Жұмабай ҚҰЛИЕВ. АДАЙ КӨТЕРІЛІСІ немесе жиырмасыншы ғасырдағы қызыл жендеттік жөнінде не білеміз?
ЕРЕУІЛДЕГЕН ЕЛ БОЛҒАН
Отызыншы жылдардың алғашқы ойраны басталғанына, міне, биыл сексен жылдан асып барады. Қанды ойран, қолдан жасалған алапат аштық, атып-асудан қара орман халқымыз аяусыз оталып түсті. Алайда бүгінгі тарих Қазақстандағы 1929-33 жылдардағы адам айтқысыз қанды қырғынды сол кездегі саясаттың қателігі деп жауырды жаба тоқудан жазбайды. Ал бұл - қателік емес, ғасыр қылмысы еді.
Өксікті күндерді бастан кешірген қайсар әкелеріміз немесе сол қасіреттің бүге-шігесіне дейін естіп қалған жалаңтөс ағаларымыз бәрібір тілін тістеп отыра алмады, әлгі зұлматтың запырандай ащы шындығын кейінгі ұрпаққа ақтарып кетті. Қалай дегенмен де, Қазақстандағы 1930-33 жылдардағы нәубет жайлы біраз құнды дүниелер жарық көрді. Бірақ дәл осы мезгілдегі Маңғыстау, Жем, Сағыз, Ойыл өңіріндегі Адай ұлысына жасалған алапат қырғын туралы ешкім жұмған аузын ашпады. Осы тақырыпқа бірінші түрен салған - марқұм ағамыз, қазақтың қайсар ұлы, ұзақ жылдар Ішкі істер минитрлігінде жауапты қызметтер атқарған, милиция полковнигі Ізтұрған Сариев еді.
ЕРЕУІЛДЕГЕН ЕЛ БОЛҒАН
Отызыншы жылдардың алғашқы ойраны басталғанына, міне, биыл сексен жылдан асып барады. Қанды ойран, қолдан жасалған алапат аштық, атып-асудан қара орман халқымыз аяусыз оталып түсті. Алайда бүгінгі тарих Қазақстандағы 1929-33 жылдардағы адам айтқысыз қанды қырғынды сол кездегі саясаттың қателігі деп жауырды жаба тоқудан жазбайды. Ал бұл - қателік емес, ғасыр қылмысы еді.
Өксікті күндерді бастан кешірген қайсар әкелеріміз немесе сол қасіреттің бүге-шігесіне дейін естіп қалған жалаңтөс ағаларымыз бәрібір тілін тістеп отыра алмады, әлгі зұлматтың запырандай ащы шындығын кейінгі ұрпаққа ақтарып кетті. Қалай дегенмен де, Қазақстандағы 1930-33 жылдардағы нәубет жайлы біраз құнды дүниелер жарық көрді. Бірақ дәл осы мезгілдегі Маңғыстау, Жем, Сағыз, Ойыл өңіріндегі Адай ұлысына жасалған алапат қырғын туралы ешкім жұмған аузын ашпады. Осы тақырыпқа бірінші түрен салған - марқұм ағамыз, қазақтың қайсар ұлы, ұзақ жылдар Ішкі істер минитрлігінде жауапты қызметтер атқарған, милиция полковнигі Ізтұрған Сариев еді.
Қаншама тұңғиыққа тықса да, ақиқат өлмейді екен, біздің бағымызға қарай, 1995 жылы Ізтұрған Сариев, Мұқаш Омаровтың авторлығымен «Ойрандалған Адай даласы» деген қысқалау очерк жарық көрді. Осы көмескі тарихқа құлшына кіріскен Ізтұрған Сариев ағамыз кейіннен Мемлекеттік Қауіпсіздік комитетінің құпия мұрағаттарына кіріп, соның негізінде «Қанды ойран» атты деректі хикаятты дүниеге әкелді. Сол туындыға енген атылған-асылғандардың, сотталғандардың тізімі, олардың фотосуреттері, тағы да басқа құнды дүниелердің барлығы - Ізтұрған ағайдың құпия мұрағаттардан тірнектеп, талшықтап жинаған жәдігерлері.
