Сәрсенбі, 30 Қазан 2024
Мәйекті 6238 0 пікір 24 Қараша, 2016 сағат 15:41

ОТЫЗ ЖАСТАҒЫ АКАДЕМИК - ОТЫРАРДЫҢ ПЕРЕЗЕНТІ

Иә, ол әйгілі Отырардың перезенті. Жас ғалым, техника ғылымдарының кандидаты, профессор, Халықаралық ақпараттандыру академиясының академигі, ҚР Ұлттық инженерлік академиясының корреспондент мүшесі. Каримов Сүндет Смаханұлы. Ол 1986 жылы 7 мамырда Оңтүстік Қазақстан облысы Отырар ауданы Көксарай ауылының үшінші бөлімшесінде дүниеге келген.

Жасынан зерек жас бала ауыл мектебіне төрт жасында барып, оны жақсы аяқтап, университет қабырғасында жүргенде қоғамдық ісшараларға белсене қатысып, болашаққа деген биік мақсаттарын сол кездің өзінде-ақ айқындап алады. Университетте президенттік стипендиямен оқыды. Жоғары оқу орынын үздік дипломмен бітірген түлек, мұнымен тоқталып қалмай, Алматы қаласына барып, оқуын әрі қарай жалғастырды. Алдына биік-биік мақсаттар қойып, Университетті тәмамдаған соң аспирантураға құжаттарын тапсырып, еліміздің соңғы аспиранты атанады.

Білім және ғылым министрлігінен бөлінген жалғыз грантқа қол жеткізген соң жирма жастағы жас аспирант армансыз ғылыммен айналысады. Бүгінгі таңдағы еліміздегі ең өзекті мәселе жеңіл және тоқыма өнеркәсібі саласының механикасы мен машиналарының математикалық зерттеулеріне ізденіс жасайды.

Табиғи және химиялық талшықтар өндірісінің технологиясы мен жабдықтары бойынша, «Талшықты материалдарды ірі қиқым-қоқыстардан тазалау процесін зерттеу және жетілдіру» тақырыбында ғылыми зерттеу жұмыстарын, шитті-мақтаны тазалау зауытында тәжірибелік жұмыстар жасайды. Бір мезгілде ірі және майда қиқым-қоқыстардан тазалайтын, тазалағыш машинаның жаңа конструкциясын жасап, құрастырып зауыттағы екі секциялы жүйеге орнатып жүз тонна шитті-мақтаға эксперименттік зерттеу жұмыстарын жүргізеді. Нәтижелі жасалған тәжірибе Сүндет Смаханұлының зауытта жұмыс істеуіне жол ашады. Зауытта ғылыми жұмыстар жасай жүріп, механикалық цехта сльесар, тазалау цехында аға технолог, зауыттың бас механигіне дейінгі қызметтерді атқарады. Аз ғана уақыттың ішінде өзін жақсы қырынан көрсеткен жас маман зауытта жетінші разрядъ та алып үлгіреді.  

Ол зауыттағы шитті-мақтаны қосымша тазалайтын тазалағыш ЧХ–3M2, «Мехнат», РХ машиналарына мынадай ғылыми жаңалықтар енгізеді:

- телоскопты стержені бар жылжымалы серіппені тазалағыш колосникті  торға орнату әдістерін жасап, тиімділігін зерттеу;

- құрылымы өзгертілген колосникті тор мен тісті, аралы барабан арқылы шитті-мақта талшығы құрамындағы ірі және майда қиқым-қоқыстарды тиімді  тазалау жолдарын жетілдіру;

- жылжымалы колосникті тордың соққы күштеріне қарсы тұрақтылығын зерттеп, ғылыми түрде анықтау;

- телескопты стержень мен жылжымалы серіппенің шитті-мақта талшығын тиімді, әрі сапалы тазалау жолдарын зерттеп құрылымдарын жетілдіру;

- колосникті тор мен тісті, аралы барабанның арақашықтығын, шитті-мақта құрамындағы қиқым-қоқыс мөлшеріне байланысты жылжыту аралықтарын ғылыми түрде зерттеп анықтау.  

