Сенбі, 23 Қараша 2024
Мәйекті 6688 0 пікір 3 Сәуір, 2015 сағат 10:39

БІЗ СІЗДІ САҚТАЙ АЛМАДЫҚ...

Біз ол кезде бірінші курсты бітірген студенттерміз. Абылайхан мен Төле бидің қиылысындағы ескі ғимаратқа имене кірдік. «Қазақ әдебиетінен» практикадан өтпекпіз. 
Тозып тұрған кеңсенің бағасын арттырғысы келе ме, хатшы апай «Мына терезеден Ғабит Мүсірепов қараған, мына табалдырықта Мұхтар Әуезовтің ізі қалған» деп, бізді ішке қарай бастап барады. Редактордың орынбасары Дәурен Қуат, өңі сұсты, айдаладан айналып қашып, өзімізден-өзіміз ығып жүреміз. Сол жақтағы кабинетте Қуандық Боқай деген кісі хатқа көміліп отырады. Оң жақтағы бөлмеде шашын салалап қайыратын Еркін Жаппас бар. Сосын темекісін құшырлана сорып, сонау Гомерден бүгінгі Харуки Муракамиге дейін құрдасындай көретін Әмірхан Балқыбек. 

...«Жас Алашта» Қадыр Мырза Әлінің «Иірімі» шығып тұрған кез. Бейсенбі сайын шығады, бейсенбі сайын тосын әңгімелер. Гу-гу. Бір күні Әмірхан аға сауал тастады. «Иірім» туралы не ой­лай­сыңдар?». Ұлы адамға қатысты нәрсенің ұсақ-түйегі болмайды. Мырза Әлі жазған Байсейітова да, Мүсірепов те, Тұманбай да, басқалар да дәл біздің «жақсы адам болған екен» не «жаман кісі болыпты» деген бағалауымызға әсте де зәру емес. Олар – бұл өл­шем­дерден баяғыда биіктеп кеткен жандар. Олардың ұлылығы факт, ол феноменді мойындау-мойындамау емес, тек түсінуге тырысу керек. Мәселен, Пуш­кинді ешкім періште демейді, Лермонтовты көпшілік «қабағы ашылмайтын аса сүйкімсіз жан» дейді. Бірақ оның ешқайсысы да бізге ақындардың шығарма­шы­лығын қабылдауға кедергі емес қой? Керісінше, қайшылықты тұлғасын тани түсуге сеп... Осы тақылеттес ойымызды айтқанда, Әмірхан аға балаша қуанады. Көзі жарқ-жұрқ етіп, өзі де ашылып сөйлеп кетеді. Қазақтың жазу түгілі оқу мәдениетінің қалыптас­пағанын айтады. Өз тұлғалары­мызды тануға тырысудың орнына, мумиялап қойғымыз келетіндігіне қынжылады. Тағы сондай көп нәрсе айтады. Аузымыз ашылып, тыңдай береміз. Сөзден сөз туып, Милан Кундера мен Милорад Павич туралы әңгіме болады. «Оның бәрін қашан оқып алған­сың?» деп риза кейіп танытады. «Асыра бағалап тұрсыз-ау» деп, мен бейбақ қысыла түсем (ал шын мәнісінде, ештеңе де оқымаға­нымды кейінірек түсіндім). 

Сол кезден бастап Әмірхан Балқыбек менің рухани ағама айналды.

***

Әмірхан Балқыбек – ақын, әдебиетші, біздің қоғамда сирек ұшырасатын интеллектуал азамат еді. Өлімге қимақ түгілі, жаны­мызда мәңгі жүретіндей көре­тінбіз. Сөйткен Әмірханды да жер қойнына тапсырғанымызға жыл­ға жуықтапты. Қарап отырып ойлайсың кейде. Біз бәріміз кісі өлтірдік қой. Иә, иә, бұлтармаңыз. Кінәлілердің ішінде сіз де барсыз. Мен де бармын. Жоғары жақта кекірген көкелерден тәшкі сүй­реген қара балаға дейін – бәріміз кінәліміз.

...Талантты балет бишісі Дас­тан Шыныбаев қуықтай пәтер алу үшін шетелде қаңғып, зорығып жүріп қайтыс болғанда, оны арулап ақтық сапарға аттандырған едік. «Мұсылманбыз ғой». Сонда Ләйлә Әлпиева айтып еді: «Бізде адамдарды қалай жерлеу керек­тігін біледі. Ал көзі тірісінде кө­мектесуді үйренген жоқ» деп. «Мұсылмандығымыз қайда?».