Осы орайда Ізтұрған Сариевтің «Қанды ойран» атты деректі хикаяты көпшіліктің назарын аударып, Қазақстанның отызыншы жылдардағы тарихын қайта бір қопаруға мәжбүрлегендей болды. Ендеше, оқырман қауымды осы алапат қырғынмен ішінара болса да таныстыра отырып, «Қанды ойран» туындысынан қадау-қадау үзінділер жариялауды жөн көрдік.
***
Тобанияздың бүкіл Қазақстан халқының, оның ішінде Адай округі елінің алдында ықпалы аса зор болғанын партия, кеңес органдары да, Мемлекеттік Біріккен Саяси басқарманың аппараты да мойындаған. Оның ел үшін еткен еңбегі тіпті орасан. Ақыры, жалған жаламен жауыз өкімет Тобанияз бастаған Адай ұлысының басшы азаматтарын қойша қырды. Тек 1929 жылдың өзінде бірнеше топ, соның ішінде Құрмаш Қосжанұлының, Тобанияз Әлниязұлының істері бойынша жүздеген ел азаматтары жазаланды, осы топтан 43 кісі атылып кетті.
***
Әсіресе үсті-үстіне салынған салық шаруаларға өте қатты соққы болды. Міндетті түрде астық дайындау жоспары малмен күн көретін ауылдарға да, астық сеппейтін шаруашылықтарға да берілді. Жазадан қорыққан халық малын, дүние-мүлкін астыққа айырбастап, дайындау есебіне өткізуге мәжбүр болды. Тіпті бір жерлерде аққудың мамығын да салық ретінде өткізуге міндеттеді. Осыған қарағанда, қолдарында қаруы бар салық жинаушылар ойларына не келсе, соны жасаудан тайынбаған секілді. Салықтан бірнеше рет тоналған ел басы ауған жаққа көше бастады. Алдында не боларын білмеді. Өрескелдікпен жүргізілген асырасілтеушілік көшпелі елдің шаруашылық негізін бұзғанын былай қойғанда, алдында келе жатқан ашаршылыққа, қантөгіс қарсылыққа жақындата түсті. Осындай ел басқару әдісінің жөнсіз, берекесіз жүргізілуі үкіметтің айтып жүрген үгітінен алшақтап, әлеуметтік негізін жойды. Экономикалық, әлеуметтік дағдарыс - өз алдына, саяси дағдарыстың ұшқыны көріне бастады.
***
Көтеріліс басталуының алғашқы ошағы - 1931 жылғы наурыз айының жиырмасында Топырақшаштыда бұрынғы бай, қазіргі тәркілеуге ұшыраған Баянқұл Көптілеуұлының үйінде болған мәжіліс. Осы басқосуда елдің мал-мүлкін тонау күннен-күнге күшейіп, елдің тұрмыс жағдайына аса ауыр болғаны, бұдан құтылудың ең басты жолы - қарсы тұру екені сөз болады. Сондықтан әзірге мал басының бар кезінде Маңғыстау өңіріне қарай көшу, одан әрі Түрікменстанға қоныс аударудың қолайлы екені, ол жақта үкіметтің заңы, халыққа көзқарасы бұл жердегідей емес екендігі айтылды. Үкімет тарапынан көшуге қарсылық болатыны да ескеріліп, бұған қарсы тұру шарасы да қарастырылды.
***
«Маңғыстау жерінде көтерілістің басталу себебі республика өкіметінің, жергілікті партия, кеңес басшыларының, шолақ белсенділердің асыра сілтеуі, бұлардың қызмет бабын пайдаланып, өздерінің жағдайын көздеуі, елді көпе-көрінеу алдауынан болды, - деп, өкімет мүшелері Меңдешев, Асылбековтер мойындағаны жөнінде мәліметтер архив құжаттарында сақталған. Мұны бірақ олар Маңғыстауда, Үстірт үстінде халық қансырап жатқанда ғана есіне алған. Халық қанға боялып, бала-шаға да, шал-кемпір де жазықсыз жазаланып, жапа шегіп жатқан уақытта үкімет басшылары болсын, ауыл әкімдері болсын, жазалаушы аппараттар болсын, үсті-үстіне жоғарыдан көмек сұрап, тездетіп қозғалысты басу үшін әрекет жасағаны бесенеден белгілі. Қызыл империяның қылышынан қан тамып тұрғанда, азғантай адай ауылын ауқымдау мұның жұмырына жұқ болып па? Көтерілісшілер Азамат соғысында 19 шет мемлекеттің шабуылынан құтылып, жеңілмей шыққан кеңес үкіметін жеңеміз деп бас тіккен жоқ. Бұлардікі өлер алдындағы «тұяқ серпер» іспетті шерменде болып, «ноқталы басқа - бір өлім» деп, шыбын жанын шүберекке түю еді.
