АСТАНА ОНОМАСТИКАСЫНДАҒЫ АЛАШ МӘСЕЛЕСІ
Көрнекті қоғам және мемлекет қайраткері, ұлт-азаттық және Алаш қозғалысының жетекшісі, Алашорда автономиялы үкіметінің төрағасы, Ұлт көсемі Әлихан Нұрмұхамедұлы Бөкейхан: «Қазақты автономия қылсақ, Қараөткел – Алаштың ортасы, сонда университет салып, қазақтың ұл-қызын оқытсақ, «Қозы Көрпеш-Баянды» шығарған, Шоқан, Абай, Ахмет, Міржақыпты тапқан қазақтың кім екенін Еуропа сонда білер еді-ау», -депті. Осы жердегі Қараөткел – Ақмола өңірінің байырғы жер атауы, бүгінгі Тәуелсіз Қазақстанның астанасы, бас қаласы. Алаш көсемінің осыдан 100 жыл бұрын айтқан сөзі еліміз егемендігін алған уақытта жүзеге асты. Расында, Астанада түрлі университеттер салынып, зәулім ғимараттар бой көтеріп, қазақтың Әлиханы айтқан Шоқан, Абай, Ахмет, Міржақып сынды тағы басқа тарихи тұлғалардың есімдері ұлықталып, мұралары жан-жақты насихатталып жатыр. Осы аталған негізгі бағыттағы жұмыстардың атқарылуы – Астананың Алаштану саласына қосқан үлкен үлесі деуге болады. ХХ ғасыр басындағы қазақтың саяси элитасы ретінде халқымыздың саяси тәуелсіздігі үшін күрескен, ұлтымыздың мәдени-рухани деңгейін көтеруге күш салған, мол шығармашылық мұра қалдырған ұлт зиялыларының өнегесін, тәрбиелік мәні зор тағылымдарын дәріптеу – тек аталмыш саланы зерттеп жүрген ғалымдардың ғана емес, мемлекеттік қызметте жүрген мамандардың да және жалпы қоғамның да ісі.
Алаш пен Азаттық – егіз ұғым. Осынау Тәуелсіздік бізге – бүгінгі ұрпаққа оңайлықпен келе салған жоқ. Бұл жолда қазақтың нешелеген ұлдары бастарын қауіп-қатерге тігіп, ұлт-азаттық жолында құрбан болды. Қаншама арыстарымыз еркіндік үшін ұмтылып, басына небір зұлмат қауіп-қатерлерді өткерді. Азаттықтың ақ таңы – Алладан бабаларымыздың тілеп өткен тілеулері, арман-мұраттарының орындалуы, қайсар рухты қазақтың ғасырлар бойғы күрестерінің жемісі.
Тәуелсіздіктің бойтұмары, символына айналған Астана және Тәуелсіздік ұғымдары бір-бірін толықтырып тұратын ұғымға айналғанын бүгінгі Астана қаласында атқарылып жатқан істерден көруге болады. Астанада әр жылдарда қазақ халқының тәуелсіздігі мен тұтастығын сақтау үшін күрескен Керей-Жәнібек, Абылай хан, Бөгенбай батыр, Қабанбай батыр, Кенесары бастаған ұлы тұлғалар, батырлар, Бауыржан Момышұлы, Рахымжан Қошқарбайұлы бастаған Ұлы Отан соғысының батырлары, Ақтамберді жырау, Біржан сал, Абай, Мұхтар бастаған әдебиет пен өнер өкілдері, ғалымдар, Балуан Шолақ, Қажымұқан бастаған қазақтың спорт шеберлері, Смағұл Сәдуақас, Жұмабек Тәшенұлы бастаған белгілі тұлғалар, мемлекет және қоғам қайраткерлерінің атына, әлемдік тұлғалар, халықаралық атаулармен, әдеби кейіпкерлер, аналар, кәсіби, дәстүрлі, жер-су атауларымен аталатын даңғыл, көше, тасжол, қысқа көше, орамдар берілген. Астана қаласындағы Әлихан Бөкейхан бастаған Алаш қайраткерлерінің есімдерімен аталатын көшелер: Әлихан Бөкейхан, Ахмет Байтұрсынұлы, Мұхамеджан Тынышпаев, Мұстафа Шоқай, Міржақып Дулатов, Халел Досмұхаммедұлы, Жаhанша Досмұхаммедұлы, Ағайынды Бірімжановтар, Әлімхан Ермеков, Айдархан Тұрлыбаев, Уәлитхан Танашев, Смағұл Сәдуақас, Мағжан Жұмабайұлы, Жүсіпбек Аймауытұлы, Халел Ғаббас, Сұлтанбек Қожанұлы, Хайреддин Болғанбаев, Жаһанша Сейдалин, Қошке Кемеңгерұлы, Телжан Шонанұлы, Ғұмар Қараш, Жақып Ақбай, Сұлтанмахмұт Торайғырұлы, Аспандияр Кенжин, Мұхамеджан Сералин, Нәзір Төреқұлұлы, Шаймерден Қосшығұлұлы және Алаш тасжолы. Астанада жалпы қазіргі уақытта Алаш қайраткерлерінің есімімен аталатын 1 даңғыл, 26 көше және Алаш деп аталатын 1 тасжол бар.
