Сейсенбі, 23 Сәуір 2024
Билік 11868 0 пікір 16 Сәуір, 2015 сағат 13:18

БІРІНШІ БЕСЖЫЛДЫҚ: ИНДУСТРИЯЛАНДЫРУ – ЕЛ ИГІЛІГІНЕ АЙНАЛДЫ

фото: iir.sko.gov.kz

Қазақстанның Үдемелі индустриялық-инновациялық даму бағдарламасын қабылдай отырып, 2010 жылы елімізде алғаш рет аса күрделі жұмысқа қадам жасаған болатын. Шындығында, бір кездегі Кеңестер одағынан мұраға қалған өнеркәсіптердің тозуы елдегі түбегейлі шараларды талап ете бастаған. Сондықтан да, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев индустрияландыру саясатын бір жағынан экономиканы әртараптандырудың маңызды бағыты, екінші жағынан жаһандық дағдарыс құбылыстарына қарсы кешенді шара ретінде қарастырды.

Жалпы Қазақстанда тұтастай индустрияландыру бағдарламасын қолға алудың өзі батыл қадаммен парапар еді. Өйткені, Мемлекет басшысы айтпақшы, «біз инновациялық-индустриялық секторды тақыр жерден бастадық». Десе де, елдік бағыттың дұрыстығы бірінші бесжылдықтағы табыстармен айқын біліне бастады, бүгінгі күні жоғары өнімнің жетістіктерін жұртшылық сезе бастады. Индустрияландыру шарапатының арқасында іске қосылған нысандар ел бюджетіне триллиондаған теңгенің өнімдерін түсірсе, жер-жерлерде құрылған жұмыс орындары ел игілігіне қызмет етуде. Ең ақыры индустрияландырудың бірінші бесжылдығы нәтижесінде еліміздің экономикалық құрылымын өзгертуде маңызды қадам жасалып, жаһандық экономиканың алмағайып жағдайында дағдарысқа қарсы ден қоюдың теңдессіз тәжірибесін бастан өткердік. Нәтижесінде, Қазақстанда бес жыл ішінде 770-тен астам кәсіпорын іске қосылды, соның арқасында өңдеуші өнеркәсіптің құрылымы өзгеріп, отандық экономикадағы дәстүрлі, қуатты металлургиялық, азық-түліктік өнеркәсібіне қосымша жаңа бағыттар ашылды. Қазақстанда индустрияландырудың алғашқы жылдары өңдеуші өнеркәсіп өсімінің қарқыны дәстүрлі өндіру саласынан алғаш рет асып түсті. Яғни, 2011 жылдан бастап өңдеуші сектордың өсімі тау-кен өндіру саласын басып оза бастады. Соған орай, Қазақстан өңдеуші өнеркәсіп секторының нақты өсімі бойынша кедендік Одақ елдері арасында көшбасшы елге айналды.

Нақты көрсеткіштерге келетін болсақ, Үдемелі индустриялық-инновациялық даму бағдарламасы жүзеге асқан 2010-2014 жылдары Қазақстанда тау-кен өндіру саласының ІЖӨ-дегі үлесі 16,5 пайызға азайды. Үдемелі индустриялық-инновациялық даму мемелкеттік бағдарламасы жүзеге асқан бірінші бесжылдықта өңдеуші секторға тартылған тікелей шетелдік инвестициялар ел тәуелсіздігінің алдынғы жылдарымен салыстырғанда 2,9 есеге артты. «Global 2000» тізіміне енетін 29 шетелдік инвесторлар қазақстандық индустрияландыру алаңына кірігіп, солардың өзі 46 жобаның жүзеге асуына септік жасады. Өңдеуші өнеркәсіп саласында жаңа 28 әрі маңызы жоғары секторлар пайда болды.

Осы индустрияландыру еншісіндегі 5 жылда бұған дейін Қазақстанда өндірілмеген, мүлде жаңа 400 өнім түрі игерілді. Қазақстаннан шет елдерге экспортталатын тауарлар номенклатурасы 38 пайызға артты. Технологиялық тұрғыдан күрделі саналатын отандық тауарларды шығарып, олардың ішкі нарықта тұтыну үлесі артты. 

Осындай ілкі шаралар нәтижесінде еліміздің өңдеуші өнеркәсібіндегі еңбек өнімділігі 1,6 есеге артты. Жұмысшылары жоғары білікті, мүлде жаңа деңгейдегі 75 мың тұрақты жұмыс орны құрылды. Бүгінде өнеркәсіптік секторда жұмыс істейтін қазақстандықтардың жалпы саны 1 миллионнан асады. Осының арқасында Қазақстан еңбек өнімділігі бойынша әлемнің үздік елу елінің қатарына еніп отыр.

Айта кетерлік тағы бір мәселе, бұған дейін елімізде электр энергиясын үнемдеу мәселесі өзекті болып келген еді. Бұл туралы ұдайы айтылып жүрді. Дегенмен, индустрияландыру саясатты жүзеге асқан бес жыл ішінде Қазақстан экономикасының энергия қамтымдылығы 18,6 пайызға жуық төмендеген. Индустрияландыру арқасында елімізде экономиканың машина жасау, мұнай өңдеу, электр энергетикасы секілді жаңа ірі салалары пайда болды. Еліміздің 7 өңірінде бой көтерген жаңа жобалар қайта индустрияландыру үшін тың серпін беріп, даңғыл дамуға жол ашты. Үкімет өңірлерде Арнайы экономикалық аймақтарды дамытуға қол жеткізіп, индустрияландыру жобалары өңірдегі өсімнің бойына қан жүгіртті. Инновациялық дамудың барлық негізгі көрсеткіштері бойынша бес жыл ішінде тарихи жоғары жетістіктер бағындырылды. Оның бір айғағы Дүниежүзілік экономикалық форумның Жаһандық бәсекеге қабілеттілік индексіндегі инновациялық даму бойынша Қазақстанның жетістіктері жоғары бағаланды.

Abai.kz

0 пікір