***
Біріккен саяси басқарманың Попов деген басқарған жазалау отряды Рахмет Әминұлы ауылының Шоланұлының тобына қосылуына кедергі жасау үшін шара қолданып, бесатар мылтықпен, пулеметпен, бір автомашинамен қаруланып, 200-250-дей жасағы бар Әминұлының тобымен кездеседі. Бұл бірінші соғыс Иманқара дөңесінің түстік-батыс бетінде, Ханқожа көлінің маңында 1931 жылы 15 сәуірде болады. Көтерілісшілердің барлық қарулары қылыш, найза, құсатар мылтық болғандықтан, соғысты ұзаққа созуға шамалары келмейді. Әминұлының жасақтары екі рет қысқалау шабуылда 9 кісісінен өлідей, екеуінен жаралылай айырылып, ендігі қарсылықта бұдан да көп шығынға ұшырайтынын сезініп, бала-шағасын, малдарын қорғай отырып қаша жөнелді. Көш өте ауыр болды. Елдің ірілі-уақты малы бар, кемпір-шал, бала-шағаларымен алысқа ұзай алмайтын еді.
Осы ауыр көш жазалаушылардан құтылып кету мақсатымен енді ғана жылжып, Жемнен өтіп кетеміз деп отырғанда, 21 сәуірде бұларды 8 автомашинамен қуып жеткен Боронежский басқарған мемлекеттік саяси басқарманың Саратов қаласынан шыққан, өздерінің жеке қаруларынан басқа, 6 қол, бір станокты пулеметпен қаруланған 90 кісілік отряды көтерілісшілерді үш жағынан қамап, пулеметпен оқ жаудырып, көп шығынға ұшыратты. Көтерілісшілер үш еседей көп болса да, 20 кісісінен айырылып, қол көтеруге мәжбүр болды. Көтерілісшілерден бар болғаны 3 бесатар, 3 аңшы мылтығы, 27 қылыш және 11 тапаншаның оғы алынған. Сол кездегі өлшеммен айтқанда, бақайшағына дейін қаруланған жазалаушыларға қарсы тұру - тек қана ашу-ыза мен көзсіз ерліктің белгісі болатын.
***
1931 жылдың көктемінде Жем бойындағы көтерілісшілер аса күшті қаруланған жазалау отрядына қарсы тұра алмай, бір азғантайы қашып құтылып, Үстірт үстіне қарай кеткенімен, көтерілісшілердің екі үлкен тобы, оларға қоса сол маңда көшіп жүрген адай ауылдары, біріншісі Иманқараның оңтүстік бетінде, екіншісі Қарақұмның терістік жағында, Аққұдық, Қарашүңгіл әулие маңында қоршауға алынып, қолға түскен. Қарақұм деп отырғанымыз -Жем өзенінің солтүстігінде Құлсарыдан 50-60 шақырымдай құнарлы, шөбі шүйгін, құмды өңір. Бұл жерді адайлар қыстаққа пайдаланған. Қарақұмдағы көтерілісшілер және оған қатынаспаған жай көшпенділер өздерінің мал-бастарымен, бала-шағасымен көшіп-қонып жүрген жерінде жазалаушы отрядтың қармағына ілінді және аяусыз жазаланды. Адамдарын қорлады, зорлады, мал-мүлкін талады.
Қарақұмда қолға түскен көтерілісшілердің ер азаматтары бір бөлек, тонаудан қалған азғантай малдары мен бала-шағаларын бір бөлек Гурьев қаласына қарай айдауға қатынасқан сол кездегі комсомол мүшесі, белсенді ретінде осы жұмысқа тартылған марқұм Шашан Оразбайұлы өзінің естеліктерінде былай дейді: «Біздер, партия, комсомол, кеңес белсенділері, Қарақұмнан ұсталған көтерілісшілер ауылын Гурьевке қарай айдадық. Жалпы адам саны, балаларды қоса есептегенде, үш мыңнан асатын болуы керек. Көбі жаяу, Сарықамыс маңы мен Жем өзенінің сағасы арқылы теңіздің жағасымен Гурьевке қарай жүрдік. Бұл жерден Жемге жету үшін, бір тәуліктен артығырақ уақыт кетті ғой деймін. Жемге келгенде, адамдар мен малдың өзенге бас қойғанын көргенде жаның түршігеді. Содан кейін Гурьевке қарай жол тарттық. Алдымызда әлі 200 шақырымдай жер жүруіміз керек. Жолда су жоқ, осы жолда көп адамдар, балалар мен қарттар шөлден жүре алмай, өлгені өліп, өлмегені жолда қалды. Ең ауырлығы - әйелдер мен балалардың күңіренгенінен, жылағанынан сай-сүйегің сырқырайды. Бүкіл ел, дала зарлағандай болды. Гурьевке ер адамдардан басқа ешкім жеткен жоқ».
