығы декларациясы дер кезінде қабылданып отыр деп санаймын.
Рустам АБДУСАЛАМОВ,
Қазақстан ұйғырлары республикалық этномәдени орталығы Астана қалалық филиалының төрағасы:
Қазақстан Семей ядролық сынақ алаңын жабу арқылы, әлемде қарусыздану жолында бірінші болып қадам жасады. «Невада-Семей» қозғалысы халықаралық ядролық альянсының бағдарламасына қосылды. Соның аясында ядролық сынақтарға жаппай тыйым салу шарты қабылданды. Бұл құжатқа көптеген елдер қол қойып, қолдау білдірді.
Мемлекет басшысының жемісті де жеңісті саясатының арқасында еліміз жаһандық ядролық қаруға қарсы қозғалыстың көшбасшысы ретінде мойындалды. Осылайша, Қазақстанның Тұңғыш Президенті әлем тарихына тың жаңалықтар әкелді. Сондықтан мен «Тәуелсіздіктің 25 жылдығы декларациясын» толық қолдаймын.
Бекарыстан АМАНЖОЛОВ,
Л.Гумилев атындағы ЕҰУ студенті, «Жас Отан» Жастар қанатының белсендісі:
– Президентіміздің арқасында еліміз қуатты мемлекетке айналды. Нұрсұлтан Назарбаевтың игі бастамаларының нәтижесінде, әлемнің озық 30 елінің қатарына қосылатынымызға сенемін. Өйткені бүгінгі жетістігімізге бар болғаны 25 жылда қол жеткіздік.
Біз бүгін мамыражай, ырысы тасып, берекесі артқан елде өмір сүрудеміз. Ертеңгі күнімізге деген сеніміміз де аса жоғары. Себебі, Елбасының болашақты болжаған бүгінгі саясаты бізге сондай мүмкіндік беріп отыр. Президентіміз кез келген қиындыққа мойымай, одан шығудың жолдарын таба отырып, 25 жылда іргесі берік мемлекет құрды. Енді осы ынтымақты сақтай отырып, Қазақстанды жарқын болашаққа бастау жас буынның міндеті. Бұл ретте бізге Мемлекет басшысының бастамалары шамшырақ болары сөзсіз. Солардың қатарында Парламент қабылдаған «Декларацияның» да маңызы жоғары.
Шыңғыс ҚОЖАXМЕТОВ,
«Қазақстан Ғарыш Сапары» ұлттық компаниясының корпоративті хатшысы:
– Біз Тәуелсіздіктің 25 жылында ауыз толтырып айтарлықтай жетістіктерге қол жеткіздік. Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаевтың арқасында біз дамыған 50 елдің қатарына қосылдық. Қазақстанды бүгінде бүкіл әлем бейбітшілік пен келісімнің ордасы деп таниды.
Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында ширек ғасырдан кейін осындай деңгейге жетеміз дегенге сену қиын еді. Елбасының ерен еңбегінің арқасында біз алға қойған мақсаттарды орындап қана қоймай, өзге елдерге үлгі бола білдік.
Әрдайым жастарды қолдап, қамқорлық танытатын Мемлекет басшысы «Болашақ» халықаралық стипендиясын тағайындап, талай қазақстандық жас талантқа мол мүмкіндік берді. Бүгінде сол бағдарламаның түлектері Қазақстанның гүлденіп, көркеюіне үлес қосуда. Сондықтан Парламент қабылдаған «Декларацияны» толық қолдаймын және барша қазақстандықтың менімен келісетініне сенім білдіремін.
Асхат ОРАЛОВ,
Астана қалалық мәслихатының депутаты:
– Ел Парламенті қабылдаған «Тәуелсіздіктің 25 жылдығы декларациясы» Президенттің жұмысына берілген ең әділ баға деп ойлаймын. Осылайша, халық қалаулылары Қазақстан халқының біртұтастығы мен бірлігін айшықтап берді.
Қазірдің өзінде аталған декларация барша қазақстандықтар тарапынан қолдауға ие болуда. Тәуелсіздіктің құрдасы ретінде бұл құжаттың маңызы өте жоғары деп толық сеніммен айта аламын.
