Сенбі, 23 Қараша 2024
Билік 5303 0 пікір 20 Қаңтар, 2017 сағат 12:23

25 ЖЫЛДЫҢ ШЕГІНДЕ ҚАЗАҚТЫҢ 2.5 МИЛЛИОН ҰЛ - ҚЫЗЫ АНА ТІЛІН БІЛМЕЙ ӨСТІ

  1. IV. Ұрпақ тәрбиесі

«Бала тәрбиесі, сәби дүниеге келерден жүз жыл бұрын басталады» дейді ағылшын мақалы. Тәрбиенің негізі сол ұлттың тілі, тарихы, дәстүрі, моралі... мәдениетінде. Он ұрпақтан кейінгілердің не көретінін болжай аласыз ба деген сұраққа шығыс даналығы: “Ұрпақтан – ұрпаққа, әкеден – балаға не қалып жатқанын дәл білсек, оныншы емес, жүзінші ұрпаққа да не қалатынын болжап білу қиын емес” деген. Жалпы, тәрбие жоғарыдағы екі ұстанымға негізделген.

Тәрбие мен білімнің мақсаты жас ұрпаққа берілетін тәлім-тәрбиенің ұлттық болмысы мен мағынасында және қазіргі ұрпақ артында қандай ізгілікті іс қалдыратынында. Ұлттың болашағы соған байланысты. Ұлттық идеяның да негізгі мақсатының бірі өркениетті қоғамның негізін салуға жол көрсетіп, оны іске асыру мақсатында жұмыстану болып табылады. Үйдің мықтылығы іргесін берік қалаудан басталатыны сияқты, қоғамның болашағы да негізгі ұстанымына байланысты.

Қазақта, «баланы 15 жасқа дейін құлдай қылып ұста, одан кейін досыңдай бол...» деген мағынадағы ұстаным бар. Баланың интеллектісі 15 жаста толығымен қалыптасып болады яғни ол бала өмір бойы құл болады деген сөз. Ол құл әулетіңді, ұлтыңды қай мұратқа жеткізеді?

Сонымен қатар, дінді ұстанатындардың көпшілігі «Құдайдың құлы болуды» өздеріне дәреже санайды. Кімге құл болып қалса да, оның аты АДАМ емес, - құл. Халқымыз, «Құм жиналып тас болмас, құл жиналып ел болмас» десе, Құран Кәрімде, «намазды мың рет оқыған мұсылманнан ұйықтап жатқан ғалым артық» деп, басыбайлы құл болғандарды Құдайдың өзі жақсы көрмейтінін білдіреді. Ондайлардың көпшілігіне қазақ тілі, Ел мен жер мәселелері жат болғандықтан, олардың өздері де бұл елге бөтен.  Олардан елге, ұлтқа да, ұрпаққа да пайда шамалы.

Ал, Муаз ибн Джабал радиаллаһу әнһ (Әбу нуайм әл-Асбаханидің «Хулйәт әл-әлия» кітабында) Ислам діні мен білім туралы былай толғанады: «Білім алыңдар, білімге үйреніңдер! Шындығында білім алу- бұл Алланың алдындағы қорқыныш. Білім талап қылу – бұл ғибадат-құлшылық. Білімді қайталау-тасбих. Білім іздену-жиһад. Білімі таяздарды білімге үйрету-бұл садақа. Білімге лайықтыларға білім беру-бұл Аллаға жақындатар сауапты іс. Себебі, білім харам мен халалды ажыратып беруші. Себебі, білім-Жәннатқа барар жолдың шамшырағы. Білім жалғыздықта жан досың. Білім жат жерде жолдасың, сапарласың. Білім бақыт пен бақытсыздықтың не екенін көрсетуші. Білім жауға қарсы қару. Аллаһ Тағала білім арқылы кей халықтарды үстем етіп, жақсылықта жетекші, басшы етіп қояды... Періштелер білім иелерімен дос болғысы келіп, оларға қанаттарын тигізеді. Ылғалы да, құрғағы да олар үшін Алладан кешірім сұрайды. Тіпті теңіздегі балық та, құрлықтағы барлық жануарлар олар үшін истиғфар айтады. Өйткені, білім –жүректі надандықтан құтқарып, өмір беретін нәр. Білім, көз алдыңа сәуле түсіріп, қараңғылықты жояды. Білім арқылы кісі адамдардың ішіндегі ең жақсысына айналады. Осы дүние мен о дүниеде биік дәрежелерге жетеді. Білім туралы ойлану-оразамен тең. Білімді оқып зерттеу-түнгі таһаджуд намазымен тең. Білім арқылы Алланың рұқсат еткені мен тиым салғанын үйренеміз. Білім-амалдардың жетекші имамы. Ал амалдар білімге еруші ізбасарлар. Білім тек бақыттыларға нәсіп болады. Одан тек шын бақытсыздар ғана мақрұм қалады».

