Сенбі, 23 Қараша 2024
Қоғам 9318 0 пікір 19 Қаңтар, 2017 сағат 15:07

20 МЫҢ КЕРЕКУЛІК ҚР АЗАМАТТЫҒЫНАН БАС ТАРТТЫ

Керекуден 20 мың адам Ресейге көшіп кеткен. Олар Қазақстан Республикасы азаматтығынан өз еріктерімен бас тартып жатыр. Бұл туралы «ratel.kz» сайты хабарлайды.

Сайт деректеріне сүйенсек, Кереку (Павлодар) облысында Ресейге жер ауып жатқандардың саны едәуір артқан. Олар Ресейдің арнайы «Отандастарды көшіріп әкелу» бағдарламасы аясында Қазақстан азаматтығынан бас тартуда.  РФ консулдығына осындай өтінішпен келушілер алдын-ала 1-2 ай бұрын кезекке тұратын көрінеді.

«Крыша» порталында сараптама жүргізген сайт қызметкерлерінің деректеріне қарасақ,  керекуліктердің көбісі өз үйлерін Омск, Барнауыл, Краснодар, Түмен секілді қалалардағы үйлерге айырбастауға ниет білдірген.

Миграциялық полиция мамандарының айтуынша, Солтүстік жұртшылығы тұрмыс деңгейінің төмендігінен Ресейге қоныс аударуға құлықты болып отыр.

Мысалы, 2010 жылы Керекуден кеткендердің саны 2 503 адамды құраса, бұл көрсеткіш 2016 жылы 4 204 адамға жеткен. Айта кетейік, қоныс аударғандар Қазақстан азаматтығынан біржолата бас тартқан.

Ал соңғы 5 жылда бір ғана Керекуден көшкендердің саны 20 мыңға жеткен. Бұл дегеніңіз бір облыстағы бүтін бір аудан халқы көшіп кетті деген сөз.

Жоғарыдағы деректерге назар аударсақ, Керекудегі жұрт «Отандастарды көшіріп әкелу» бағдарламасы бойынша қоныс аударуға өтініштер беріп жатыр екен. Демек, аталған бағдарлама бойынша орыс диаспорасының өкілдері Ресей азаматтығын ала алады деген қисын туады. Және жоғары білімді (дипломы бар) мамандар кетіп жатқан көрінеді. Бұл үшін Ресей Үкіметі арнайы бағдарлама қабылдапты. Тіпті, көшіп келгендерге 240 мың рубль көлемінде қаржылай көмек беретін көрінеді. Сондай-ақ, соңғы бірер жылдың ширегінде отандарына түп қопарыла көшіп кеткендерді Ресейдің 47 өңіріне қоныстандыру жоспарланған.

Сөйтіп, әлгі «ұлы көшке» қосылғандардың саны 20 мыңнан асыпты. Қайсыбірін әлеуметтік мәселелер де толғандырған екен.

Ал қит етсе Қазақстанның бақшасына тас атпаса, басы ауырып, балтыры сыздайтын орыс сайттары жалған ақпарат таратып, орыстардың Қазақстаннан кетуіне бірнеше себеп тауыпты.

«visasam.ru» торабының жазуынша көбінесе Қазақстаннан жас мамандар кетіп жатқан көрінеді. Ресейлік «visasam.ru» торабы «Бірінші кезекте жұмысқа орналаса алмаған жас мамандар кетіп жатыр. Оның себебі – Қазақстанда жұмысқа тек қазақтарды алу керек деген қағида бар» депті. Шынында солай ма еді? Ащы болса да шындығы – Қазақстандағы мемлекеттік қызметтерде жүргендердің дені орыс тілін жетік меңгерген азаматтар емес пе еді? Тіпті, Қазақстанның мемлекеттік тілін білмейтін, білгісі де келмейтін азаматтар Астанадағы ақ сарайларда жүргені де шындық. Хош, аузынан ақ ит кіріп, көк ит шығатын орыс басылымдары мен жат пиғылды, шовнистік көзқарастағы Ресей саясаткерлері не айтып, не қоймады дейсіз. Оған да «ләм-мим» деп жатқан Қазақстан Үкіметі жоқ. Орыс көшінің жандануына Путиннің ойдағы-қырдағы өз жатырластарын жиып, ормандай ел болуды көздеген саясаты әсер етіп жатыр. Басқа деректер - бос сөз.

Тек, салыстырмалы түрде айта кетейік, орыс көші сонау тоқсаныншы жылдардың басында қарқынды жүргені белгілі. Ол кезде Қазақстандағы орыс ұлтының саны 6 миллионға жуықтаған. Бүгінде бұл көрсеткіш 3 миллионға дейін төмендеді.

Сонымен орыстар көшіп жатыр. Ол көшті орыс ұлтшылдары да, орысқа жағынып отыратын қазақстандық билікте тоқтатуға шарасыз. Мейлі, көшкен елдің орны қалады. Ал Қазақстанда басына баспана таппай жүрген қанша азамат бар?! Кеткенінің орнын өз азаматтарымыз толтырады деп сенеміз. Сондықтан тек «ұлы көш» іркілмесін деп қана тілейік.

Нұргелді Әбдіғаниұлы

Abai.kz

 

0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1474
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3249
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5446