Жұма, 1 Қараша 2024
Деп жатыр 3619 0 пікір 17 Қараша, 2016 сағат 17:43

БІЗГЕ АРАБ БОЛУДЫҢ ҚАЖЕТІ ЖОҚ

– Менің ойымша, ақиқат осы екі көзқарастың ортасында. Біз біраз уақыт атеистік мемлекетте өмір сүрген халықпыз. Сондықтан идеялар күйреген кезде қоғамның қалай оп-оңай бұзылатынын көріп жүрміз.

– Мұны Сталин Екінші дүниежүзілік соғыс кезінде жақсы түсінді.

– Ол шіркеудің мәртебесін көтеріп, патриархия құрды.

– Мұсылмандықты да шетқақпайлаған жоқ.

– Ол түсінікті. Дегенмен, атеизм өз алдына бөлек бір дүние ғой, бірлі-жарым адам болмаса, бүкіл қоғам қабылдай қоймас. Қалай болғанда да әр қоғамның өз құндылықтары болу керек. Ислам – біздің мәдениетіміздің, руханиятымыздың ажырамас бір бөлігі. Ол – бізді қазақ етіп жаратқан дүние. Сондықтан біз одан бас тарта алмаймыз. Сонымен қатар, бізде көпшілік Стивен Хокингтің туындыларын бас көтермей оқиды деп те айта алмаймын. Осы арада мүлт кетпей, барлық тарапқа тиімді аралықты тапқан жөн. Егер адамдар қандайда бір нанымды өздеріне өмірлік қажеттілік деп тапса, оларға салт-дәстүрлерін атқаруға, өздерінің сұранысын қанағаттандыруға мүмкіндік берген жөн. Ал біз қоғамның авангарды немесе басқаша атайтын бөлігі үшін діни қағидалар заманауи білімге, ғылымның, ғылыми ілімнің дамуына кедергі келтірмейтіндей жағдай жасауымыз керек. Мен діни наным үшін адамдардың екпеден бас тартуын қараңғылық, анайылық деп санаймын.

Адамдардың ауруларды жеңе білуге үйренуін адамзат қол жеткізген табыстардың бірі деп есептеймін. Оған мыңдаған дәрігерлердің жанқиярлық еңбегінің арқасында қол жеткізілді. Одан бас тартуға болмайды.

Менің ойымша, бізге дамудың дінді әр адамның жеке ісі ретінде қабылдайтын моделін таңдау керек. Дін мемлекеттік болмауға тиіс. Бізде зайырлы мемлекет жарияланған. Алайда біз барлық діндарлардың құқықтарына құрметпен қараймыз. Әрине, егер олар басқа азаматтардың құқықтарына кедергі келтірмесе. Сонымен қатар, мемлекеттің беделін арттыру үшін белгілі деңгейде діндарларға жағынуы жөн емес деп ойлаймын. Сондықтан, егер біз зайырлы мемлекет болсақ, Құрбан айт пен Рождествоны мемлекеттік мерекелер санатынан шығаруымыз керек.

Біз онсыз да аз жұмыс істейміз. Еңбек өнімділігі де соншалықты жоғары емес.

– Мұныңызбен келіспеймін. Германияда бүкіл Еуропа бойынша ең ұзақ еңбек демалыстары және демалыс күндері де бәрінен көп, солай болса да өнімділік те ең жоғарғы деңгейде.

– Есесіне, Франция көптеген мейрамдардан бас тартып, жұмыс күнін де ұзартып жатыр.

САЛАФИТТЕР НЕЛІКТЕН ШЫМКЕНТТЕ ЫҚПАЛЫН ЖҮРГІЗЕ АЛМАДЫ?

– Сұхбаттарыңыздың бірінде сіз Қазақстанның батысында салафизмнің ықпалы күшті деген едіңіз.

– Батыста ғана емес. Орталық Қазақстанда да, оңтүстікте де.

