ҚАЙ ТІЛГЕ БОЛСА ДА, ҚАЗАҚ ТІЛІНДЕ ЖАУАП БЕРСЕҢІЗ – ЗАҢДЫ БОЛАДЫ!
Осы уақытқа дейін он бес жылда аю да қазақша үйреніп алар еді…
Нұрсұлтан НАЗАРБАЕВ.
Мен әлемнің 141 елін аралаған адаммын. Солардың ішінде өз мемлекетінде өз тілінде өмір сүре алмай отырған бейшара халықты көрдім. Ол – қазақтар.
Реналью ГАСПИРИН,
италиялық жиханкез, кәсіпкер.
МЕМЛЕКЕТТІК ТІЛДІ ҚАЛАЙ ДАМЫТУҒА БОЛАДЫ?
РФ Сыртқы істер министрлігінің өкілі Элеонора Митрофанованың: «Орыс тіліне айрықша мәртебе алып беру біздің басты міндетіміз. Тым құрыса ТМД аумағында орыс тілі Халықаралық қатынас тілі болу керек. Қазір оның өзі қиын болып отыр», деп, Ресейдің ТАСС агенттігіне берген сұхбаты тәуелсіз мемлекеттердің ашу-ызасын туғызғаны белгілі. Әрине, бір елдің министрлігінің өкілінің өздерінің мемлекеттік тілін өзгелерге де таңып, өзеуреп жатқанын өзін сыйлайтын елдер елей қоймасы да анық. « Қазір оның өзі қиын болып отыр»,-деп өзі де мойындағандай, ТМД елдерінде орыс тіліне ерекше статус бермек түгілі көп мемлекеттерде, мысалы, Латвияда орыс тіліне тыйым салынып, орыс тілі онсыз да жоқ Литвада Ресей телеарналарын көрсету тоқтатылып жатыр… Көрші қырғыз ағайындар орыс тілінің мәртебесін алып тастады. Өзбекстанда орыс тілі мәселесі кеңес кезеңінің өзінде-ақ шешіліп қойған… Ал олардың «оң жамбасымызыға келеді» деп ойлап отырған Қазақстан Атазаңнан орыс тілі туралы 7 баптың 2- тармағын алып тастауды талап етіп. талай жылдан бері митинг өткізіп, қарсылық көрсетіп келеді. Сондықтан ресейлік ханымның бос қиялға уақыт кетірмей, одан да батыстық санкциядан құтылу жолдарына бас қатырғаны әлдеқайда дұрыс болар еді…
Дәл осыған қарап тұрғандай, кеше «Қазақ үні» сайтында қазақ тілінің Қазақ еліндегі аянышты жағдайы туралы үш мақала жарияланды. Олардың үшеуі де қазақ тілінің қадамы жазылмай қойған үш өңірдегі қиын жағдайды көрсетеді. Керекулік тіл күрескері Руза Бейсенбайтегі туралы «ТІЛ ҮШІН ТРАМВАЙДЫҢ АСТЫНА ТҮСУГЕ ӘЗІРСІЗ БЕ?» http://www.qazaquni.kz/2016/11/18/60763.html мақаласы мен Орал қаласындағы қазақ тілінде такси шақыра алмайтын Нұртай Алтайұлының: «Орысша сөйлеуге өзіміз құмар емеспіз бе?!.» http://www.qazaquni.kz/2016/11/18/60758.html мақаласы күйіп тұрған күрделі мәселені сөз етеді.
Әсіресе, қарағандылық студент-дәрігер Дастан Жақыповтың « Қазақ тілінде бір бөлке нан мен су сатып ала алмайтыныма күйінемін…» – деген http://www.qazaquni.kz/2016/11/18/60734.html жанайқайы интернетті жарды десек те болады. Бір тәулікте-ақ Фейсбук желісінде 600-дей адам бөлісіп, өз парақшаларында жариялап, 1000-ға жуығы қолдау білдіріп, 300-ге жуық пікір жазылып, сайтымызда 11 мыңға жуық адам оқыды.
Жалпы, еліміздегі мемлекеттік тілдің жан ауыртар жағдайын айтып, зарлап келе жатқанымызға биыл Тәуелсіздігіміздің 25 жылдығымен есептесек, ширек ғасыр болады. Қаншама рет митингілер, жиындар өткіздік. Қаншама рет айтылды, жазылды. Бірақ, нәтиже шамалы болып тұр. Әрине, қайдан нәтиже болсын, егер 25 жылда «Мемлекеттік тіл» туралы заң қабылдай алмаған елде… Сондықтан да министрлері парламент алдында «Менің миым мемлекеттік тілге жетпейді,,, ауыстырмасаңдар»-деп жариялап, жиырма жылдай әлі министр болып келеді.