Әмірхан аға Приамның («Илиада») Ахиллестен ұлының денесін сұрайтын көрінісін жиі тамсанып айтушы еді. «Гектор нағыз ер еді, ұлымды батырға лайық құрметпен жерлеуіме мұрсат бер» деп жалынатын Приам. Ал сол поэмадағы тектілік пен парасатты бойына сіңірген Әмірхан Балқыбектің өзін ақынға лайық құрметпен жер қойнына тапсыра алдық па? Мені кейде сол сұрақ мазалайды. Ұмытқам жоқ, кішкентай ғана Шардара меші­тінде, кеңес кезінен қалған сынық орындықтың үстінде ақынның бір жапырақ ақ-қара суреті тұрды. Қанаттас достары келді, туған-туыстары болды. Біз сенгендей, «Тұңғыш көрдім өлгенін шын ақынның» деп күңіренген қи­сап­сыз халық болмады. Ірілі-ұсақты шенеуніктер төбе көрсеткен жоқ. Ақын кетті. Дидар Амантай аза тұтты, Амангелді Кеңшілік жаз­ды, Әлия Бөпежанова, Дәурен Қуат, Сәкен Сыбанбай жазды. Әр-әр жерде басқа да мақалалар шығып жатты. Әмірхан аға қайтқанда, ақылды адамның бәрі жалғыздығына жақындай түсіпті. Бірақ ақыры сол баяғы митың тірлікке бәріміз қайта оралыппыз. Жүйе өзгерген жоқ. Руханиятқа деген көзқарас түзелген жоқ. «Ақындарды сақтау керек екен» деген ой санасына жеткен бір шенеунік болған жоқ. 

Бірақ ақын айтты емес пе:

– Мен күнәңдi,

Кешкем сонау тiрiмде,–

деп айтар ем,

Шықпайды, әттең, үнiм де («Өткелде»).

Кенеттен Эмиль Золяның еске түскені. «Мен айыптаймын» деп Феликс Форға хат жазып еді. Мен де айыптаймын. Әмірхан аға­ның қаптаған іні-қарындас­тарының бәрін (оның ішінде өзім де бармын) айыптаймын. Ол кісінің бізге қаншалықты әсер етіп, рухани бағдар болғанын, ағамыздың қандай тамаша жан екенін – өзіне күн сайын айтып отырмағанымыз үшін. Біздің ұстазымыз, руханиятта ғана емес, ар, адамгершілік, парасат жо­лында кумиріміз екенін көзі ті­рісінде қайталап айта берме­геніміз үшін. Біз сонда бәлкім, оны қауіпті қадамнан сақтандырар ма едік?

Мен айыптаймын, Әмірхан ағаның барлық әдебиетші доста­рын айыптаймын. Әркез телефон соқтырып, «Мен ақынмын ба?» деп жәутеңдетпей, ақындығына лайықты бағасын бере алмағаны үшін. Шын бағасын білсе, о жаққа асықпас па еді, бәлкім? Бір есеп­тен, ол кісінің поэзиясына деген сүлесоқтық мені таңғалдырмайды. Әмірханның поэзиясына баға беру үшін тағы бір терең, мәрт Балқыбек керек еді. Ал ондай Балқыбек жалғыз еді ғой.

Мен айыптаймын, Әмірхан ағаның потенциалын, телегей-теңіз білімін мойындай тұра, оған жұмыс тауып бере алмаған қатар­ластары мен ағаларын айыптай­мын. Интеллектуалдық өресі ол кісінің тобығынан келмейтін талай Мырқымбайға орын табыл­ған редакциялардан Балқыбекке орын тауып бере алмағандары қандай қисынсыздық. Аузынан сүті кеппеген балалар «Мемле­кеттік сыйлыққа» дәмелі жүр­генде, түкке тұрмайтын атақтың бірі де оған бұйырмай кеткені қандай әділетсіздік. Азамат басы қадірлірек болса, қимасы да көп болар ма еді, кім білсін?

Мен айыптаймын, тірісінде құрмет көрсете алмаған Ақынын өлтіріп тынған соң да селт етпеген қоғамды айыптаймын. Біз көн­біспіз дейміз. Көнбіс адам бір бетін ұрған адамға екінші бетін тосатын. Жоқ, біз көнбіс емеспіз. Біз сүлесоқпыз. Немқұрайлымыз. Бейтараппыз. Аспаннан ай құлап жатса да, өз шатыры аман қалға­нына қуанатын бейшарамыз.

