ҚАЙРАТ ЖОЛДЫБАЙҰЛЫ ТЕРІС ПІКІР ҚАЛЫПТАСТЫРМАСЫН
Белгілі исламтанушы Қайрат Жолдыбайұлы Facebook-тегі жеке парақшасында ұлттық пантеонға қатысты пікірі жарияланған болатын. Онда «Дінтанушы пантеонға ислам және христиан дінінің өкілдері қатар жерленіп жатқанына наразылығын білдірген». Бүгінде аталған тақырып бойынша әлеуметтік желі қолданушылар пікірі екіге бөлініп қарма-қарсы пікірлер туындағаны байқалды.
(Осы орайда біз дінтанушы Қайрат Жолдыбайұлының пікірін толық беруді жөн санадық).
Қайрат Жолдыбайұлының әлеуметтік желідегі жазбасы
- Ұлттық пантеон құрылысына қыруар қаржы бөлініп жатыр. Ол жағына мен араласпай-ақ қояйын. Бірақ мәселенің дін маманы ретінде мен араласпасам болмайтын тарабы бар. Понтеонда мұсылмандар мен өзге дін өкілдері бөлінбеген. Қатар жерленуде. Бұл шариғатқа да, қазақ дәстүріне де қайшы. Ғұламалар басқа дін өкілдерінің зиратына жерленген мұсылманды қайта жерлеу керектігін айтқан. Мұның алды алынбаса, болашақта діни дүрдараздыққа, тіпті ұлтараздыққа себеп болуы мүмкін. Ертең басқа дін өкілдерінің əруағына құрмет ретінде зират басында арағын ішіп, шариғатқа қайшы түрлі əрекеттерін жасап жатқанын көрген мұсылман баласы қандай күйде болуы мүмкін?!
Жалпы дінтанушы бұл арада нені түсінбей отыр?
Жалпы ұлттық пантеонды құрудың мақсаты – мемлекетке, ғылымға, мәдениетке ерекше үлес қосқан тұлғалардың есімін мәңгілік есте қалдыру негізінде жоспарланған.
Пантеонның жоспары жасалғанда Дін істері комитеті тарапынан мәйіттерді бөліп жерлеу мәселесі қарастырылып, арнайы дін мамандары мен ақылдаса отырып жасалған. Онда мұсылмандар мен христиан тамдарының арасы адам жүретін тас жолмен бөлініп арнайы ағаштар отырғызылатыны жоспарланған. Жалпы пантеонға бөлінген жердің үлкендігіне байланысты жоспарға сай жерлерді бөлу мен олардың арасына қоршау қою жұмыстары әлі толық бітпеген.
Бүгінгі таңда осы мәселе бойынша нақты жұмыстар жүргізілуде. Сондықтан әлі толық игерілмеген бірақ жоспарда қарастырылған жұмыс негіздерін қоғамға таратып халық арасында жансақ пікір мен теріс көзқарас қалыптастырудың қажеті жоқ деп ойлаймын.
Тана Байұлы, теолог
Abai.kz