Сенбі, 23 Қараша 2024
7418 0 пікір 19 Қаңтар, 2017 сағат 11:12

ҚЫЗДАР СУИЦИДЫНАН ӘЛЕМДЕ АЛҒАШҚЫ YШТІККЕ КІРДІК. НЕ СЕБЕПТІ?

  1. Ұрпақты қорғау – ол мемлекет болашағы үшін күрес.

ХV ғасырда Генуяның саудагерлері Қыпшақ даласынан балаларды сатып алып Қара теңіздегі Феодосия т.б. порттар арқылы Жерорта теңізі аймағындағы Еуропа мен Африка елдеріне сатуды тоқтатпағасын, ел болашағын ойлаған Алтын Орданың ханы Жәнібек оларға әр түрлі амалдарды қолданғанмен, ол нәтиже бермеді. Содан кейін ол, Феодосияның базарына обадан өлген адамның бейітін апарып тастатады. Ақшаға құныққан саудагерлер оған да қарамай жұмыстарын істей бергенімен, оба ауыруы алдымен қалаға, одан кейін қашқан саудагерлермен ауыруды Еуропаның портты қалалары арқылы түгел құрлыққа таратады. Кезінде Еуропа халқының 40% жалмаған бубон обасы кәрі құрлыққа осылай тарайды. Жәнібек хан Генуяның саудагерлерін қыпшақ даласынан балаларды сатып алып, құлдыққа сатуын осы амалмен тоқтата алды және ол қазіргі дәуірдегі тарихта алғашқы қолданған бактериологиялық қару болды.

XVII-XIX ғасырларды Англия әлемнің түкпір-түкпірінде отарлау саясатын жүргізген кезде кәмелетке толған жігітердің барлығын 20-25 жылға әскерге алады. Олар 40-45 жаста әскерден босап келгесін 18-20 жастағы қыздарға үйленеді. Өмірдің ащы-тұщысын көрген әкенің рөлі ұрпақ тәрбиесін жаңа сатыға көтеріп, ұлттың санасын өзгертті. Сол кездерде ағылшын ұлты әлемге Бэкон, Ньютон, Шекспир, Шелли, Китс, Байрон, Дарвин т.б. ғылым мен техника, әдебиет пен өнерде революция жасап, адамзаттың дүниетанымын өзгерткен данышпандарды силады. Бұл ағылшындардың ұлт ретінде дамуының қайталанбас жарқын кездері болды.

Сол кезден бастап Батыста кәмелетке толған жастарды өз күндерін өзі көру үшін отбасынан шығарып жіберу дәстүрі қалыптасты. Ол жастар 28-35 жасқа дейін оқып, жұмысын істеп, жеке басының тұрмысын түзейді, яғни өз күшімен аяқтанады. Содан кейін, өзіне сенімді, ұрпағын тәрбиелеуге дайын болған кезде семья құруға кіріседі. Өмірдің ащы-тұщысын көрген ондай отбасында ажырасу сирек болады. Бұл, өмірлік тәжірибеден өркениетті қоғамда қалыптасқан дәстүр.

Ал, қазақтың отбасындағы тәрбие бойынша бала негізінен ата-ана өле-өлгенше соның мойнында. Кәмелетке толса оған алдымен автокөлік пен үй сатып әперу керек... Осындай «боданнан туған құлдан, немесе одан туған жетесіз ұлдан» семьяға, қоғамға, елге зиянынан басқа қандай пайда болуы мүмкін?! Ол, Абай айтқан: «Жалқаулар, жатып ішер арам тамақ, Ондайлар болмайды ма елге салмақ...» дегені емес пе?