***
1931 жылы көктемде Жем бойында көтерілісшілер үш рет жазалаушылардан қатты соққы жеді. Естеліктерге қарасақ, Жемнің сол жақ бетінде, Қарақұмда, осы жылы көтерілісшілердің тағы бір үлкен тобы жеңіліс тапқан. Көп адамдар ұсталып, олардың мал-мүліктері қолға түскен. Бірақ бұл жөнінде құжаттардан мәліметтер кездестіре алмадық.
Маусым, шілде айларында көтерілісшілердің қарсылығы енді осы Маңғыстау өңірінде өршиді. Ел ішіндегі жағдайдың нашарлап, шиеленісе түсуіне байланысты жұрт үкіметке өз еркімен салық төлеп, малдарын беріп, бала-шағасын аштан өлтіргенше, ештеме бермей қарсыласып бағуға бел байлаған. Осы кезде Маңғыстау елінде өте төтенше жағдай болды. 12 сәуірде Форт-Александровск қаласындағы абақтыдан күзетшілерді қарусыздандырып, қашып шыққан 200 тұтқын көтерілісшілердің арасына сіңіп кеткен.
Бұлардың айтуы бойынша, абақтыдан қашқандардың жартысы революцияның жауы болса, қалған жартысы 100 адам, ешқандай қылмысты іске байланысты деректі құжаттары жоқ, бірақ округтегі мемлекеттік біріккен саяси басқарманың бастығының айтуы бойынша қамала салғандар болып тұр. Сонда мұны қалай түсінуге болады? Жоғарғы басшылары отырғыз десе - отырғызады, жазала десе - жазалай беруге болған. Ол кездегі олардың ойлап тапқан және іске асырған шектен шыққан заңсыздығы, міне, осындай. Мұндай заңсыздықтың ешбір мемлекеттің заңында болмағаны айқын. Ол кезде де, кейін де, ақырғы демі біткенше қызыл империяның өз дегендерін жасағаны және мұны шектеу болмағаны белгілі. Жер жүзіне даурығып айқай салып, жұмысшы-шаруа мемлекетін құрамыз деген пролетариат үкіметінің сиқы - осы.
***
Көтерілісшілердің әуелден алдына қойған басты мақсаты үкіметпен соғысу емес, жазалаушыларға қарсы тұру немесе олардан қалай да құтылып кету, балаларын, малдарын қудалаушылардан қорғау болатын.
Ақсақалдардың, басшыларының бұйрығымен ерікті жауынгер жасақтары құрылды. Әрбір отбасынан бір жігіт өзінің көлігімен, қару-жарағымен шығуы қамтамасыз етілді. Олар 30-40 кісіден бөлініп, әскери бастықтарын тағайындады.
Ерікті жауынгерлер тобының әрбір мүшесінің басты міндеті және өздерінің құран ұстап берген анттары: жолдасын жауға тастамау, жау қолынан өлген, жараланған жолдастарын шамасы келгенше жау қолында қалдырмай алып шығуға тырысу, шейіт болғандарды ақ жауып, арулап көму, олар үшін құран оқытып жаназасын шығару, олардың артында қалған жесірлері мен балаларына көмектесу, олардың алдына мал салып, қамқоршы болу.
Көтерілісшілердің ең бір үлкен тобы Үстірттің орталық бөлігінің түстігінде, Сам құмдарынан Қарабауыр бөктеріне қарай шамамен 400 шақырымдай өте шалғай жатқан Қарамая тауы мен көлінің айналасына дейін созылған жерлерге орналасқан. Бұл Қарақалпақстан, Түрікменстан жерлерінен көп алыс емес-ті.
