Жексенбі, 22 Желтоқсан 2024
7989 0 пікір 27 Қараша, 2016 сағат 10:28

ТІЛ ЖYЙЕСІН РЕФОРМАЛАУ ҚАЖЕТ

Мемлекетіміздің тәуелсіздік алғанына 25 жыл, яғни ширек ғасыр. Бұл аз уақыт емес. Осы уақыт аралығында қаншама ірі мемлекеттік мәселелер шешімін тапқанымен, бір мәселе түбегейлі шешімін таппай-ақ келеді: ол – мемлекеттік тіл мәселесі.

Бір қарағанда бұл тіпті де  күрделі мәселе емес сияқты. Себебі, мемлекеттің иесі қазақ, ол орыс емес, украин, беларустікі емес, өзбектікі де емес, олардың өз мемлекеттері бар. Сондықтан да, мемлекет иесінің өз тілін тәрк етуі ешбір қиссынға келмейтіндіктен, қазақ тілінің мемлекеттік тіл ретінде өркендеуіне жол ашық. Бірақ, солай бола тұра, қоғамдық сананың бұрыс қалыптасуы салдарынан, жасанды кедергілердің әсерінен мемлекеттік тіл мәселесі шешуі қиын, осы күнге дейін нақты шешу жолы анықталмаған аса күрделі нысанға айналды. Бұл жерде алдымен, «мемлекеттік тіл мәселесі» дегеніміз не? Соны дәл анықтап алғанымыз жөн. Ол – қазақ тілінің өмір салты, өмір сүру өзегіне айналуы. Олай болса, бұл үлкен де зор ғылыми проблема. Бұл проблема ғылымның баршасына ортақ. Бірақ тілбілім, ұлттық тіл білім ғылымы олардың тірегі болуы шарт. Тілге қатысты барлық ереже-заңдылықтар, жұмыс құралдары тілбілім ғылымында тиянақталғандықтан, қалыпқа келтірілгендіктен, ол басқа ғылымдарға ұстын болуға жарауға тиіс. Осы тұрғыдан келгенде, бүгінде қазақ тілбілімі өзінің осы бір ұлылық функциясын атқара алмай отыр. Оның себебін біз айтпай-ақ қояйық. Бірден іске, қазақ тілін жандандыру іс іне  кірісейік:

  1. Қазақ тілін реформалау қажет. Ол бүкіл заңдылықтарды, қазақ тілі ережелерін қайта қарауды қажет етеді.
  2. Ғылыми-зерттеу жұмыстарының бағытын өзгерту қажет. Оларды «мемлекеттік тіл мәселесін» шешуге тура бағыттау керек.

Бұл міндеттер қалай атқарылуға тиіс? Бұл міндеттерді атқару Тілбілім институтына жүктеледі. Ал мұндай ауқымды істерді ойдағыдай орындап шығу үшін Институтты іске бейімдеу қажет. Ол қалай бейімделмек? Ол үшін институтты құрылымдық тұрғыдан қайта құру қажет. Бүгінгі күн талабына сай мынадай құрылымдық бөлімдер болуы орынды: 1. Лексикография. 2. Тәржіма. 3. Математикалық лингвистика. 4. Компьютерлік лингвистика. 5. Реформа. 6. Қоғамдық лингвистика. 7. Терминология. Енді осы аталған ғылыми бағыттық бөлшектеулерге түсінік бере кетейін. Лексикография дегенде біз сөздіктер шығару ісінің маңыздылығына көңіл бөлдік.  Тәржіма дегенде біз аударма ісінің аса қажетті де әрқашанда актуалдылығына мән береміз. Математикалық және компьютерлік лингвистика салалары бізде дамымағандықтан және жалпы ғылымның дамуына аса қажет болғандықтан, оны сырттан басшы мамандарды шақыру арқылы жолға қоюға болады. Орындаушы мамандар, математиктер өзімізде жеткілікті. Реформаның қажеттілігі күдік тудырмайды, латынға көшіру ісі де соған жүктеледі, ол өз функциясын толық атқарған соң бөлім ретінде өмір сүруін тоқтатады. Ал қоғамдық лингвистика дегеніміз ғылымының халықпен байланысын арттыру үшін қажет.   Терминология болса,  тілбілім атауларын Ахмет Байтұрсынұлы ілімі негізінде қалыптастырып, сол үлгіні өзге ғылымдарға нұсқа ретінде ұсыну үшін қажет.  Оның теориясын да тиянақтау – ұлттық тілбілім ілімінің келешекте тура жолдан ауытқымауына кепілдік беретін болады.  Сонымен, біз осы алға қойған мақсат-міндеттерді ойдағыдай атқару арқылы мемлекеттік тіл мәселесін түбегейлі шешу ойындамыз.  Яғни,  мемлекеттік тіл мәселесінің шешімі ғылымға тіреліп отыр.  Қазақ ұлттық тілбілім ілімін арнасына салмай, мәселе шешімін таппақ емес.  Осыдан келіп, ұлттық тілбілім ілімінің статусы жоғарылайды  Оған жан-жақты қамқорлық қажет болады. Осы уақытқа дейін қажеттілікпен де қажетсіз де оңды-солды шашылып келген қаржыны бір бағытқа тура бағыттауға мүмкіндік туады.