– Оңтүстікте ол соншалықты күшті емес. Мүмкін, ол жақта қасиетті жерлердің көп болғанынан шығар?

– Иә. Өйткені көп ретте оңтүстікте дәстүрлі қоғам бұзылмаған. Салафизм дәстүрлі қоғам – мейлі, ол зайырлы, мейлі, қазақи болсын – күйреуге ұшыраған аймақтарда тамырын тереңге жайған.

Экстремизмге тойтарыс берген дәстүрлі қоғам ауыл шаруашылығы құлдырауға ұшырап, жахандану қанатын кеңге жайған жерде сақталған. Ал дәстүрлі әдет-ғұрыптар жастарға дұрыс бағыт-бағдар беретін ақсақалдар жоқ, діни сауаты төмен молдалар шоғырланған жерлерде күйреуге ұшырады. Ол жерлерде салафизм тамырын тереңге жайып, өркендеді. Жезқазған – Орталық Қазақстанда. Ал оңтүстікте қаймағы бұзылмаған қалың қазақ отыр, сондықтан ол жақта дәстүрлі қазақ ауылдары сақталған.

ҚАЗАҚЫ ИСЛАМ – ҚАЛЫПТАСҚАН ДҮНИЕ

– Қазақтың ұлттық дәстүрі өте күшті. Олардың табиғаты экстремизмді қабылдамайды. Мен бұрын да айтқанмын, қазір де қайталап айтамын: дәстүрлі қазақ қоғамы экстремалдық және радикалдық ағымдардан бойын бөлек ұстайды. Ол – екі ортадағы дүние. Бұл – біздің менталитетіміздің, яғни діліміздің ерекшелігі.

Бұл уақыт сынағынан өткен. Ұнаса да, ұнамаса да «қазақы ислам» деген дүние бар. Мүмкін, ол тиянақталмаған, ғылыми және басқа әдебиет те көрсетілмеген шығар, бірақ ол бар. Өйткені мұсылман қазақ, мұсылман индонезиялыққа, мұсылман түрікке, мұсылман арабқа қарағанда, табиғаты бөлек адам.

Ұзақ уақыт өктемдік құрған кеңес заманындағы атеистік кезеңде дініміз қудалауға ұшырап, соның салдарынан, біздің дәстүрлер тұрғысынан біраз дүниемізден айырылып қалғанымыз өз алдына бөлек дүние.

ҚАЗАҚҚА АРАБ БОЛУДЫҢ ҚАЖЕТІ ЖОҚ

 Басқа жағынан, 25 жыл өтті. Кеңес кезеңін несіне еске аламыз? Осы уақыт ішінде жаңа ұрпақ қалыптасты емес пе?

– Жоқ. Бос жерде ештеңе пайда болмайды. Біздің ата-бабаларымыз көп нәрсеге қол жеткізді. Еуропалық және араб жиһангерлері – қазақтар – жақсы мұсылмандар деп жазған. Олар өз қағидаттарына берік. Біздің мазхаб, біздің діни түсінігіміз – жақсы дүние. Атап айтарлығы, біздің ата-бабаларымыз амалдап, басқа ислам орталықтарымен жақсы байланыс орнатып, балаларын оқуға жіберіп отырған. Қожа Ахмет Ясауиден бастап, ислам қағидаттарын көшпенді қазаққа түсінікті өлең сөзге аударған уағыз айтушы ишандар шоғыры болған. Қарап отырсақ, біздің мақал-мәтелдеріміз шариғаттан бастау алады. Олай болса, ислам біздің дүниетанымымызда. Біз оны түсінеміз бе, түсінбейміз бе, мойындаймыз ба, мойындамаймыз ба, оның маңызы жоқ, ол бар. Қазіргі мәселе, дәстүрімізді ол прогреске келтірмейтіндей және қоғамды күйретпейтіндей, біздің тарих тасқынында құрып кетпейтініміздей етіп қалпына келтіріп, замана ағымынан қалып қоймауымызда. Міне, осы ең күрделі философиялық мәселе болуы мүмкін. Біз салафиттер туралы әңгіме қозғап отырмыз. Бірақ біз бір нәрсені – батыстық жаһандану бар екенін түсінуіміз керек. Ал бұл дегеніміз батыс өркениетінің баламасы. Бізге: «Жігіттер, батыс – жаман. Біз дін жолын ұсынамыз. Одан да жібі түзу араб болайық», – дейді. Ал бізге араб болудың қажеті жоқ. Біз қазақ болып қалуымыз керек.