Елбасымыз Н.Ә.Назарбаевтың тоқыма өнеркәсiбiнің пилоттық кластерiн жасау мен дамыту жөнiндегi жоспарда таңдау мынадай факторларға негiзделеді. Шикiзаттың (шитті-мақтаның) қол жетiмділігі, жаңа мақта тазалау зауыттарын, тоқыма кәсiпорындарын салуды және бұрынғыларын қайта жарақтандыруды жүзеге асыратын бiрнеше iрi компаниялардың болуы, өндiрiстiк шығындардың салыстырмалы төменгi деңгейi және тарихи қалыптасқан өзiне тән инфрақұрылымның болуы, -деген болатын. Сүндет Смаханұлы, Елбасының жеңіл және тоқыма өнеркәсібі саласын жаңғырту тапсырмасына сәйкес белсенді ғылыми жұмыстар жасап, бүгінгі таңдағы үлгісін көрсетіп келеді. Елбасымыздың тапсырмасына сәйкес соңғы жылдары қарқынды түрде дамып келетін бұл сала өз зерттеулерін қашанда жетілдіру үстінде.

Қарқынды жұмыстың жемісі бүгінгі күнгі «Шитті-мақта талшығын алғашқы өңдеу әдістерін жетілдіру», «Энергосберегающие автомобили» монография, «Тоқыма өндірісінің материалтануы», «Конструкциялық материалдар технологиясы» оқу құралдары, «Қылыштың жүзінен де өткір өмір», «Арпалысқан дүние», «Өткен күннің белгісі» атты шығармашылық дүниелерді, сондай-ақ, «Қазақша-орысша, орысша-қазақша» техникалық терминдер сөздіктерін жазып жарыққа шығаруына себеп болды. Сонымен қатар Германия, Ресей, Украина, Белорусия, Эстония, Латвия, Өзбекстан, Қырғызстан, Тәжікістан елдерінен 20-дан астам патент иеленіп, 70-тен астам ғылыми мақалалар жариялады. Үш инновациялық жаңалықты өндіріске енгізді.

Сүндет Смаханұлының биік белестерді бағындыруына, ғалым болып қалыптасуына өз септігін тигізген ұстаздарының орны ерекше. Мемлекет және қоғам қайраткері, академик, Қазақстанның соңғы жеңіл өнеркәсіп министрі Абдразақ Жомартов, академиктер: Сабыркүл Асанова, Тынысбек Калменов, Уәлихан Бишімбаев, Надир Надиров, Үрішбай Шоманов және т.б.

Жаста болса бас болып, Тәуелсіз Қазақстанның дамуы үшін тер төгіп, аянбай еңбек етіп жүрген жас ғалымға орда бұзар отыз жасың құтты болсын дегіміз келеді. Көршілес жатқан орыс ұлтында «Қарапайым өмір сүрген жан жүз жасайды» деген нақыл бар. Осынау салмақты ойдың астарына үңіле отырып, мейірімді, жүрегі таза, қиналған сәтте қол үшін беруге дайын тұратын, құдайдан қорқатын, қанағатшыл да иманды жан туралы қанша айтсақта көптік етпесе керек.

Өмір – өзен, өз ағысымен ағады. Ал адам баласы сол ағыста өз мақсатына талпынуды көздейді. Олай болса, сөз еткен Сүндет Смаханұлына зор денсаулық, ұзақ өмір, ырыс пен ынтымақ, бақыт пен береке, жарқын да мағыналы өмір тілеп, сол мағыналы өмірде әлі де көп жетістіктерге жете бер дегіміз келеді. Ғылыми жетістіктер молайып, асар асу көп болғай.

 

Нұрлан Мансұров,

журналист

Abai.kz

 

 

 

 

 

0 пікір