МЕМЛЕКЕТТІК ҚЫЗМЕТ, «БОЛАШАҚ» ЖӘНЕ АЗАМАТТЫҚ ПАРЫЗ
Осыі жылдың 1 сәуірінде өткен баспасөз брифингінде Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі Жемқорлық тәуекелдерін талдау және анықтау басқармасының басшысы Динара Жаненова: «Тағы бір айта кетерлік жайт, талаптар қатарына магистратура, соның ішінде шетелдік магистратура деңгейі енгізілмек. Немесе, үміткердің білімі толықтай шетелдік білім болуы керек деген талап та болады. Бұның себебі, қазір мемлекеттік қызметкерлер шетелдік әріптестерімен, шетелдік мемлекеттік органдармен көп жұмыс істейді. Сондықтан, әр түрлі келіссөздер барысында, қандай да бір шешім қабылданарда, үкіметтік құжаттарды дайындағанда біздің мемлекеттік қызметкерлердің білімі бәсекеге қабілетті болу керек. Сондықтан, біз лауазымдардың жекелеген түрлері үшін талапты күшейтпекпіз», - деп мәлімдеген болатын. "Бұл мәлімдеменің астарында не жатыр? Бұл мемлекттік қызметтің тиімділігін арттыра ма?" деген сауалдарға жауап іздеп көрелік.
Бұл мәлімдеме Елбасының "болашақтықтарды" мемлекеттік қызметке тарту туралы берген тапсырмасының шеңберінде жүзеге асырылатын іс-шаралардың бірі болуы керек. Бірақ Елбасы «Болашақ» бағдарламасының түлектерін мемлекеттік қызметке жұмылдыру жөніндегі тапсырма бергенде осыны меңзеді ме екен? Қайдам. Бірақ айтылған сөз - атылған оқ. Біздің «мемлекеттік қызметкерлердің» Елбасының тапсырмаларын асыра орындауға тырысатындығын ескерсек бұл мәлімдемеге қайран қалудың қажеті де жоқ. Бірақ артынан бірқатар сауалдар туындауы мүмкін.
Біріншіден, мемлекеттік тілдің көсегесін көгертпей отырған мемлекеттік қызметкерлер қатарына шетел тілін білу деген талапты қою артық сілтеу болып көрінбей ме? Мемлекеттік қызметкер бірінші кезекте өзі қызмет етіп отырған елдің мемлекеттік тілін меңгеруі заңдастырылмай тұрып, "оның шетелдік білімінің болуы керек" деген талап мемлекеттік тілге деген құрметті арттыра ма? Әрине, жоқ. Жалпы тіл - мемлекеттің белгісі және рәмізі. Мемлекеттік қызметкер бірінші кезекте Қазақстан мемлекетінің атынан халыққа қызмет көрсету үшін жасалған құрылым. Сондықтан бірінші кезекте, мемлекеттік қызметкерлер мемлекеттік тілді білуге міндетті талабы қойылуы керек. Мемлекеттік тіл – мемлекеттік рәміздер қатарына жатқызылып, арнайы «Мемлекеттік тіл» туралы конституциялық заң қабылдануы керек. Ол тілдің мәртебесін де, мемлекеттің қоғам алдындағы жауапкершілігін арттырады.