Сөзіміз мен ісіміз дәлелді болу үшін осы көшелерге анықтамалық сипаттама берейік:
1. ӘЛИХАН БӨКЕЙХАН КӨШЕСІ
Әлихан Бөкейхан көшесі Астана қаласы мәслихатының шешімімен 1997 жылғы 7 қарашада берілген. Ол Ғ. Қараш көшесінен басталып, Абай даңғылында аяқталады. Ағыбай батыр, А. Иманов, Т. Рысқұлов, Кенесары көшелерін қиып өтеді. Ұзындығы – 846,3 м. Бұл көшеде Махамбет Өтемісұлы атындағы оқушылар сарайы, ОБСЕ орталығы, БҰҰ өкілдігі, «Абай» кітап үйі орналасқан. Әлихан Бөкейханның атына елорданың сол жағалауынан көше берілетіндіктен аталған көшеге қазіргі таңда Әзірбайжан Мәмбетовтің аты берілді.
Бөкейхан Әлихан Нұрмұхамедұлы (1866-1937) – көрнекті қоғам және мемлекет қайраткері, ұлт-азаттық және Алаш қозғалысының жетекшісі, Алашорда автономиялы үкіметінің төрағасы, публицист, ғалым, аудармашы. Әлихан Бөкейхан «Қазақ» газетін ұйымдастыруда және оның жалпы ұлттық деңгейге көтерілуіне зор еңбек сіңірді. Әлиханның жетекшілігімен 1917 жылы шілдеде 1-жалпықазақ сиезі өткізіліп, «Алаш» партиясы құрылды. 1917 жылғы желтоқсандағы сиезде «Ұлт Кеңесі» құрылып, оның аты «Алашорда» болып аталды. Бұл үкіметтің төрағасы болып Ә. Бөкейхан сайланды. Әлихан Бөкейхан – қазақ халқының тұрмыс-тіршілігін, мәдениетін, шаруашылығын, төрт түлік малын, жер-суын, әлеуметтік-экономикалық жағдайын жан-жақты зерттеген ғалымдардың бірі. Ол халықтың сана-сезімі мен ұлттық мәдениетін көтерудегі баспасөздің орасан зор маңызын бағалай білген.
2. МІРЖАҚЫП ДУЛАТОВ КӨШЕСІ
Міржақып Дулатов көшесі 1997 жылғы 7 қарашада берілген. С. Мұхамеджанов көшесінен басталып, Аспара көшесінде аяқталады. Ш. Жиенқұлова, Ақан сері, Жалын көшелерімен қиылысады. Ұзындығы – 3721,7 м.
Міржақып Дулатов (1885-1935) – қазақтың аса көрнекті ағартушысы, Алаш қозғалысының қайраткері, қазақ ақыны, жазушы, драматург, публицист, ағартушы-педагог, көсемсөз шебері. ХХ ғасыр басындағы қазақ мәдениеті мен әдебиетінің ірі өкілі. Қазақтың тұңғыш романы – «Бақытсыз Жамал» (1910) және «Азамат» (1913), «Терме» (1915) кітаптарының авторы.
3. МҰХАМЕДЖАН ТЫНЫШБАЕВ КӨШЕСІ
Мұхамеджан Тынышбаев 1997 жылғы 7 қарашада берілген. Қарасай батыр көшесінен басталып, Ы. Алтынсарин көшесінде аяқталады. Ақбұғы, Біржан сал көшелерімен қиылысады. Ұзындығы – 727,6 м.
Мұхамеджан Тынышбаев (1879-1937) – Алаштың ірі қоғам және мемлекет қайраткері, тарихшы, ағартушы, тұңғыш теміржол инженері, ІІ Мемлекеттік Думаның депутаты, Қоқан автономиясының басшысы, Алашорда үкіметінің мүшесі. Алаш партиясын құруға тікелей араласып, 1917 жылғы желтоқсанда жарияланған Алаш автономиясы үкіметінің 15 мүшесінің бірі болған. «Алаш автономиясы аумағындағы уақытша жер пайдалану туралы Ереженің» жобасын қабылдауға қатысқан.
4. СҰЛТАНМАХМҰТ ТОРАЙҒЫРОВ КӨШЕСІ
Сұлтанмахмұт Торайғыров көшесі 1997 жылғы 7 қарашада берілген. Ол Кенесары көшесінен Отырар көшесіне дейін және Ж. Омаров көшесінен басталып, Бөгенбай батыр даңғылына дейін созылып жатыр. С. Сейфуллин, Қарағанды, Ә. Жангелдин, И. Панфилов көшелерін қиып өтеді. Ұзындығы – 1704,5 м.
Торайғыров Сұлтанмахмұт (1893-1920) – ақын, ағартушы, Алаш партиясының Семей облыстық комитетінің мүшесі. 1917 жылы Ақпан айындағы төңкерістен кейін Семейде жаңа құрылған Алаш партиясы, Алашорда үкіметінің жұмыстарына қатысқан. «Алаш ұраны» өлеңін жариялап, «Алаш туы астында, Күн сөнгенше сөнбейміз...» деп Алаш идеясын жырлаған. «Әлиханның Семейге келуі» мақаласында Алаш көсемінің тарихи қызметін бағалады. Бірнеше өлең, очерк, роман, әңгімелер жазған.
