Жұма, 22 Қараша 2024
9785 0 пікір 20 Қаңтар, 2017 сағат 12:58

СЕМЕЙ ҚАЙТАДАН ОБЛЫС БОЛА МА?

1996 жылы республика экономикасының қиын-қыстау кезінде шығыстағы екі облыс біріктірілді. Сол өңірдегі сегіз селолық аудан жабылып, көршілес аудандарға қосылды. Бұл реформалардың авторы Ә.Қажыгелдин болатын. Ол премьер-министр кезінде Қазақстанды ірі-ірі бес аймаққа бөлу жоспарын жасап, елбасына ұсыныпты. Сол ұсыныс бойынша Павлодар, Шығыс Қазақстан, Семей облыстары қосылып, Шығыс Қазақстан аймағы құрылмақшы екен. Орталығы – Семей деп белгіленген көрінеді.

Мұның бәрі қаржы жетіспеушілігінен туындаған уақытша шаралар екендігін Әкежан Қажыгелдиннің өзі 1996 жылы Семейге келген бір сапарында ашық айтқан. Бірақ кейін, 1997 жылы Семей мен Шығыс Қазақстан облыстары қосылып тынды. Оған сол кездегі Өскеменде болған сепаратистік көзқарастар да қатты әсер етті.

Қазір Өскемен қаласында елу пайыздан астам қазақтар тұрады. Басшылардың көбісі – қазақтар. Облыстағы екі миллионнан астам халықтың жетпіс пайыздайын бүгінде қазақтар құрайды. Өскеменнің айналасындағы Ұлан, Глубокое, Шемонаиха аудандарынан бұрын жергілікті халықты сирек кездестірсек, қазір мұндағы халықтың жартысынан астамы өз қандастарымыз. Басшылық қызметтердегі қазақтардың саны тоқсан пайызға жетті. Бұрындары Өскемен, Риддер қалаларының басшылығында қазақтар жоқтың қасы еді. Қазір бұл қалаларды қазақ жігіттері ұтымды басқарып отыр. Мұны айтып отырған себебіміз – Шығыс Қазақстан орталығын қазақыландыру керек деген мақсат жемісін берді.

2003 жылы президент Н.Назарбаев Семейге келген сапарында Семей облысын қайта қалпына келтіру ісі өз кезегінде пісіп-жетілгенде жүзеге асады деген. Осы жағдай бүгінде пісіп-жетілді ме? Бұған біржақты пікір айту әлі ерте. Себебі Семей облыс болу үшін, оның бюджеттік қоры кем дегенде 20 млрд теңге болуы тиіс. Сонда ғана облыс өз күнін өзі көре алады.

Қазіргі кезде қалада ресми тіркелген жеке кәсіпкер қатары жыл сайын өсіп келеді. 300 мыңның үстінде тұрғыны бар Семей қаласының жеке бюджетіне 13 млрд теңгеден астам қаржы түсіп отыр. Осы қаржыны бұдан әрі көбейтудің қандай жолдары бар? Оның жолы – Семей машина құрылыс, СемАз, былғары-мех, ет комбинаты, т.б. кәсіпорындардың өндірістік қуатын екі есеге арттыру болып табылады.

Бұл кәсіпорындардың тауар өндірісі артқан жағдайда әрқайсысы жергілікті бюджетке кем дегенде 1 млрд теңге құя алады.

Сонымен бірге «Қаражыра», «Бақыршық» секілді кен орындарының салық мәселесін Семейге қаратса, бюджетке қосымша тағы 1 млрд қаржы түсер еді. Семейдегі цемент, силикат, былғары өңдеу зауыттары да әзірге барлық мүмкіндіктерін аша қойған жоқ. Бұлардың әрқайсысы республика деңгейіндегі өндірістер. Осындай мүмкіндіктері бар ұжымдарға – «Ролют», «Қазақкабель», Семей ұн-құрама жем комбинаттарын жатқызуға болады. Тек соңғы кездерде Семейдегі кейбір фирмаларды Алматының қалталы азаматтары сатып алып, салық төлеу орнын Алматыға, Астанаға ауыстырып жіберген. Соның салдарынан миллиардтаған қаржы басқа облыстардың бюджетіне қызмет етуде.