Қазіргі жастардың ішінде намаз оқып, мешітке баратындар көбейді. Бірақ, солардың көпшілігі экстремистік ағымды ұстанатындар екені анықталуда. Олар ата-бабамыз ұстанған Ханифа ағзамның масхабын ұстанатындар емес, елді жүз жылдық соғысқа дайындап жатқандар. Соңғы кезде елдегі әртүрлі қарулы қақтығыстар мен лаңкестік әрекеттер де солардың істері. Қазақ, «әкемді алған құдайға да сенбеймін» дейді. Дін таңдаудағы биліктің солақай саясатының салдарынан елде 3725 әртүрлі секталар, оның ішінде «Сатанадан...» бастап барлық экстремистік секталар ресми тіркелді. Оны, Қазақстанды құрту үшін қойылған бомба деп қарау керек. Енді одан екі ғасырдан кейін де құтыла алмайсың! Қоғамдағы, оның ішінде жастар арасындағы күрделі мәселе - ол дін таңдау. Дін мәселесі заңмен реттелу керек және жастар дінге барар алдында ұлы ұстаз Ы. Алтынсаринның «Мұсылмандықтың тұтқасы» еңбегімен танысуды ұсынамыз.

Қазақта ең көп оқылатын – ол Абай. Бірақ, оның Қара сөздерін (бұдан әрмен ҚС) таңдап, бүгінгі уақытқа сай емес, «Қазақтың моральдық деңгейі орыстың мұжығынан да төмен...» (2-ші ҚС), «Қазақтың қазақтан басқа жауы жоқ...», «Тірі қазақтың сөзден аманы жоқ, өлген қазақтың жаманы жоқ...» (12-13 ҚС) сияқты қазақты табалаудың хрестоматиясына айналған жерлерін алып тастау керек. Осы Қара сөздердің орысша аудармасын оқыған адам қазақтан асқан жексұрын халық болмас деген ойға қалады. Осыларды оқығаннан кейін ұлтжанды адамда, «Қазаққа ес кіргенде, Абай ескіреді» деген ой қалыптасады.

Гете, Пушкин, Чаадаевтар да өз ұлттары туралы әртүрлі сындар айтты. Бірақ, бүгінде олардың сындарын анайы емес, мәдени жолмен түсіндіреді. Әрине халқымыз үшін Абайдың орны ерекше болар. Бірақ, бір ұлы адам, бір көсем, не бір эпосты... дәріптеп, соған жабысып қалған қоғам, - ол ұлттық сана мен мораль, ұлттық философиясы, өнері мен мәдениеті қалыптасып жетілген ұлт емес, ол ана тілін қорғап, арын сақтап, намысы үшін күресуге қауқарсыз тобыр мен халықтың арасындағы бодандардың қауымы. Бұл жердегі мәселе Абайда емес, соның ұлағатты ойларын қоғамға жеткізе алмай жатқан тиісті университетер мен ҒЗИ, министрліктерде.

Бүгінгі және болашақтағы тәрбиенің негізгі міндеті – ол Елін, Жерін, Ана тілін, Отанын, Ұлтын сүйетін ұрпақ тәрбиелеу! Бұл ұран емес, қазақтың ұлттық ұстанымы.

Әр қазақ отбасынан шыққан ұл мен қызын, Махамбеттің:

...Тебінгіні терге шірітіп,

Терлігін майдай ерітіп,

Ат үстінде күн көріп,

Ашаршылық шөл көріп.

Найзасынан қан тамып,

Қанды көбік түкіріп.

Жолбарысша жорытып,

Бөрідейін жол жатып,

Жауырынына мұз қатып...

жүретін етіп тәрбиелегенде ғана Қазақстан мемлекетінің мұраты орындалады. Бұл, «Ұлы арман» жолындағы Мөде, Еділ (Аттила), Білге, Күлтегін... Шыңғысхан, Керей-Жәнібек, Қасым, Тәуке, Әбілқайыр, Абылай, Кенесарылар салып, ұрпаққа мұрат етіп кеткен сара жол. Ондай тәрбие болмай, бұл жолдан ауытқыған кезде, Ахмет Байтұрсынұлының:

Ерлер кетіп, еркек қалды,

Көлеңкеден қорқақ қалды...

дегеніндей, бұл елдің иесі «боданнан туған құлдар, не құлдан туған жетесіз ұлдар» болады. Ондай жағдайда түзелмеген бесік табытқа айналып,тілің тәрк болып, жерің тонауда, елің ессіз қалады.

Соңғы он бес жылда 2,5 миллиондай қазақ жастары ана тілін білмей өсті. Ондаған мың қандасымыз жат дінді қабылдап кетті. Оның негізгі себебі, өтпелі кезеңде ұлт тұрақтылығын қамтамасыз ете алмай отырған қазақ санының өте аздығы болса, тағы бір себеп - туыстас түркі халықтарымен арадағы жан-жақты байланыстың жоқтығы және мемлекетте тұрақты ұстанымның болмауы.

О.Шпенглер, Ильин т.б. философтар, «барлық дана тұлғалар әдебиет, ғылым, өнердің қай саласында еңбек етсе де, олар белгілі ұлттың атынан шығады» дейді. Ал біздер, өздерін орыстілді әдебиет пен өнердің өкілдері санап жүрген қаны қазақтарды қай ұлтқа жатқызамыз?! 

(жалғасы бар)

Жанұзақ Әкім

Abai.kz

0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1472
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3248
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5435