Латынға көшу арқылы біз бұл істі жеделдетеміз.

Екіншіден, ғылыми-зерттеу жұмыстарының бағытын өзгерту қажеттілігі неден туындады? Оған себеп – зерттеу жұмыстарының қоғамдық өмірде ешбір сұраныс тудырмауы, қажеттілік танытпауы, ұлттық тілбілім ғылымының қоғамдық қозғаушы күшке айналмауы. Қазақ тілбілім ғылымы іргелі ғылымдар санатына жатпайтындықтан, бұлай ету орынды. Мысалы, математика ғылымы әркез қоғам сұранысын өтей бермейді. одан тіпті де алшақ болуы мүмкін. Бірақ ол дерексіз ұғымдармен амалдайтын болғандықтан, дәл осы сәтте қажетке жарамсыз болғанымен, келешекте іске асуы әбден мүмкін. Ал тілбілім ғылымы одан өзгеше. Тілдік теория сол тілдің өсіп-өркендеуіне қызмет етіп, оның өз табиғатынан нәр алады. Онымен бірге жасап, бірге өледі. Ал, зерттеу бағытын өзгерткенде оны «мемлекеттік тіл мәселесін» шешуге тура бағыттау, ол мемлекеттік даму қажеттілігінен туындап отыр. Мемлекеттік дамудың бірден-бір жолы – оның негізгі атрибуттарын, мемлекеттікті анықтайтын бас белгілерді орнықтыру.

Тұғыры берік, жүрер жолы айқындалған мемлекет қана ұзақ өмір сүре алады. Тұғырымызды барынша мұқалмастай берік ету – біздің перзенттік борышымыз. Енді «тура жолдың», мемлекеттік тіл мәселесін шешуге тура жол тартудың, мәнісіне келер болсақ, ол құрылымдық бөлім атауларынан-ақ көрініс береді. Лексикография бөлімінде сөздіктер түзу ісімен тыңғылықты, күнделікті ғылыми үрдісте айналысу көзделген. Бұл іс тиянақты ғылыми ізденістерді қажет етеді. Бүгінге дейін ол жолға қойылмаған. Тәржіма мәселесі әрқашанда зәру мәселе, бүгінгі күні тіпті де қажеттірек. Бұл іспен де тұрақты айналысу шарт. Тікелей тілбілімге қатысты еңбектерді айтпағанның өзінде, оның айналасында қаншама қажетті дүниелер тәржімаланбай  жатыр. Орыс тілінің өзінен тәржімаланбаған тілбілімдік дүниелер қаншама. Бірақ онымен шектеліп қалмай, өзге тілдерден де тәржімалау қажеттілік.

Кешегі Кеңестік дәуірде ондай қажеттілікті орыс тілі өтейтін. Өзге тілдер, оның ішінде қазақ тілі сияқты орыс тіліне байланып қалған тілдер, өзіне қажеттіні те қажетсізді де содан алатын. Бүгінде, мемлекеттігіміз нығайып, әлемдік аренаға құлаш тұрған заманда, әр елмен тікелей қатынас орнаған тұста, тұпнұсқадан  алып іске жарату – үйреншікті амалға айналуы шарт.

Математикалық және компьютерлік лингвистика дегендеріңіз бүгінде әлемде аса өркендеп дамыған ғылым салаларына айналып отыр. Ал бізде ол мүлде жоқ десе де болады. Осыдан-ақ біздің тілбілімдегі халіміздің мүшкілдігі көрініс береді. Осы олқылықтың орнын толтыру парыз. Оған толық мүмкіндік бар. Тәуелсіз мемлекеттердің сырттан мамандар шақыруға шамасы әбден келеді. Бұл ғылым салалары ұлттық тілбілім ғылымын іргелі ғылымдар санатына қосуға, оның қанатын кеңінен жоюына, әлемдік өркениетті дамыған тілдер қатарына қосылуына қызмет ететін болады. Мұндай зерттеулер тілбілімді кемелдендіруімен қатар оның статусын жоғары деңгейге көтереді. Қазақ тілі қоғамды жан-жақты түрлендіруге, дамытуға қажетті лайықты қаруға айналады. Тіліміз әмбебап, сайма-сай, бүгі-шігі келіскен оңды қалыпқа түспек.

Қоғамдық немесе әлеуметтік лингвистика дегеніміз сөз мәдениетін, сөйлеу мәдениетін қалыпта ұстау үшін, сол үшін саларалық тығыз байланыс орнату қажеттілігінен туындаған әлеуметтік құбылыс. Бұл жағы бүгінгі зерттеулерде аса көңіл бөліне қоймаған жағдай. Бірақ жоқ емес, бар. Дегенмен, мәселені турасынан қойған орынды болмақ. Яғни, «Әлеуметтік лингвистика» деген атаудың өзі-ақ нақты іске тура жұмылдыратын болады.  

Шерәлі Біләл, Математика ғылымының кандидаты, Филология ғылымының докторы

Abai.kz

 

0 пікір

Үздік материалдар

46 - сөз

Тибет қалай Тәуелсіздігінен айырылды?

Бейсенғазы Ұлықбек 1963