Екіншіден, бұл шетелдік білім ордаларына артылған үлкен сенім, отандық жоғары оқу орындарына деген сенімсіздік тудырмай ма? Әрине, тудырады. Отандық жоғары білім беру жүйесі онсыз да басынан жақсы замандарды өткізіп жатыр деп айту қиын. Академиялық және басқарушылық автономияның болмауы, ректорларды сайлау арқылы саралап, таңдап «тағайындау» мүмкіндігінің жоқтығы бүгінгі күні жоғары оқу орындарын инновациялық озық ойдың орталығына емес, мемлекеттік шенеуніктердің қуыршағына айналдырып отыр. Бұл жағдайда отандық жоғары оқу орындары шығарып отырған мамандарды мемлекеттік қызметке қабылдамау жоғары оқу орнының қоғамдағы онсыз да төмен орнын одан сайын төмендетеді. Әлемнің қай елі болсын мемлекеттік қызметке өздерінде орналасқан жоғары оқу орындарының түлектерін орналастыруға тырысады. Неліктен? Өйткені, оларда отаншылдық сезім мықты. Мысалы, Жапония екінші дүниежүзілік соғыс аяқталғаннан кейін мыңдаған жастарын шетелге жіберіп, білім алуына жағдай жасады. Бірақ оларды мемлекеттік қызметке тартуға мүдделілік танытпады. Олардың негізгі бөлігі мемлекеттің корпоративті секторына қызмет етуге кетті. Нәтижесінде Жапон корпоративті секторы қарқынды дамып кетті. Бірақ мемлекеттік қызмет саласында жұмыс істейтіндердің негізгі легі - отандық жоғары оқу орындарын бітірген түлектер. Неліктен? Жоғарыда айтылған себеп. Өзге елдің дәстүрін, мәдениетін сіңіріп келмесе де онымен етене жақындасқан адам, мемлекет мүддесіне деген өзгеше көзқарасы қалыптасады. Ал бұл дәстүрлі құндылықтарға қайшы келеді. Яғни, мемлекеттің негізіне, тамырына балта шабады.
Үшіншіден, мемлекеттік бюрократиялық аппарат - өте күрделі құрылым. Жан басына шаққанда бір адамға тиесілі шенунік көлемі бойынша Қазақстан алдыңғы он мемлекеттің құрамында. Осындай шенеуніктер «армиясын» жыл сайын шетелдік дипломы бар мамандармен толықтырып отыру үшін мемлекет қыруар қаражат жұмсауға мәжбүр болады. Ал оның тиімділігі қандай? Бүгінгі күннің өзінде «болашақтықтардың» негізгі бөлігі мемлекеттік қызметке барғысы келмейтінін айтуда. Неліктен? Жалақысы төмен. Жемқорлық басым. Тәжірибе жетіспейді. Әр мемлекеттің өзіндік ерекшелігі бар екендігін ескерсек, шетелден білім алған маман Қазақстанда тиісті тағылымдамадан өтпей мемлекеттік қызметке сіңісіп кетуі екіталай. Оның үстіне бұл бағдарлама түлектерінің арасында оқуға барған елінде қалып қойған немесе біліктілігі жетпегендіктен жұмысқа тұра алмаған мамандар бар. Демек, шетелдік жоғары оқу орындарынан алынған білім біліктілік өлшемі бола алмайды. Біліктілік пен білім бірінші кезекте адамның ниетіне, ынта-жігеріне, ақыл-парасатына байланысты ұғым. Үйренем деген адам кез келген жағдайда және кез келген жоғары оқу орнында білім ала алады. Ал ондай ниеті жоқ адамды бірдеңеге міндеттеп оқыту мүмкін емес.
Төртіншіден, шетелдік әріптестерімен байланыс құру үшін шетелдік білім алу шарт емес. Бүгінгі күні мектеп пен отандық жоғары оқу орнында берілетін шет тілдері пәнінен тыс, бүкіл әлемді жайлаған,түрлі тілдерді оқыту курстары, тіл білімі саласындағы біліктілікті тексеру емтихандары бар. Соны тапсырса жеткілікті емес пе? Оның үстіне шетел деген тек ағылшын тілді елдер емес. Демек, шетелде білім алудың өзі әлемнің барлық тілдерінде шетелдік әріптестермен тиімді келіссөздер жүргізуге жол ашпайды ғой. Ойлап қарасаңыз, бүгінгі күні Қырғызстан да, Тәжікістан да, Беларусь та, Ресей де - шетел. Олардан білім алған мамандардың біліктілігі қазақстандық мамандардан жоғары немесе олар шет тілінде келіссөз жүргізіп үйренді деген сөз – бос сөз.