Тәрбиесі түзелмеген қоғамның өзі «қарағайға қарсы біткен бұтақ ...» сияқты болады. Өз еңбегімен күнін көруге жарамай өскен ұрпақ ұры-қары, жезөкшелік, сыбайлас жемқорлық т.б. бейім болады. Шынын айту керек, қазақ қазір ұл-қыздарын тәрбиелей алмайтын жағдайға келді. Себебі, ұлттық ұстанымы жоқ, мінезсіз халық – ол тобыр. Қойдан жуас мінезін мақтан тұтып, таланты мен тасын айыра алмайтын қоғамда Ерден гөрі көлеңкеден қорқатын еркекті таңдап, арудың орнына арсыздарды дәріптейтін қоғамда болашақ болмайды. Ол құл болуға жаралған елдің тірлігі. Осындай өтпелі кезеңде нақты ұлттық ұстанымы жоқ осындай қоғамның билігі де мәдениетсіз, ұры-қары мен тексіз қаңғыбастар болады. Олар елде реформа жасап, мемлекеттік институттарды дамытудың орнына елді, жерді сатуға бейім келеді. Себебі, оның қолынан басқа ештеңе келмейді. Ондай масылдар мен мәңгүрттерді өсірген елдің болашағы да бұлыңғыр.

Мыңдаған жылдар бойы аралда басқалармен араласпай тұрған жапон халқында инбридингтің (туыстық жыныстық қатынас) кесірінен кемтар сәбилер дүниеге көп келіп, ол ұлттық нәубатқа айналды. Бұл мәселені шешу үшін император XVII ғ. арнайы қаулы шығарып, онда барлық қыз-келіншектерге арқаларына көрпеше байлап жүру жүктеліп, шеттен келген саудагерлер мен матростар жыныстық қатынасқа шақырса қарсыласқандарға өлім жазасын кесуді бұйырды. Сол бұйрық 70 жыл бойы ұлттың денсаулығы түзелгенше күшінде болды. Бұл, Ұлт пен ұрпақ мәселесін түпкілікті ойлаған және ол үшін барлық қадамға баруға дайын елдің мемлекеттік ұстанымы.

Осыдан бірнеше жыл бұрын беделді халықаралық жорналда, «Жапон халқының басқалардан ерекшелігі неде?» деген тақырыпта ғылыми мақала жарияланды. Оны біреулер теңіз өнімдерін көп пайдаланатында т.б. айтады. Ал, жаңағы мақалада басқа халықтармен әртүрлі белгілерді салыстыра келіп, жапон халқының ұлылығының ерекшелігі, олардың әйелдерінің жыныс органдарының айналасындағы «суретінің ерекшелігінде» деген қорытындыға келеді. Бұл интеллектуальды ұлттың ерекшелігі миында емес, кіндіктен төмен болуы көпшілікті таң қалдырғанмен, ғылыми дәлел сондай?! Бұл мақаланы оқығаннан кейін жапон халқы да болашақ ұрпағының өсуіне алаңдап отырғанын көреміз.

Израиль мемлекеті әлемдегі барлық еврейлерге қамқоршы (қылмыскерлерге де) болса, Катарда, сол елдегі ұлттың өкілдерінен бала дүниеге келсе қосымша қаржылай көмек берілетіні заңмен бекітілген.

Ресейдің өзінде дүниеге келген балаға беретін мемлекеттің көмегі Қазақстаннан 8-10 есе артық. Демографиядағы осындай оң саясаттың негізінде Ресей халқының санының өсу мәселесін шешті. Ал, қазақтың бір мәселесінің де аяғына дейін шешілмеуі «мәңгілік созылмалы ауыруға айналды».

XIХ ғ. басында Гете, «50 жас, ол жастықтың соңы, есеюдің алды» деп, сол жаста саналы өмірдің басталатынын айтса, сол ғасырдың аяғында 42 жастағы Абай, «қартайдық, қайғы ойладық, ұйқы сергек» деп, сол жаста өмірдің аяқталуға жақындағанын айтады. Бұл екі ел, екі мәдениет өкілдерінің өмірге деген әртүрлі көзқарасы мен дүниетанымын көрсетеді. Қазіргі неміс халқының орташа өмір ұзақтығы 81-83 жаста болса, қазақтікі 65-67 жаста (Абайдың кезінде 30 жасқа жетпейтін еді). Осындайда, «бұл қазақ басқалардай адамша өмір сүрудің өзін қажет қылмайды-ау» деген ой келеді. Өзінің және ұрпағының яғни болашағының тағдырына немқұрайлы қарайтын халықта болашақ бола ма?! Ол тілін, жерін, мемлекетін қалай қорғап, қандай ұлт болады?!