Ал егер Семей кеме жөндеу зауыты іске қосылса, жағдай мүлдем өзгерер еді. Семейдің іргесіндегі Шульба ГЭС-інде Ертіс өзенімен кеме жүретін жасанды тоған (шлюз) ашылғаннан бері Ертіс кеме қызметінің ісі алға басқалы тұр. Кезінде бұл кеме қызметіне 200-ге жуық ірілі-уақты кемелер қараған екен. Қазір содан жиырма шақты ғана қалыпты.

Омбы кеме қызметіне жалға берілген қырықтан астам кемелерімізді қайтарып алуымыз шарт. Бүкіл Ертіс бойындағы көлік қатынасы Семей кеме қызметіне бағындырылса, миллиардтаған қаржы айналымға түсіп, республика бюджетін молайтатыны сөзсіз.

Бірақ бұл – арман, Семей қаласы – облыс орталығы мәртебесіне ие болғанда ғана жүзеге асырылады. Егер Семей облысы қайта құрыла қалғанда, оның 8-9 ғана ауданы болғаны абзал. Атап айтқанда, Семей облысына – Бородулиха, Бесқарағай, бұрынғы Жаңасемей, Шар («Бақыршық» кен орны бар), Абай, Дегелең (бұрынғы Абыралы) аудандарымен қоса, Өскеменнің – Шемонаиха, Павлодардың – Лебяжі, Май аудандары да кіргені дұрыс деп ойлаймыз. Лебяжінің кіруі – «Семей орманы» мемлекеттік мекемесі мен кеме қызметінің құрылуына байланысты болса, Май ауданы – Курчатов қаласына байланысты. Себебі Курчатов – сол өңірдің кешенді дамуына ықпал ететін орталық. Сонымен қоса Курчатовқа – Шаған, Бөдене сияқты елді мекендерді де қаратса, халықтың әлеуметтік жағдайы біршама түзелер еді. Ал бұрын Семей облысы құрамында болған Ақсуат, Көкпекті, Жарма, Аягөз, Үржар аудандары Шығыс Қазақстан облысының құрамында қала бергені олардың экономикасына тиімді.

Семейдің жанындағы Жаңасемей ауданының мүмкіндігі өте жоғары. Оның орталығына – Шульба кенті сұранып-ақ тұр. Сондай-ақ Абыралы ауданында алтын өндіретін «Мейзек» кен орны бар. Бірақ әлі толық игерілмеген. Егер осы екі аудан толығымен жұмыс істесе, облыстың ахуалы бірден көтеріледі. Семей облыс болса, Жарма ауданы Шар ауданынан бөлінеді. Өскемен — Шар темір жолы бар. Бұл – ауданмен қоса, облыстың бюджетіне де миллиондаған қаржы құйылады деген сөз. Ал Шемонаиха ауданының Семейге қаратылуы – сүт, астық өнімдерін өңдейтін өндірістерді дамытуға жол ашады. Семей облысының бұрынғы аудандарын түгелдей қайта өзіне қосқанымен, оны облыс бюджеті көтере алмайды.

Енді мәселенің мәнісіне моральдық тұрғыдан көз салсақ, Шығыс Қазақстан облысы Семейден 1932 жылы 10 наурызда бөлініп, жеке отау құрған. Ол негізінен түсті, ауыр металлургияны дамыту үшін жасалған қадам болатын. Кеңестік экономика осыны қажетсінді. Ал 1938 жылдың 15 қаңтарында Семейден Павлодар облысы бөлініп шықты. Бұл екеуі де 1868 жылғы 14 қазандағы патша жарлығы бойынша құрылған Семей губерниясының уездері ғана еді. Сөйткен Семей облысы 1997 жылы таратылып, халқы жаңа жұмыс іздеуге мәжбүр болды.

Әрбір қазақ Семей өңірін қасиетті топырақ, ұлылар мекені, осы өңірдің мәдени-рухани орталығы деп біледі. Ендеше сол қасиетті жердің қадірін ойлап, Семей облысын қайта қалпына келтірсек, қандай тамаша болар еді! Оған ендігі уақыт жеткен секілді. Бұдан әрі соза беруге болмас.

Сүйеубай Байқадиұлы,

журналист,

Семей қаласы

 «Общественная позиция»

(проект «DAT» №2 (366) от 19 января 2017 г. 

0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1464
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3231
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5333