Бесіншіден, мемлекеттік қызметке шетелде білім алған мамандарды ғана тарту оның халықтық сипатынан айырады. Әрине, мемлекет «Болашақ» секілді бағдарламалар арқылы шетелде мамандар даярлауға көп көңіл бөліп отыр дегенмен, халқымыздың негізгі дені шетелде өз есебінен балаларын оқыта алмайды. Ал балаларын оқыта алатындар балаларына жеке мүддені мемлекет мүддесінен төмен қоюды қаншалықты дәрежеде үйретті дейсіз?! Яғни, мемлекеттік аппарат біртіндеп қалталылардың қолына өтеді. Мұндай жағдайда онсыз да мемлекеттік органдарда өз мәселелерін оңтайлы шешімін таба алмай жүрген қарапайым халық тіпті биліктен шеттетілді дей беріңіз.
Жоғарыдағы тұжырымдар мемлекеттік қызметке шетелден білім алған мамандарды алмау керек деген ойға қалдырмауға тиіс. Олардың қатарында да әр түрлі адамдар бар. Олардың арасында отандық мемлекеттік қызмет жүйесін оңтайландырып өз еліне қызмет еткісі келетін тұлғалар да аз емес. Дегенмен мемлекеттік қызметке бірінші кезекте біліктілігін еркін бәсекелестік жағдайында дәлелдей алатын ұлтын шексіз сүйетін отаншыл, рухы мықты азаматтар қажет.
Мемлекеттік қызмет саласындағы реформалардың негізгі дені идеологиялық өзгерістен басталуы керек. Бірінші кезекте мемлекеттік қызметкер - салық төлеушілердің есебінен өмір сүретін, белгілі айқындалған шеңберде мемлекет атынан өкілеттік жүргізетін тұлға. Сондықтан ол - мемлекетке, қоғамға және сол қоғамның негізгі бөлігін құрайтын қарапайым бұқараға, жалпы жәмиғатқа қызмет ететін адам. Мемлекет деген мемлекеттік аппарат немесе шенеунік, әйтпесе белгілі шекарамен бекітілген территориялық аумақ қана емес. Ол - бірінші кезекте осы елді мекендейтін тұрғындар. Бүгінгі күні мемлекеттік қызметкер халық алдында емес, өз басшыларының алдында ғана жауапты тұлға секілді елестейді. Қайсыбірінің кабинетіне кірсең ұзын-шұбақ кезек. Қабылдап жатқан кісімсіген бастық. Ол бастық өз кезегінде өз бастығына жағынуға тырысады. Ол бастықтың өз бастығы бар дегендей... Бұл тізім жалғаса береді. Алайда тізімде халық жоқ. Неліктен? Өйткені, бізде мемлекеттік қызметтің дұрыс идеологиясы қалыптаспаған. Бізде негізгі құндылық - халық емес, жоғары тұрған бастық. Бұл - мүлде теріс, жедел өзгеруі тиіс идеология!
Бұл идеологияны өзгерту үшін, бірінші кезекте билік деңгейлері арасындағы нақты бюджеттік және өкілеттік бөлінісі механизмдерін жүзеге асыру ақылы жетуге болады. Бүгінгі күні Қазақстан Республикасында жұмыс істейтін салық жүйесі салық пен міндетті төлемдердің негізгі легі орталық мемлекеттік бюджетке түсетін жағдайда. Аймақтардың негізгі бөлігі дотациялық болып есептеледі. Бұл жергілікті атқарушы органдардың көздеген жобаларына жүзеге асыруға кедергі келтіреді. Оның үстіне орталық атқарушы органдар мен жергілікті атқарушы органдардың арасында өкілеттілік нақты бөлінбеген. Өкілеттіктерді нақты айқындау мемлекеттік аппараттың тиімділігін арттырады. Мысалы, аймақтағы ауыл шаруашылығының дамуы үшін кім жауап береді деген сауал әлі күнге дейін шешілмей жатыр. Неліктен? Себебі, ауыл техникасына арналған жанармайды бір орган бөледі, шегірткемен күресті басқа орган жүзеге асырады, жерді минералды тыңайтқыштармен қамтамасыз ету үшінші органның құзіретінде, су ресурстарына жауапты өзге орган. Бұл тізімді жалғастыра беруге болады. Яғни, мемлекеттік қызметте бірізділік жоқ. Оның үстіне қадағалаушы органдар жүйесі де мықты, кәсіпкер бизнес ашқаннан кейін оған көптеген органдармен жұмыс істеуге тура келеді. Аяғында кәсіпкерлікпен айналысу ең тиімсіз кәсіп түріне айналады.