Осы аталған көтерілісшілер ауылдарын Мырзағали Тынымбайұлы, Айшуақ Жаңайұлы, Дауылтай және осылардың сенімді көмекшілері Мамай Салғараұлы, Өтебай Батынұлы (Қожаұлы), Бәйімбет Жангелдіұлы, Назыр Бекенұлы, Қарабатыр Қаралдаұлы, Ерғали Күтегенұлы, Қоңғабай және Досандар басқарды. Бұлардың жасақтары бірнеше жүзден құралған, барлығы 2000 адамнан асты деген деректер бар.
Маңғыстау өңіріндегі барлық көтерілістер қозғалысының басшылығына ел алдында беделді, халық қолдайтын, сыйлайтын Мырзағали Тынымбайұлы сайланды.
***
1931 жылдың жазында үкіметтің 32 бөлімнен құралған жазалаушылар отрядтары болды. Мұның жартысына жуығы, яғни 14-і - мемлекеттік біріккен саяси басқарманың әскерінен де, басқалары әртүрлі коммунистік ерікті бөлімшелерден партия, комсомол белсенділерінен құралып жиналғандар. Олар еріктілер, белсенділер атанғанымен, әскери тәжірибесі бар командирлер басқарған, қару-жарақтары әскерлермен бірдей қамтамасыз етілген жауынгерлер болатын. Жазалаушылар отрядтарының жалпы саны, 200-ден аса еріктілерді санамағанда, 1000 кісіден асты, 12 станокты, 8 қол пулеметі, бір қысқа мойынды зеңбірек, бір күзетші кеме, 13 жүк машинасы, 2 жеңіл автомашинасы, көптеген жылқы көлігі болды.
Енді жоғарыдағы көрсетілген жазалаушылар күшінің жалпы құрамын бөліп-бөліп қарасақ, олардың топтары төмендегідей болған:
- мемлекеттік біріккен саяси басқарманың сыртқы Кавказ округтік-шекаралық басқарманың бастығы Сумбатов басқарған екі дивизион, Баку жартылай эскадроны және Дағыстан отряды, барлығы 400 жауынгер.
- мемлекеттік біріккен саяси басқарма әскерінің 24-ші полк көмекшісі Оглоды басқарған әскери күзетінің 100 кісілік атқыштар тобы, 70 адамдық мемлекеттік біріккен саяси басқарманың әскері 2 станокты пулеметпен және «Атарбеков» күзетші кемесінің атыс құралымен күшейтілген;
- 100 әскери жауынгері бар, 2 станокты пулеметпен, 6 қол пулеметімен қаруланған Воронежский басқарған Саратов отряды;
- бұлардан басқа да түрлі отрядтар, жауынгерлік бөлімшелер. Маусым айында жазалаушылардың әскери күші жоғарыда көрсетілгеннен әлдеқайда көбейді.
***
Мамыр айында 8 жүк, 2 жеңіл автомашинамен қарауында 110 әскері бар бір полк, 2 қол, 3 станокты пулеметпен қаруланған және 39 атты әскерімен Форт-Александровскіден Сырма басқарған 68-ші дивизион шықты. Бұлар Маңғыстау бөктерінің және Бостанқұм құмының оң беті мен Бесоқты, Сенек құдықтары арқылы жоғары көтеріліп, Босағаға, Қайғылы-Бабадан шығыс-түстікке қарай, Қарқын, Тағылбай, батыстағы Күшетас құдықтарына келді.
Архив құжаттарының деректеріне сүйеніп, ол қақтығыстардың қалай басталып, қалай аяқталғанына зер салсақ, олар төмеңдегідей сипат алады.
8-10 маусымда Сенек құдығының маңындағы Қоңғабай сарбаздарының бір тобына жазалаушылар отряды шабуыл жасайды. Осы соғыста олардың үш кісісі өліп, екі көтерілісші 50 оғы бар екі бесатар мылтығымен қолға түседі.