5. ҚОШКЕ КЕМЕҢГЕРҰЛЫ КӨШЕСІ
Қошке Кемеңгерұлы көшесі 1999 жылғы 1 шілдеде берілген. Ақбидай көшесінен басталып, Өзен көшесінде аяқталады. Ақсу-Жабағалы, Ынтымақ көшелерімен қиылысады. Ұзындығы – 2207,2 м.
Қошке Кемеңгерұлы (1896-1937) – Алаш қайраткері, ғалым, драматург, жазушы, журналист. Омбыда құрылған қазақ жастарының ұйымы «Бірлікке» мүше болған. 1916-1918 жылдары «Балапан» қолжазба журналының редакторы болды. Прозадағы алғашқы туындыларының бірі – «Тұтқаның ойы» әңгімесі. Қ. Кемеңгердің «Жетім қыз», «Дүрия», «Назиқа» әңгімелері, «Алтын сақина», «Бостандық жемісі» т.б. драмалық туындылары бар.
6. АЛАШ ТАСЖОЛЫ
Алаш тасжолы 2007 жылғы 12 желтоқсанда берілген. Ш. Жиенқұлова көшесінен басталып, Ақжол, Жолымбет көшелерімен қиылысады. Ұзындығы – 14717,3 м. Бұл тасжолда Алаш сауда үйі, Орталық базар, Көк базар орналасқан.
Алаш қозғалысы – ХХ ғасыр басындағы қазақ жерінің барлық өңірін қамтыған ұлт-азаттық қозғалыс. 1905 жылғы 26 маусымдағы «Қарқаралы құзырхаты» деп аталып Қоянды жәрмеңкесінде Ресей патша үкіметінің министрлер кабинетіне сөз бостандығы мен ана тілінде оқу т.б. мәселелерді көтерген 12.767 қазақ азаматы қол қойған құжат осы қозғалыстың бастауы болып табылады. Алаш қозғалысының басты мақсаты – қазақ елінің өзін-өзі басқару, яғни ұлттық мүддесін қорғай алатын мемлекеттік жүйе құру, қазақ жерлеріне ішкі Ресейден қоныс аударуға шек қою, әлемдік озық тәжірибені пайдалана отырып, дәстүрлі мал шаруашылығын өркендету, егіншілік пен өнеркәсіптің дамуын қамтамасыз ету, рыноктық қатынастарға жол ашу, ұлттық мәдениетті өркендету, оқу жүйесінің, тілдің дамуына қажет шарттар түзу болды. Алаш ұлт-азаттық қозғалысы 1917 жылдың ақпан және желтоқсан аралығында өзінің шарықтау шегіне жетті. 1917 жылы Алаш партиясының құрылуы мен Алашорда үкіметінің құрылуы бұл қозғалыстың нәтижесі болды.
7. МҰСТАФА ШОҚАЙ КӨШЕСІ
Мұстафа Шоқай көшесі 2007 жылғы 12 желтоқсанда берілген. «Промышленный» тұрғын алабы. Көкжелек көшесінен басталады.Ұзындығы – 1108,8 м.
Мұстафа Шоқай (1886-1941) – көрнекті қоғам және мемлекет қайраткері, түрік халқының даңқты күрескері, отаршылдықтың озбыр саясатына қарсы жүргізілген қоғамдық қозғалыс көсемдерінің бірі, Алашорда үкіметінің мүшесі. Түркістан халықтары арасында тарихта тұңғыш рет демократиялық Еуропаның ортасында түркістандық саяси эмиграциялық қызметтің негізін қалаушы.
8. ҒҰМАР ҚАРАШ КӨШЕСІ
Ғұмар Қараш көшесі 2007 жылғы 12 желтоқсанда берілген. Ә. Бөкейхан көшесінен басталып, Асанқайғы көшесінде аяқталады. Ұзындығы – 1155,1 м.
Ғұмар Қараш (1875-1921) − Алаш қозғалысының көрнекті қайраткері, діндар-ақын. 1911-1913 жылдары алғаш Ордада, кейін Оралда басылған «Қазақстан» газетін шығарысуға, оның саяси-мәдени әлеуетін көтеруге атсалысты. Осы кезеңде қазақтың саяси көзін ашатын, рухани байытатын «Ойға келген пікірлерім», «Бала тұлпар», «Аға тұлпар», «Қарлығаш», «Өрнек», «Тумыш», «Бәдел қажы» атты философиялық кітаптары жарық көрген.
9. ЖАҺАНША ДОСМҰХАМЕДҰЛЫ КӨШЕСІ
Жаһанша Досмұхамедұлы көшесі 2007 жылғы 12 желтоқсанда берілген. Ақжол көшесінен басталып, Жетіген көшесімен қиялысады. Ұзындығы – 1501 м.
Жаһанша Досмұхамедұлы (1889-1932) – Алаш қозғалысының қайраткері, Батыс Алашорда жетекшілерінің бірі, заңгер. Ресейдегі Ақпан төңкерісінен кейін болған қоғамдық-саяси өзгерістер кезінде облыстық қазақ комитетінің төрағасы болды. 1917 жылы мамырда Мәскеуде өткен Бүкілресейлік мұсылмандар сиезіне қатысып, Бүкілресейлік мұсылмандар кеңесі төрағасының орынбасары болып сайланды.
10. ХАЛЕЛ ДОСМҰХАМЕДҰЛЫ КӨШЕСІ
Халел Досмұхамедұлы көшесі 2007 жылғы 12 желтоқсанда берілген. «Шұбар» тұрғын алабы. Атасу көшесінен басталып, Сарайшық көшесінде аяқталады. Р. Қошқарбаев, Ә. Ермеков, Қарашаш көшелерімен қиылысады. Ұзындығы – 1089,8 м.
