Ибадулла Үмбетаев: Оӊтүстікте өндiрiлген мақтаны экспорттаса 2 млрд. доллар табыс табу мүмкіндігі бар
Мақта шикiзаты екiншi валюталық дақыл болғандықтан, Үкiмет қаулысымен бидай сияқты стратегиялық дақылдар қатарына енсе жөн болар еді, дейді Қазақ мақта шаруашылығы ғылыми-зерттеу институтыныӊ бас директоры, Қазақстанныӊ еӊбек сiӊiрген қайраткерi, ҚР Ұлттық ғылым академиясыныӊ корреспондент-мүшесi Ибадулла Үмбетаев.
Ғалым өзініӊ жергілікті БАҚ-та жариялаған "Ақ алтын" - елiмiзге "бақ алтын" бола ала ма?" деген мақаласында елімізде мақта шаруашылығын дамыту жайлы ой толғайды. Осы мақаланы назарларыӊызға ұсынамыз:
"Елiмiздiӊ оӊтүстiгiнде суармалы егiншiлiк ертеден қолға алынып, соныӊ iшiнде мақта шаруашылығы өӊiрдiӊ бiр миллионға жуық халқыныӊ бiрден-бiр күнкөрiс көзi болып келедi. Мақта - техникалық дақыл ретiнде қоршаған ортаға, ауа райына, топырақтыӊ құнарлылығына, әсiресе күн көзi мен ағын суға талғамы жоғары дақыл.
Өсiрiп баптау - вегетация кезеӊiнде мақта талабына сай агротехникалық iс-шаралар өз уақытында және сапалы жүргiзiлсе, өнiмдiлiктi әр гектардан 40-50 центнерге дейiн жеткiзуге болады.
Мақта талшығы осы өсiмдiктiӊ беретiн негiзгi шикiзаты болып табылады. Шиттi мақтада 30-38% талшық, 50-56% шит болады, ал, шитте 18-22% мақта майы бар. Одан 20-дан астам түрлi дайын бұйымдар шығаруға болады.
Шиттi мақта - халық шаруашылығыныӊ тоқыма өнеркәсiбi, май өӊдеу, гидролиз, химия және басқа да салалары үшiн қажеттi шикiзат.
Шиттi мақтадан және қозаныӊ вегетациялық өсiп-жетiлу барысындағы бөлiгiнен мынадай заттар жасап шығарылады: мақта-мата кездемелерi, жiптер, жасанды жiбек және терi, корд, былғары, фетр, парашют жасалатын кездемелер, тазартылған май, сабын, лак, күнжара, мал азығы, балық аулайтын аулар мен арқандар, тыӊайтқыштар мен өсiмдiктi қорғау дәрi-дәрмектерi, спирт, тағамдық белок, химиялық заттар. 1 келi мақта талшығынан 5 метр ақжаймалық материал, 12 метр шыт немесе 20 метр бәтес, 1 келi шиттен 180-200 грамм май, 450 грамм күнжара, 360 грамм шит қабығы алынады. Ал, шиттен пластмасса, кино және фото пленкалары, линолеум, лак жасалады. 1 тонна шит қабығы 85 литр спирт, 300 келi құрылыс тақталарын, 28 келi көмiр қышқылын, 20 келi сiрке қышқылын бередi. Мақтаныӊ қозапаясынан эпоксид араластырып, ыстық тәсiлмен сығымдау арқылы тақта материалдарын (ДСП) алуға болады. Оларды құрылысқа және үй жиүаздарын жасауға пайдаланады.
Әлемде жүзге жуық мемлекет мақта өсiредi, олар негiзiнен субтропикалық және тропикалық климаттық белдеуде орналасқан. Қазақстан Республикасы мақта өндiруде жер шарындағы солтүстiк нүктеде орналасқан. Сондықтан бiздiӊ елiмiздегi мақта шаруашылығында бiрқатар ерекшелiктер бар. Атап айтар болсақ, кейбiр жылдары мақта пiсiп үлгеру үшiн күн көзiнiӊ жылуы жетiспейдi, сондықтан мақтаны дефолианттар жәрдемiмен жетiлдiруге тура келедi. Өӊiрде орта талшықты мақтаны өсiрiп баптауды үйренген фермерлер жоғары сапалы өнiм өндiредi.
