Сенбі, 23 Қараша 2024
Жаңалықтар 2155 0 пікір 14 Қыркүйек, 2010 сағат 05:31

Дәурен Қуат. «Ни» қайда, «Ни?!»

Совет өкіметінің тұсында баспасөз біткенде «өкірген» тақырыптың бәрі «коммунистік» деп басталатын еді. Шерағаң - Шерхан Мұртаза «Қазақ әдебиеті» газетінде бас редактор қызметін атқарған соноу бір жылдары әлгі құрдымға кеткір «Коммунистік» деген «қаһарлы» сөздің ішіндегі «ни» түсіп қалып редакция ұжымының басына қара бұлт үйіріледі. Алдымен Шерағамызды Орталық комитеттің дәлізін кешіп жүріп  идеологияны бағатын иісшілдер шақырып алып біраз «илесе» керек. Бірақ, бопсаға иіле қоятын Шерағаң ба, тақырыптан қате тауып танаурағандармен тартысып шаршап редакцияға келген соң қол астындағылардың апшысын қуырып «ни қайдалап» ақырады. Былайда сұсты адам «ни қайда?!» деп ызбарланған сайын журналистердің жүні жығылып жерге қарай береді. Сол кезде жиын үстіне апалақтап фототілші Сайлау Пернебай кіріп келеді. Шерағаң оған да қарап: «Әй, Сайлау, «ни қайда, ни?» деп зілденеді. Сонда ойын іркпей сөйлейтін Сайлау марқұм әріптестерінің халіне жаны ашып: «Ой, Шераға, сіз де қызықсыз, бір кәріс үшін бәрімізді қырасыз ба?» - деген екен. Шерағаң мына жауапқа шыдай алмай мырс етіп күліп жібереді.

Совет өкіметінің тұсында баспасөз біткенде «өкірген» тақырыптың бәрі «коммунистік» деп басталатын еді. Шерағаң - Шерхан Мұртаза «Қазақ әдебиеті» газетінде бас редактор қызметін атқарған соноу бір жылдары әлгі құрдымға кеткір «Коммунистік» деген «қаһарлы» сөздің ішіндегі «ни» түсіп қалып редакция ұжымының басына қара бұлт үйіріледі. Алдымен Шерағамызды Орталық комитеттің дәлізін кешіп жүріп  идеологияны бағатын иісшілдер шақырып алып біраз «илесе» керек. Бірақ, бопсаға иіле қоятын Шерағаң ба, тақырыптан қате тауып танаурағандармен тартысып шаршап редакцияға келген соң қол астындағылардың апшысын қуырып «ни қайдалап» ақырады. Былайда сұсты адам «ни қайда?!» деп ызбарланған сайын журналистердің жүні жығылып жерге қарай береді. Сол кезде жиын үстіне апалақтап фототілші Сайлау Пернебай кіріп келеді. Шерағаң оған да қарап: «Әй, Сайлау, «ни қайда, ни?» деп зілденеді. Сонда ойын іркпей сөйлейтін Сайлау марқұм әріптестерінің халіне жаны ашып: «Ой, Шераға, сіз де қызықсыз, бір кәріс үшін бәрімізді қырасыз ба?» - деген екен. Шерағаң мына жауапқа шыдай алмай мырс етіп күліп жібереді.

Әңгімеге әзіл қыстырып отырғанымызды оқырман бек түсінер дейміз. Міне, төрт бес күннің жүзіне айналды, Қазақстанның саяси элитасы «Ни қайдалап?» «қырылып» жатыр. Бұл жолғы «ни» қайдағы бір партияның атынан абайсызда түсіп қалған «ни» емес, о дүниеге болып толып аттанған Ни. Елімізде «Еуразиягруп» атанған алпауыттардың кіндік әкесі, кәріс диаспорасының көсемі Владимир Ни деген қария. Қазақстандағы кәрістерді бүгінгідей жағдайға жеткізген зор тұлға. Ни жарықтықтың өз ұлтын өзгеше  сүйгеніне сүйсінген Елбасымыз осылай депті («...Ол өз сөзінде Владимир Нидің отбасына көңіл айтқан президент Нұрсұлтан Назарбаевтың елдегі кәріс диаспорасына қарата: «Егер Владимир Васильевич болмағанда Қазақстан кәрістері Қазақстанда бұлайша өмір сүрмес еді»  деген сөзін келтіре кетті». Владимир Кимнің қаралы жиында айтқан сөзі.  - Азаттық радиосының сайтынан алынды.)