Халел Досмұхамедұлы (1894-1939) Алаштың көрнекті қайраткері, Батыс Алашорданың төрағасы, дәрігер, ұстаз, ғалым. 1917 жылы Ресейдегі Ақпан төңкерісінен кейін қазақ даласында жалпықазақ сиездерін ұйымдастырып, оны өткізуге атсалысты. 1917 жылы желтоқсанда Екінші жалпықазақ сиезінде жарияланған Алашорда үкіметінің – Ұлт Кеңесі құрамына сайланды. Алаш қайраткерлерімен бірге бірінші кезекте халықты бүліншіліктен қорғайтын ұлттық әскер – халық милициясын жасақтауға, Алаш қорын құру ісіне күш салды. «Мұрат ақын сөзі», «Исатай – Махамбет», «Аламан» жинақтарын шығарды.
11. ЖҮСІПБЕК АЙМАУЫТҰЛЫ КӨШЕСІ
Жүсіпбек Аймауыұлы көшесі 2007 жылғы 12 желтоқсанда берілген. С. Сейфуллин көшесінен басталып, Ы. Дүкенұлы көшесінен аяқталады. Ә. Жангелдин көшесімен Бөгенбай батыр даңғылын қиып өтеді. Ұзындығы – 1100,9 м.
Жүсіпбек Аймауытұлы (1889-1931) – Алаштың көрнекті қайраткері әрі жазушысы, драматург, аудармашы, зерттеуші, публицист. Қазақ көркем прозасының, драматургиясының, ұлттық психология, педагогика ғылымдарының негізін салушылардың бірі. 1917-1919 жылдары Алаш қозғалысының өрістеген шағында жазушы саяси іс-шаралардың ортасында жүреді. Алашорданың үні болған «Қазақ», «Сарыарқа» газеттері мен «Абай» журналына ұлтты азаттыққа үндейтін, намысын оятатын мақала, өлең жариялап тұрған. «Қартқожа», «Ақбілек» романдары мен «Күнікейдің жазығы» повесі, «Шернияз», «Ел қорғаны», «Мансапқорлар» пьесаларының, «Психология», «Жан жүйесі және өнер таңдау» еңбектерінің авторы.
12. МАҒЖАН ЖҰМАБАЕВ ДАҢҒЫЛЫ
Мағжан Жұмабаев даңғылы 2007 жылғы 12 желтоқсанда берілген. Абылай хан даңғылынан басталып, Б. Момышұлы, Р. Қошқарбаев даңғылдарын, Қажымұқан, М. Төлебаев көшелерін қиып өтеді. Ұзындығы – 3197 м. Бұл даңғылда Еуразия гуманитарлық институты, Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің «Студенттер үйі» орналасқан.
Мағжан Жұмабаев (1893-1938) – Алаш қозғалысының белгілі қайраткері, ұлт ақыны, қазақ әдебиетінің аса көрнекті өкілі. 1912 жылы Қазанда ақынның «Шолпан» атты тұңғыш өлеңдер жинағы басылып шығады. М. Жұмабаев тұңғыш өлеңінен бастап әлеуметтік тақырыпқа ден қойып, ағартушылық, ұлт-азаттық, демократияшыл бағытты ұстанды. Ол Абай поэзиясының өшпес маңызын бірден танып, оны «хакім» деп атады. М. Жұмабаев «Қазағым», «Мен жастарға сенемін», «Қазақ тілі», «Түркістан» т.б. өлеңдердің және «Батыр Баян», «Қойлыбайдың қобызы» атты поэмалардың авторы.
13. ӘЛІМХАН ЕРМЕКОВ КӨШЕСІ
Әлімхан Ермеков көшесі 2007 жылғы 12 желтоқсанда берілген. Темірқазық, Н. Оңдасынов, Алпамыс батыр көшелерін қиып өтіп, Қарасақал Ерімбет көшесінде аяқталады. Ұзындығы – 899,5 м.
Әлімхан Ермеков (1891-1970) – қоғам қайраткері, «Алаш» партиясы мен Алашорда қозғалысы жетекшілерінің бірі, математик, ұстаз, ғалым. Қазақ жерлерін Қазақ АКСР-і шеңберінде топтастыруда ерекше рөл атқарған. Ол қазақ зиялыларының қатарынан тұңғыш рет математика саласынан профессор атағына ие болған.
14. СҰЛТАНБЕК ҚОЖАНҰЛЫ КӨШЕСІ
Сұлтанбек Қожанұлы көшесі 2007 жылғы 12 желтоқсанда берілген. Қабанбай батыр даңғылынан басталып, Лесной көшесімен қиылысады. Ұзындығы – 1437,6 м.
Сұлтанбек Қожанұлы (1894-1938) – белгілі мемлекет және қоғам қайраткері, ұстаз, ғалым, публицист. 1917 жылы көктемде Ташкентте М. Шоқай, Қ. Қожықов, Қ. Болғанбаев, С. Ақаевпен бірге «Бірлік туы» газетін шығарды. Мектепке арналған «Есептану құралы» оқулығы мен «Түркістанның Кеңестік Автономиясының он жылдығына» атты кітаптары шықты. 1923 жылы Мағжанның өлең кітабына алғысөз жазып жариялады. «Нені айтайын?», «Кім жауапкер?», «Көреміз!» т.б. өлеңдері мен аудармалары бар.
