Қазақы қасиетті бойымыздан қалай табамыз?
Бұрындары "мен қазақпын" дегенде қаны қызбайтын адам болмаған. Себебі, қазақ деген сөзде мәрттік, жомарттық, адалдық, сабыр мен төзім, ұят пен ар, ынсап пен қанағат, тұрақтылық пен қайсарлық болатын. Қысқартып айтқанда барлық рухани қасиет қазақтың бойынан табылатын. Жоқ болса, табуға тырысатын. Сондықтан, Абай: "жалқаусың, боссың, езсің" деп қайрады. Қасым хан, еңсегей бойлы Ер Есім, Тәуекел, Абылай сияқты хандарымызбен қатар қазақтың рухани шежіресінде сопы Әзиз Мүсірәлі, Баба Түкті Шашты Әзиз сияқты ғазиз жанды ұлы адамдар көп болды. Солардың ішінде шоқтығы биік Әзірет Сұлтан мен Бекет атаны жұрт жадынан еш ұмытқан емес. Ал, сол бабаларымыздың өсиет етіп кеткен асыл қасиеттерін бойымыздан қалай табамыз деген мәселе көп айтылып, жиі насихатталуы керек деп ойлаймыз.
Бекет атаның 260 жылдық мерейтойын кең көлемде атап өткен Маңғыстаудағы тойда осы үш сұрақты ел ағаларымен талқылап көруге тырыстық.
Бұрындары "мен қазақпын" дегенде қаны қызбайтын адам болмаған. Себебі, қазақ деген сөзде мәрттік, жомарттық, адалдық, сабыр мен төзім, ұят пен ар, ынсап пен қанағат, тұрақтылық пен қайсарлық болатын. Қысқартып айтқанда барлық рухани қасиет қазақтың бойынан табылатын. Жоқ болса, табуға тырысатын. Сондықтан, Абай: "жалқаусың, боссың, езсің" деп қайрады. Қасым хан, еңсегей бойлы Ер Есім, Тәуекел, Абылай сияқты хандарымызбен қатар қазақтың рухани шежіресінде сопы Әзиз Мүсірәлі, Баба Түкті Шашты Әзиз сияқты ғазиз жанды ұлы адамдар көп болды. Солардың ішінде шоқтығы биік Әзірет Сұлтан мен Бекет атаны жұрт жадынан еш ұмытқан емес. Ал, сол бабаларымыздың өсиет етіп кеткен асыл қасиеттерін бойымыздан қалай табамыз деген мәселе көп айтылып, жиі насихатталуы керек деп ойлаймыз.
Бекет атаның 260 жылдық мерейтойын кең көлемде атап өткен Маңғыстаудағы тойда осы үш сұрақты ел ағаларымен талқылап көруге тырыстық.
1. Қазақта «Мәдинада - Мұхаммед, Түркістанда - Қожа Ахмет, Маңғыстауда - Пір Бекет» деген сөз бар. Осыны қалай түсінесіз?
2. Бекет ата секілді рухани тұлғалар қазақтың мінезін түзеп, ар, ұят, намыс, елдік сана, адамгершілік қасиеттерді адам бойына сіңіріп, мәңгілік өшпес мұра етіп кетті. Осы қасиеттерді қазақтың жүрегіне қалай жұқтырамыз? Тәжірибесі бар ма?
3. Біз ұлы бабаларымызды көп насихаттаймыз. Олар дүйім қазаққа, әлемге үлгі болған адамдар. Олардың бойындағы адамгершілік, ерлік өз бойыңызда бар ма?
Әнес Сарай, жазушы:
1. «Мәдинеде - Мұхаммед, Түркістанда - Қожа Ахмет, Маңғыстауда - Пір Бекет». Бұл - Бекет атамызға халықтың берген бағасы. Бекеттің орнын анықтап беріп тұр. Бұдан артық баға жоқ. Өткенде бір жерде батаға басқа да адамдарды қосты. Оларды қосудың қажеті жоқ. Осы үш таған ұсталып қалатын болса, үлкен идеология болады. Үш тағанды ылғи да айту керек. Осыдан айнымасақ, біздер түбінде Бекеттің қадыр-қасиетіне жетеміз. Сондай-ақ үшеуінің арасында рухани сабақтастық бар. Қазақ даласында сопылықтың теориясын Қожа Ахмет Ясауи жасап кеткен. Бекет ата сол Ясауидің шәкірттерінің шәкірті болып келеді.