Екіншіден, ауылдық аудандық деңгейде әкімдердің сайланбалылығын енгізу. Халық ең жиі қатынайтын, қым-қуыт араласып жататын органдар - жергілікті атқарушы органдар. Әкім сайлауы бұл жағдайда жергілікті биліктің халық алдындағы жауапкершілігін арттырады. Әкім облыс әкімінің немесе қала әкімінің құйыршығы емес, халыққа тиімді қызмет көрсетуді ойлай бастайды. Әрине, бұған қарсы шығатын адамдар да баршылық. Олар Қазақстан көпұлтты мемлекет, аймақтарда трайбализм көрініс табуда дегендей және тағы да басқа дәйектер айтуы мүмкін. Бірақ, біріншіден, осы уақытқа дейін де биліктегі трайбализм көріністері айқын көрінуде. Трайбализмнің ушығуына әкімнің сайланбалылығының ешқандай қатысы жоқ. Сондай-ақ, мемлекеттік қызметке үміткерлерге барлық деңгейде мемлекеттік тілден және тиісті біліктілік емтиханын тапсыртуды қолға алу керек. Бұл өз кезегінде мемлекеттік тілдің біріктіруші әлеуетін ұлғайтса басқа жағынан білікті мамандардың билікке келуін қамтамасыз етеді. Одан әрі сайлау процесінде орын алуы мүмкін түрлі келеңсіздіктерге жол бермеу үшін сайлауда қоғамдық бақылауды күшейту керек. Сайлау қорытындыларын шығаратын тұлғалар түрлі сайлауға түсетін барлық саяси бәсекелестердің өкілдерінен құрылуы керек. Сонда дауыс санау процесі ашық түрде өтеді. Себебі, Сталиннің сөзімен айтқанда, «Қалай дауыс беретіндігі маңызды емес, дауыстарды қалай санайтындығы маңызды». Бір сайлауда қаржылық, трайбалистік немесе ұлттық принципке арқа сүйеп дауыс берген тұрғындар оның тиімсіздігін көргеннен кейін «Аузы күйген, үрлеп ішеді». Келесі жолы іскерлік қасиеттеріне қарап дауыс беретін болады. Жергілікті мәселелерді шешуге арналған бюджеттердің қалыптасуы жергілікті тұрғындардың өз басымдықтары бойынша қаржылық ресурстарды бөлуге ықпал етеді. Бұқара халықтың сайлауға деген қызығушылығы тиісінше саяси мәдениеті көтеріледі. Бүгінгі күні сайлауға қатысу түрлі әкімшілік ресурстарды қолданылуы арқылы қамтамасыз етілетін болса, әкімдерді сайлау жергілікті мәселелерді шешуге халық мүдделілігін арттырады. Егер, санамалап айтылған алты принцип жүзеге асса – бұдан кейінгі сайлауларға да адамдар шынайы қызығушылықпен барады.
Мемлекеттік деңгейде сенаторларды тікелей сайлау механизмдері мен биліктің шын мәнінде үш тармаққа бөлінуін қамтамасыз ету мемлекеттік аппаратты реформалаудың келесі сатысы болуы тиіс.
Осы реформалардың жүзеге асуы мемлекеттік қызмет секторының өзге елдердегідей тиімділігін арттырды. Біздің елде де мемлекеттің қоғам үшін қызмет етуі керектігін түсінетін уақыт жеткен секілді.
Шыңғыс ЕРГӨБЕК, Әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетінің Аккредитация, рейтинг және сапаны басқару орталығының директоры, заң ғылымдарының кандидаты
Abai.kz