Енді, тек бір ғана амал болып тұр. Ол үшін өзге елдердің тәжірибесін пайдалану керек. Мысалы, Балтық бойы елдерін айтпағанда, Өзбекстанда кеңес кезінің өзінде ешкім орыс тілінде сөйлемейтін. Сондықтан, орыстардан бастап, өзге ұлт өкілдерінің бәрі өзбекше сайрайды. Міне, ешқандай заңсыз-ақ, кеңес империясы кезінде солай болатын. Ал біз, Тәуелсіздік алғанымызға 25 жыл болды, Мемлекеттік тіл туралы заң болмаса да, Тілдер туралы заңымызда, Конституциямызда қазақ тілі – мемлекеттік тіл деп айқайлатып жазып қойсақ та, қазақ тіліміздің жағдайы нан сұрауға да жетпейтін мүшкіл халде…
Иә, бұрын да, ҚР Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың өзі де: « Осы уақытқа дейін он бес жылда аю да қазақша үйреніп алар еді…», «Қазақ пен қазақ қазақша сөйлессін»– деп, талай айтып келеді. Енді осы«Қазақ пен қазақ қазақша сөйлессін»-деген талапты біз орындадық па? Жоқ! Қазір Тәуелсіздік алғанымызға 25 жыл болғанда, енді Елбасының сөзін бүгінгі күнге лайықтап, дамытып, «Қазақстандықтардың бәрі қазақша сөйлеуі тиіс» дейтін кез келді. Бұл қарапайым халықтың ғана талабы емес, Қазақстан Президенті Жолдауында айтылғандай, Үкіметтің өзінің Мемлекеттік тілді дамыту бағдарламасы бойынша да қазақстандықтардың 2017 жылы 80 пайызы, 2020 жылы 90 пайызы мемлекеттік тілде сөйлеуі тиіс деп көрсетілген. Бұл бағдарлама бойынша 2014-2016 жылдары мемлекеттік және халыққа қызмет көрсететін барлық мекемелер мемлекеттік тілде жұмыс істеуі керек болатын… Иісі де сезілмейді…
Ал енді біздің елде заңдарымыз да, бағдарламаларымыз да, елбасының тапсырмалары да іске аспайтынына көзіміз жетті. Енді НЕ ІСТЕУ КЕРЕК?
Біріншіден, ол үшін жоғарыда айтқандай, барлық жерде, кімге, қай ұлттың өкілі болса да, тек МЕМЛЕКЕТТІК ТІЛДЕ – ҚАЗАҚ ТІЛІНДЕ сөйлеуіміз керек. Осылай құлдық құлықтан құтылмай, мың жерден заң болса да, қазақ тілі дамымайды. «Заң жақсы болғанмен, шенеуніктер нашар болса, ол орындалмайды»-деп бір данышпан айтқандай, мемлекеттік қызметкерлеріміздің (министрлер,әкімдер, депутаттар, т.б.) мемлекеттік тілді игеруге, яғни, заңды орындауға сауаттары жетпейді. Сондықтан да, көпшілік орындарда, дүкендерде де, жиындарда да, барлық жерде қазақ тілінде сөйлейік. Министрлерге, әкімдерге, мемлекеттік қызметкерлердің бәріне, қандай ұлт болсын, мемлекеттік тілде сұрақ қойып, мемлекеттік тілде жауап талап етіңіздер. Бұл заңмен бекітілген ереже. Сізге орыс тілінде немесе өзге тілде сұрақ қойса, тек мемлекеттік тілде жауап беру керек.
Бұл біздің қолымыздан келе ме? Құл болсаң, келмейді. Өйткені, құл қожайын тілінде (орыс тілінде) сөйлеуге құмар болады. Ұл болсаң, келеді! Өйткені Ұл өз тілінде сөйлейді!
Екіншіден, бізге жетіспей келе жатқан тағы бір өте өзекті мәселе бар. Мемлекеттік тілдің мемлекеттік органда немесе жеке мекеме, дүкендерде тб. аяққа тапталғаны туралы заңдылықты қадағалау органы – Прокуратураға арыз жазып отыру керек. Біздің ең басты кемшілігіміз – заңды түрде шағымданбаймыз. Үндемей сорлы күйінде Қазақ елінде тұрып, титтей дүкеншік сатушысынан бастап, министрге дейін Ресей тілінде жауап беріп тұра береміз. Мықтағанда, айқайласамыз да, кетіп қаламыз. 25 жылдан бері бір қалада прокуратураға 1 күнде 100 арыздан түсіп отырғанда, бүгінде бүйтіп, қазақша нан сұрай алмай отырмас едік. Рузадан бүкіл Кереку орысқұлдары неге қорқады? Себебі ол босқа айқайласпайды, Атазаңды қорғап, заң орындарына, әкімшілікке шағымданып, арыз қалдырады… Міне, істің нәтижелілігі қайда жатыр?