78 жыл ғұмыр кешкен Владимир Ни деген пенде Владивостокта дүниеге келіп жоғары білімге  Советтік «ұлттар лабороториясы» - Қазақстанда қол жеткізеді.  Марқұмның жария өмірі өле өлгенінше жұртқа жұмбақ болып кетті. Сондықтан біз де ол туралы ресми деректен басқа мандытып ештеңе айта алмаймыз; марқұмның атқарған қызметі, лауазымы жайында интернеттің «тіліне» жетік жан өзі-ақ іздеп, оқи жатар. Дегенмен, жұқалап білетінімізді ортаға сала кетелік: Владимир Василиұлы Нұрсұлтан Әбішұлына ертерек кезден жұғысып атқосшысы, көмекшісі, керек уағында кеңесшісі болды. Рымғали Нұрғалиұлының  саяси науқандар барысындағы «Егеменде» жарияланған естелігінде Нидің Назарбаевқа әу бастан ықпалды жанның бірі болғаны жөнінде жіңішке ғана айтылып кетеді. Қазақ Ни дейтін алпауыттың тасада асып тасып өмір сүргені жайында кеш естіді, кеш білді. Онда да там-тұмдап. Ұзынқұлақтан жеткен сөзден. Сол «ұзынқұлақтың» айтуында, Ниекең Нұрекеңе «қазақ сізді ұнатпайды» деп сылқ-сылқ күліп жиі  сыбыр шығарып отырыпты-мыс. Ұзынқұлақтың тағы бір айтуында, Ниекең Нұрекеңнің құзырындағы өкіметтің саяси кампанияларына қаржы құйып келіпті. Ал енді, ұзынқұлақсыз әйгіленген бір шындық - Ниекең кәріс диаспорасының Қазақстанда басталған жаңа тұрмысқа тез бейімделіп, табысы толағай істермен шұғылдануына қайқы мүйіз ақ серкедей алшаңдап жол бастап, жөн нұсқаған көсем. Бұл жайтты «Қазақмыс» корпорациясының президенті, «Форбс» журналының  кезекті жарияланымына есімі еніп, әлем жұртына миллиардер ретінде даңқы кеткен Владимир Ким қаралы жиында көзіне жас алып тұрып мәлім етті.

Қазақстандағы жалғанды жалпағынан басып жүргендердің арасында қазір кім көп? Ким көп. Нан дейтіндер және бар. Соларды жетектеп жеткізіп, ел санатына қосып ақиретке аттанған Ни ақсақалда арман жоқ шығар, сірә... Оларды былай қойғанда, көретініміз бүгінде кәрістің көп сериялы көркем филімі.  Қыздарымыздың қиялында - кинодағы келбеті келіскен  кәріс жігіті. Тұтынатынымыз - кәріс өндіретін өнім. Қара базарға барсақ та иректеліп иреоглиф түскен заттың бүйіріне қарап қойып,  «қытайский емес, кәрейский керек, мынауың кәрейдікі ме?» деп шалқалаймыз. Жоғары оқу орындарында жастарымыз кәріс тілін үйренуге кәдімгідей ден қойып жүр. Осының бәріне  қарасаң Қазақстанның ішінде «Кәрісстан» деген мемлекет құрылып келе жатқанға ұқсайды. Осының бәріне қарап отырып қазақтығымыздан жазып ызаланамыз, әйтпесе кәріс болсақ Нилер мен Кимдердің атына алғыс жаудырар едік қой. Әйткенменде, Нидің ер екендігіне қол қойғанымыз абзал. Отанынан мүлде тамыр үзген адам бөтен ортада жүріп қалыптасты, замана әлпетін ерте аңғарып,қамал соғып  қайрат көрсетті. Қазақтың қағынан жеріген байқұс шенеуніксымақтарының ортасына ойран салып бірін біріне соқты. Алдады. Арбады. Ашса алақанында, жұмса жұдырығында ұстады. Қазаққа күлді. Ен байлықты есепсіз егеленді. Енді ер емей немене?! Қазақтың осы күні Ни сияқты бір шалы бар ма? Бар шығар. Бірақ жоққа есеп. Біздің шалдардың шапқанда шамасы жүздің, рудың әңгімесін қоздырып, соны биліктегі ауыс-түйістің көзірі етуге ғана жетеді. Салық Зиманов сияқты кешегі Алаш зиялыларының жолын ұстанған текті аталарымыздың аузындағы сөзіне дейін тәркілеп, биліктегі қулар ауыл үйдің айналасында ұстап отыр.  Шерхан Мұртазаның дауысы Астанадағы алқызыл алаңнан ғана естілетін болды («ни қайдалап» емес, әрине). Мұхтар  Мағауин қыр асып кетті. Әбіш ағамыздың биліктегі миссиясы «Еңбек ері» атанумен тәмамдалған сықылды. Ұлт мәселесін ұран етіп, ұрымтал тұстан қимылдайтын Мұхтар Шахановты Ақорданың айналасындағылар жау көріп, шетелге қашқан қуаяқтардың (Әбіләзов, Әлиевтердің) елдегі жансызы санайды.

Енді сөздің қысқасына келейік.

Ғайыптан тайып Ни марқұм о дүниеден бұрын Солтүстік Кореяға барып өмір сүрсе... бұ дүниеде бұйырған бағы басында тұрақтап қалар ма еді, әлде бұлбұл ұшар ма еді? Қазақстандағыдай бар болмысын жарқыратып көрсете алар ма еді, жоқ па?  Күмәндіміз. Өйткені, коммунистер билігіндегі Корей елінде Ни сияқты жартылысынан жайлы тұрмысқа бейімді жанның жайқап өмір сүруі неғайбыл. Нарықтық қатынасқа көшкен Қазақстан Ни дейтін бір кәріс баласының бар мүмкіндігін ашты. Иә, Қазақстан мүмкіндіктерге жол ашқан мемлекет. Бірақ ондай мүмкіндікке ұлт қамын ойлап, ұлт мәртебесін ақ қанат арманына балаған қазақтың жасының да, кәрісінің де қолы жетпей келеді. Сөйтіп, еліңді бұл заманда орыс пен кәріс сұрап тұр. Енді «Ни қайда, ойбай, Ни қайда?!» демеске амалымыз кем...

 

0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1482
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3254
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5485