Жапонияның екі коралл аралдарында тұратын әйелдердің 80 жасқа дейін бала тууының себебін зерттеген ғалымдар, олар таза су ішкендіктен (коралл балдырлары таза суда өседі) организмдерінің таза екенін дәлелдеді. Біздің медицина әйелдерге 35 жастан кейін туған балаларда әртүрлі ауырулардың көп болатынын ескертеді. Қазақстан халқының 40%-ға жуығы ғана ас сумен қамтамасыз етілген. ҚР денсаулық министрлігінің дерегі бойынша Қызылорда облысы, Қазалы ауданы тұрғындарының 32% ауыру болса, Арал аймағы ана мен бала өлімінен әлемде алдыңғы орындарда. Оның негізгі себебі, ас судың ластығынан немесе тұздылығынан.

Қазақстандағы ерлер 20-25 жастан бастап простата (аденома) ауыруларымен, 40 жаста 35-45%, 55-60 жаста алпыс пайыздан астамы  ауырады. Ерлердің орташа 70% осы ауырудан өледі. Қыздар мен әйелдер арасында да жыныс ауырулары сондай деңгейде.

Батыс өңірдегі мұнайлы бес облыстың ауыл тұрғындары туберкулезбен ауырудан әлемде алғашқы жиырмалыққа кіреді. Кедей елдерге тән бұл ауырудан Батыс елдері ХХ ғасырдың ортасында арылғандықтан, ол елдерде оны емдейтін маман да қалған жоқ.

Ел тұрғындарының 40%-дан астамында йод жетіспейді, ауыратындардың төрттен біріне қойылатын диагноз дұрыс болмағандықтан, ем де дұрыс емес... Осының бәрі өмірлік маңызды репродуктивтік және басқа органдардың мерзімінен бұрын істен шығып, адамды ауру не мүгедек қылады. Оның негізгі себебі, баланы жас кезде гигиена мен жыныстық қатынасқа тәрбиелемеу, мемлекет тарапынан медицинаға тиісті көңіл бөлінбеуі және соның әсерінен болатын әртүрлі ауруларға алып келетін берекетсіз жыныстық қатынастардан болады.

Адам гигиенасы мен жыныстық қатынасқа жастарды уақытында тәрбиелеудің орнына, тиым салу – ол мәдениетсіздіктің, немесе көп жағдайда тайпалық деңгейдегі жабайылықтың белгісі. Самоли т.б. елдердегі араб тайпаларында үш жасар қыздың жыныс органын тігіп тастайтын «дәстүрге» өткен ғасырдың 90-шы жылдары БҰҰ-ның араласуымен тиым салынды.

Болашақ ұрпақты өсіріп, тәрбиелейтін қыздардың белгілі бөлігі, оның ішінде кейбір студенттердің жезөкшелікті кәсіп қылып, сонымен күн көріп жүргендері де жасырын емес. Ондай арсыз қоғамда мораль мен толыққанды семьяның орнын СПИД, гонорея т.б. ауырулар ауыстыруда?!

Сондықтан біз, қазақтардың арасында өмірдің емес, өлімнің статистикасын жүргізуге мәжбүрміз. Бұндай статистикамен халық бесіктің орнына табыт жасайтыны белгілі.

Жыныстық қатынасты «құдайлардың деңгейіне» шығарған Үндістанға қарап отырып қазақ халқындағы махаббат ұғымына да тоқталған жөн. Махаббат ұғымына қазіргі медицина мен психология ғылымдары «шезофринеяның бір түрі» деген анықтама беріп жүр. Ал, біз махаббаттың үлгісі деп жүрген Қыз Жібектің өз еркімен суға кетіп өлуі суицидтің бір түрі емес пе?! Біріншіден, ондай келеңсіз әрекетті ешбір дін құптамайды, екіншіден қазақ жастары, оның ішінде 13-18 жас арасындағы қыздардың суицидынан әлемде алғашқы үштікке кіреді. Бұның артында, бір жағынан «қызға қырық жерден тиым» салу, екінші жағынан болашақ өмірге тәрбиенің кемдігі тұрған жоқ па?!

