Сенбі, 23 Қараша 2024
Жаңалықтар 3804 0 пікір 1 Маусым, 2009 сағат 08:02

Қуғын-сүргін құрбандарының «қуғындалған» ескерткіші

 

 

Ертең – Саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алу күні. Бұл дата 1997 жылдан бері тұрақты түрде аталып өтуде. Алайда ұлттың азаттығы жолындағы іс-әрекеті үшін небір зұлмат пен адам төзгісіз азап көрген боздақтарды қалай еске алып жүрміз? Жылда бір ғана көрініс – мемориал басына гүлшоқтарын қоюмен ғана шектеліп жатамыз. Бұдан да “қызығы”, мемлекетіміздің алтын орталығы – Астанада өткен тарихымыздағы қасіретті жылдар құрбандарын еске түсіретін, алдына барып тағзым ететін бірде-бір белгі қалмай қалды. Егер қылышынан қан тамған отаршыл жүйеден жазықсыз жапа шеккендерді еске алам десеңіз, ат арытып, түу Ақмол ауылына баруыңызға тура келеді.
Елордада мұндай қаралы күндердің белгісі болмады емес, болды. Осыдан біраз жыл бұрын бой көтерген қуғын-сүргін құрбандарына арналған жалғыз ескерткіштің өзінің тең жартысын опырып алып, қаладан қырық шақырым Ақмол елді мекеніндегі “Алжир” мұражайы аумағына апарып тастадық. Не үшін олай істегеніміз, ескерткіштің кімдердің көзіне күйік болғаны белгісіз, 2007 жылы “қыршынынан қиылып” кете барды. 10 жыл ғана “ғұмыр кешті”. Сөйтсек, Салтанат сарайы мен “Думан” ойын-сауық кешенінің ортасында тұрған ескерткіш олармен үйлеспейді екен. Құзырлы мекеме басшылары басқа орынға одан да үлкен ескерткіш қойылатынын айтып, жұртты жұбатқан болатын. Бірақ сол уәде әлі орындалған жоқ.
Әншейінде “Алаш арыстары” деп аттандағанда алдына жан салмайтын шенділер, неге екені белгісіз, ескерткіш мәселесіне келгенде, есіней бастайды. Осылайша, жат  дәстүрді насихаттайтын атшаптырым аумақта Наполеон, Чарли Чаплин (екеуі де Қостанайда), сондай-ақ “Битлз” тобына (Алматыдағы Көктөбенің баурайынан ойып тұрып орын алған) ескерткіш тұрғызғанда ештеңені аямаймыз. Ал ұлты үшін қасірет шеккендерге келгенде, елордадан ұлтарақтай жер таппай отырғанымыз орынсыз.
Кезінде Ақмола қуғын-сүргіннің нағыз орталығы болды. Талайдың өмірін тозаққа айналдырған 953 лагерьдің үшеуі еліміз аумағында құрылды. Осындағы атынан адам шошырлық АЛЖИР лагері КСРО-дағы әйелдер қамалған жалғыз азаптау орны болды. Мұнда 30 мыңдай әйел жазасын өтеді.
Дереккөздер бойынша, елімізде 1937-38 жылдары, яғни бас-аяғы бір жылдың ішінде 125 мың адам тоталитарлық режимнің құрбаны болған екен. Солардың 22 мыңы өлім жазасына кесіліпті. Жалпы, 1921 жыл мен 1954 жылдар аралығында бұрынғы КСРО-да 3 миллион 777 мың адам жазықсыз сотталып, оның 642 мыңы атылды. Дәл осы тұста Тұрар Рысқұлов, Әлихан Бөкейханов, Бейімбет Майлин, Мағжан Жұмабаев, Ахмет Байтұрсынов, Абдулла Розыбакиев, Магауи Масанчи, Ілияс Жансүгіров, Левон Мирзоян, Сәкен Сейфуллин, Санжар Асфендияров, Халел Досмұхамедов пен Жаһанша Досмұхамедов қатарлы қазақ зиялылары, мәдениет қайраткерлері жазықсыз атылды.

 

 

Бүркіт НҰРАСЫЛ, Астана
«Алаш айнасы» 30 мамыр 2009 жыл

0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1469
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3245
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5406