ЕЛБАСЫНЫҢ "ҰЛЫ ДАЛА ҰЛАҒАТТАРЫ" АТТЫ КІТАБЫНА ТҰЛҒАЛАР ПІКІРІ
Еліміздің бас басылымы "Егемен Қазақстан" газеті соңғы санында Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың «Ұлы Дала ұлағаттары» деп аталатын жаңа еңбегіне қатысты айтулы тұлғалардың пікірін жариялаған екен. Біз де сол пікірлерді оқырман назарына ұсынып отырмыз.
Дүниежүзі қазақтары қауымдастығы Төралқа төрағасы болып табылатын, Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың еліміздің бас басылымында жарияланған «Ұлы Дала ұлағаттары» деп аталатын жаңа еңбегінің әсіресе төртінші бөлімін шетелдегі қазақ диаспорасы ерекше ықыласпен қабылдауда. Оның «Қиырдан келсе қандастар» деген тақырыппен жарияланған бөлігінде Қазақстанның сырттағы ағайынның көші-қонына қатысты саясаты жан-жақты безбенделеді. Тіпті, оны тұжырымдама деп қабылдауға болады. Өйткені, онда әлемнің әр шалғайында тарыдай шашыраған қандастарымызды елге оралтудың маңызы мен мәні және оның мемлекеттің береке-бірлігін бекемдеп, ырысын молайтып, ғұмырын баянды етудегі рөлі толық көрініс тапқан.
Оны парасатты тұлғаның мына бір жүрекжарды сөзінен айқын аңғаруға болады. «…Өз қолымыз өз аузымызға жеткен кезде ең алдымен ойлағанымыз – шетелдерде жүрген ағайынды елге оралтып қуанту, тарихи әділеттілікті қалпына келтіру болатын. Ұлы көш жалғаса береді. Өйткені, әлемдегі бар қазақ – бір қазақ. Атажұртқа оралудың да күрмеулі мәселесі көп. Оның заңдық-құқықтық, әлеуметтік-қоғамдық түйткілдері бар. Олардың бәрін заман талабына сай толық реттеп отыру үшін уақыт керек, жан-жақты жұмыс қажет. Біз әрбір бауырымызды атамекенін аңсап келген ағайын деп қана қарамай, бір туған бауыр, елге қосылған елеулі қазына деп қабылдаймыз».
Елбасы «шетелдердегі бауырларымыздың өнерін, әдеби мұрасын, халықтық қол өнерін, ата кәсібін дамытуда арнайы жұмыстар жүргізіп келеміз. Бұл – адами капиталды Отанға оралтудың оң қадамдарының бірі. Бұл қадам жаңылмайды, шекара жабылмайды», деп шекара сыртындағы бауырларымызға қатысты пікірінде өз ұстанымын ғана емес бұл әрдайым мемлекет саясатының да басым бағыты болып қала беретініне сендіріп отыр.
Қазақстан Президенті Тәуелсіздікті жариялаған алғашқы күндерден-ақ 1992 жылғы Дүниежүзі қазақтарының тұңғыш құрылтайын өткізуге дайындықтың рухани жоспарын бастап кеткенін бүгінде біреу білсе, біреу білмеуі мүмкін. Сондықтан алдағы жылы Астанада өз жалғасын табатын Дүниежүзі қазақтарының V Құрылтайынан күтер үміт көп. Онда қол жеткен жетістіктер сараланып, оны әрі қарай еселей түсудің жолдары мен әдістері талқыға салынады деп жоспарлануда.
Талғат МАМАШЕВ,
Дүниежүзі қазақтары қауымдастығы Төралқа төрағасының бірінші орынбасары
АЛМАТЫ
Ойлы оқырман олжасы
Тәуелсіз Қазақстан да 25 жасқа толып отыр. Егемен еліміздің осынау мерейтойы туралы қаншама қоғам қайраткерлері, жазушылар, ғалымдар әртүрлі тақырыпта қалам тербеуде. Солардың барлығы да Қазақстанның 25 жыл ішінде қол жеткізген табыстарына қуанады, еліміздің әлеуметтік-экономикалық жағдайының күн өткен сайын жақсара түскеніне шүкіршілік етеді. Тәуелсіз Қазақстанның тарихи жылнамасы мен шежіресі жылдар өткен сайын қалыңдай бермек.