19 маусымда Қарқын құдығының басында екі қол пулеметі бар Сырма жазалаушы отрядының бір взводы Қоңғабай жасағының 60 кісілік жасағына қарсы соғыс ашып, қанға бөктіреді. Бұл соғыста көтерілісшілердің 7 кісісі өліп, 7 кісісі қолға түседі, 60 оғымен бір бесатар мылтық алынады. Бұл жолы көтерілісшілердің қарауындағы бірге көшіп жүрген бейбіт ауылдар ауыр жазаға ұшырайды. Өздері ала жаздай тыным таппай, қуғыншылардан ығысып, шаруа жағдайы қатты төмеңдеген ауылдар 1200 қойынан, 150 түйесінен, 23 жылқысынан, 42 киіз үйінен айырылады. Осы қайғылы соғыстан кейін, өлгендерін, жаралыларын өздерімен бірге алып, көтерілісшілер Қарқынның шығысындағы Қыңыр төңірегіне қарай шегінеді. Жазалаушылардың бұл соғыстағы шығыны - бір ат қана.
***
Көтерілісшілердің ол кездегі басты мақсаты қалайда жазалаушылардан құтылып кетудің қамы болатын. Бірақ олар құрған қақпаннан аман қалу бұларға қиынға соққанын тағы бір мысалмен көрсете кетейік. 12 шілдеде Сам құмының терістік-шығысында барлауда жүрген Мостовой отрядымен кездесіп қалды. Мостовойдың отрядында барлығы 18 кісі болғанымен, қаруларына сенген болуы керек, оңай олжаға тап болдық деген оймен ұрысқа кірісті. Айқас 9 сағатқа созылды. Отряд қатты жеңіліске ұшырап, 18 жауынгерінің 13-ін жоғалтып, 5 кісісімен Мостовой әрең дегенде қашып құтылды. Бұл жылға созылған қақтығыстарда жазалаушылардың бірінші рет жеңіліс табуы еді.
***
1931 жылдың жазында бұл жерлердегі көтерілісшілердің көбі талқандалғаннан кейін, қалғандары Үстірттің шығысына, Самнан әрі қарай ойысып, ол жерлерден де тыныштық таба алмай жанталасқан. Бірақ жазалаушы отрядтар бұлардың соңынан қалмай, кездескен ауылдардың барлығын шауып, жазалаған. Маңғыстаудың шығыс-терістік бетінің ең шет жағыңда көшіп жүрген ауылдардың қорғаушы көтерілісшілері Қарақалпақстанға өтіп кетеді деп қауіптеніп, жазалаушылар Қаратүлей, Қызыластау деген жерде Сапықұлы Мамай, Сарбасұлы Смайыл тағы өзгелер басқарған ауылдарды қанға бөктірген. Көп азаматтар, бейбіт ауыл адамдары, оның ішінде Смайыл, Мамай ерлікпен қаза тапқан. Көптеген ер азаматтар және олардың бала-шағалары түгелдей қолға түсіп, сол жерден шілденің ыстығында 1000 шақырым жердегі Гурьевке жаяу айдалған. Бұл жаяу жорықта көбі жолда өлген. Бұл ауыр азаптан кімнің тірі қалғаны белгісіз, елге оралғандарын ешкім білмейді. Мұндай деректерді архив құжаттарынан да кездестіре алмадық. Көнекөз қарттардың айтуы бойынша, 1931 жылдың жазында жазалаушылар бүкіл Үстірт үстінде, Жем бойында, Маңғыстау ойында ойран салған. Жаз айларының аяғында бұларға қарсы тұрушылар тіптен болмаған. Осы кезде жергілікті әкімдердің де құдайы берген, бұлар ел ішінде айтқандарын жасатып, ойлағандарын орындаған. Жуасыған халық не істерін білмей, мүшкіл халге душар болған.
Біз жоғарыда айтқан кетерілісшілердің шоғырланған жерлерінде қазан айының басында немесе қыркүйек айының ішінде ақырғы шешуші айқас бітіп кеткен болуы керек. Қозғалысты басқаннан кейін көтерілісшілердің қолға түскендері шұғыл түрде Форт-Александровскіге, ал терістік Үстіртте қолға түскендер Гурьев, Ақтөбеге қарай айдалған.
Міне, осы жылдан бастап Маңғыстау жерінде көшпенділер көшуді қойған. Қарттардың айтуы бойынша, «тұсап жіберген атыңды малдың көптігінен ертеңіне таба алмайтын» мыңғырған малы бар Маңғыстау жері елсіз, малсыз, қаңырап адыра қалды.