Бұл саланыӊ тарихына аздап ой жүгiртетiн болсақ, Кеӊес одағыныӊ солақай саясатыныӊ кесiрiнен егемендiк алғаннан кейiн ауыл шаруашылығында жүргiзiлген реформаныӊ алғашқы кезеӊiнде-ақ мақта өндiрiсi тұйыққа тiрелген едi. Өйткенi, 1990 жылға дейiн мақта дақылы басым болды. Мәскеу жергiлiктi мақта өндiрушiлердiӊ жағдайымен санаспай, келешекке мән бермей, тек жылдан-жылға көп мақта өндiрудi талап еткен болатын. Бiрақ бұл саясат халқымыздыӊ әлеуметтiк ахуалына, өнiмдiлiкке, топырақ құнарлылығына, жердiӊ мелиорациялық жағдайына, ауыл шаруашылығы өнiмiнiӊ сапасына керi әсер етiп, мақта аурулары мен зиянкестерiнiӊ көбеюiне және өзге де карантиндiк арамшөптердiӊ тарауына әкелiп соқтырды.
Оныӊ үстiне, елiмiзде мақта саласы бойынша ғылыми-зерттеулер жоқтыӊ қасы болатын. Өзiмiздiӊ отандық сорттар да болмады. Мақтаныӊ тұқымдық шиттi сорттары мен технологияларын көршiмiз Өзбекстан арқылы алып жүрдiк. Шамасы, осы жағдайға байланысты болар, сол уақытта кейбiр "көрiпкелдерiмiз" Қазақстанныӊ мақта шаруашылығы келешекте Өзбекстанныӊ мақта шаруашылығына әбден тәуелдi болуы мүмкiн деген сөздердi жиi айтатын.
Елiмiз егемендiк алған соӊ суармалы жер, қыруар техника, мақта тазалау зауыттары жекешелендiрiлдi. Жер пайы бөлiнiп, орташа 5-10-20 гектардан шаруа шаруашылықтары құрылды. 1995-1997 жылдары тек мақта өндiрiсiмен айналысатын шаруалар саны Оӊтүстiк Қазақстан облысында 85 мыӊға жеттi. Жекешелендiру жұмыстары кезiнде мақтаныӊ өнiмдiлiгi әр гектардан 17-19 центнерге дейiн төмендеп кеттi.
ҚР Үкiметi, Ауыл шаруашылығы министрлiгi мақта шаруашылығын дамыту мақсатында бiрнеше iс-шара қабылдап, жаӊа жетiстiктерге жол аша бастады. Әсiресе, 2003-2005 жылдардағы "Ауыл жылы", "Агробизнес - 2020" бағдарламалары мақта саласыныӊ тиiмдiлiгiн арттырды. Мақта өндiрушiлерге субсидия бөлу, жанар-жағармайды, тыӊайтқыштарды, ағын суды, химиялық препараттарды пайдалануда 40 пайыздық жеӊiлдiк беру шаруалардыӊ ынтасын арттыра отырып, жоғары өнiмдi, сапалы мақта өндiруге қол жеткiздi.
Ел экономикасындағы толғағы жеткен мәселелердi тереӊ түсiнетiн Елбасы 2005 жылы қаӊтар айында Астанада өткен агроөнеркәсiп кешенi қызметкерлерiнiӊ республикалық кеӊесiнде ауыл шаруашылығы өнiмдерiн өндiруде және өӊдеуде, соныӊ iшiнде, оӊтүстiктегi мақта шаруашылығыныӊ жоғары әлеуетiн ашуда кластерлiк жүйенi белсендi пайдаланудыӊ қажеттiлiгiн, осы арқылы тоқыма өнеркәсiбiн дамытуға болатынын, мақта өндiру, өӊдеу саласыныӊ келешегi бар екенiн баса көрсеттi. Жаӊа тәсiл мен инновациялық-индустриалдық технология негiзiнде бәсекеге төтеп беретiн өнiм шығаруға, ауыл шаруашылығы ғылымын, оныӊ iшiнде қолданбалы аграрлық зерттеулердi дамытуға назар аударды.
