ОҚО-да 80 мың гектар жердің соры шайылды
2016 жыл мақтаралдықтар үшін табысты болды. Олай дейтініміз, соңғы 1 айдың ішінде 120 мың гектар алқап жыртылып, жеміс егілді. Сонымен қатар, 80 мың гектар жердің соры шайылды, - деп хабарлайды Абай-ақпарат.
Еңбекке ерте кіріскен ауданда бүгінгі таңда 150 гектар жерге қырыққабат, 46 гектардан астам жерге пияз егілді.
Келер жылғы жазғы дастарханның ажары – қауын-қарбыздың да көшеттері дайын. Еңбектің ебін, диханшылықтың көзін тапқан мырзашөлдіктер жылыжайдан өнім өндіруден де қалыс қалар емес. Қыс ауасына қарамай тырбаңдаған жұрттың жиған-тергені арнайы қоймаларда сақтаулы.
Уақыт сағаты таяғанда өзге облыстарға экологиялық таза күйде жеткізілмек. Айта кетейік, Мырзашөл халқының былтырғыға қарағанда ұрты майлы. Сан-саладағы көрсеткіштері де едәуір жоғары. Оң нәтижеге дихандар мемлекеттік қолдаудың арқасында жетіп отыр.
Жамантай Бейсенбаев, Мақтарал ауданының әкімі;
Ауданның экономикасының негізін ауыл шаруашылығы құрайды. Өткен жылы өндірілген ауылшаруашылығы өнімдерінің жалпы көлемі 59,7 млрд теңге болды, оның ішінде: мал шаруашылығы 14,1 млрд. тенге, өсімдік шаруашылығы 45,2 млрд. теңге, ауылшаруашылығы саласына көрсетілген қызмет 425,7 млн. теңге болып, нақты көлем индексі 101,9 пайызды құрады.
Абай-ақпарат