«ТАПҚАН БАЙЛАРЫҢМЕН БІРГЕ ЕЛДЕН ТАЙЫП ТҰРЫҢДАР!»
Қазақ қыздарын қытай азаматтарына жарнамалап ұзатпақ болып отырған Астанадағы неке агенттігінің қызметі қоғам белсенділерінің, намысты қыз-жігіттердің ызасын тудырып, наразылығын өршітіп барады. Кеше Елордадағы Республика даңғылының бойында орналасқан неке агенттігінің алдында Айдын Егеубаев бастаған 30 шақты адам қазақ қыздарын қытай азаматтарына ұзатуға қарсы акция өткізді. Соған орай біздің тілшіміз акцияны ұйымдастырушылардың бірі Айдын Егеубаевпен аз-кем сұхбат жасады (естеріңізге сала кетейік, Айдын Егеубаев – жер мәселесі қозғалған кезде Шығыс Қазақстан облысындағы Үржар ауданының 80 мың га жері қытайлық бір компанияға сатылып кеткенін құжат жүзінде дәлелдеп, нақты мәселе көтере білген азамат).
- Айдын, кешегі жиындарыңның қортындысы қалай болды?
- Тиісті орындардың бәріне шағым түсірдік. Бас прокуратураға, Президент әкімшілігіне, Үкіметке, Парламентке, Мемлекеттік хатшыға, «Нұр Отан» партиясына, «Ақ жол» партиясына, т.б.
- Сендер арыз жазбасаңдар олар қимылдамай ма сонда? Аталған неке агенттігінің қызметіне бақылау жасай алмай ма?
- Солай сияқты. Азаматтардың тарапынан арыз-шағым түспей біз ол неке агенттігінің қызметін тергеп-тексере алмаймыз деп отыр.
- Ал, әлгі неке агенттігі не істеп отыр сонда?
- Қызметтерін заң шеңберінде көрсетуге тырысқанымен ол агенттік Қазақстан халқына қарсы жұмыс істеп отыр. Қауіпсіздігімізге, тұтастығымызға қарсы жұмыс істеп отыр. Ал, 20 қызды 20 қытай азаматы некелеп алсын делік. Содан кейін олар қытайға қайтып кете ме, жоқ осында қала ма? Біздіңше, қалып қояды. Ондай фактілер көп бізде. Қазақтың қызына үйленіп, Қазақстан азаматтығын иеленген соң алған жарын «лақтырып» тастап жүрген қытайлар аз емес. Басқа ұлттар да жетеді.
- Ал, мұндайда не істемек керек?
- «Неке және отбасы» заңына өзгеріс қажет. Шетел азаматымен тұрмыс құрған қыз Қазақстанның азаматтығынан шығуы керек. Біз Үкіметке сондай ұсыныс жасап жатырмыз.
- Жаңа жылдың алғашқы күндерінен бастап ел ішін шу-шұрқан еткен неке агенттігінің қызметі туралы тағы не айтасың?
- Ол агенттік елді, жерді қарадай басынып отыр ғой. Турасын айтқанда, қыз сатып отыр. Бірақ, өздерінше «біз әйелі жоққа – әйел, байы жоққа – бай тауып береміз, олар бізге куәліктерімен келіп тіркеледі, қаржаттарын төлейді, біз мемлекетке пайда әкеліп жатырмыз» деп жақауратады. Шындығында істеп отырған істері – қылмыс. Қастандық. Қытайдан келе жатқан 20 еркекке 20 қыз «тұрмыс құруға дайынбыз» деп өтініш беріп қойыпты. Сол 20 қыздың 16-сы қазақ қызы көрінеді. Құзырлы орындар қарасын, айналыссын, анықтасын, содан кейін біз әлгі 16 қыздың аты-жөнін жария ететін боламыз. Сосын оларға: «Тапқан байларыңмен бірге елден тайып тұрыңдар» демекпіз. Шетелдіктерді таңдап, соларға аузының суы құрып жүрген өзге де қыздарға айтарымыз – осы.
Сұхбаттасқан – Д. Қасенұлы
Abai.kz