Жексенбі, 24 Қараша 2024
Билік 10511 1 пікір 22 Қараша, 2016 сағат 11:00

МӘҢГІЛІК ЕЛ МҰРАТЫ һәм «СЕРПІН-2050» ӘЛЕУМЕТТІК ЖОБАСЫ

Елбасы Н. Назарбаев ұсынған «Мәңгілік ел» идеясының шеңберінде өмірге келген «Серпін-2050: Мәңгілік ел жастары - индустрияға» жобасының Қазақстанның бүгіні мен келешектегі дамуына қосатын өзіндік әлеуметтік және экономикалық маңызы бар. Жобаның әлеуметтік маңызы - оңтүстік пен батыс өңірі жастарын индустриялды-инновациялық бағдарламаның ірі жобалары жүзеге асырылып жатқан солтүстік және шығыс аймақтарда орналасқан жоғары оқу орындарында білім алуға жағдай жасап, демографиялық өсімі жоғары әрі жұмыс ресурстары қалыптан тыс артық қалыптасқан күнгейдегі, әсіресе, жастар арасындағы жұмыссыздық мәселесін шешуге жәрдем беру, сонымен қатар әлеуметтік жағынан аз қорғалған отбастарына мемлекеттік грант есебінен білім алу мүмкіндігін тудыру және оңтүстік пен солтүстік арасындағы тілдік, рухани таным шеңберіндегі сан алуандылықты ұлттық бірізділікке бағыттау. Ал экономикалық маңызының басты арнасына мемлекеттік индустриялды-инновациялық бағдарлама аясында іске қосылатын өндірістерді жұмыс күшімен, ұлттық кадрлармен қамтамасыз ету болып табылады.

А.Байтұрсынов атындағы Қостанай мемлекеттік университеті 2015 жылдан бастап «Серпін-2050» әлеуметтік жобасын жүзеге асырушы ЖОО ретінде белгіленді. Аталмыш жоба шеңберінде оқу орнында Алматы, Жамбыл, Оңтүстік Қазақстан, Қызылорда облыстарыынан келген 570 жас өрендер білім алып жатыр. Елбасы үндеген, жұрты қолдаған жобаны көңілдеріне арқау етіп Қостанай мемлекеттік университетіне білім алуға келген серпіндіктердің басым көпшілігі - Оңтүстік Қазақстан облысының тумалары. Олардың саны – 325. Бұдан кейінгі орында Сыр бойының жастары (Қызылорда облысы) - 128. Алматы обылысынан 67 жас өрен келсе, Жамбылдан 50 жас азаматтар білім алуда.

Оқу ордасы тарапынан серпіндіктерге білім грантының иегерлері ретінде университеттің жатақханасынан орын ұсынылды. Қазіргі таңда бұл мүмкіндікті 538 студент пайдаланды.

«Серпін-2050» жобасы негізінде білімденуші студенттердің отбасылық әлеуметтік тұрмыс жағдайы әр түрлі. Асыраушы отбасы мүшелерінің (ата-анасының) толық немесе толық еместігі тұрғысынан бағамдағанда, серпіндіктер арасында 2 білімденуші ата-анасыз болса, 45 студент толық емес, қалған 523 серпіндік толық отбасынан шыққан. Толық жанұядан шыққандардың 140 білімденушісі, яғни үлестік тұрғыдан 26% көп балалы (бала саны 4-тен кем емес) отбасында, 10 студент бала саны 5-тен жоғары отбасында дүниеге келген. Ал бала саны үш немесе үштен кем отбасы – 421.

Ал ата-ананың жұмыспен қамтылу көрсеткіші мынадай деректерді алға тартады: мемлекеттік білім грантына ие болған серпіндіктер арасында 77 отбасы мүлдем жұмыссыз болса, ал 141 отбасының (қос ата-ананың) бір асыраушысы – жұмыссыз. Сонымен қатар 11 студент зейнеткерлер отбасынан, 14 студенттің қос ата-анасының бірі – зейнеткер.

Қалалық және ауылдық мектептердің үлес салмағында да елеулі айырмашылықтар бар. 2016-2017 жылғы білім гранттарының байқауына енгізілген жаңа ережеге сәйкес биылғы 1 курсқа қабылданған серпіндіктердің 100% ауылдық мектептердің түлектері болса, ІІ курс арасында бұл көрсеткіш 82% (355 студент) шамасында. Жалпы алғанда, жобадағы қалалықтардың үлесі - 8,7 %.

«Серпін-2050» жобасының әлеуметтік картасына зер сала отырып, бұл Елбасының тапсырмасымен Үкімет тарапынан жастар саясаты бағытындағы ең бір сәтті қолға алған әлеуметтік жобасы екенін айқын аңғаруға болады. Сарапшылардың пайымынша, мемлекет тарапынан бөлінген бір білім гранты отбасына 700-750 мың теңге инвестиция құйғанмен пара-пар екен. Олай болса, жұмыссыздық көрінісі терең оңтүстік өңірдің отбасы мен жастарына Үкімет «Серпін-2050» әлеуметтік жобасы арқылы қомақты инвестиция салып отыр. Түптеп келгенде, бұл - адам капиталын дамытуға қосқан үлкен үлес. Ендігі мәселе сол инвестицияның әлеуметтік және экономика салалары арқылы қайтарымы болу жолын ойластыру – мемлекеттік мекемелер тұтқасын ұстап отырған қызметкерлердің азаматтық парызы.

