ЖАҒАЛАУ– СОҢҒЫ АЯЛДАМА
ЖАЗУШЫ ҚУАНЫШ ЖИЕНБАЙДЫҢ ШЫҒАРМАШЫЛЫҚ ӘЛЕМІ ТУРАЛЫ АЗ-КЕМ СӨЗ
Әлемде әдеби сынның деңгейі әртүрлі. Бірақ, ортақ бір қағидат бар. Яғни, заманауи қаламгерлердің еңбегі бағаланар тұста олардың тізімі шығармашылық жетістіктеріне негізделе отырып жасалады. Мұны әдетте «рейтинг» деп те жатады. Дәл осы орайдан келгенде бізде олқылықтың бары анық. Әдебиеттегі ұрпақтар алмасуына оң қабақ танытпаймыз. Көбіне сын талаптарынан ауытқып, қазақы көңілжықпастыққа жол береміз. Туындылардың толыққандылығынан гөрі авторлар есімдерінің құдіреттілігі, даңғазалылығы маңызды сияқты. Соңғы шығармаларын қашан жазғандарын өзге түгілі өздері де есіне түсіре алмайтын қарттарды тізім басына қойып, бүгінгі күннің классигі ретінде әспеттеуден жалықпаймыз. Олардың өздері де қысылмайды, осылай болуы заңды деп қабылдайды. Ал, әлдеқашан әдебиеттегі бүкіл «майданды» иеленіп алған соңғы буын жастар санатында жүре береді. Әділетке жүгінер болсақ, әдеби процесске баға беруде шынайылықты сақтауға тиістіміз ғой.
Бүгінгі қазақ прозасының жай-күйін саралап-сараптайтын болсақ, алдыңғы шепте Қуаныш Жиенбай есімді қаламгердің жүргендігін мойындамау мүмкін емес. Қатарластарынан әу баста тұшымды прозасымен Серік Асылбеков оза шапқан-ды. Дидахмет Әшімханұлы мен Жұмабай Шаштайұлы, Қуандық Түменбай, Тұрысбек Сәукетаев, Әлібек Асқаров, Рақымжан Отарбаев, Жолтай Әлмәшев, Серік Байхонов... прозаның ыстық-суығына төзіп келеді.
1984 жылы «Жалғыз желкен» кітабымен-ақ Қуаныш Жиенбай оқырман қауымға өз айтар сөзі бар жазушы ретінде танылған-ды. Бұл бағытынан әсте айныған жоқ. Әдебиетте кез келген штрих, детальдің да мағына ұстап тұратынын ескерсек, шығармашылығының алтын арқауына айналған «теңіз жағалауы адамдарының тағдыры» рәміздік мәнге ие. Теңіз деген зырылдап өтіп жатқан уақыт, өмір емес пе? Жағалау – соңғы аялдама. Осы жерден ізгіліктің де, жамандықтың да мекеніне бару мүмкін. Жазушының міндеті – адамдарға таңдау еркіндігінің бар екенін, тағдыры өз қолында екенін ұқтыру. Қуаныш Жиенбай әлеміне барар жолды осы маңайдан іздеген жөн сияқты. Жақында жазушының 2013 жылы «Фолиант» баспасынан шыққан 2 томдық таңдамалысын оқып, тұжырымдарымыздың дұрыстығына тағы бір рет көз жеткізгендей болдық.
Әлдебір жазушының «енді роман оқылмайды» дегенге саятын сәуегейлігі өткен ғасырдың басында-ақ айтылған. Дегенмен, роман оқылды, оқылып жатыр, оқыла бермек. Тек тарих қойнауына кеткен ғасырдың соңғы шенінде бұл эпикалық жанр көлемдік өзгеріске ұшырады. Ықшамдала түсті. «Даңқ түрмесінің тұтқыны» романы сондай өзгерістердің бастауындағы дүние.