15. ТЕЛЖАН ШОНАНҰЛЫ КӨШЕСІ
Телжан Шонанұлы көшесі 2007 жылғы 12 желтоқсанда берілген. Ташкент көшесінде аяқталады. Ұзындығы – 1346,7 м.
Телжан Шонанұлы (1894-1938) – көрнекті Алаш қайраткері, тіл білімі саласын ұйымдастырушы, ағартушы, педагог, аудармашы, тілші ғалым. Т. Шонанұлы ұлттық автономия жолында күрес жүргізген Алаш қайраткерлерінің қатарында болды. 1917 жылы 5-13 желтоқсанда Орынборда өткен екінші жалпықазақ сиезінде Алашорда үкіметі жанынан құрылған оқу комиссиясының құрамына енгізілді. Ол 1923-37 жылдар аралығында 32 оқулық, кітап, 72 мақала жазған.
16. НӘЗІР ТӨРЕҚҰЛҰЛЫ КӨШЕСІ
Нәзір Төреқұлұлы көшесі 2007 жылғы 12 желтоқсанда берілген. Ж. Жабаев көшесінен басталады. Ұзындығы – 933,6 м.
Нәзір Төреқұлұлы (1892-1937) – көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері, ірі тарихи тұлғалардың бірі, Алаш қозғаласының қайраткері. Жергілікті ұлт өкілдерінің алғашқыларының қатарында Түркістан компартиясы Орталық Комитетінің бірінші хатшылығына сайланған. Түркістан Орталық Атқару комитетін (ЦИК), Оқу-ағарту халық комиссариатын басқарды. Ташкенттегі тұңғыш жоғарғы оқу орнын ашуда басты тұлғалардың бірі болды. 1922-1926 жылдары КСРО халықтарының Орталық баспасын басқарды, ғылыми-педагогикалық жұмысқа араласқан. 1928 жылы (36 жасында) Һижаз Неж (Сауд Арабиясы), әрі қосылған аймақтардағы КСРО-ның өкілетті уәкілі болып тағайындалды. КСРО-ның тұңғыш қазақ елшісі болған.
17. ЖАҚЫП АҚПАЕВ КӨШЕСІ
Жақып Ақпаев көшесі 2009 жылғы 21 желтоқсанда берілген. Ұзындығы – 1006,5 м.
Жақып Ақпаев (1876-1934) – Алаш қозғалысын ұйымдастырушылардың бірі, Алашорда үкіметінің мүшесі. ХХ ғасырдың басындағы ең ықпалды қазақ зиялыларының бірі. Қарқаралы уезді қазақ комитеті оның құрметіне «Жақып медресесін» ашқан. Қазақ халқының құқығы мен бостандығы үшін күрескен ірі қайраткер.
18. ЖАҺАНША СЕЙДАЛИН КӨШЕСІ
Жаһанша Сейдалин көшесі 2009 жылғы 21 желтоқсанда берілген. Дәулеткерей көшесімен қиылысып, Н. Тілендиев көшесінде аяқталады. Ұзындығы – 982,1 м.
Жаһанша Сейдалин (1877-1923) – қоғам қайраткері. ХХ ғасырдың басында жалпықазақ съезін шақыруды алғаш көтерген тұлға.
19. ХАЙРЕТДИН БОЛҒАНБАЕВ КӨШЕСІ
Хайретдин Болғанбаев көшесі 2009 жылғы 21 желтоқсанда берілген. Егінді, Көкжиде, Ашутас орамдарымен қиылысады. Ұзындығы – 885,4 м.
Хайретдин Болғанбаев (1893-1937) – Алаш қозғалысының қайраткері, көсемсөзші. Бірінші және Екінші жалпықазақ сиездеріне қатысқан. Түркістан автономиясын құруға атсалысқан. Ақмолада Алаш комитетін құруда белсенділік танытқан. 1917-1918 жылдары Мұстафа Шоқай, Сұлтанбек Қожановпен бірлесіп, «Бірлік туы» газетін жарыққа шығарды. Ұлт тағдыры және руханият мәселелеріне арналған бірқатар еңбектері бар.
20. ХАЛЕЛ ҒАББАСОВ КӨШЕСІ
Халел Ғаббасов көшесі 2009 жылғы 21 желтоқсанда берілген. Сарыарқа ауданында орналасқан. Ұзындығы – 1039,7 м.
Халел Ғаббасов (1888-1931) – Алаш қозғалысының қайраткері. Бірінші жалпықазақ сиезінде Бүкілресейлік құрылтайға ұсынылған. 1917 жылдың қазанынан Семей облыстық Алаш партиясы комитетінің төрағасы болды. Екінші жалпықазақ сиезінде Алаш милициясын құру туралы баяндама жасаған. Алашорда үкіметінің мүшелігіне сайланған.
21. СМАҒҰЛ СӘДУАҚАСОВ КӨШЕСІ
Смағұл Сәдуақасов көшесі 2009 жылғы 21 желтоқсанда берілген. Мұрын жырау, Жасыбай көшелерімен қиылысып, Үмбетей жырау көшесінде аяқталады. Ұзындығы – 1249,1 м.