Семей, Капустин Яр мен Азғыр полигондарында 40 жыл бойы болған 500-дан астам атом бомбасының зардабынан болған, сол өңірлердегі суицидтің саны орташа республикалық деңгейден 12-16 есе көп екені белгілі. Ал, жоғарыдағы жасөспірімдер арасындағы суицид, – ол себептері әлі толық анықталмаған (ол бұрыннан келе жатқан болуы мүмкін), жан-жақты зерттеуді талап ететін ұлттық дерт.

Себебі, осыдан 16 ғасыр бұрынғы Қозы мен Баян, Төлеген мен Қыз Жібек (ХVIғ.), Ұлбике, Еңлік, Мәулен (Дальдың «Шығыстың сұлуындағы»), Шұға, Қамар, Ұлжан ... яғни өмірден алынған барлық махаббат дастандары арулардың өлімдерімен аяқталады. Бұл не, заңдылық па?! ҚР Гендерлік саясат бөлімінің соңғы дерегі бойынша 2014-2015 жылдары біразы өлімге әкелген, отбасында қыз-келіншектерді зорлау 40%-ға өскен. Бұл, болашағы жоқ, азғын қоғамның айуандық тірлігі, бағы мен сорын айыра алмаған қоғамның қасіреті емес пе?! 

Сонымен қатар, халқымызда «жеті атаға дейін қыз алып, қыз беріспеу» деген салт бар. Біріншіден, қазақтың 70%-ға жуығы жеті атасын білмесе, екіншіден, осы шарттарға кері яғни немере қарындастарынан бастап үйлене беретін еврей халқының бизнес пен ғылым...мемлекетін дамыту мен ұлтына қамқорлық т.б. мәселелердегі бәсекелестігі қазақтан 20-30 есе жоғары тұрса, немесе өзбектердің өсуі қазақтан 3-4 есе жоғары тұрса, ұлттың өсімін тежейтін ондай архаикалық шектеудің  қазақты бодан қылуды армандайтын елдерден басқа ешкімге керегі жоқ?!

Демография саясатындағы келесі мәселе – ол қазіргі Үкіметтен оралмандарға берілетін квотаның аздығы мен олардың елге оралуының жүйелі іске аспауы. Оралмандарға берілетін жылдық квота он бес - жиырма мыңнан аспайды. Бұл салада Үкімет ХІХ ғ. Ресей мен Украинадан Қазақстанға өгіз арбамен миллионнан астам қарашекпенділерді әкелген губернатор Колпаковскийдің істегенін атқара алмай отыр. Осы уақытқа дейін келген оралмандардың саны елге мұнай-газ компанияларының шақыруымен Қытай, Филипин, Индонезия, араб елдері және т.б. жерлерден келіп жатқандардан әлдеқайда аз екен. Шеттен келетіндердің орташа айлық табысы біздің мамандардан 6-10 есе артық. Сонда біздің Үкімет кімнің мүддесін қорғап, кемге қызмет істеуде? Бұл, елді аздырып, жерді тоздыратын тірлік емес пе?

Асан қайғы бабамыздың, “...ат міндім деп шалқайма, қарайлағын артыңа, жаяулаған жалпыға” деген өсиетін білетін текті ұрпақ өз бауырын осындай келеңсіз жағдайда қалдырмауы керек еді.

Президенттің «Интеллектуальдық Ұлт-2020» бағдарламасын іске асыру мақсатында және Ұлттың алдындағы бірінші міндет, оның санын өсіру болып тұрған жағдайда мемлекеттің стратегиясы осы мәселелерді шешуге жұмылдырылып, демографиялық саясатта төмендегідей кезек күттірмес шараларды іске асыру керек (6):

- дүниеге келген әр балаға қазынадан  5,0-7,0 мың АҚШ долл. көлемінде бір жолғы мемлекеттік жәрдемақы беру;

-  бала кәмелет жасқа толғанша орташа айлық табыстың деңгейінде ай сайынғы жәрдемақы беру;

- үш және одан да көп бала тәрбиелеген анаға балалары кәмелетке толғанға дейін орташа бір айлық, бес балаға 1,5 айлық, жеті балаға екі айлық табыстың көлемінде көмек төлеу;