Осы орайда ел тарихының қапысыз хатқа түсуіне айрықша мүдделі бір адам болса, ол сөзсіз – Елбасы. Өйткені, тәуелсіз Қазақстанның жаңа дәуірдегі тәуелсіз іргетасын өз қолымен қалап, туын желбіреткен Тұңғыш Президентіміз үшін Қазақстан тарихының әр парағы ыстық әрі қымбат. Ендеше, таяуда ғана Елбасы қаламынан туған «Ұлы Дала ұлағаттары» атты жаңа туынды да әр қазақстандық үшін аса құнды олжа болары шүбәсіз.
Қазақстан Тәуелсіздігінің 25 жылдық торқалы тойына тамаша тарту болған осынау еңбекті тебіренбей, толқымай оқу мүмкін емес.
Аталмыш туынды «Туған елім – тірегім», «Ел мен ер және жер», «Тәуелсіздіктің тал бесігі», «Саясат салтанаты», «Туған тілдің тұғыры», «Дін мен дәстүр», «Қиырдан келсе қандастар», «Өнердің өрісі кең», «Отбасы – Отан тірегі», «Қарияларымыз – қазынамыз», «Мұраты бірдің қуаты бір» деп аталатын он бір тараудан тұрады. Тақырыптар айтып тұрғандай әр тараудың оқырманға ой салар орасан салмағы бар.
Өзім қаламгер болғандықтан, әрі қазақ руханиятының қара шаңырағы – Қазақстан Жазушылар одағында басшылықта отырғандықтан осы еңбектегі әдебиет, өнер, тіл туралы Елбасы толғамдары мені қатты тебіренткенін айрықша айтқым келеді.
«Қазақ – ойшыл халық, ақын халық. Сәби жүрегінде желпілдеген арман мен үміт, қиял мен ой көкірегінде сәулесі бар қазақ баласын өлең өлкесіне алып келеді. Халқымыздың ақынжандылығы – ұрпақтан ұрпаққа жалғасып келе жатқан мәңгілік мектеп. Телегей теңіз ауыз әдебиетінің қайнарынан сусындаған ұлтымыздың ұлы тарихындағы ұлағатты белестер бұған нақты дәлел. Біз тарихын тілмен де, ділмен де жазған халықпыз», – дейді Президент осы еңбегінің «Туған елім – тірегім» деген алғашқы тарауында. Одан әрі өз ойын Елбасы: «Ұлы Даламыз кейде ашық жатқан жыр кітабы сияқты болып та көрініп кетеді. Жадыңды жаңғыртып, дұрыстап, жақсылап оқи алсаң, жан дүниең жадырап, бағзы бабалардың баянды үнін, тарихтың тылсым сырын, туған еліңнің мәңгілік жырын қайыра естіп, байтақ әлемге құлашыңды кең жайғандай боласың», – деп кеңінен таратады.
Осындай жүрек қозғайтын сөздерді оқи отырып, Елбасымыздың сөз өнерін, өлең деп аталатын киелі қасиетті барынша қастерлеп, қадірлейтінін анық аңғаруға болады.
Елбасымыздың тіл туралы, діл туралы, ел мен жер туралы да басалқы толғамдар мен парасатты пайымдауларға толы тұжырымдары ел ертеңін ойлайтын тұғырлы тұлға ғана айта алатын өмір, қоғам, заман ақиқаты екені сөзсіз.
Халқымыздың рухани игілігіне айналғалы тұрған еңбектің «Өнердің өрісі кең» атты тарауында мемлекетіміздің әдеби-мәдени даму белестері жайлы сөз қозғалады. «Мемлекеттің дамуы – рухани әлемнің дамуымен тікелей сабақтас», – дей отырып Президент мәдениет саласындағы күрмеуі күрделі кейбір мәселелердің шешілген және шешілмеген тұстарына замана биігінен көз жібереді.
