Универсиада Алауының эстафетасы Қарағанды облысында жалғасады
Астанадан кейін Универсиада алауын бірінші болып тұтатын облыстардың бірі Қарағанды облысы болмақ. Алау Теміртау қаласында 26 қаңтарда тұтатылады.
Эстафета екі бағытқа бөлініп өткізіледі
Сағат 10:00-де Металлургия комбинатының аумағында Алауды тұтату салтанаты өткізіліп, Теміртау қаласындағы Қарағанды мемлекеттік индустриялық университеті аумағында тостаған жағылады. Өңірдің жас мамандары қызмет жасайтын Металлургия комбинаты домнасынан және шахталар көмірінен алынған от қала тостағанында біріктіріледі. Екінші кезең сағат 16:00-де Республика сарайында басталып, «Қарағанды-Арена» мұз сарайында мәресіне жетеді. Қарағанды облысы бойынша өтетін жол бағытының жалпы ұзындығы 12 шақырымды құрамақ.
Бокстан халықаралық дәрежедегі спорт шебері, 2013 жылғы Қазақстан және Азия чемпионы, 2013 жылғы жасөспірімдер арасындағы әлем чемпионы Абылайхан Жүсіпов алау көтерушілердің бірі болып таңдалды. Спортшы жігіт 2014 жылғы жасөспірімдер арасындағы Олимпиада жеңімпазы боды. Рио-де-Жанейродағы Олимпиада ойындарына қатысты.
А. Жүсіпов Универсиада еліміз үшін аса айтулы оқиға болғандықтан, отандастарымызға жанкүйер болу үшін Универсиадаға міндетті түрде барамын деп отыр. «Біздің әрбір спортшымыз медаль жеңіп ала алады деп ойлаймын. Көптеген қазақстандықтар секілді мен де жарыстарға барып, ойыншыларды қолдап, жанкүйерлер қатарынан табыламын. Сәттілік әрқашан оларға серіктес болсын деп тілеймін», - деді ол.
Абылайхан Жүсіпов Қарағанды облысы атынан эстафетаға қатысатын басты алау көтеруші ретінде Алматыға Универсиада алауын жеткізетін болады. Естеріңізге салып өтейік, 29 қаңтарда «Алматы Арена» мұз сарайының сахнасына 16 алау көтеруші Алауды бір уақытта тостағанға көтеріп алып барады. Конструкцияның әрбір күлтесіне алауды тигізген соң, тостағандағы от жағылады.
Абай-ақпарат