Смағұл Сәдуақасов (1900-1933) – қоғам және мемлекет қайраткері, жазушы, сыншы, Алаш қозғалысына қатысушы. Саяси күреске 1916 жылы араласып, «Бірлік», «Жас азамат» ұйымдарында қайраткерлік шыңдалудан өтеді. 1917-1918 жылдары Ақмола облысында Алаш комитетін құруға атсалысады. Қазақ мемлекеттік баспасының 5 кісіден тұратын редакциялық алқасының құрамына кірген (А.Байтұрсынұлы, Ә. Бөкейхан, Х. Болғанбай, Ж. Аймауытұлы сынды тұлғалармен бірге). Қайраткер 20-жылдары Қазақ жерінің тұтастығына қатысты жұмыстарға белсенді қатысты. Қайраткердің саясаттағы елеулі белесі - Кремль функционері Ф. Голощекинмен ашық күресі. Смағұл Сәдуақасовтың «Күміс қоңырау», «Күлпәш», «Салмақбай, Сағындық» т.б. шығармалары бар.
22. АЙДАРХАН ТҰРЛЫБАЕВ КӨШЕСІ
Айдархан Тұрлыбаев көшесі 2009 жылғы 21 желтоқсанда берілген. Қарақожа орамынан басталып, Ж. Сейдалин көшесінде аяқталады. Ұзындығы – 933,5 м.
Айдархан Тұрлыбаев – Алаш қозғалысының көрнекті қайраткері. Бірінші, Екінші жалпықазақ сиездерін және атты әскер полкін ұйымдастырушылардың бірі. Ақмола облыстық «Алаш» комитетінің төрағасы. Алашорда үкіметі Ұлт кеңесінің мүшесі.
23. УӘЛИТХАН ТАНАШЕВ КӨШЕСІ
Уәлитхан Танашев көшесі 2009 жылғы 21 желтоқсанда берілген. Малайсары батыр көшесінен басталып, Мәди, Әбілхан Қастеев көшелерін қиып, Үмбетей жырау көшесінде аяқталады. Ұзындығы – 1095, 0 м.
Уәлитхан Танашев (1887-1968) – Алаш қозғалысының қайраткері, Алашорда үкіметінің мүшесі. 1917 жылы Торғай облысы қазақтарының сиезінде төралқа төрағасының орынбасары, Оралда өткен Бөкей қазақтарының сиезінде төралқа төрағалығына сайланған. 1917 жылы 5-13 желтоқсан аралығында Орынборда өткен Екінші жалпықазақ сиезінде Алашорда үкіметінің министрі болып бекітілді. Батыс Алашорда жетекшілерінің бірі.
24. БІРІМЖАНОВТАР КӨШЕСІ
Бірімжановтар көшесі 2009 жылғы 21 желтоқсанда берілген. Қордай көшесінен басталып, Сүтбұлақ орамын қиып өтеді. Ұзындығы – 673,9 м.
Бірімжанов Ахмет Қорғанбекұлы (1871-1927) – Алаш қозғалысының қайраткері. Алашорда үкіметінің мүшесі.
Бірімжанов Ғазымбек Қорғанбекұлы (1896-1938) – Алаш қозғалысының қайраткері. «Алаш» партиясының бағдарламасын жасаушылардың бірі.
25. МҰХАМЕДЖАН СЕРАЛИН КӨШЕСІ
Мұхамеджан Сералин көшесі 2009 жылғы 21 желтоқсанда берілген. Ашутас, Майлыкент, Жылыбұлақ орамдарымен қиылысады. Ұзындығы – 4495,4 м.
Мұхамеджан Сералин (1872-1929) – көрнекті ақын, жазушы, көсемсөзші. Қазақтың тұңғыш журналы «Айқаптың» редакторы. Бұл журнал қазақ жазба әдебиетінің және ұлттық баспасөздің қалыптасуына айрықша ықпал етті. Шығармалары: «Топжарған», «Гүлхашима» поэмалары. «Ұшқын», «Ауыл» газеттерінің бас редакторы болған.
26. АХМЕТ БАЙТҰРСЫНҰЛЫ КӨШЕСІ
Ахмет Байтұрсынұлы көшесі 2010 жылғы 28 мамырда берілген. Р. Қошқарбаев даңғылынан басталып, Тәуелсіздік даңғылын қиып өтеді. Ұзындығы – 7200 м. Бұл көшеде Бейбітшілік және келісім сарайы, «Шабыт» концерт залы, «Хайвилл» тұрғын үй кешені орналасқан.
Ахмет Байтұрсынұлы (1873-1938) – Алаштың аса көрнекті қайраткері, ХХ ғасырдың басындағы ұлт-азаттық қозғалысы жетекшілерінің бірі, ақын, публицист, қоғам және ұлт-азаттық қозғалысының жетекшілерінің бірі, қазақ тіл білімі мен әдебиеттану ғылымының негізін салушы ғалым, ұлттық жазудың реформаторы, ағартушы.
Ахмет Байтұрсынұлы 1913-1918 жылдары Ә. Бөкейханмен, М. Дулатовпен бірігіп, тұңғыш жалпы ұлттық «Қазақ» газетін шығарып тұрды. 1917 жылы «Қазақ» газеті арқылы халыққа саяси теориялық бағыт-бағдар беріп отырды. Алашорда үкіметі құрамын бекіткен Екінші жалпықазақ сиезі Оқу-ағарту комиссиясын құрып, оның төрағасы етіп, Ахмет Байтұрсынұлын бекіткен. Ахмет Байтұрсынұлы «Қырық мысал», «Маса», «Әдебиет танытқыш» секілді жинақтарын жарыққа шығарды. Ахмет Байтұрсынұлының ақын аудармашы, ғалым-тілші, әдебиеттанушы ретіндегі ұлан-ғайыр еңбегі зор бағаға ие болды.
