Жұма, 27 Қыркүйек 2024
Қоғам 25493 2 пікір 25 Қараша, 2016 сағат 12:27

Ана тілің-арың бұл

Жасыратыны жоқ, қазіргі таңда қазақ тілі туралы әңгіме қаузай қалсаң, істерге ісі жоқ, іші пысып, бір ерігіп отырған жандай болып көрінесің. Расында да, зерделеп қарар болсақ, айта-айта ауыз талатын күйге де жетіппіз. Не керек, тәуелсіздік тұғырын иеленгелі ширек ғасыр уақыт өтсе де, мемлекеттік тіл мәртебесін биікке көтере алмай келе жатқанымыз жанға батады.

Сона-а-ау, еліміз егемендік алған, яғни тарихқа кеткен жиырмасыншы ғасырдың тоқсаныншы жылдарының басында, қазақ тілі мемлекеттік мәртебесін алған тұста кәсіпорындарда, мекемелер мен ұйымдарда қазақ тілі үйірмелері ашылып, тіпті кеңес дәуірінің ықпалымен орыстілді болып кеткен отбасылар да ана тілін үйренуге бет бұрып, әбден тілге сусындап қалған халық жаппай белсенділік танытып, жүйелі жұмыс жанданып сала беріп еді. Керек десеңіз, қаладағы жолаушы тасымалдайтын көлік автобус пен троллейбустарда да аялдама аттары қазақ тілінде хабарланып бір ерекше құлшыныс пайда болды. Бірақ кенеттен осы жұмыстардың бәрі пышақ кескендей сап тиылып, мемлекеттік маңызы бар шара тек уақытша науқаншылыққа айналғанын сонда ғана ұқтық.

Содан бері мемлекеттік тіл мәселесін тек оқтын-оқтын айтып қоюмен келеміз. Әйтсе де, бір анығы - тіл мәселесі еш бітпейтін тақырып болып қала береді.

Бұл жерде, менің бағанадан бері мемлекеттік тіл мәртебесін шиырлатып отырғанда айтпағым, өзінің туған ана тіліне деген қадірменді қазақ ағайынның немкетті қарайтыны жүректі сыздатады. Жаны қазақ, тәні қазақ бауырымыздың, ең ардақтысы- ана тіліне деген құрметінің жоқтығына қайран қаласың.

Жақында бір өзекті өртер өкінішті жайтты естіп көңілім құлазыды. Мектеп оқушылары бірінші тоқсанды сәтті аяқтап, демалысқа шыққан кез еді. Балаларымды қыдыртпақ оймен Астана қаласындағы «Балдәурен» ойын-сауық орталығына ертіп бардым. Сол орталықтың ішінде жасөспірімдерге қазақ, ағылшын, орыс тілінде дәріс беретін «Балаларды дамыту орталығы» үйірмесі жұмыс жасайды екен. Соның ішіндегі қызметкермен тіл орталығы жөнінде әңгімелесе кеттім. Бақсақ, жаңағы орталыққа бір жас қазақ келіншек кішкентай баласын тіл ұстартуға әкелетін көрінеді. Жас келіншек келе сала тәрбиешілерге: «Менің баламмен қазақша сөйлеспеңдер, қазақша бір ауыз тіл қатпаңдар. Баламның қазақша сөйлегенін, білгенін естігім келмейді» деп азарда-безер болады екен. Сонда бұл, өз-өзінен жерінген қай қазақ екен дейсің. Мұндай кереғар жайттар күнделікті өмірде жиі кездесетіні рас. Сонда деймін-ау, өз қандасың ана тілінен жеріп тұрса, өзге ұлтқа қояр қандай кінә бар?

Бұдан шығар қорытынды әрі тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйінін айтайын. Ататүрік өз ұрпақтарына «Түрік азаматы - сен түрік болып туғандықтан да бақыттысың» деген екен. Түсіне білген адамға осы бір ауыз сөздің астарында қаншама мағына жатыр.

Ал жапондықтар «Елдің ұяты, намысы, тілі - әрбір жапондықтың ұяты, намысы» деп жастардың, балаларының құлағына құйып отырады екен.

Осы орайда қазақ халқының ұлт ұстазы А. Байтұрсынов: «Тілі жоғалған ұлттың өзі жоғалады» десе, философ ақын Қ. Мырзалиев ағамыздың "Ана тілің-арың бұл, Ұятың боп тұр бетте» деген қанатты сөздерін қалайша ұмытамыз.

Иә, көңілге демеу боларлық бір мәселе-биылғы мектеп табалдырығын аттаған бүлдіршіндердің 89 пайызы қазақ сыныбының қатарын толықтырды. Енді бір он жылдан кейін мемлекеттік тілдің нағыз жанашыр ұрпақтары келеді. Солардың заманында қазақ тілі өгейсімей төрге шығады. Сонда жаңағы келіншектің, сол секілді ана тіліне қырын қарағандардың балалары қоғамнан шеттетіліп, қазақ тілін білмегені үшін ата-анасына лағынет айтатын күн туатынына мен кәміл сенемін.

Сіз не дейсіз, ағайын?

tilalemi.kz

2 пікір