Елбасы мақта саласын дамытуда алға қойған межелердi өзi тiкелей бақылауға алды. Сөйтiп, Оӊтүстiк Қазақстан облысында еркiн экономикалық аймақ құрылып, Қазақстанныӊ мақта-тоқыма кластерiнiӊ алғашқы қазығы қағылды.
Ендi осы iстiӊ жемiсiн көрiп отырмыз. Өйткенi, облыста өндiрiлген мақта талшығыныӊ 30 пайыздан астамы тереӊ өӊделiп, яғни жiп иiретiн, мата тоқитын, жаӊа үлгiдегi бәсекеге қабiлеттi дайын бұйымдар өндiретiн фабрикалар iске қосылды. Мыӊдаған жұмыс орны ашылды, ал, бұл көрсеткiш егемендiктiӊ алғашқы жылдарында небәрi 3-4 пайыздан аспайтын едi.
Егер облыста өндiрiлген мақта және оныӊ жанама өнiмдерiн тереӊ өӊдеп, дайын бұйым жасап экспортқа жiберсек, 2 млрд. АҚШ долларына жуық табыс табар едiк. Қазiргiдей экономикалық дағдарыс белеӊ алып, мұнай бағасы арзандап жатқан уақытта мақта саласын дамытып, оны тереӊ өӊдеп, тауарларды экспортқа шығару елiмiздiӊ экономикасын бiршама дамытуға оӊ әсерiн тигiзерi сөзсiз.
Соӊғы жылдары қазақ мақтасы бүкiл әлемдiк мақта өсiретiн мемлекеттер арасында өнiмдiлiк бойынша бейресми рейтингте алдыӊғы қатарлы орындарды иеленiп жүр. Мақта өндiретiн 95 мемлекеттiӊ арасында елiмiз 2013 жылы 11-шi орында болса, 2014-2015 жылдары 10-шы орыннан көрiндi. Өнiмдiлiк әр гектардан 29,5 центнерден асты.
Облыста бұл көрсеткiштi жақын арада әр гектардан 35-40 центнерге жеткiзуге толық мүмкiндiктер бар. Өйткенi, мақта өндiру саласында әлi пайдаланылмай жатқан мүмкiндiктер және кедергiлер жеткiлiктi.
Егер жүзеге асатын iс-шараларға тоқталатын болсақ, еӊ бiрiншi ұсақ жерi бар шаруаларды iрiлендiруден бастау керек. Қазiр елiмiзде "Ауыл шаруашылығы кооперативi" туралы заӊ шығып, оны орындау үшiн барлық жағдай жасалған. Алда орындайтын мақсаттарға жердiӊ құнарлылығын арттыру жолында ауыспалы егiстi ендiру, ол үшiн мақта саласын әртараптандыру, ағын сумен толық қамтамасыз ету, жердiӊ мелиорациялық ахуалын жақсарту, тұқым шаруашылығын жүйеге келтiру, азот, фосфор тыӊайтқыштарымен толық қамтамасыз ету жатады. Жаӊа ауыл шаруашылығы техникаларын сатып алу жолдарын жеӊiлдету, тиiмдi субсидиялау жолдарын қарастыру, мақта тазалау зауыттарына қолдау көрсету сияқты бiрқатар жұмыстар сапалы орындалса, мақтаныӊ өнiмдiлiгi еселеп артар едi.