Өткен 25 жыл ішіндегі әдеби-мәдени өміріміздегі өзгерістер мен қазақ руханиятына мемлекет тарапынан жасалып жатқан қамқорлықтарға шолу жасай келіп Мемлекет басшысы: «Осы кезеңде әдебиетте рухани жаңғыру, ұлттық түлеу, халықтық қасиеттер қапысыз бой көрсетті. Әрине, бұл өрлеуден өнердің басқа салалары да қағыс қалған жоқ. Бірақ әдебиет алда жүрді, алдыңғы шептің айбаты да, қайраты да бола білді», – деп атап көрсетеді. Бұл сөз өнерін кие тұтқан барша қалам қайраткерлеріне берілген әділ баға, үлкен сенім деп білуіміз керек.
«Ұлы Дала ұлағаттары» өткенімізге ой жүгіртер, келешегімізге бағдар сілтер сындарлы еңбек, сом туынды. Осы еңбектегі Президент толғанысы әр қазақстандықтың толғанысына ұласар болса, яғни «жүректен шыққан сөз жүрекке жетер болса», Отанымыздың болашағына деген ұлт сенімі нықтала түспек.
Нұрлан ОРАЗАЛИН,
Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, Қазақстан Жазушылар одағының басқарма төрағасы
Ұрпақ тәрбиесінің ұстындары
Шынын айту керек, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Ұлы Дала ұлағаттары» атты жазбалары өте тартымды. Оқыған адам бірден қабылдайды. Өзім де «Егемен Қазақстан» газетінің әр нөмірін қолға алған сайын бірден Елбасының жазбаларына көз жүгіртіп, бас алмай оқып жүрдім.
«Біз бүгінде, қит етсе тәрбиешілер мен мұғалімдерді, отбасы мен ортаны, одан асып қоғамды кінәлауға бейімделіп барамыз. Тегінде, тәрбие мәселесін әркім өзінен бастауға тиіс. Демек, әрқайсымыз бүгінгі және болашақ ұрпаққа бағдар беретін пікір-пайымымызды айтып, жеке іс-әрекетімізбен үлгі-өнеге көрсетуіміз керек. Сонда ғана жұртымыз жаһанданудың жұмырына жұтылып кетпей, қазақы қалпымызды, дәнекерлі дәстүр-салтымызды сақтай алады. Сөйтіп, ұлттық болмыс пен рухани құндылықтардан, кісілік пен кішілік қасиеттерден қол үзіп қалмайды» дейді Нұрсұлтан Әбішұлы өз жазбасында.
Міне, Елбасы аға буынға, жастарға, зиялы қауымға үлкен үміт артып, зор міндет жүктейді. Көшбасшымыз қай буынды да белсенді, қайратты болуға, шапшаң уақыттың талабына сай болуға үндейді. Рас, қай заманда да ойлы азамат өзінің биік парасатымен, өнегелі тәрбиесімен, қарым-қабілетімен ерекшеленген. Сондықтан да Елбасымыз мемлекетіміздің түп қазығы қазақ халқына үкілі үміт, үлкен жауапкершілік артып, жаңалықтың жаршысы, жанашыры, қозғаушы күші болып, алдыңғы лекте жүр деп отыр. Жаңа патриотизм жалаң сөзбен емес, нақты іспен көрінуі керек. Ол белгілі бір мақсатқа қол жеткізіп, жеңіп шығу арқылы қалыптасады.
«Ұлы Дала ұлағаттары» жазбалары сананы оятары сөзсіз. Жас ұрпақ тәрбиесі, отбасы мәселесіне ерекше көңіл бөлінген. Елбасы «Халқымыздың болашағы да, еліміздің көркі де – қыз бала. Олар – қадірлі қазынамыз. Олар – болашақ анамыз. Кең мағынада алып қарасақ, тіпті, ұлт анасы. Ал ананы сыйлаудың ең жоғары адами үлгісін Мұхаммед Пайғамбарымыз айтып кеткенін және өзінің өнегелі ісімен қапысыз дәлелдеп өткенін күллі мұсылман дүниесі жақсы біледі. «Әйел бір қолымен бесікті, бір қолымен әлемді тербетеді» дейтініміз де содан» деп ата-бабадан қалған, исі мұсылманның бойына, иманына сіңген тәрбие өнегесін қайта жаңғырту қажеттігін ескертеді. Ұрпақ тәрбиесін ұлттық сипатта қолға алмайынша санасы биік, өрелі ұрпақ тәрбиелеу мүмкін еместігін аңғартады.