Біз іздестірген құжаттарда соңғы, ақырғы шешуші қанды айқас қалай бітті, қай жерлерде кездесіп соғыс болды, ұсталған көтерілісшілер мен ауылдарды қалай, қай жерлерге апарды деген деректер болмай шықты. Үш айдай әзірленіп, көптеген әскер, қару-жарақпен қамтамасыз етілген жоспардың қалай аяқталғаны жөнінде мәлімет архив құжаттарынан таптырмады. Бұл соңғы соғыстың бұрынғы болған қақтығыстардан әлдеқайда ауқымды болғаны анық.
Халықтың айтуы бойынша, адам шығыны мен жараланғандар саны өте көп болған көрінеді. Өкінішке қарай, Қазақстан Ұлттық қауіпсіздік комитетінің архивінде мұны анықтайтын мәліметтер болмады. Әр жерлердегі жанама сілтемелерге қарағанда, осыларды анықтайтын бір бума том 1959 жылы болған, бірақ оны іздеп таба алмадық.
***
Бұрын көрсетілгендей, 1715 көтеріліске қатынасушы тұтқындалған. Осылардан 5 тергеу ісі бойынша (№№ 17, 38, 100, 3329, 5671) 802 адам РСФСР-дың Қылмыстық кодексінің 58-2 (контрреволюциялық көтеріліс) және 59 (бандитизм) баптарымен жауапқа тартылған. Тергеу жүргізу барысында осылардың ішінен 79 адам Гурьев, Ақтөбе абақтыларында қайтыс болған. 215-і «қылмыстық әрекет жасамаған» деп танылып, босатылған көрінеді. 508 айыпкердің ісін Гурьев мемлекеттік біріккен саяси басқармасының оперсекторы қылмыстарын белгілеу үшін Қазақстандағы өкілетті өкілдігіне жіберген. Бұлардың үштігі өзінің 1931 жылғы 22 желтоқсандағы қаулысымен Доссор, Жылой, Ойыл және Маңғыстау аудандарынан 135 көтерілісшіге және 1932 жылғы 5-ші сәуірдегі қаулысымен 373 маңғыстаулыққа әртүрлі үкім кескен.
Халық қозғалысының 15 басшысы мен белсенді қатынасушысы Боқымаш Шоланұлы, Қарамырза Ембердіұлы, Рахман Соқымашұлы, Демеген Айтжанұлы, Қоғабай Алдасүгірұлы, Өтебай Жанасұлы, Қойшығұл Жантілеуұлы, Демепберген Ембердіұлы, Көбеген Құрманұлы, Қойсары Қайдағұлұлы, Әмір Нысанұлы, Қазақ Шиенұлы, Көбейсін Қуантырұлы, Жұмабай Үсенұлы, Лұқпан Сарқұлұлы ату жазасына кесілді (187-бет).
***
Қызыл империя басшыларының, оның үгітшілерінің басты мақсаты - патша үкіметінің отаршылдық саясатын, оның халыққа жасаған озбырлығын адам айтқысыз етіп жамандауға келгенде алдына жан салмағаны белгілі. Ал іс жүзінде бұлардың елге салған бүлігін айтып жеткізу қиын. Осыған бір ғана мысал келтіре кетсек те жеткілікті. 4-5 жылға созылған 1870-1874 жылдарғы Досан батыр бастаған Адай көтерілісінің қалай басылғаны белгілі. Олар жергілікті халыққа үлкен озбырлық жасады, көптеген көтеріліс басшылары, жай бейбіт ауылдар да жазаланды. Оның саны да аз болған жоқ.
Ал бір жылға жетер-жетпес уақытта Адай көтерілісіне қатынасқандардың қандай шығынға ұшырап, қансырағанын, қаншасы сотталып, атылып кеткенін патша үкіметінің істегенімен салыстырсақ, жер мен көктей айырмашылық бар. Досан көтерілісіне қатынасушылардың соғыста, абақтыда өлгендерін санамағанда (Досан да абақтыда өлген), көтеріліс басшыларының бір азғантайы ғана Сібірге жер аударылған. Олардың біреуіне де өлім жазасы заң жүзінде қолданылмаған. Осыған қарағанда, большевиктер партиясының, оның үкіметінің саясатының қанқұйлы қолшоқпары мемлекеттік біріккен саяси басқарманың жасаған жауыздығын ешбір мемлекеттің саясатымен салыстыруға болмайды.