Мақта шаруашылығындағы ғылыми-зерттеулердi дамыту, отандық бәсекеге қабiлеттi мақтаныӊ жаӊа сорттарын шығару, жалпы мақта өндiрудiӊ тиiмдiлiгiн инновациялық технологияларды өндiрiске ендiру арқылы арттыру мақсатында "Қазақ мақта шаруашылығы" ғылыми-зерттеу институты ғалымдары айналысып, бiрқатар жетiстiктерге жеттi.
Атап айтсақ, елiмiзде өзiмiздiӊ отандық мақта сорты жоқ болатын. Бiз көршi мемлекеттерге тәуелдi едiк. 2000 жылдан бастап бәсекеге қабiлеттi өзiмiздiӊ отандық сорттар шыға бастады, қазiргi таӊда оларды мақта өндiрушiлер пайдалана отырып, жалпы егiстiӊ 85 пайызына ендiрдi. Ендi ешкiмге тәуелдi емеспiз.
Соӊғы жылдары институт ғалымдары 30-дан астам инновациялық технологиялар жасап, оларды өндiрiске ендiруге ұсыныс бердi. Сондай-ақ, 48 инновациялық және селекциялық патентке, 144 авторлық куәлiкке ие болды.
Ғалымдар дайындаған әзiрлемелердi өндiрiске енгiзу бағытында шаруалармен тiкелей байланысып, келiсiмшарт негiзiнде өндiрiстi ғылыми қолдау, лицензиялық және коммерциялық келiсiмдер арқылы жұмыс жүргiзуде. Институтта фермерлерге бiлiм тарату орталығы ашылған, мақта өндiретiн өӊiрлерде бес шаруа шаруашылығыныӊ базасында институттыӊ ғылыми жетiстiктерiн көрсететiн алаӊдар ұйымдастырылған. Ғалымдар 23 шетел ғылыми-зерттеу институттарымен және екi халықаралық ғылыми-зерттеу компанияларымен тығыз байланыста.
Жаӊа технологияларды өндiрiске енгiзу фермерлердiӊ арнайы бiлiмi жеткiлiктi болғанда ғана жақсы нәтиже бередi. Өкiнiшке қарай, әрбiр 100 фермердiӊ 13-iнде ғана арнайы орта және жоғары бiлiмi бар, бұл өте төмен көрсеткiш. Осы проблеманы шешу мақсатында Қазақ Ұлттық аграрлық университетi басшылығы және мамандарымен тығыз байланыста жұмыс жүргiзудемiз. Бiлiктi мамандармен бiрлесiп атқарған жұмыс барлық уақытта жақсы нәтиже беретiнi белгiлi, сондықтан елiмiздегi мақта өндiру, оны тереӊ өӊдеп экспортқа шығару қолымыздан келетiн жұмыс деп есептеймiн.
Шетелдiк мақта сатып алатын трейдерлер елiмiзде босқа жүрмегенi белгiлi. Осы жерде мынадай ой туады. Егер шетелдiк трейдерлер бiздiӊ елiмiзден "олжалап" жатқан миллиондаған пайданы табумен өз елiмiздегi iрi бизнес өкiлдерi, кәсiпкерлер немесе "КазАгро" сияқты қаржылы мекемелер айналысса, қыруар қаржы өз елiмiзде қалар едi.
Мақта шикiзаты екiншi валюталық дақыл болғандықтан, Үкiмет қаулысымен бидай сияқты стратегиялық дақылдар қатарына енсе, "ақ алтынға" деген көзқарас өзгерер едi. Ал, мақтаға көзқарас дұрыс болса, саладағы бiрқатар проблемалар өзiнен-өзi шешiлiп кетерi сөзсiз.
Мақта- елiмiздегi үлкен табыс әкелетiн 100 жылдық тарихы бар дақылдардыӊ бiрi. Сондықтан осы саладағы мәселелердi бiрлесiп жүйеге түсiрсек қана мол өнiмге қол жеткiземiз. Сонда ғана қазақ мақтасы "Ақ алтын - елiмiзге бақ алтын" бола алады".
Абай ақпарат