Меніңше, Елбасы Н. Назарбаевтың ұлттық тәрбиеге байланысты айтқан пікірлері көпшілікке үлкен ой салды деп есептеймін. Кейде мені қазіргі адамдар айналасындағы орын алып жатқан мәселелерге немқұрайлы, жүрдім-бардым қарайтын болған ба деген ой мазалайды. Көпке топырақ шашудан аулақпын, дегенмен, кейде кейбір жастардың бейәдеп қылықтары қынжылтады. Көпшілік орындарда, көшелерде өзін-өзі ұстай алмайтындықтары ойлантады. Сондықтан жастарды тәрбиелеу жағын мықтап қолға алуымыз керек. Әсіресе, жастар арасында еңбекқорлықты жан-жақты насихаттаған жөн. Еңбектің адамды өсіретінін, барлық жетістіктерге жеткізетінін біздің буын жақсы түсініп өсті.
Тегінде қазақ «Ұяда не көрсең, ұшқанда соны ілерсің» дегенді бекер айтпаған. Бұл – Ұлы Даланың ұлағатты педагогикасы мен дана бабаларымыздың ұрпақ тәрбиесіне мейлінше мән бергенінің айнасы. Сондықтан бүгінгі аға буын өкілдері өмірден алған тәжірибелерін, ерінуді білмейтін еңбекқорлығын, тағы да басқа тамаша қасиеттерін өз ұрпағының бойына жастай егуге ұмтылуы қажет. Бұл орайда «Ұлы Дала ұлағаттары» жастарға ой салып, бағыт-бағдар көрсететіні анық.
Масат БЕРІК,
«Нұр Отан» партиясы Жамбыл облыстық филиалы төрағасының бірінші орынбасары
Жамбыл облысы
Ақиқаттың айнасы
Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Егемен Қазақстан» газетінде жарияланған «Ұлы Дала ұлағаттары» туындысының қолжазба нұсқасын зор қанағат сезіммен оқып шықтым.
Халық арасында «Ханда қырық кісінің ақылы бар» деген дана сөз бар. Көшбасшымыз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың әр кітабында перзенттік парызбен халқына қарата айтатын пайдалы, парасатты ой түйіні тарқатылады.
«Ұлы Дала ұлағаттарының» жарияланғанына көп уақыт өте қойған жоқ, әйтсе де әлем таныған тұлғаның ордалы ойына көпшіліктің қызығушылық танытып, пікір білдіріп жатқанын байқап жүрмін.
Мысалы, ұлттық дәстүр, оның дінмен байланысы, қазақтың халық әндері туралы пайымын оқып, өнер адамы ретінде ғибраттанып, риза болдым. Халық санасына әбден сіңіп, қағидаға айналып кеткен бұлжымас шындықтың аяқ асты әртүрлі талқыға түсіп, ненің дұрыс, ненің бұрыс екенін бағамдау қиынға соғып бара жатқанда, қоғамда орын алған сол сұрақтың соңғы түйінін, анық жауабын Президент айтып жатса, өз басым «ақиқат – осы» деп қабылдаймын. Өйткені, Елбасы еліне арнап айтар сөзді ұзақ ой сүзгісінен, таным таразысынан өткізіп барып, әбден екшелген тұжырым ретінде ұсынады деп ойлаймын. Әрдайым елінің ертеңіне алаңдайтын Президенттің ақиқат сөзді ғана айтатынына сенемін.
Тәуелсіздіктің 25 жылдығы қарсаңында жарық көрген кітабы, дербестікке қол жеткізген ширек ғасыр уақыт аралығындағы жетістігімізді саралап, белес биігінен көз тастай отырып, келешекті кемел көзқарасымен бағдарлауымен құнды деп бағалаймын.
Алыптың қуатын халықтан, халықтың қуатын бірліктен көретін еліміз үшін Президентіміздің Тәуелсіздікке қол жеткізген күндерден бергі еңбегін қалай мадақтасақ та, ешкім де артық көріп, сөге қоймас.
Роза ӘШІРБЕКОВА, Қазақстанның халық артисі, «Құрмет» орденінің иегері
Abai.kz