Қызыл империяның қазақтарға, оның ішінде Маңғыстау қазақтары үшін жүргізген саясатына көз салсақ, 1950 жылдардың басына дейін жазалау әрекеті бұл жерде әсте бір тоқтамаған. Мұны көнекөз қариялар сыбырлап қана еске алатын. Ішінен тынатын. Олар өмір бойы үрейде, қорқынышта болып өмір кешкен бейбақтар еді.
***
1928 жылғы 27 облыс адайлардан, оның 170 мыңнан аса халқынан отызыншы жылдардың аяғында Жылыой ауданында 15 мыңдай, Маңғыстау ауданында одан да аз халық қалды.
Қалай дегенмен де, Қазақстанның қайтадан қатталып жатқан тарихында ақтаңдақтар өте көп. Мәселен, соңғы жылдары мектеп оқушылары мен жоғары оқу орындарының студенттеріне арналған оқулықтарда тарихи тұлғалар мен оқиғалар, ежелгі елдің өміріндегі құбылыстар қысқа қайырылып, екі-үш ауыз сөзбен айтылады. Мысал үшін, ұлттық мемлекет идеясын көтерген Алаш ақиқаты мен Адай көтерілісінің мән-мағынасы тұтас бір тарауға татитын тақырып болса, оқулықтарда ол жағы олқы соғып жатқаны жан ауыртады.
Алайда ауызды қу шөппен де сүртуге де болмас. Маңғыстау мемлекеттік мұрағатының қызметкерлері 1990 жылдан бастап кешенді түрде жұмыс істей отырып, Мемлекеттік қауіпсіздік комитетінің (КГБ) Атырау, Маңғыстау облысындағы ҚР Орталық Мемлекеттік мұрағаттарындағы құпия құжаттарға үңіліп, 1920-1940 жылдар аралығындағы адам айтқысыз қырғынның сырын ашты.
Осындай ұжымдық еңбектің арқасында Маңғыстау облыстық мемлекеттік мұрағатының қызметкерлері соңғы жылдары «Тоқабай Құрмаш», «Тобанияз», «Қарашаңырақ», «Маңғыстаудың азалы жылдары» атты тарихи очерктер сериясын жарыққа шығарды.
Әсіресе Маңғыстау мемлекеттік мұрағатының бас сарапшысы А.Ф. Гаркуша ханымның келтірген мәліметтері өте құнды. Мысалы, бас сарапшы іріктеген деректерде 1930 жылдары Маңғыстаудан Крановодскіге - 757 түтін, Байрамалыға - 300 түтін, тағы бірталай отбасы Иран, Ауғанстан асқаны, олардың көпшілігі жолшыбай аштық пен суықтан, шекарадағы қызыл әскер оқтарынан опат болғаны көрсетілген. Сонымен қатар А.Ф.Гаркуша өз мақаласында Тобанияздың ел алдындағы аса зор беделін, өз халқын өркениетке сүйреген мемлекеттік деңгейдегі қайраткер екенін егжей-тегжейлі баяндайды.
Ең бастысы, мұрағат қызметкері Тобанияздың көпшілік біле бермейтін қырларына тоқтала отырып, оның елге салынған жойқын салық көлеміне ашық қарсы шығуын, мұғалімдер даярлайтын курс ашқанын, осы әрекетінің нәтижесінде отызға тарта мұсылман, бес орыс мектебінің, Форт-Александровский қаласында жетім балаларға арналған интернат ашылғандығын құжаттармен дәлелдейді.
Асанбай Асқаров өз естелігінде былай деп жазады: «Ұмытпасам, 1939 жылдың қыркүйек айы еді. Қазақ КСР Министрлер Кеңесінің төрағасы Нұртас Оңдасыновтың шақыруымен кірсем, Нұрекең қып-қызыл боп, жалғыз отыр екен. Сәлден кейін маған қарап: «Құрып кетіппіз ғой, құрып кетіппіз, осы кезге дейін мұндай ғаламат болмап еді. Барлығы 2 миллион 700 мың қазақ қалыпты...» - деді. Деді де, басындағы қалпағын сол қолымен жұлып алып, диванға атып ұрды. Осы қырғыннан кейін Кеңес өкіметін жақсы көресің бе, жек көресің бе, құшақтайсың ба әлде пышақтайсың ба, өзің біл... е, өтті ғой талай зұлмат...» («Халық перзенті», 2002 жыл).
Жарияланымды дайындаған -
Жұмабай ҚҰЛИЕВ
«Общественная позиция» газеті