Нұржан ШИЯП,
«Қазгидромет» РМК әкімшілік департаментінің директоры:
– Біздің еліміз тәуелсіздік жылдарында көптеген белестерді бағындырды. Қазақстанның бәсекеге қабілетті 50 елдің қатарына енуі, күллі әлемнің назарын аударған Астанада өткен Еуропадағы Ынтымақтастық пен Қауіпсіздік ұйымының және Ислам ынтымақтастығы ұйымының саммиті, қысқы Азия ойындары және тағы да басқа ірі шаралар соның айқын айғағы. Санаулы айлардан кейін «ЭКСПО – 2017» халықаралық көрмесі өз жалауын көтереді. Одан бөлек, Орта Азия елдерінің арасында ең алғаш болып Қазақстан БҰҰ Қауіпсіздік кеңесінің тұрақты емес мүшесі болып сайланды.
Еліміздің басты жетістігі ол – Еуразия кіндігінде Астананың бой көтеруі. Бұл жетістіктерге Елбасының ерен еңбегі мен сындарлы саясатының арқасында қол жеткізіп отырмыз.
Таяуда қабылданған «Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 25 жылдығы декларациясы» Қазақстанның Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың еңбегі мен қазақстандықтардың 25 жылда жеткен жетістіктерін анық көрсетіп берді.
Жаңалық САҒЫНДЫҚОВ,
Республикалық диагностикалық орталығы University medical center филиалының жетекшісі:
– «Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 25 жылдығы декларациясында» Президентіміздің ерен еңбегі анық көрсетілген. Бұл тарихи құжатта Қазақстанның 25 жылда жеткен жетістігі ғана қамтылып қоймай, өскелең ұрпаққа үндеу жарияланған. Болашақ буын мемлекетіміздің аяғынан нық тұрып, рухы биік, дамыған әрі бірлігі жарасқан елге айналуына өлшеусіз үлес қосқаны үшін Елбасына қарыздар. Жаңа ұрпақ еліміздің даму жолы қайдан басталғанын ғана емес, сондай-ақ Елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлының мемлекет және халық алдында өлшеусіз еңбегін білуі қажет.
Есенжол НАЗАРОВ,
«Нұр Отан» партиясы «Тұран» филиалы төрағасының бірінші орынбасары:
Өздеріңізге белгілі 90-жылдары тағдыры талқыға түсіп, таралуға шақ қалған Сыр елі, Елбасы, Нұрсұлтан Назарбаевтың сол кезеңдегі келелі шешімі мен бүгінгі қамқорлығымен қолдауының негізінде халқы қуатты, дамуы тұрақты аймаққа айналды.
Елбасы, Нұрсұлтан Назарбаев үшін қасиетті қазақ жерінің қай пұшпағы да айрықша ыстық, қай мүйісі де ерекше қымбат. Дегенмен Елбасы өзі «Алаштың анасы» атаған Сыр елі, Арал аймағы мен оның маңайын жайлаған қалың жұрт Президентіміздің әрдайым жүрек түкпірінде.
Бүгінгі күні Солтүстік Арал жобасының екінші кезеңі, «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» халықаралық автодәлізі, «Бейнеу – Бозой – Шымкент» магистральдық газ құбыры сынды Елбасы бастамаларының игілігін Сыр жұртшылығы нақты сезінуде.
Тәуелсіздік алған ширек ғасыр ішінде еліміздің Тұңғыш Президенті, ұлт Көшбасшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың әлем мойындаған іскерлігі мен біліктілігі арқасында Қазақстанды әлемге танытты. Елбасымыздың осындай ерен еңбегі мен ерлігіне лайықты баға ел Тәуелсіздігінің 25 жылдығы декларациясы деп білемін.
