ПАВЛОДАРДАҒЫ ПАТШАШЫЛ-КЕҢЕСШІЛ ТОП НЕ ДЕП ЖҮР?
Павлодарда патшалық-кеңестік дәуірдің материалдық құндылықтарын дәріптеп, компартияның саяси-идеологиялық ұстанымын әспеттейтін шағын топ бар. Олар негізінен мынадай іс-шараларды жүзеге асыруды көздейді:
–Орта ғасырларда Ертістің Кереку өңірінде мемлекет құрған түркілер, қимақтар, қыпшақтар және қазіргі қазақтар арасындағы тарихи тамырластықты жоққа шығару.
– Көне түркі заманынан қалған, «үй», «шатыр» деген мағына беретін «Кереку» топонимі «Коряков» деген орыс фамилиясының қазақша бұрмаланған нұсқасы деген негізсіз пайымдауды тарихи шындық есебінде пайдалану. Туған-өлген жылдары мен туған-өлген жері, мамандығы, отбасы, ұрпақтары, жақын-жуықтары жайында нақты дерек жоқ, кәсібі: сотник, әскери адам, геолог, тұз өндіруші, қала салушы, кеме жасаушы, саудагер, кәсіпкер делініп, әркелкі айтылатын Коряков деген адамның, шындығында, бұл өңірде тіпті болмағанын, ойдан шығарылған аңыз кейіпкері екенін жұртшылықтан жасыру.
– «Павлодар облысы аумағы – ежелгі орыс жері, мұнда қазақтар «Ақтабан шұбырынды, Алқакөл сұлама» жылдары (1723-25) қалмақтардың тықсыруымен Сыр бойынан ауып келіп қоныстана бастаған» – деген қисынсыз ақпараттар тарату.
– Патшалық-кеңестік дәуірден қалған ғимараттарды, ескерткіштерді, символикалық белгілерді (Бірыңғай тозығы жетіп ескірген ғимараттардан тұратын «Старый город» ықшамауданы, «Россия» қонақ үйінің қирандысы, Ленин және жергілікті большевиктер ескерткіштері, Павлодар қаласының логотип таңбасы, т.б.) тарихи материалдық-рухани құндылықтар ретінде дәріптеу, сақтау, қайта қалпына келтіру.
– Патшалық-кеңестік дәуірдің әскери, саяси тұлғалары: Павел Романов, Суворов, Кутузов, Ермак, Ленин, Киров, Дерибас, т.б. есімдерін дәріптеп, олардың құрметіне қойылған қала, көше атауларын сақтау.
– Керісінше, елдікті, тәуелсіз мемлекеттілікті ұлықтайтын егемендік кезеңі ескерткіштері мен ұлт қайраткерлерінің мүсіндері (орналасқан жері, көркемдігі, мән-маңызы) жайында теріс пікір тарату, елдімекендер мен көшелерге қазақша атаулардың қойылуына қарсылық таныту, мемлекеттік тілдің қолданыс аясының кеңеюін қаламау.
– Экологияны сақтау, жасыл белдеуді, бақтарды қорғау деген желеуді сылтау етіп облыс орталығында өндіріс орындарының, тұрғын үйлердің салынуына қарсы қоғамдық пікір туғызу. Тіпті шағын алқапта өздігінен өскен жабайы талдар шоғырын сәулетті бақ кейпінде көрсетіп, оның оталып орнына тұрғын үйлер салынуына қарсы жарияланымдар мен хаттар ұйымдастыру. Сөйтіп, қала халқының негізінен ауылдық елдімекендерден, оңтүстік аймақтардан, шетелдерден қоныс аударып, орнығып қалатын қазақтардың саны есебінен өсуі мен олардың жұмыспен, тұрғын үйлермен қамтамасыз етілу процесіне мүмкіндігінше кедергі келтіру.
– Мерзімді басылымдарда, әлеуметтік желілерде өңір қазақтарын жергілікті қазақтар, оңтүстік аймақтардан, шетелдерден келген қазақтар («местные», «южане», «оралманы») деп бөліп, жіктеп көрсетуге әуестік таныту.
– Қызметте қателікке ұрынған ұлты қазақ лауазымды тұлғаларды құбыжық бейнесінде, үстінен қылмыстық іс қозғалған шенеуніктерді сот үкімі шығарылмай тұрып аса қауіпті қылмыскер кейпінде көрсету.
– Жергілікті билікке , сот және құқық қорғау органдарына тәуелсіз басылымдарда сын материалдар жариялау арқылы қысым көрсетіп, өздерінің талап-тілектерін орындатуға мәжбүрлеу. Сондай әдіспен кадр, көші-қон саясаттарына ықпал ету.
Рас, осынау патшашыл-кеңесшіл топтың негізі бұрын облыс комсомолы тарихымен, өлкетанумен, партиялық жұмыспен айналысқан бірнеше зейнеткерден ғана тұрады. Егер оларды тәуелсіз орыстілді басылымдар тілшілері, кейбір дақпыртқұмар қазақ журналистері қолдамаса, бұл топ көңілге кірбің сала алмас еді.
Дегенмен, Керекуде, бұларға керісінше, қазақ тілін, қазақ мәдениетін, әдебиетін, өнерін әспеттеп, қазақстандық париотизмді, ұлтаралық ынтымақты, дінаралық келісімді ұлықтайтын өзге ұлт өкілдерінің шоғыры бар екенін мақтанышпен айта аламын!
Олар: Василий Ильющенко, Владимир Шнайдер, Александр Верещак тәрізді аға буын өкілдері бастаған Ламбриан Топузидис, Марина Сахарова, Таиса Страдаева, Наталья Муштаева, Елена Иванова, Максим Споткай, Анжелика Бабакова, Елена Белинская, Виктория Петрова, Ян Муравский, Алексей Лодочников, Елена Гаркаева, Светлана Шнайдер, Юлиана Отт, Инга Гросс, Полина Штурмина, Виолетта Буранбаева, Неля Кадык тәрізді отаншыл, мемлекетшіл жастар! Елбасының «Қазақстанның болашағы – қазақ тілінде» деген аталы сөзін жүрек басына байлаған, түрі өзге болғанымен тілегі бір жерлестеріміз Қазақстанның мәңгілік елге айналуына қазірдің өзінде үлестерін қосуда!
Арман ҚАНИ,
ақын, журналист, қоғам қайраткері.
Павлодар қаласы.
Abai.kz