НОҒАЕВ МЫРЗАҒА АШЫҚ ХАТ
Құрметті, Атырау облысының әкімі, Нұрлан Ноғаев мырза! Біздер сізді іскер басшы, іскер азамат ретінде тани бастадық. Сондықтан да, ойымызды еш бүкпесіз айтқанды жөн көріп отырмыз.
Біздер, 300-ге жуық жұмысшы, сізге айтар үлкен уәжіміз бар еді. Біздер, «Проект Теңіз, компания Си-си-си» де жұмыс жасаймыз. Басшымыз, яғни, бас администраторымыз (1976 жылы, желтоқсанның 2-ші жұлдызында дүниеге келген) Қазақстан азаматтығын алған, атыраулық Фади Әл-Мұстафа деген араб жігіті. Бұл жігіт осы компанияда 18 жыл қызмет еткен. Мінезі ақжарқын, адам баласына деген еш жамандығы, еш зымияндығы жоқ жан. Ешкімді ұлтқа, руға, ауыл-ауылға бөлмейді, ешкімді түр-сипатына, хал-ахуалына байланысты кемсітпейді. Басшымыздың бұл салаға қосып отырған үлесі өте зор. Еңбек өтілі, тәжірибесі мол, алып жүрген өз қызметінің қыр-сырын, бүге-шүгесіне дейін түгел білетін, өз мамандығын әбден жетік, еркін меңгерген дұрыс жігіт. Жұмысшылармен еркін тіл табыса алады, істі шебер ұйымдастыра алады, жағдайларына қарайласады, мұң-мұқтажын түсінеді. Біз бір-бірімізбен азаматтық тұрғыда алғанда өте жақсы, өте салихалы мәмледеміз. Сол себепті компанияда жұмыс барысы ойдағыдан да артық жүруде. Тамағымыз тоқ, таза әрі мол, жатын бөлмелеріміз, төсек-орындарымызға дейін мұнтаздай тап-таза, арнайы киімдерімізге дейін бүтін, дер кезінде қоймадан жаңасын алдыртып ауыстыртып отырады. Жалақы мәселесі де бізді қанағаттандырады. Біз қазір мұндай басшымыздың арқасында тыныш, әрі бақытты күн кешудеміз. Бұл басшымыз Астанадағы бір бокс федерациясының жұмысын жандандыруға да атсалысып, менцанат болып, қаржы аударып отырған.
Осы жақын арада «Си-си-си» компаниясының Астанадағы үлкен басшысы Гази Аннути деген мырза ауысып орнына директор болып Хишан Хауаш деген араб азаматы келген. Ендігі мәселе, Хишан Хауаш біздің қазіргі басшымыз Фади Әл-Мұстафаның орнына өзінің туысы (1981-ші жылы дүниеге келген, бұл жобадан мүлдем хабары жоқ) Мухаммед Хауаш деген азаматты қоймақшы. Себебі, Фади Әл-Мұстафаның осы ақпанның соңында келісім шарты бітеді. Хишан Хауаш сол келісімшартты ұзартып созудың орнына, сыбайластықпен оның орнына Мухаммед Хауаш деген өз тумасын ізбасар ретінде бекітіп қоймақшы. Бұлардың көздегендері тыныш, бейбіт түрде жұмыстың жүруі емес, тек қана ақша жасау мәселесі деп білеміз. Бұлардың көзқарасында «әр басшыны 3 жылдан артық отырғызбау керек, себебі, халықпен тым жақын ара-қатынаста болып кетеді». Сонда қара халықты, осы жердің иесі қазақ халқын құл ретінде көре ме? Болашақта осындай нәрселердің орын алатынын білгеннен соң біздің көңіл-күйіміз түсіп, наразы бола бастадық. 300-ге жуық жұмысшы қол қойып, ТШО басшысына хат жолдадық, алайда, әлі жауап келген жоқ. Жазбаша жауап келмесе де бұлар ауызша: «Біз бұл іске араласа алмаймыз» деп отыр. Мысалы, осы компанияның менеджер т.б, жасы 70-ке келген ағылшын, қалтырап, балтаққа сүйеніп зорға жүрген Кэн-Хатсон деген кәрі шалының үстінен жұмыстан шығару туралы шағым түскен. Сонда еліне қайтпақ болған әлгі шал ТШО басшысына бір парақ хат жолдаған. Хатына байланысты Кэн-Хатсон өз жұмыс орнында мәңгілік қалды. Демек, жасаймын десе қолдан келетін жұмыстар! Әлде, бізде әркімнің құқы әртүрлі қорғала ма? Біздің ауыз біріктіріп өз уәжімізді айтқанымыз Хишан Хауашқа ұнамай қалды. Хишан Хауаш өзі көрінбей, қол астындағы басшылары арқылы бізге қоқан-лоқы жасай бастады. Орынбасары етіп Сисатов Рысқали деген 70-ке келген азаматты алды. (Бұл кісі Атырау облысында әкімдік қызметтерін атқарған екен). Осы Рысқали қазіргі таңда бар болғаны (демократиялы елде заң бойынша айтуға құқысы бар) өз уәждерін айтқандарды жұмыстан шығарып, компанияны тазалауға белсене кірісіп кетті. Осы жері бізді қатты алаңдатуда, біздің ашуымызды туғызуда. Естуіміз бойынша, қазаққа болмасын деген, тапа-талтүсте қызыл кітапқа енген ұрпақ мұрасы болып саналатын киелі құстарымызды аулап сатып келген сириялық арабтарды да қолға түскенде көмек беріп босатып жібердік емес пе? Ал қазаққа болсын дейтін мынандай Фади Әл-Мұстафа секілді біртуар азаматтарды бағалай алмағанымыз, орнына өзгені қойып шетке ысырып тастағанымыз ұяттау болып қалар деп ойлаймыз.
Құрметті, Нұрлан Ноғаев мырза! Біздің осы толқуымызды дұрыс бағытта түсініп, бізге үйренген, қолынан іс келетін, басшымыз Фади Әл-Мұстафаның келісім шартын создырып, осы салада басшы болып қала беруіне бұйрық беруіңізді сұраймыз! Қолынан іс келмейтін, ертеңгі күні қап ұрғызып, жарға соқтырар, еңбек өтілі жоқ, болашақта да жұмысшылармен тіл табыса алмайтын, Хишан Хауаштың туысы Мухаммед Хауашты бұл жерге басшылыққа лайықсыз деп есептейміз. Соған жол бергізбеуіңізді сұраймыз!
Біз, қазақ елінің мейілінше дамуына, гүлденуіне, тұрақты тыныштықты ұстап тұруына, ұлттың ұлт болып сақталуына, өзгелермен де түсінісіп бақытты ғұмыр кешуімізге өз үлесімізді қосып, атсалысатын жастармыз! Біздер: «Ақшаны көтеріңдер, бізге өйт, бізге бүйт» деуден аулақпыз, біз бар болғаны басшымыз Фади Әл-Мұстафаны бұл саладан өзгертпеуіңізді сұраймыз! Бір мезгіл жұмысшылар үніне де құлақ ассаңыздар демекпіз!
Сәлеммен, «Си-си-си» компаниясының жұмысшылары
Хатқа 300 жұмысшы қол қойған
Abai.kz