Сәбит ПАЗЫЛОВ,
Қызылорда облыстық медицина орталығының бас дәрігері, Қызылорда қалалық мәслихаттағы «Нұр Отан» партиясы депутаттық фракциясының мүшесі:
ҚР Парламенті палаталарының бірлескен отырысында қабылданған «Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 25 жылдығы декларациясы» – елдігіміз бен егемендігіміздің өміршеңдігін айғақтайтын тарихи құжат. Егемен елдің елжанды азаматы ретінде маңызды құжатты мұқият оқып шықтым. Декларацияда ширек ғасырда қол жеткізген толағай табыстарымыз түгел көрсетіліпті. Тарихи құжатта атап көрсетілгендей, тәуелсіз Қазақстанды құруда, қалыптастыруда Тұңғыш Президентіміз орасан зор еңбек сіңірді. 25 жылда қоғамның қай саласын алсақ та, жеткен жетістігіміз көп. Қазақстан тәуелсіздігін алған сәттен бастап, Президентіміз халық алдына әлеуметтік бағдарлы нарықтық экономикасы бар қуатты егемен мемлекет құру міндетін қойды. Қазақстан аналар үшін қолайлы елдер рейтингінде жыл сайын жоғары көтеріліп келеді. Елде өмір сүру жасын ұзартуға қол жеткізілді. Дәрігер ретінде айтарым, елімізде ұлт саулығы, денсаулық сақтау саласын дамыту және саламатты өмір салтын қалыптастыру экономикалық және әлеуметтік дамудың маңызды факторларына айналды. Отандық денсаулық сақтау саласы әлемдік стандарттар деңгейіне көтерілді. Атап айтқанда, заманауи медициналық орталықтары, ауруханалар мен емханалар салынды, еліміздің барлық өңірлерінде зерттеулер мен жоғары технологиялы операциялардың барлық спектрі жүзеге асырылуда. Еліміз еуразиялық кеңістікте медициналық туризмнің орталығына айналып келеді, сонымен бірге, халық денсаулығы көрсеткіштерінде БҰҰ Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы мойындаған айтарлықтай оң нәтижелерге қол жеткізілгенін мақтанышпен айта аламыз. Осының бәрі декларацияда нақты көрсетілген. Осы орайда аталған құжатты кемел келешек, баянды болашағымыз жолында барша қазақстандықтарды біріктіре түсетін бірегей құжат деп қабылдаймын.
Асылжан БҮРКІТАЛИН,
«Жас Отан» ЖҚ АОФ төрағасы:
– Данышпан бабамыз әл-Фараби: «Білімді болу – жаңалық ашуға қабілетті болу» деген екен. Бұл пайымның растығына және бүгінгі ұрпаққа да ой салатынына көз жеткізіп отырмыз. Елбасымыздың жастарға жасаған әр мүмкіндіктері ғасырлардың сынынан өткен ғұлама сөзінің заңды жалғасындай. Жастарға жасалған мүмкіндіктердің бір мысалы ретінде әлемде теңдесі жоқ «Болашақ» бағдарламасын атап өткім келеді. Осы уақытқа дейін бағдарлама аясында 12 000-нан астам жас әлемнің 35 мемлекетінде алдыңғы қатарлы жоғары оқу орындарында білім алды. Оның ішінде 200-ге жуық ақтөбелік қазіргі күні еліміздің дамуында әртүрлі салаларда қызмет етуде. Жастар – қоғамның қозғаушы күші. Облыста 25 жылдық аясында өтетін әр шараға жастар жауапкершілікпен қарап, белсенділікпен атқаруда. Бұл дегеніміз – жастардың туған елге деген, Отанға деген шынайы сүйіспеншілігі. Тәуелсіздіктің тәтті нанын жеп, бейбіт өмірдің ашық аспан астында өмір сүріп жатқан ақтөбелік жастар Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 25 жылдығына қабылданған декларацияға бей-жай қарамайды. Аймақтағы «жасотандықтардың» жетекшісі ретінде Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 25 жылдығына арналған декларацияны зор ынтамен зерделедім. Оны Қазақстанның жаңа даму жолын салған ірі саясаткер Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың сарабдал саясатының арқасында бейбіт өмір мен дамудың бақытты күндерін кешіп отырған миллиондаған қазақстандықтың өмірі мен олар үшін дәуірлік оқиға болып саналатын тәуелсіздік оқиғасын баян ететін ерекше құжат деп таныдым.
Жастарды аянбай еңбек етіп, еліміздің дамуы жолында бар күш жігерімізді біріктіруге шақырамын. Жастар – ел болашағы, оларды дұрыс жолға бағыттау біздің қолымызда.
Асхат АЙЖАРЫҚОВ,
Ақтөбе облысы Қарғалы аудандық жастар ресурстық орталығының басшысы:
– Тәуелсіздік – баға жетпес байлық. Біз бірлік пен татулық орнаған елімізді сақтап, ұрпаққа аманат ету жолында еңбек етіп келеміз. Біздің елімізде жастар үшін барлық жағдай жасалған. Алғыр ауыл жастары «Серпін» бағдарламасымен білім алып, кейін «Болашақпен» шетел асып жүр. Шексіз білім мен мол тәжірибе ел дамуына үлес қосып та жатыр. Міне, осы іргелі істердің аясын кеңейтіп, келер ұрпаққа жеткізу әрбір қазақстандықтың міндеті. Қабылдаған декларацияға алғысымызды білдіреміз, өз үлесімізді қосуға дайынбыз.
