Сенбі, 23 Қараша 2024
Мәйекті 8956 0 пікір 27 Сәуір, 2015 сағат 12:15

Әміржан Қосанов. ПРЕЗИДЕНТКЕ БІР ТІЛЕК

Оппозиция дегеннің өзі бытырап кетті ғой. Бұрын осындай сайлаулардан кейін бәріміз жиналып, баға беріп жататынбыз. Бүгінде о да жоқ.

Сондықтан сайланған президентке мен бір тілек айтайын. Бұл - менің жеке пікірім.

Нұрсұлтан Әбішұлы!

Сайлау бітті. Таққа қайта отырдыңыз.

Ендігі жерде өзіңіз айтқан реформаларды дереу қолға алыңыз!
Әсіресе, саяси реформа, заңдар мен Ата Заңға өзгерту секілді маңызды шаруаларға баса көңіл бөліңіз. Қоғамда қалыптасқан пікір-ой алуандығын ескеріп, мейлінше кең қамтыңыз, өйткені, осы жылдар ішінде өзін не билікте, не оппозицияда көргісі келмейтін жаңа күштер мен тұлғалар қалыптасып қалды.

Саяси өлімдердің шындығын ашу, тәуелсіз БАҚ-ты қудалауды доғару секілді шаруалар кезек күттірмейтіні анық.

Осы жылдары маңайыңыз өркениетті түрде заң аясында қызмет жасай алатын саяси оппозицияның быт-шытын шығарды: бірін қудалады, бірін өзіне бейім қылып алды. Ол партияларға ел сенбейді. Ал, ресми оппозиция болмаған соң, билікке сын айтушылар бейресми, заңнан тыс алаңға шығып кетіп жатыр. Ол болса, экстремизм мен терроризм, радикализм мен бітіспеушілікке ұласуда! Сондықтан да бізге жасанды емес, шынайы, өкіметке балама ұсыныс айта алатын, ең бастысы, ел Тәуелсіздігін ту етіп ұстай алатын, сол үшін жанын бере алатын саяси күш керек! Сол жағын да ойлаңыз. Яғни, қоғамда қалыптасып келе жатқан сол күштерге қысым жасалмауы тиіс!

Берген уәдеңіз сол баяғы шенеуніктердің қолы мен құзырында қалып, баянсыз боп кетпесін!

Жаңа мерзіміңіз алда тұр. Осы кезеңде айналаңыздағы күштер елге сыйдырмай, сыртқа ығыстырып жіберген мықты қазақтарды елге қайтарсаңыз. Өз бауырларыңыз ғой, кейбірі, тіпті балаларыңызбен жасты емес пе? Ол бір сауапты іс болар еді. Қоғам ол бастамаңызды сөзсіз қолдар еді.

Алда парламенттік сайлау. Қоғамда бар барлық саяси күштерді соның құрамына неге енгізбеске? Алуан түрлі пікірлердің ортақ  қазаны боп қайнап жатсын! Баршамыз зәру боп жүрген ақиқат сол қазанда піспей ме?

Айтпақшы, Конституция бойынша отставкаға кететін үкіметіңізді де бір сілкілеп алсаңыз! Әйтпесе, Сіз тапсырма бермесеңіз, жұмыс істей алмайтындар толып жүр ішінде. Бізге жаңаша, заман талаптарына сай, елмен жұмыс істей алатын, жауапкершілікті мойнына алатын Үкімет керек! Белгілі бір кезеңге бағдарлама жасап, соны уақытында орындай алмаса, өз еркімен отставкаға кететін Үкімет керек!

Билік институттары жаңарса, қоғам да жаңарары сөзсіз!

Әзірше – осы.

P.S. Бұл - менің ғана тілегім. Оппозициядағы басқалар өзгеше ойлауы мүмкін. Бізде қалыптасқан жағдай бойынша менің бұл пікірім президентке жетеді және ол оған құлақ асады дегенге сене қоймаймын. Бірақ менің позициямды қоғам білсін деген оймен жазып отырмын.

Abai.kz

0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1465
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3238
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5377