- төрт және одан да көп бала тәрбиелеген аналарды мемлекеттік орден, медальдармен марапаттау және олардың дәрежесіне байланысты аналарға көрсететін дәрігерлік көмекте, пәтер алуда жеңілдіктер жасауды заңдастыру; - “Батыр Ананың” дәрежесін “Қазақстан Еңбек Ерімен” теңестіру;

- көп балалы отбасыларға әлеуметтік және салық жеңілдіктерін жасау;

- көп балалы отбасынан шыққан балаларға жоғарғы оқу орындарына түсу, жұмысқа орналасу, жас мамандарға пәтер алуда жеңілдіктер жасау;

- ұлттың гендік қорына зиян тигізіп отырған аборт жасауға заңмен тиым салу;

- әйелдер мен қыздардың ауыр және денсаулыққа зиянды жұмыстардан босатып, олардың жеңіл жұмыспен қамтамасыз ету;

- қазақта «қыз он үште отау иесі» дейді және біз солтүстік емес, шығыс халқы болғандықтан қыздардың 16 жастан отбасын құруын заңдастыру;

- Қазақ қоғамында жетім-жесір болмаған. «Жеті жарғы» сияқты дала заңдарындағы әмеңгерлік т.б. заманға сай прогрессивті жақтарын заңдастыру;

- Үкімет тарапынан тастанды бала болмаудың алдын-ала шараларын қабылдап, ана мен сәбиді мемлекет қамқорлығына алу;

- Елде ондаған жылдар бойы 330-350 мың отыздан асқан қыз-келіншектер тұрмыс құрмай қалуда. Қазақстан Ислам өркениетіне жататын ел болғандықтан, осы діндегі ер мен әйелдің семьядағы арақатынасы, ананы құрметтеу, ұрпақ тәрбиесі, көп әйел алу т.б. өміршең ұстанымдарына қоғамда оң көзқарас қалыптастырып, тәрбие құралына айналдыру қажет. Дамыған зайырлы елдердің барлығындағы ар (нравственность) мен мораль дінге негізделсе, бізде саяси этикет («Саяси этикеттің қауіптілігі, онда сатушы да сатып алушы да алданады» К. Маркс) не атеизмге шырмалған. Зайырлылық ол қоғамның формасы, ал мазмұны-ол дінге негізделеді. Мысалы, қазіргі әлемдік нарықтағы қосымша пайда табудың өзі де протестанттық ұстанымға негізделген. Исламда қосымша пайда табу деген жоқ. Қазақ мемлекетінің негізі де Малайзия, Индонезия елдері сияқты Исламның ұстанымдарына негізделгенде ол өркениетке қадам басады. Әзірге «тар жолда, тайғақ кешуде»;

- Ұлттық қордың белгілі бөлігі, қоғамның тұрақты дамуын қамтамасыз етіп, демографиялық саясатты іске асыратын “Демографиялық қорға” бөлуді заңдастыру.

Мемлекет тарапынан осындай шараларды жүйелі түрде жасау халықтың тұрақты өсімін қамтамасыз етеді.

Қазақстанның жер көлемі жағынан әлемде тоғызыншы орында болғанымен, халқының саны жөнінен алғашқы жүз елдің соңында. Елдің геосаяси жағдайы мен ондағы тұрғындардың көп ұлттылығын ескерсек, оның қорғаныс қабілетін күшейтіп, тұрақты дамуы үшін, халық саны жақын уақытта кем дегенде 20-23 миллионға, 2050-ші жылдары 35-40, ғасырдың аяғында 65-70 млн-ға жету керек. Бұл міндетті орындау мемлекеттің басымды бағдарламасы болып табылады.

Өткен ғасырдың 60-шы жылдары Францияның президенті, генерал Де Голь, «Франция халқының саны 50 миллионға жетсе арманым болмас еді» деген. Бұл Еуроодақ құрылмай тұрғандағы Еуропадағы мемлекеттің тәуелсіздігін қамтамасыз ететін демографиялық ахуалы. Ал, ХХІ ғасырда Азия елдері халқының саны 80-90 миллионнан кем болса, олардың тәуелсіздігін сақтап қалуы екіталай.

Жанұзақ Әкім

/Жалғасы бар./

Abai.kz

0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1472
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3248
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5435