Ерлан МУХАЙС,
«Нұр Отан» партиясының Ырғыз аудандық филиалы, есеп секторының меңгерушісі:
– Ауыл үлкен қарқынмен дамып келеді. Мәселен, Ырғыз ауданы арқылы «Батыс Қытай – Батыс Еуропа» халықаралық дәлізі өтіп жатыр. Таяуда көгілдір отын тартылды. Енді шағын және орта бизнес дамып, ауыл халқы жұмыспен қамтылатынына шүбә келтірмейміз. Міне, шалғайдағы ауданның тәуелсіздік жылдарындағы табысы – осы. Қазақстан әлемге танылған мемлекет. Біздегі бірлік көпке үлгі. Сондықтан Тәуелсіздіктің 25 жылдығына арналған декларация ең дұрыс шешім. Біздің мақсатымыз бір, қолдаймыз. Әрі бүкіл халықты декларацияны қолдауға шақырамын.
Гүчин ГЕЙДАРОВА,
Түрік ұлттық-мәдени бірлесітігі жетекшісі,
«Нұр Отан» партиясы Қызылорда облыстық филиалы Саяси кеңесінің мүшесі:
Ел тәуелсіздігінің мерейлі мерекесі қарсаңында қабылданған «Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 25 жылдығы декларациясы» әрбір Қазақстан азаматы үшін құнды құжат деп білемін. Егемен еліміздің елдігін көрсететін маңызды құжатта жас мемлекетіміздің қалыптасу және қол жеткізген саясаты арқасында Қазақстан экономикасы қарқынды дамыған, табысқа жетудің бірегей тәжірибесі бар саяси тұрақты мемлекет ретінде қалыптасты. Мемлекет басшысы Қазақстан халқы бірлігін нығайтудың конституциялық мәртебесі бар айрықша институт – Қазақстан халқы ассамблеясын құрды. Елімізде бейбітшілік пен келісім барша жұртшылықтың адамгершілік және әдеп нормасына айналды десем болады. Жүздеген ұлт өкілдері өмір сүріп жатқан мемлекетіміздегі ауызбіршілік, ынтымақ пен татулық бүгінгі күннің ең басты – құндылықтарының бірі деп білемін.
Сонымен қатар Мәңгілік ел құндылықтары қазақстандықтардың тәуелсіздікті нығайтуға ортақ мақсатын, ортақ мүдделері мен болашағын біріктірді. Бұл құжат біздің жарқын болашақ жолында бірлігіміз бен ынтымағымызды көрсеткен тағы бір маңызды оқиға болды.
Оразғали БЕКПАНОВ,
Қазалы аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы,
«Нұр Отан» партиясының мүшесі:
ҚР Парламенті палаталарының бірлескен отырысында қабылданған, тәуелсіз елімізде санаулы уақытта атқарылған ұшан-теңіз жұмыстарды айшықтайтын тарихи құжат баршаның көкейіндегі ризашылық сезімді туындатқаны анық.
Міне, ғасырлар аңсаған тәуелсіздігімізге ширек ғасыр толды. Кеңес Одағынан бөлініп шыққан жас мемлекетіміз осы аралықта ғасырдың аса ірі қоғам қайраткері, ұлт Көшбасшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың басшылығымен аса зор жетістіктерге жетті. Қашанда татулықты, бейбіт заманды мұрат еткен Елбасы маңына топтасты. «Төртеу түгел болса, төбедегі келеді» деген қағиданы тұтынды. Дарабоз ұлы да көпшіліктің алғаусыз пейіліне селкеу түсірген жоқ.
Сол жылдары шаңырағын енді көтерген Қазақстанның адамзатты жаппай қырғынға ұшырататын атом қаруынан өз еркімен бас тартуы дүниежүзін селт еткізген соны жаңалық болды. Елбасымыздың пәрменімен жабылған Семей ядролық полигоны миллиондаған жанның кеудесіне үміт отын жақты.
Біздің елімізде «Қоғамның басты байлығы – адам» деген бұлжымас қағида қалыптасқан. Соның негізінде қабылданған түрлі мемлекеттік бағдарламалар жемісін беруде. Жан жадырататын көріністерді республикамыздың түкпір-түкпірінен соның ішінде Сыр өңірінен де көптеп кездестіресіз. Сүйсінерлігі сол, мұндай игілікті қадамдар тек ірі қала, облыс орталықтарында ғана емес алыс аудандар, шалғай ауылдарда да жүзеге асуда. Бұл тұрғыда ел-жұртының жоғын жоқтап, барын пайымдаған Президентіміз Нұрсұлтан Назарбаевтың сіңірген еңбегі өлшеусіз екені даусыз.