Мен айыптаймын, қазақтың ештеңе білмейтіндігін, білуге талпынбайтынын айыптаймын. Бүкіл әлемнің ілім-білімі алдында ашық жатса да, көзін жүгіртіп соны сіңіруге ұмтылмайтыны үшін, оның орнына дайын догма­ларды талап етіп, солар бойынша өмір сүретіні үшін. Рухани кемелдікке ұмтылған ұлт болатын болсақ, Әмірхан Балқыбек сияқты азаматтар бағалаусыз өтпес еді ғой.

Мен айыптаймын, мәдениет­тің айналасындағы шенеуніктерді айыптаймын. Асыл мен жасықты айыра алмайтын жетесіздігі үшін, өздері кірпік қақпай күзетуге тиіс туған халқының руханиятына тойына қарайтыны үшін. Сондай адамдарға тұтқаны ұстата салатын ессіз жүйені де айыптаймын. Жүйе естияр болса, жақсы адам­дар бұл өмірден кеткісі келмес пе еді, кім білсін?

Бірақ мен айыптағаннан бі­реудің қылы қисая қоймас, сірә. Ұлт руханиятында орны бөлек аза­маттың қысқа дүниеде мұң­данып өткені ғана өкінішті. Ол есік пен төрдей көлік мінбеді, коттеджде тұрмады, бай-бағлан­дармен дос болмады. Жұмсақ креслода отырмады. Оның өмірде көрген бар құрметі – анасының алақаны, сүйікті жарының мейі­рімі мен інілерінің алқалауы ғана еді. Оның көрген бар қуа­нышы – бір қабырғада сіресіп тұрған «үш жүз досы» еді. Басқа ортаға өзінің керексіздігін сезін­ген ол, баянсыз қоғамнан кеткісі келіпті.

Мешіт құр үй, молда болса ібіліс,

Қырсыққанда ақыл берер аға аяр.

Ендігі жер неге керек кідіріс,

Жер бетінде не қалды енді аялар?! («Біздің кезең»)

«Нағыз ақын 45-тен артық жасамауы керек» деген сөзін жиі еститінбіз. Біліп айтқан екен, 45-інде өзі де мәңгілік сапарға атта­нып кете барды. Бірақ Әмірхан аға жеңілді деп санамаймын, ол жеңді. Жеңілген біз. Рухымызды суарып тұрған асыл қазынадан айырылдық. Енді бүтін қазақ жиналып, басына алтыннан күм­без соқсақ та, ештеңе өзгермейді. Адам жоқ. Елдің бәрін жақсы көретін жүрек жоқ. Қатардағы қан­дасының өзіне: «Сен ұлы қазақсың!» деп аянбай айта алатын мәрт, ақжарма көңіл жоқ. Көп ой сыйып тұратын жанарын, ақсары жүзін сағынасың. Оның арғы жағындағы сәби адалдықты, ағалық қамқорлықты аңсайсың. Оның бірі де жоқ енді. Ол жазатын «Көшім хан» да жазылмайды. Терең мақаласы мен өрелі өлеңі де жазылмайды. Өкінішті. 

Әмірхан аға кеткенде, біз ақын­ның ғана емес, артында қалған халқының да бағасын білдік. Мемлекеттік арналардың бі­рін­де жедел хабар ұйымдас­тыратын кезде «Билік көңіл айтқан жоқ, сондықтан бұл кісі туралы хабарды бере алмаймыз» деген «шешімді» естідік. Сонда бұл елде ешкімнің сақинасын сүймей, шашбауын көтермей, тек әдебиет деп жұмыс істейтін адам өзіне лайық құрметтен күдер үзуі керек қой? Билік көңіл айт­паса, министр жаназаңа келмесе, сен адам емессің. Жоқсың. Бол­мағансың да. Ақыл-ойыңның, ұлт қазынасына қосқан үлесіңнің құны көк тиын. Сол маңдағы жастар осылай ойлады. Және өз өмірінің өзіне ғана қымбат екенін түсінді.