Бізге өзіміздің болмысымызды, нанымымызды сақтауымыз керек. Бізге діни философиямен және көзқарастармен қатар оларды тарататын елдердің этномәдени ерекшеліктерінің еліміздің аумағына кіруіне жол бермеген жөн болады.

САЛАФИЗМ – КӨНЕРГЕН НАНЫМ

– Яғни, сіз мұны ұлттық бірегейліктің кезекті таңдауы ретінде бағалайсыз ғой.

– Мәселе бірегейлік бір рет және мәңгілікке белгіленбейді. Әр ұрпақ оны өз заманына сәйкес икемдейді. Егер ол бұзылса, архаика, яғни көнеру орын алады.

– Сонда, сіз салафизмді көнерген деп есептейсіз бе?

– Ол – таза архаика және теріс идея. Ішінара, біз экстремист деп атайтын адамдардың артында әлеуметтік, саяси наразылықтар тұрады. Соңғы он жылда саясат құртылып жатқан елде адамдар саяси баламалар іздестіре бастайды. Сөйтіп, олардың кейбіреулері оны халифат тұрпатындағы исламнан, өздері үздік идея санайтын шариғатты орнатудан табады.

– Адамдар Facebook-те «Мен қалыпты салафистпін, ешкімге зиян келтірмеймін» деп жазады. Екінші жағынан, Қазақстан мұсылмандарының діни басқармасы: «Қалыптылықтан радикализмге дейін бір-ақ қадам», – дейді.

– Менің Мысырда білім алған теолог көптеген достарым бар. Олар теология мәселелері бойынша докторлық диссертациялар қорғаған. Олардың көпшілігінде сенімді және жүйелі ұстаным бар: қалыпты салафизм болмайды. Салафизмнің өзі кез келген сәтте лаңкестерді, экстремистерді және радикалдарды көптеп тудыратын орта.

Сенің көзқарасың, атап айтқанда, ұстанымың мемлекеттілік және жергілікті дәстүрлі қазақы исламның идеяларымен елеулі қайшылыққа ұшыраған кезде, ол кез келген сәтте қақтығысқа әкеліп соғуы мүмкін. Егер салафизмнің шығу тегін зерттейтін болсақ, онда бұл ағымның модернизациялық бас көтерудің нәтижесінде пайда болғанын түсінеміз. Мысырды еске алыңыз. Заманауи Түркияға қараңыз. Жаңару халықтың шағын тобын қамтып, элиталық тұрғыда жүзеге асқан елдерде көнелікке қайту орын алды. Ол қорғаныс тетігі, әділеттілік іздеу тетігі іспетті болды. Осы орайда, барлығын дін қызметшілеріне арта салу дұрыс емес. Қазақстан Нобель сыйлығының иегерлерін алып келіп, жоғары оқу орындарына, ғылыми мекемелерге отырғызуға болады. Бірақ ол ешқандай нәтиже бермейді. Өйткені мұндағы білім жүйесі, қоғам бөлек, оған сәйкес келмейді. Біздегі «Болашақ» түлектерін еске алыңызшы. Олардың көпшілігі тамаша білім алды.

Алайда олардың білімін тек тиісті жағдайлар жасалған елдерде ғана пайдалануға болады, сонда ғана ол нәтиже береді. Міне, осы жерде мемлекет неғұрлым белсенді болу керек.

 Дереккөз: kaz.365info.kz

Abai.kz

0 пікір

Үздік материалдар