Жайнагүл РАҚЫШЕВА, Хромтау аудандық ішкі саясат бөлімінің басшысы:
Парламенттің қос палатасы еліміз үшін маңызы ерек Тәуелсіздігіміздің 25 жылдығы декларациясын қабылдады. Бұл құжатта Қазақ елінің қысқа мерзімдегі жүріп өткен жолы мен асуы айшықталған. Декларацияда: «Тәуелсіздіктің 25 жылдық мерейтойы – өз тарихында тұңғыш рет заманауи мемлекет құрған Қазақстан халқының ауқымды тарихи жетістіктерінің жарқын көрінісі. Қазақстан үшін Тәуелсіздіктің 25 жылы ілгерілеу мен орнықты дамудың кезеңі болды. Тәуелсіз Қазақстан өзінің жаңа тарихымен табысты мемлекет және бүкіл Орталық Азия өңірінің көшбасшысы атануға құқығы бар екендігін дәлелдеді» делінген.
Расында да, Тәуелсіз еліміз өткен 25 жылда экономикасы қарқынды дамыған, табысқа жетудің бірегей тәжірибесі бар саяси тұрақты мемлекет ретінде қалыптасты.
Еліміз Тәуелсіздікке қол жеткізген 25 жылда Туымызды көтердік, шекарамызды белгіледік, елімізге ие болдық. Қазір Мәңгілік ел болдық. Мемлекетіміздің барлық жетістіктері мен жеңістеріне Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың тегеурінді басшылығының, әрбір қазақстандықтың тынымсыз еңбегінің арқасында қол жеткіздік. Сондай-ақ еліміздің мұндай биік дәрежеге жетуі – елдегі ынтымақ пен татулықтың арқасы деп білемін. Себебі, егемендік алған 25 жыл ішінде Қазақстан азаматтары бір шаңырақ астында тату тірлік кешті, осылайша, елімізде бірлік пен ынтымақты қалыптастырды.
Бүгінде еліміздің экономикасы көтеріліп, Қазақстанның абыройы әлемге асқақтай түсті. Елбасы сарабдал саясатының арқасында халықты жарқын істерге жұмылдыра білді. Қоғамда татулықты нығайту, жаһандық бейбіт бастамалардың авторы ретінде елдің сыртқы саяси бағытын дәл айқындау ісіне орасан зор үлес қосты. Декларацияда тәуелсіздікті сақтап қалу, еліміздің өркендеуі жолында сүбелі үлес қосқан Елбасы еңбегі ерекше айтылады. Сондықтан Тәуелсіздіктің 25 жылдығы туралы декларацияны бірауыздан қолдап, бұл құжаттың бейбіт күннің болашағына берік негіз болатынына сенім білдіремін.
Қосаяқ КӨПТІЛЕУОВ,
Ырғыз аудандық мәслихатының хатшысы:
– Декларация – тарихи құжат. Мұнда Қазақстанның даму жолы көрсетілген. Сондықтан Тәуелсіздіктің 25 жылдығына байланысты қабылданған декларацияны қолдаймыз. Тәуелсіздік жылдарындағы еліміздің жүріп өткен жолы, Елбасының ерен еңбегі айрықша аталып өтті. Ел ел ішіндегі жақсылыққа қанық, татулықтың, тыныштықтың мәңгілік болғанын қалайды. Демек, бәрі де декларацияны қолдап, қабылдады.
Айнагүл ЖҰМАҒҰЛОВА,
«Нұр Отан» партиясы Шалқар аудандық филиалы төрағасының бірінші орынбасарының міндетін атқарушы:
– Еліміз жыл өткен сайын көркейіп келеді. Әр салада даму, жетістік бар. Жастар шетелде білім алып, тәжірибе жинады. Алғашқы легі қазір еліміздің әр өңірінде, аудан, ауылында еңбек етіп жүр. Ауыл үшін «Дипломмен ауылға» бағдарламасының көмегі тиді. Жастар туған жерге еңбек етуге, еңбек жолын ауылдан бастауға асығады. Ал мемлекет жастардың ынтасы мен талабын қолдайды. Еліміз осындай үйлесімділікте дамып келеді. Барлығы тәуелсіздіктің арқасы. Біреуге кіріптар болсақ, бұлай шалқып жүрмес едік. Тәуелсіздігіміз баянды болсын!
Abai.kz