Ол «халыққа керек адам еді» дейміз. Бірақ «халыққа керек еді» деген сөз де – өзімізді алдау ғана. Ең талантты шығармаң, ең терең туындың қазір халыққа керек емес. «Тракторшының махаб­баты» – қазір халыққа керегі. Бірақ бұқараның талабынан бөлек ұлттың генофонды, интел­лектуалдық қоймасы деген дү­ниелер болмаушы ма еді? Та­лантты ақындар туар, өз дең­гейінде білімді әдебиетшілер де қалыптасар, бірақ қазақтың ой кеңістігін кеңейту, рухын асқақ­тату екінің бірінің талайына жа­зыла бермейді. Жалпы, қалам ұстаған адамдарды екі санатқа бөлуге болатын сияқты. Біріншісі – қарапайым оқырманға әсер ете алатындар. Екіншісі – осы оқыр­манға әсер ете алатын жазарманға көкжиек болатындар. Әмірхан аға осының екіншісіне жататын. 

Өйткені ол ізденуші адам еді. Мысалы, Борхес өзін неге еврей­мін деді, Зигмунд Фейд не бүл­дірді, Мұса пайғамбар мысырлық па еді, гректер әспеттеген Марс қылышы – түркі даласынан қашан кетті? Бірқұдайлық дін – түркі даласындағы Тәңіршілдіктен шыққан жоқ па? Он ұйықтасаң түсіңе кірмейтін ойларды ойлай­тын. Оның ізденісті мақалалары­ның тасасында ылғи да «біз әлем­дік маңызы бар ұлы мәдениеттің, теңдессіз өркениеттің мұрагері­міз!» деген тұжырым тұратын. Енді ондай ерлікке ешкімнің де батылы бармайды. Өресі де жете бермейді. Оның жазғандарын әлі өз дәрежесінде түсініп, бағам­дайтын адам көп емес. Бірақ ұлт тарихын зерттегісі келген азамат болса, Әмірхан аға көп жұмбақ­тардың шешіміне нұсқап кет­кендей. 

Ол ылғи да, кез келген дүниеге ұлттық өлшеммен қарай білді. Әйтпесе, қусүйегі қурап қалған Шың­ғыс ханды өз ағасы Ша­хановтан қорғап несі бар? Бүкіл халық жабылып Олжас Сүлей­меновті күстаналап жатқанда, шырылдап ақынды қорғап не жын түртіпті? Оның жастарды көтермелеп, жылт еткен дүниесіне қуана білуінің сыры да – кең ауқымда, ұлт мүддесі тұрғысынан ойлай алатындығында еді. Бір ағалар бар, інілерінің тәуір өлеңін оқыса, жиырыла қалады. Досхан Жолжақсынов «Біржан салды» түсіргенде өзі сондай бір кино түсіре алмаған бір ақсақал інісі үшін қуанудың орнына: «Досхан бәле екен» деп қысқа қайырғаны есімізде. Осы іштарлықтың сыры неде? Рухани пәкенелікте болса керек. Өресі тар адам өзгені бойы­нан асырғысы келмейді. Ал Әмір­хан аға сондай эгоизмнен алыс еді. Ақыл-ойы, білімі, па­расат-пайымы, жүрегі мен пейілі, көңіл байлығы жағынан да дархан еді. Естуімізше, өзі өлімнің ау­зында тұрып, достарының біріне теле­фон соғыпты: «Өлеңдерің мықты екен». Бұл – Әмірхан Бал­қыбек қана бара алатын әрекет еді. 

Кейде ойлаймын, ол кісінің ара­мыздан кетуі – өзінен кейін­гілерге сабақ болуға тиіс. Бір-бі­рін қадірлеуге, бағалауға, аялауға үйрету керек. Жазушылық, ақын­дық рухани ашқарақтыққа же­телеу керек. Бұдан былай бос жү­ріс-сел­теңбайлыққа, селсоқтыққа орын жоқ. Жас әдебиетші үшін, өзінің талантына, өз болашағына нем­құрайлы қарау – Әмірхан ағаның рухының алдындағы күнә сияқты. Өйткені ол сеніп өтті емес пе: «Қазақ баласының Аку­тагава мен Гарсиа Маркестерден артық жазуға мүмкіндігі бар ғой?»...

***

Әмірхан аға әр хабарласқан сайын, «Қарындасым-ей, сен Бодлерді жазшы», «Сен Вийонды жазшы», «Сен Сезаннды жазшы» деп тапсырыс беруге құмар еді. Сөйтіп, алаңсыз ойыма вирустар сеуіп кететін. Ізденіске жете­лейтін. Мен көп нәрсе жазам деп ойладым, бірақ Әмірхан ағаны осылай сағынып мақала жазам деп ойламап едім. Аға, біз сізді сақтай алмадық. Кешіріңіз.

Әсия БАҒДӘУЛЕТҚЫЗЫ

Дереккөзі: http://aikyn.kz

Abai.kz

0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1470
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3245
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5407