Кәмелетке толмаған балаларға діни әдебиеттер сатылмасын
Еліміздің Конституциясына сәйкес Қазақстан Республикасы өзін демократиялық, зайырлы, құқықтық және әлеуметтік мемлекет ретінде орнықтырады, оның ең қымбат қазынасы – адам және адамның өмірі, құқықтары мен бостандықтары. Бала құқықтары да сәйкесінше мемлекеттің заңнамалық нормаларымен қорғалады. Әрбiр баланың өмiр сүруге, жеке басының бостандығына, қадiр-қасиетiне және жеке өмiрiне қол сұғылмауға құқығы бар.
Дегенмен, қазіргі таңда қоғамда кәмелетке толмаған балалардың құқығын аяқ асты ету оқиғалары ішінара орын алуда. Өкінішке орай, әр түрлі теріс пиғылды діни ағымдардың шырмауына кәмелетке толмаған балалардың жиі түсетіні жасырын емес. Көбіне баланы экстремистік идеологияға тарту үдерісі ғаламтор кеңістігінде экстремистік сипаттағы діни ақпаратты кеңінен қолжетімді ету және дәстүрлі емес діни ағым өкілдерінің заңсыз түрде күмәнді әдебиеттерді таратуы арқылы іске асады. Осылайша экстремистік сипаттағы ағымдар идеологтары санасы толық қалыптасып үлгермеген жасөспірімге шетін көзқарастарды мәжбүрлеп таңады.
Кей жағдайда өздері теріс пиғылды ағым жетегінде жүрген ата-аналар да өз балаларының санасына тікелей әсер етіп, діни ақпараттарды насихаттайды. Әдетте санасы толық жетілмеген бала ата-анасының қалауына қарсы шыға алмайды. Заңға сәйкес мемлекет адамның дінге қатынасын айқындауына, ата-аналардың немесе балалардың өзге де заңды өкілдерінің балаларды өз нанымдарына сәйкес тәрбиелеуіне араласпайды. Дегенмен тәрбие беру баланың өмірі мен денсаулығына қатер төндірген жағдайда мемлекеттің отбасындағы тәрбие мәселесіне араласуға құқығы бар. Бұл мәселе ҚР «Діни қызмет және діни бірлестіктер туралы» Заңының 3 бабының 8 тармағында көрсетілген.
Еліміздің қолданыстағы заңнамасы бойынша діни әдебиеттер мен басқа да діни мазмұндағы материалдарды тек ғибадат үйлерінде (ғимараттарында), діни білім беру ұйымдарында, және облыстың, мемлекеттік маңызы бар қалалардың және астананың атқарушы органдары белгілеген арнайы стационарлық орындарда ғана таратуға рұқсат етілген.
Сонымен қатар, діни әдебиетті және басқа да діни мазмұндағы материалдарды таратуға тек дінтану сараптамасының оң қорытындысын алған жағдайда ғана жол беріледі.
Осындай шаралар арқылы мемлекет кәмелетке толмаған балаларды, өскелең буынды Қазақстан қоғамының бірлігі мен тұтастығын бұзуға ұмтылған қауіпті экстремистік ағымдардың ықпалынан қорғау шараларын бақылауда ұстайды.
Шетелдік тәжірибелерге назар салсақ, Ресейде мемлекеттік билік органдары бала денсаулығына, оның рухани-өнегелік дамуына зиян келтіретін, діни теңсіздікті насихаттайтын ақпараттан, үгіттер мен үндеулерден, сондай-ақ зорлық-зомбылықты насихаттайтын баспа өнімдерінен, дыбыстық және бейне өнімдерінің ықпалынан балаларды қорғау шаралары заңнамалық дәрежеде қарастырылады.
Қырғызстан мен Түркменстанда діни сипаттағы әдебиеттерді, баспа материалдарын, дыбыстық және бейнематериалдарды қоғамдық орындарда (көшелер, желекжолдарда), пәтерлерді аралау арқылы, балабақшаларда, мектептер мен жоғары оқу орындарында таратуға тыйым салынған.
Заманауи қауіп-қатерлерді ескере отырып, адамның және азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын қорғау мақсатында Қазақстан Республикасы билігі кәмелетке толмаған балалардың әртүрлі діни ағымдар мен топтардан идеологиясынан сақтау шараларын заңнамалық түрде қарастыруға мүдделі.
Айдар Әбуов
Abai.kz