Ал өзге ұлт өкілдері «Орысша жауап бермеді» деп, 25 жылдағы бірер ғана оқиғаға ЗАҢСЫЗ шағымданып, арыз қалдырады. Сондықтан олардың сөзі заң орындарына өтімді.
Үшіншіден, «Орысша жауап бермеді, қазақша жауап берді немесе қазақша сөйледі» деген шағымдануды ЗАҢСЫЗ деп отырғаным, ҚАЗАҚ ТІЛІ – МЕМЛЕКЕТТІК ТІЛ! Тілдер туралы заң бойынша, орыс тілі бола ма, өзге тілдер бола ма, Сіз ҚАЗАҚ ТІЛІ – МЕМЛЕКЕТТІК ТІЛДЕ жауап берсеңіз – ОЛ ЗАҢДЫ!
Өзбектердің бізді адам ғұрлы көрмей, менсінбейтіні осыдан, өз елімізде өз тіліміздің нан сұрауға жарамайтыны… Олардың тірлігі әлсіз болғанмен (біздің ойымызша), тілі мықты, яғни, рухы мықты. Біздің оңтүстікте бейшара «бай» қазақтар өзбектерді мақта тергізуге жалдап отырып, сол жалшысының тілінде – өзбек тілінде сөйлеуге құмар құлдық құлығын көріп отырып, не сұрайсың енді…
Жалшысының (өзбектің, т.б.) тілінде сөйлеуге құмар Ақордадан ауылға дейінгі РУХАНИ ҚҰЛ ҚАЗАҚТАРДАН , қожайыны болып қалған, әлі солай сезілетін Орыс тілінде сөйлемеңдер деп алысу – не деген азапты да, аянышты өмір еді..
Сондықтан да, италиялық жиханкез, қазіргі заман кәсіпкері Реналью Гаспириннің: «Мен әлемнің 141 елін аралаған адаммын. Солардың ішінде өз мемлекетінде өз тілінде өмір сүре алмай отырған бейшара халықты көрдім. Ол – қазақтар»- деп, бізді әлемге масқара қылғаны…
ҚАЙ ТІЛГЕ БОЛСА ДА, ҚАЗАҚ ТІЛІНДЕ ЖАУАП БЕРСЕҢІЗ – ЗАҢДЫ БОЛАДЫ!
«Қазақстан Республикасындағы тілдер туралы» ҚР Заңының 4 бабына сәйкес – Қазақстан Республикасында мемлекеттік тіл болып – қазақ тілі танылады және барлық деңгейдегі мемлекеттік органдар мемлекеттік тілді жан-жақты дамытуға міндетті.
9-бап. Мемлекеттiк органдар актiлерiнiң тiлi.
Мемлекеттiк органдардың актiлерi мемлекеттiк тiлде әзiрленiп, қабылданады, қажет болған жағдайда, мүмкiндiгiнше, басқа тiлдерге аударылуы қамтамасыз етiле отырып, оларды әзiрлеу орыс тiлiнде жүргiзiлуi мүмкiн.
11-бап. Азаматтардың өтiнiштерiне қайтарылатын жауап
тiлi.
«Мемлекеттiк және мемлекеттiк емес ұйымдардың азаматтардың өтiнiштерi мен басқа да құжаттарға қайтаратын жауаптары мемлекеттiк тiлде немесе өтiнiш жасалған тiлде берiледi.»-деп жазылған.
Яғни, Тілдер туралы Заңның 4- 9-11 баптары бойынша азаматтар мен заңды тұлғалар тарапынан түскен арыз-шағымдарға жауапты, олардың қай тілде берілгеніне қарамастан, мемлекеттік тіл – қазақ тілінде қайтаруға құқылы!
Яғни, Сіз қай тілде, орыс тілі ме, шүршіт тілі ме, т.б. тіл ме, сұрақ қойылса да, ҚАЗАҚ ТІЛІНДЕ – МЕМЛЕКЕТТІК ТІЛДЕ ЖАУАП БЕРСЕҢІЗ – ЗАҢДЫ БОЛАДЫ. ӨЙТКЕНІ ПРЕЗИДЕНТТІҢ ӨЗІ ҚОЛ ҚОЙҒАН ЗАҢЫМЫЗДА ОСЫЛАЙ ЖАЗЫЛҒАН. Ол үшін ЕШКІМ ЖҰМЫСТАН ШЫҒАРА АЛМАЙДЫ. ҚАЙТА ПАТРИОТТЫҒЫҢЫЗ ҮШІН АЛҒЫС ХАТ, қалауы болса, тіпті сыйақы беруі керек!