Алматыда дөкей қызметте отырған Баймырза іссапармен туған жері Барсакелмеске барады. Әдетте, алысқа шығандап кеткен жандар туған жерге балалық шақ естеліктерінің тұнығына сүңгіп, тазару үшін барады. Бұл әбден тозығы жеткен тәсіл. Мұны жете түсінген Қуаныш Жиенбай өз романында тақырыпқа қарама-қарсы жақтан келеді. Биліктің буына масаттанып кеткен Баймырза Барсакелместе Ұмытхан есімді бойжеткеннің тұнығын лайлап, күнә арттырады. Оқиғалар осы күнә негізінде өрбиді. Бірер сәттік рақаттың жемісі ретінде дүниеге келген ұлды шешесі Қабыл деп атап, жалғыз өзі өсіреді.
Сол Қабыл табиғаттың нағыз жанашыры боп жетіледі. Атышулы Барсакелмеске қорықшы боп, сол маңдағы аң-құсты көзінің қарашығындай қорғайды. Бірде Барсакелмеске әскери тікұшақ кеп қонып, одан бір топ адам сау ете қалады. Самұрат Салықбаевич деген дөкей аң аулап көңіл көтеру үшін келген екен. Бір ақбөкенді атып салады. Қабыл оларға табанды қарсылық танытады. Төбелесуге дейін барады. Қолынан алтыатарын жұлып алып, сес көрсету үшін аспанға атады. Алайда, ертеңіне дөкейлер Қабылды қаматады.
Бар қазақы қасиеттерді бойына сіңірген Қабыл түрмеде де мойымайды. Шындық үшін күреседі. Қабылан атанады.
Ұмытхан баласын құтқару үшін Баймырзаға хабарласып, көмек сұрайды. Бірақ, ол көмек қолын созбайды. Сол арада Қабылдың таза қаны бар мәселені шешеді. Автор тілімен айтсақ, «Брунейлік миллионер тұңғыш ұлының денсаулығынан несін аяушы еді? Арнайы ұшақ жіберіп, Ұмытхан мен Қабылды Барсакелместен Алматыға алдыртқанын; өлім аузында жатқан Баймырзаның «Иә, Қабыл менің ұлым еді» деген бір ауыз сөзді мойындағысы келмей, жалған даңқтың жетегіне еріп, басын алып қашқанын; кейіннен жас мырзаның есімін «Форбс» журналынан кездестіргенде талып қалғанын; еркек басымен бармағын шайнап, өкініштен көзіне жас алғанын... тізе берсек, тәтті әңгіменің дәмін кетіріп алмаймыз ба?! Әлгі интернеттегі жазулардың қасында бұлар неге тұрады, тәңір-ау?! Таза қанды халықтың кәкір-шікірден оқ бойы озық жүруі тиіс қой... Ең болмаса осыны еске ұстайық... ендігі жерде!» деп роман жақсылықпен аяқталады. Алайда, оқырман көңілінде бір мұң қалады. Сол мұң ойлауға, ойлануға итермелейді. Өйткені, роман жаһандану атты алып аждаһа мен қазақы қасиеттердің, ұлттық құндылықтардың күресі іспетті. Бәрібір көңілді алаңдаушылық сезімі тәрк етпейді.
Ал, «Ән салуға әлі ерте» романы идеялық тұрғыдан алғанда алдыңғы шығарманың жалғасы сияқты көрінеді. Автор Байқоңыр ғарыш айлағының жанындағы ауыл тіршілігін суреттей отырып, Әбдімәліктің отбасы арқылы қоғамды әлденеден сақтандыратын сыңайлы. Өзгелердің қолындағы ғарыш айлағы осындағы елдің абыройын аспандатпайды. Ол – зауал ордасы. «Бетпақтың шөлін көктей өтіп далақтап жүгірген Мейрамкүл. Қайда бағыт алғаны және белгісіз. Аяғы-аяғына жұқпайды. Төңірегі толған қызылды-жасылды көбелектер. Оу, мына бар болғырдың жүгірісі тегін бе? Құмның ішкі жағындағы қауіпті аймақтан не табады?» (Қуаныш Жиенбай, 2-том, 161-б). Мұндағы арман – алдамшы, бақыт – ертегі. Өйткені, тағдыр – басқалардың ойыншығы.