Универсиетет «Серпін-2050» жобасының мемлекеттік маңызын, әсіресе, оның әлеуметтік астарын, оңтүстік жастарының солтүстіктің өзіндік тұрмыстық, ментальдік ерекшеліктеріне бейімделу үрдісінің бірыңғай «тегіс» болмайтынын жақсы түсінеді. Сондықтан жоба негізінде білімденуші жастарға жан-жақты қолдау көрсетуге ұмтылып, серпіндіктерге университеттегі ортақ іс-шаралардан бөлек өлектану, тұлғатану сипатындағы тақырыптық кездесулер, арнайы психологиялық тренингтер, салауатты өмір сүру салтын қалыптастыру мақсатындағы шаралар жүргізіледі. Сонымен бірге олардың болашақта бәсекеге қабілетті маман ретінде қалыптасуын оқу үрдісі мен мәдени-тәрбие салаларын тең ұстау арқылы жүзеге асыруға ұмтылып отыр.

Серпіндіктер иеленген мемлекеттік гранттар инженерлік, ақпараттық технологиялар және ауылшаруашылығы мен оны өңдеу және ветеринария бағытындағы 14 мамандыққа бөлінген. «Серпін-2050» жобасы жүзеге асырылып жатқан мамандықтардың оқу мазмұны индустриялды-иновациялық бағдарлама негізінде жүзеге асырылып жатқан кәсіпорындардың өндірістік жұмыс бағытына үйлестіріліп, оқу орны жергілікті жердегі өндірістік кәсіпорындармен дуальды оқыту жүйесінің тиімді үрдісін қалыптастырған. Бұл орайда, университет «Сарыарқаавтопром», «Агромаш Холдинг», «Агротехмаш», «Иволга холдинг», «Қарасу ет», «Жас қанат», «ДЕП», «Баян сұлу», «Новый день» сынды машина жасау және ауылшаруашылығын өңдеу өндірістерінің ірі кәсіпорындарында кафедра филиалдарын ашып, олармен тізе қоса отырып нарықтық бәсекеге қабілетті мамандарды дайындауды бірлесе жүзеге асырып келеді.

Университетте иновациялық индустрияландыру бағдарламасының басым  бағыттарына енген аталмыш кәсіпорындарға қажетті инженер, технолог, ауылшауашылығы саласы мамандарын дайындаудың көпжылдық тәжірибесі бар. Оның үстіне А.Байтұрсынұлы атындағы ҚМУ - Қазақстан Республикасының Президенті Н.Назарбаевтың «Нұрлы жол – болашаққа бастар жол» Жолдауында белгіленген экономиканы индустрияландыру бағдарламалары шеңберіндегі өндіріс орындарына бәсекеге қабілетті мамандар дайындауды қамтамасыз ететін арқаулы 11 ЖОО қатарына енген оқу орны.

«Нұрлы жол» бағдарламасы қазіргі таңда өз жемісін беріп, университеттің оқу үрдісінде заманауи ғылым мен білімді ұштастыра дамытуына оң ықпалын тигізуде. Бағдарлама шеңберінде бөлінген қаражаттар арқылы университет шетелдік білікті мамандарды иновациялық экономиканың жаңашыл бағыттары бойынша білім-тәжірибелермен бөлісуге шақырып, профессорлық-оқытушы құрамын шетелдің беделді оқу орындары мен ғылыми орталықтарында біліктілікті көтеру, тәжірибе алмасу курстарында дәріс алуға мүмкіндік жасады және иновациялық өндірістің мазмұны мен бағытына ілесе алатын заманауи лабораториямен жасақтауға қол жеткізді.

Білікті мамандар, берік шетелдік байланыстар және мықты материалдық-техникалық база, заманауи лабораториялар, жергілікті индустриялды-иновациялық кәсіпорындармен жүргізіліп жатқан қоян-қолтық жұмыс - «Серпін-2050» жобасы бойынша білім алып жатқан жастарға да болашақ мамандығының қыр-сырын терең меңгеруге, нарық айдынында бәсекеге қабілетті болуға кең жол ашары сөзсіз. Мәңгілік елдің басты мұратының бірі – білікті, іскер, отаншыл жас азаматтар қатарын қалыптастыру. Бұған «Серпін-2050» жобасының қосар өз үлесі бар.

Алмасбек Әбсадықов, А.Байтұрсынұлы атындағы Қостанай мемлекеттік университетінің оқу және тәрбие жұмыстары жөніндегі проректоры

Abai.kz

1 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1494
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3263
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5588