ҚАЙРАТ НҰРТАС ЖАЛДАЙТЫН ТІКҰШАҚТЫҢ ҚҰНЫ ҚАНША?
Қаладағы ұзын-сонар кептелісте тұрғысы келмейтін эстрада еркелері мен серкелері енді такси-тікұшақ жалдайтын болған.
Мың аттың қуатын бойына тоғыстырған жүзден жүйрік жаңа технологияны қазақстандық жұлдыздар да қолданады. Оны өз тәжірибемнен білемін деген ұшқыш Игорь Медведев шоу-бизнес фавориті Қайрат Нұртастың өзін тасымалдағанын айтып қалды. Оның айтуынша, тікұшаққа тапсырыс берушілер қатары тек шоу-бизнес өкілдерімен шектелмейді.
“Біз өз уақытын бағалайтын жандармен жұмыс істейміз, көбінесе бай-қуаттылармен қатар шетелдіктерден көп ұсыныс түседі. Табиғат туризмі тағы бар. Сондай-ақ орманды өрттен қорғау мақсатында күзетіп, қажет кезінде жедел жәрдем қызметін де атқардық”, – дейді Игорь Медведев.
Иә, расында да бұл қызмет ақысын тек қалталы азаматтар төлей алады. Себебі оның құны 500 мың теңгеден басталады. Мәселен, Алматыдағы Шарын шатқалына небәрі 1 сағатта барып, 1 сағатта қайтуға болады. Оның құны 560 мың теңгені құрайды.
Нұрсұлу Найманова
Abai.kz