Әбдімәліктің отбасы қасіретке душар болып, өзі жоғалып кетеді. Егер өз тағдырын өзі қолына алмаса, бүкіл бір халық, ұлт та құрдымға кетуі ғажап емес. Ел толыққанды тәуелсіздікке қол жеткізбейінше ән салуға ерте екенін ұғынасыз.
«Аполлон көбелегі», «Тоқта, өлемісің?!» повестерінде де заманның көкейкесті мәселелері көркем өрнектелген.
Қуаныш Жиенбай әңгіме жанрында да өнімді еңбек етіп жүрген жазушы. Осы қос томдыққа 27 әңгімесін енгізіпті. Оларды оқыған сәтте бірден көзге түсетіні – автор тілінің әдемілігі, құрғақ баяндауға бой алдырмай оқиғаны суреттеу шеберлігіне қол жеткізгені, тақырыпқа тың тараптан барып, мәселені өткір қоюы, негізгі ойды шығарма астарына жасыруы дер едік.
«Мылқаудағы» Шымбергенге назар тастап көрелік. Ол кинодағы Мылқау образы арқылы елдің жүрегінде шемен боп жатқан шерді, арман-тілек, мақсат-мұратты көрсетпек болады. Белгілі дәрежеде ойының үдесінен де шығады. Бірақ, күтпегенде... рөлге кіріккені соншалық, Шымбергеннің өзі де халықтан алыстап мылқауға айналып кетеді.
Адамның жақсы-жаман екендігі жолдың басында емес, соңында мәлім болатынын ескерсек, Мылқау біз өмір сүріп жатқан заманның адамдары демеске шара жоқ. Әу баста елдің сөзін сөйлеп жүргендей көрініп, билікке қолы жеткен соң жұмған аузын ашпайтындарды күнделікті өмірде көріп жүрміз. Себебін «Тас құдықтың тұнығы» әңгімесінен табамыз. «Тас құдықтың таза суы асқазанына ем болмауға қарады де! Апыр-ай, ә?». Демек, су бүлінген, немесе адам азғындаған. Бұл–бір ұлтқа емес, күллі адамзатқа ортақ мәселе.
Веселовский айтпақшы, әдебиетте бар болғаны 36 тақырып бар десек, тосын нәрсе қалмаған сияқты көрінеді. Дейтұрғанмен, әрбір жазушы тақырыпты игеруге өз жүрегіндегі соны жол арқылы келетіндіктен, тосын дүниелер жасалуы заңдылық. Әйтпесе, әдебиет әлдеқашан өлген болар еді.
Өз буынының өнімді қаламгері ретінде көрінген Қуаныш Жиенбайдың «Өгей», «Ақмойнақ», «Күде», «Үрей», «Етектегі ескі зират», «Күн түспейтін терезе», «Байқоңыр мен Ватиканның арасы», «Күйік», «Үңгір», «Құбыжық қаптаған түн», т.б. әңгімелеріне қарап, автордың ғана емес, қазақ прозасының да қандай белесте тұрғанын бағамдауға болады. Ол кейбіреулер сияқты модернизм, постмодернизмге ұрынбай-ақ, реалистік әдіспен шырқау биікке көтеріле білген.
Соңғы кезде аударма мәселесі кенжелеп қалды. Егер бұл игі іс мемлекет тарапынан қолға алынып, осы бір дарынды жазушының шығармалары шет тілдерге аударылса, Муракамидің мысы басып, Анарға аңсары ауып жүрген жұртқа «Бізде Қуаныш Жиенбай бар» деп тік қарап айта алар едік...
Бегабат ҰЗАҚОВ
Abai.kz