Сейсенбі, 26 Қараша 2024
Мәйекті 5614 0 пікір 1 Ақпан, 2017 сағат 13:44

БАС ПРОКУРОР АЙТҚАН «ХАЛЫҚ ЖАУЛАРЫ» КІМДЕР?

Билік тармағы өзгерген уақытта еліміздің бас прокуроры Жақып Асанов халық алдында ендігі прокуратура саласындағы үлкен өзгерістерді жайып салды. Полиция қызметін үлкен сынға алып, оларды «қарапайым тілмен айтқанда халық жауларысыңдар» деп ашық айтты.

Бұл сөзді прокурор мырзаның сын үстінде айтқан ашулы сөзі ғана деп қабылдауға болар. Алайда,.. санаға салмақтасақ ар жағында бұлтара алмайтын ақиқат жатыр. Оның меңзегені тек тергеу ісіндегі созбалаң мерзімдер мен әділетсіздіктер ғана емес. Қара халық бүгінде полиция жүрген жерден іргесін аулақ салуға тырысады. Байланыса қалса құтылуға асығады. Олардың уысына түстім дегенше басың бәлеге шатылды дей бер. Түймедейді түйеден қылып, бар жиғаныңнан айрылардай жемтік боласың, не мойныңа батпандай айып арқалап құрбандыққа шалынасыз. Қысқасы, халық полиция өкілдерінен әлдеқашан шошынып қалған.

Прокурор мырзаның «халық жаулары» санатына өзге де мемлекетік водомстволарда істейтін қызметкерлерді қосқым келеді. Әсіресе, жер қатынастарына қатысты мекемелердің мамандары.

Ақиқатын айтқанда кешегі өткен ата-баба аруағы мен алаш боздақтарының алдында да, ертеңгі келер болашақ ұрпақтың алдында да «қарабет» болып отырмыз.

Ұлан ғайыр даланы бабаларымыз найзаның ұшымен жанын қиып жеңіп алғанда, алаштың ұлдары Кеңес Одағының қан тамған қылышынан қорықпастан шекарасын анықтап, қазақ елі үшін картасын бекітіп бергенде, аттың ізімен, қамшының сабымен нұсқап, елдің ризығына жаратуға аманаттап кеткенде бүгінгі жер қатынастарының жайы халыққа жағымды болып тұрған жоқ.

Үкімет тұрғын үй салу үшін елге жер бермейтіні бір бөлек, халық өз қаражатына сатып алған алақандай жеріне де ие бола алмайтын жағдайға жетті. Жер актісінде пайдалану мақсаты «шаруа қожалығы», «бағбандық» т.с.с деп жазылған деген сылтаумен қара халық салып алған үй-жайларды сүріп тастағысы келеді. Айтуларынша мұндай жерлерге үй салып, пана етуге болмайды екен. Бұл әрекеттері қара халықты қар мен жаңбырдың астына қуып көшеде қалдырумен бірдей. Көше бойларында «Шаруа қожалығына тұрғын үй салуға болмайды!» деп бақырайтып жазылған билбордтар халықты одан әрі шошыта түседі.

Тұрғын үй соғуға арналмаған жерге үй салып алыпсың деп айыпталушылардың көпшілігі саяжай тұрғындары. Бір ғана Астана қаласының өзінде осы себеппен айыппұл арқалаған жүздеген саяжай иелері бар. Айыппұлын төлегенімен басқа түскен бәледен олар құтылған жоқ. Меншігіндегі жерлерді Астана қалалық Жер қатынастар бөлімі арестқа қойып, бұғаттап тастаған. Қара халық олырдың құрған тұзағына одан бетер шырмалды. «Жерді өз мақсатында пайдаланбай отырсыздар» деген сылтаумен саяжайдағы үйлерден тұрғындардың кетуін талап етеді.

Мұнымен олар не көздеп отырғаны қара халыққа түсініксіз.

Айшықты Астанамыздың кірпішін қолына алып, құрылысын көтеріп жатқандар - қарапайым құрылысшы қауым. Сол құрылысшы қауымның көпшілігі саяжайдан пана тапқан. Әйел, бала-шағасы мен кемпір-шалы саяжай үйлерінде күнделікті күйткіл тіршілігін жасап отыр. Азғана жалақысын бір қора отбасын асырауға жеткізу үшін олар қаланың зәулім үйлерінен пәтер жалдап тұра алмайды. Қолы жететін қаражатпен көмірі мен суын тасып, балшық көшесін кешіп, ешкімге ешқандай наз айтпастан тұрып жатқан жайы бар еді.

Сонау жүрек түкпірімде осы қарапайым құрылысшыларға алғысым көп. Қазақстанның мақтаулы Астанасының әр құрылысын қолымен соғып жатқандары үшін. Барға қанағат етіп, маңдай терлерімен, қара күштерімен небір зәулім, әдемі ғимараттарды кірпіштеп көз алдымызда көтеріп жатқаны үшін. Күннің ыстығына да, суығына да төзіп, мақтау мен марапаттау күтпестен, адал еңбегімен жанұясын бағып отырғандары үшін.

Міне осы құрылысшылар жанұясын біздің мемлкеттік қызметкерлеріміз саяжайдан тапқан панасынан шығарып, көшеге қуып шығуда. Халыққа қызмет ету деп айта алмаспыз бұны.

Олардың көкейіндегі мақсатты түсінбегендіктен, қара халық тек болжам жасап отыр: Я жерді тартып алғысы келеді, я жемқорлыққа жол ашқысы келеді.

Шын мәнінде жеке меншік жерінің астын және үстін өз еркімен пайдалануға әр меншік иесінің құқығы бар. Заң аясында бағбандық жерлерге үй салмасын деген тыйым мүлде жоқ. Саяжай үйлерінің өлшемі мына шамадан аспасын немесе ондағы бағбандық өңделетін жердің өлшемі мынадай болу керек деген де нақты нормалар бекітілмеген. Саяжай тек қана картоп пен сәбіз егетін жер емес, саяжай жаның тынығып, өз өзіңмен оңаша қалатын да жер. Небір майталман жазушылар мен суретшілер, саяси қызметкерлер, тағысын тағы елге қызмет еткен тұлғалар саяжайға барып жан тыныштығын іздейді. Қыс демей, жаз демей саяжай көптеген адамдарға сая бола алады.

Ендеше несіне қара халықты саяжайдан қуамыз?

Гүлжан Ізтай

Abai.kz

0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1536
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3316
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 6019