ДАУСЫМДЫ СОЛ КІСІГЕ БЕРДІМ. ӘДЕЙІ ЕМЕС, ОЙЫН ТӘРТІБІ СОЛАЙ
Кеше. Күн демалыс болды. Таң арайлы атты. Түннен түгел шықтық. Тәуба. Ел аман, жұрт тыныш. Сайлау күні екен. Бара жатқандар да, келе жатқандар да болды. Мен ойландым. Барсам ба, бармасам ба? Барайын десем, менің даусыма қарап тұрған сайлау жоқ. Бармайын десем, мектеп (сайлау учаскесі) үйге тиіп тұр. Сонымен барамын ба, бармаймын ба? Бұндай аса маңызды сұрақтың шешімін табу оңай емес. Көп ойландым. Ақыр соңында бала күнгі амал есіме түсе кеткені. Бала күнімізде бір нәрсені шеше алмай қиналсақ, онға дейін санаушы едік қой. Мен де онға дейін санадым. Әрине қырсықтығыма салып, бармаймыннан бастадым. Сонымен:
1-бармаймын.
2-барамын.
3-бармаймын.
4-барамын.
5-бармаймын.
6-барамын.
7-бармаймын.
8-барамын.
9-бармаймын.
10-барамын.
Баратын болдым. Қызым оқитын мектеп қой, мұғәлімдері көріп қойса, ыңғайсыз болып жүрер деп, тізесі шыққан трикомды шешіп тастап, тізесі енді шықпаққа бет алған джинсы шалбарымды киіп, үстіме енді-енді созыла бастаған оренжі түсті футболкамды киіп, сайлау учаскесін бетке алдым. Бардым. Құдай-ау, осыған дейін кімге дауыс беретінімді шешіп алмаған екенмін ғой. Енді кімге дауыс берерімді білмей басым қатты. Анау басқарса, былай болады, мынау басқарса, алай болады дейтіндей менде қайбір саяси сауат бар дейсіз. Тағы да бала күнгі айлаға көштім. Қашанғы онға дейін санай беремін, бұл жолы тоғызға дейін санаймын деп шештім. Таак, кімнен бастап, кімнен аяқтасам екен. Ойлана келе ылғи Елбасымызбен бастап келе жатырмыз ғой, осы жолы ол кісіні соңына қалдырайын деп шештім. Сонымен тоғызға дейін тағы санадым.
1-Тұрғын Сыздықов
2-Әбілғазы Құсайынов
3-Нұрсұлтан Назарбаев.
4-Тұрғын Сыздықов
5-Әбілғазы Құсайынов
6-Нұрсұлтан Назарбаев.
7-Тұрғын Сыздықов
8-Әбілғазы Құсайынов
9-Нұрсұлтан Назарбаев.
Сонымен кім болды? Иә, тоғызыншы болып Нұрсұлтан Әбішұлының аты шықты. Даусымды сол кісіге бердім. Әдейі емес, ойын тәртібі солай. Тәртіпті бұзуға болмайды. Жүгірген жетпейді, бұйырған кетпейді деген рас, ә? Бір шетінен сол кісіге дауыс бергенім де дұрыс болыпты...
Мынандай ықпалды, абыройлы, әлем танитын президенттің кезінде құлақ кесіп ойнап жүргендер ана екеуі басқарған заманда бас кесіп ойнап жүрер... Құдай сақтасын.
Бейбіт САРЫБАЙ
(Жазба автордың фейсбуктегі парақшасынан алынды).