27. АСПАНДИЯР КЕНЖИН КӨШЕСІ
Аспандияр Кенжин көшесі 2015 жылғы 24 ақпанда берілген. «Сарыарқа» ауданы. Болашақ көшесінен басталып, Кербезқыз, Жаңақоныс, Сүйінбай ақын көшелерімен қиылысып, Н. Тілендиев даңғылында аяқталады. Ұзындығы – 974 м.
Аспандияр Кенжин (1887-1938) – қоғам қайраткері, «Алаш» партиясының, Батыс Алаш-Орданың белсенді мүшелерінің бірі. «Қазақ» газетінің шығу мерзімділігін жиілету ісіне күш салып, «Азамат» серіктестігіне мүшелер тартты. «Қазақ» газетінің авторы. Мақалалары: «Қазақтың» шығуын жиілеу», «Жұмысшылар жайынан», «Жиһанша хатына жауап». ІІ-Жалпықазақ сиезінде Алаш-Орда үкіметіне, яғни Алаш автономиясының Уақытша Ұлт Кеңесі мүшесінің орынбасарлығына сайланды. 1918 жылы қарашадан бастап Алаш-Орданың Торғай бөлімшесіне келіп, Орскіде орналасқан Алаш-Орда Әскери кеңесіне мүше болды, Торғай бөлімшесі әскеріне жігіт жинау жөніндегі комиссияға төрағалық етті.
28. ШАЙМЕРДЕН ҚОСШЫҒҰЛҰЛЫ КӨШЕСІ
Қосшығұлұлы Шаймерден көшесі 2015 жылғы 24 ақпанда берілген. К. Күмісбеков көшесінен басталып, Жамбыл көшесімен қиылысады. Ұзындығы – 1093 м.
Қосшығұлұлы Шаймерден (1874-1932) – Алаш қозғалысының көрнекті қайраткері, діндар. Қайраткер өз қаржысымен татардың «Улфат» (Бірлесу) газетіне қосымша ретінде «Серке» газетін шығарған. Діндар 1917-1919 жылдардағы Алаш қозғалысына қатысқан. 1918 жылы Қызылжар өңірі Бәйімбет болысында Алаш комитеті құрылғанда оның төрағасы болып сайланған.
Міне, анықтамалық сипаттамаға қарап-ақ, елордада Алаш алыптары барынша ұлықталып жатқанын, Астана қаласындағы ономастика саласының күн тәртібіндегі Алаш мәселесінің тиімді шешіліп келе жатқанын аңғаруға болады. Бұл Қазақстан елордасының Астанаға көшірілген 20 жылы ішінде іске асырылды. Астанада Алаш қайраткерлерінің есіміне көше беру мәселесі айтарлықтай тиімді жүргізіліп жатқанын жоғарыдағы дәлелді ақпараттардан аңғаруға болады.
Ұлы істердің басында тұрған ұлт перзенттері, соның ішінде, Алаш ардақтылары барынша ұлықталып, насихатталып, тарихи биік бағасын, құрметін алуы тиіс. Астана ономастикасындағы Алаш тақырыбы мүмкіндігінше шешіліп жатыр. Алайда, атқарылар іс те аз емес. Бас қаламыздың төріне ұлт азаттығы жолында жанын, барын құрбан еткен Алаш алыптарына ескерткіш, мемориалдар орнатылса, Алаш аллеясы ашылса, оқу орындары мен мектептерге ұлылардың есімдері берілсе тарихи тұлғалар толық ұлықталар еді. Бұл – шешімін табуды талап ететін аса маңызды сұрақ деп есептеймін. Ұлтымыздың, еліміздің, жеріміздің азаттығы жолында ұлы істер атқарған ұлыларды білмей, оқымай, олардың мұралары мен мұраттарын санасына сіңірмей өскен ұрпақ азаттықтың бағасын, құнын ешқашан түсіне алмайды, егемен елге қалтқысыз қызмет қыла алмайды.
Бүгінгі күні ел өңірлерінде және Астана қаласында Алаш идеясы, Алаш мұрасы және Алаш тағылымын насихаттау мақсатында кітаптар, оқу құралдары және басқа да баспа өнімдері шығарылуда. Сан түрлі бағыттарда іс-шаралар ұйымдастырылуда. Елорда ауқымды деңгейде өткізілген іс-шараларға, атқарылған жұмыстарға тоқтала кетсек:
- 2007 жылғы 7 қарашада Алаш қозғалысының 90 жылдығына орай «Алаш және Әуезов» атты халықаралық конференция өткізілген. Оған Германияның Мюнхен қаласынан Қазақстанның азаттық алуына шын тілеуқор болған Алаштың асыл тұяғы, ХХ ғасырдың алпысыншы жылдардан бастап ширек ғасырдан астам дүниежүзі қазақтарына «Азаттық» радиосы арқылы Алаштың арманын жеткізген ұлтшыл қайраткер, Алаш рухты Хасан Оралтай, мемлекет және қоғам қайраткерлері, саяси өкілдер, депутаттар, ел зиялылары, еліміздің көрнекті алаштанушы-ғалымдары, тіл жанашырлары шетелдік алаштанушылар, ғалымдар, қонақтар тағы да басқа да танымал қайраткерлер мен қаламгерлер қатысқан.