Тіл туралы заңда ең жоғары статус – мемлекеттік тіл статусы. Қазақ тілінің мемлекеттік тіл статусынан жоғары статус болмайды. Сондықтан сауатсыздардың (министр ме, әкім бе, депутат па, сатушы ма, бәрібір) қандай да бір орыс тілінің «мәртебесі» туралы «ережелері» МЕМЛЕКЕТТІК ТІЛДІҢ қасында бос сөз болып табылады!
2007 жылы Мәжіліс депутаты ақын Мұхтар Шаханов бастаған бір топ депутаттың: «Конституция бойынша орыс тілі мемлекеттік тілмен бірдей болып табыла ма?» деген сұрағына Конституциялық Кеңес: » Атазаңның 7- бабы 2-тармағы бойынша «Орыс тілі мемлекеттік тілмен қатар қолданылады»-деген сөз – орыс тіліне мемлекеттік тілмен бірдей статус бермейді.»-деп, арнайы Қаулымен жауап берген.
Яғни, «орыс тілі мемлекеттік тілмен бірдей» -деген сөз ойдан шығарылған, орыстілділер жасап алған жалған «статус».
Әрине, МЕМЛЕКЕТТІК ТІЛДІҢ ДАМЫМАУЫ – МЕМЛЕКЕТТІҢ БАСТЫ КІНӘСІ! МЕМЛЕКЕТТІК ТІЛДІ МӘЖБҮРЛЕМЕЙ, ТІЛ ДАМЫМАЙДЫ деп талай жаздық. (» АТА ЗАҢДЫ ӨЗГЕРТПЕЙ, ТІЛДІ ҮЙРЕНУ – СУҒА ТҮСПЕЙ ЖҮЗУДІ ҮЙРЕН ДЕГЕНМЕН БІРДЕЙ… http://www.qazaquni.kz/2011/09/14/8911.html ) Бірақ бұл бәрімізге, қазақтарға, бізге, қазақтілділерге де байланысты. Біз мемлекеттік тіл статусын заңға сай талап ете алмаймыз. Ал орыстілділер ресми тілді мемлекеттік тілден де асырып, пайдаланып отыр. Де-факто орыстілі мемлекеттік тіл рөлін иеленуде. Бұл жерде заң емес… жеке тұлғалық жетекшілік қасиеттер көп рөл ойнайды. Егер екі тілдің статустары керісінше болса, қайтер едік… Онда жаңбыр жаумай езіліп жүрген қазақ тілі мүлде құрып бітер еді…
Яғни, бізге » МЕН МЕМЛЕКЕТТІК ТІЛДЕ СӨЙЛЕЙМІН!» деген шектеусіз акцияны бастайтын уақыт баяғыда жетті!
Мысалы, жоғарыда айтылған қазақша нан сұрап ала алмай жүрген қарағандылық Дастан Жақыповтың жағдайын алайық. Фейсбук парақшасында үлкен талқылау болып жатыр. Сонда Алаштың арқалы ақындары Тыныштықбек пен Серік Ақсұңқарұлына: «Қарағандыда бір бөлке НАН мен бір бөтелке СУ алу үшін қала дүкендерін аралап, ақындар рейдін жасап шығыңыздаршы» деп өтініш айттық. Содан соң біз «Қазақ үнінен» бастап, барлық сайттарға салып, газеттерге жариялайық жағдайды… Өйткені, сөзден іске көшетін уақыт баяғыда жетті… 25 жыл – ширек ғасыр болды – әлі өз жерімізде, өз елімізде өз тілімізде нан сұрап жей алмаймыз! 25 жылдық Тәуелсіздік мерекесіне орай… ауыр артиллерия – ақын-жазушылар, зиялылар алдыңғы қатардан табылмаса, бұларды жалпы халық қолдамаса, енді қашан қозғаламыз?!.
«Қазақ тілі дамымайды»-деп айқайлап келеcіз, ал Сіз бүгін неге дүкенде сауда жасағанда сатушы өзге ұлт өкілімен қазақ тілінде сөйлеспедіңіз? Орысша сұрақ қойғандарға неге қазақ тілінде жауап бермедіңіз?
Әлде, ұлттық намысыңыз бен жігер-қайратыңыз студент Дастаннан немесе әйел Рузадан, не болмаса Оралдағы жұмыссыз Нұртайдан кем бе еді?!.
Қазыбек ИСА
qazaquni.kz