- 2007 жылғы 8 қарашада елорданың 10 жылдығы мен Алаш қозғалысының 90 жылдық мерейтойына орай «Әлем қазақтарының рухани сұхбаты: тіл, мәдениет және Алаш мұраты» атты халықаралық конференция ұйымдастырылған, оған дүниежүзінің қазақтары қатысқан;
- 2007 жылы «Алаш ақиқаты» қойылымы ұйымдастырылып, Қаллеки театрында және елорда университеттерінде жаппай көрсетілген;
- 2012 жылы қазақ әліпбиінің, қазақ тіл ғылымының, түркі тілтану ғылымының, әдебиеттанудың атасы, ұлы қайраткер, ұлт ұстазыАхмет Байтұрсынұлының 140 жылдығына арналған «Ахмет Байтұрсынұлы: қайраткер аманаты және ұлт мұраты» республикалық ғылыми-теориялық конференциясын өткізді. Конференцияда Ахаңның сан қырлы қайраткерлік және шығармашылық қырларымен бірге оның туған жылын нақтылауға байланысты ғылыми деректер айтылды. Соның нәтижесінде, қайраткердің туған күнін 1873 жылдың 28 қаңтары емес, оның өзі жазғанындай, 1872 жылдың 5 қыркүйегі деп нақтылау жөнінде ұсыныс конференцияға қатысушылардың бірауыздан қолдауымен Білім және ғылым, Мәдениет және ақпарат министрліктеріне ұсыныс жолданып, оқу бағдарламасы мен кітаптардан түзетілді.
Әр жылдарда «Алаш тағылымы және тәуелсіздік мұраттары», «Азаттық туы желбіреп...», «Азаттыққа жеттік біз», «Елдік бастауы», «Алаш рухы және Елбасы мұраты», «Алаш ардақтылары», «Алаштың Астанасы», «Ұлт арқауы» т.б. атаулармен көптеген тарихи-тағылымды, әдеби-сазды, мәдени-патриоттық және Алаш қайраткерлерінің мерейтойларына бағытталған түрлі іс-шаралар, Алаш қайраткерлеріне берілген көшенің мерекелері ұйымдастырылған. Осы орайда, екінші жалпықазақ сиезі өткізіліп, Алашорда үкіметі құрылып, Алаш автономиясы жарияланған және Алашорданың төрағасы болып Әлихан Бөкейхан сайланған, Алаш Орда үкіметі жарияланған, күллі Алаш жұрты үшін тарихи күндер – 12, 13 желтоқсан – «Алаш күні» деп мемлекеттік деңгейде бекітіліп, жыл сайын осы күндерде маңызды шаралар өткізілсе деген тілек бар.
Алдағы уақытта кезек күттірмейтін өзекті мәселелер де жетерлік.
- Астананың негізгі нысандарына Алаш және Әлихан Бөкейхан атаулары берілуі тиіс;
- Астананың сол жағалауынан Алаш қайраткерлеріне арналған «Алаш» саябағы, алаңы ашылу қажет;
- Астанада «Алаш қозғалысы» атты және Әлихан Бөкейхан бастаған бірқатар ұлт қайраткерлеріне ескерткіштер орнатылу керек;
- Астанадағы оқу орындары мен мектептерге Алаш қайраткерлерінің есімдері берілуі тиіс;
- Астанада Алаштың 100 жылдығына орай жан-жақты түрлі шаралар ұйымдастырылу керек;
- ХХ ғасыр басындағы ұлттық жаңару мен жаңғыруға өзіндік үлес қосқан Барлыбек Сыртанұлы, Елеусін Бұйраұлы (Бұйрин), Мұстақым Малдыбай, Ғабдолғазиз Мұсағали, Нығман Манайұлы, сонымен қатар қазақтың алғашқы ақжүректі ұлттық меценаттары Ахмет Ишан Оразайұлы, Маман әулеті, Қаражан Үкібай, Ике Әділ және тағы өзге де тұлғалардың есімдері ұлықтауды қажет етеді.
Ұлт көсемі, Алаш Орда жетекшісі Әлихан Бөкейхан: «Біздің іздегеніміз –Алаштың аты бәйгеден келгені. Тірі болсақ, алдымыз үлкен той. Алаштың баласы бұл жолы болмаса, жақын арада өз тізгіні өзінде бөлек мемлекет болар» дегендей, бүгінгі күні Алаштың аты бәйгеден келіп, Алаш баласы өз тізгінін алғанына 25 жылдан да міне асып барады, осы ұлттық мұрат, ұлттық идея, ұлттық мақсаттың бастауында тұрған Алаш Орда автономиялы үкіметінің құрылғанына биыл 100 жыл, Алаш көсемі Әлихан Бөкейханның атылғанына 80 жыл. Сондықтан тарихты тарих жалғап, ұлы істер жалғаса берген абзал. Биылғы жылы да ел болып атқарар іс аз емес. Ортақ істе жұмылайық ағайын!
Ержан Еңсебай, Астана қаласы Тілдерді дамыту басқармасының бөлім басшысы
Abai.kz