2. Бұл адамдар өздерінің ісімен, мінезімен өнеге болған. Мұхаммед (с.ғ.с.) Пайғамбардың істеген ісін сүннет дейді. Хадистерді Пайғамбардың көзін көргендер жазған. Бұл кісілер сол жолмен жүрген. Және бұл кісілердің жүріс-тұрысы, мінезі, кереметі халықтың аузында қалған. Қайрымдылығы, адамгершілігі, ел үшін жанын беретіндігін суреттеп, жинақтаған. Содан болар қазақ халқының жойылмай осы кезге жетуі сол Бекеттей әулиелердің шарапаты деп ойлаймын. Оларға қазіргі дүние тойымсыз, қанағатсыз, қиянатшыл, ақшаңдаған десең, дүниеден безіп кетер еді.
3. Мен өз бойымнан табылады деп айта аламын. Бірақ олардай ерекше жаратылған адам еместін. Мен пендемін. Пенде деп өзінің жақсылығы мен жамандығы бар адамды айтады. Халықтың 99 пайызы пенде. Бірақ пенде болып тұрып пендешілікке салынбайтын жолды қарастыру керек. Қиянат жасамау, өз еңбегіңмен күніңді көру, барға қанағат, жоққа сабыр - біздің халықтың негізгі ұстанған ұстанымы. Соны жоғалтып алсақ, құрдымға қарай жол шегеміз.
Жұмабай Шаштайұлы, «Қазақ әдебиеті» газетінің бас редакторы:
1. Елімізде кейбіреулер әулиелерді сыйлауға келгенде таза мұсылмандық канондарды қатты сақтаймыз деп, тым ұшқары кетіп, догмаға ұрынатыны байқалады. Осының кесірінен бірнеше топқа бөлініп жатқан жайымыз бар. Жалпы ең қасиетті құндылықтардың жиынтық мәнінде ұлт тұрады. Сол биік философияның биігінен көріне алмай жатамыз. Мен рухани биікке көтерілген тұлғаның алдында тұрғандай сезінем. Осы жерге келместен бұрын рухани іштей дайындалған дұрыс сияқты. Лауазымға қатты мән беретін қазіргі уақытта зияратқа келудің маңызды нәрсесін байқадым, дүниені ұмытып, ұлтқа, ата-анаға, балаға деген ізгілік бойға дарып, парыздық мәселені көтеретін орын ба деп қалдым.
2. Бекет атамыз осы күнге дейін халықтың санасында. Бұл - үлкен тұлға. Халық жадынан шығармаған ұлы рухани тұлғаларды догмаға ұрынбай, саясатқа айналдырмай халыққа насихаттау керек. Бүгінде сондай тұлғаны айтқанда, мифологиялық тұрғыда тоқталады да, шынайы тұлға етіп тану, талдау жетіспей жатыр.
3. Мен ерлікке, құрбандыққа қай бетіммен барамын (күлді)...
Темірхан Медетбек, ақын:
1. Кейбіреулер бұл асыл сөзді тек Маңғыстауда ғана айтады деп ойлайды. Негізі барлық жерде айтады. Жақында Түркістанға аталарымыздың біріне құран бағыштауға барғанда батаға осы үш рухани тұлғаны қосты. Мұхаммед (с.ғ.с.) пайғамбардың, Қожа Ахмет Ясауидің жолын жалғастырушы Бекет атаның орны ерекше. Рухани тұтастық осы үш тұлғаны ауызға алумен қалыптасады. Бекет ата күллі қазақтың рухани ұстынына айналды деген сөз. Жан-жақтан адамдардың Атаның басына ағылып келуі бұл орынның рухани орталыққа айналғанын көрсетеді. Жаңа мен бір адамды зеңбілге салып зияраттап жүргендерді көрдім. Бұл не деген пейіл, ықылыс?! Бекет атының басына дірілдеңкіреп түсіп едім, қуаттанып шықтым.
2. Бекет ата сияқты тұлғалар имандылықтың институтын қалыптасты-рып кетті. Көп зиярат ету керек. Зияратқа жаман, лас қасиеттерді шығарып, жаңару, таразу үшін келеді. Имандылық құндылықтарды бойына дарытып, ізгілікке ұмтылуға жәрдем береді әулиелер.
3. Мен мүмкіндігімше таза болуға тырысқан адаммын. Алла Тағаланың алдында ешқандай күнәм жоқ деп айта алмаймын. Бірақ қолымнан келгенше жақсылық жасап, қиянат жасамауға тырыстым. Бала-шағамды да жақсылыққа, ар-ұятқа, көрегендікке, жанның тазалығына тәрбиелеуге ұмтылдым. Бағамды жұрт айтсын, мен өзімді қалай кереметпін деп айтамын? Еңбегімді оқыған жұрттар мақтап, алғыс айтып жатады ғой. Алла Тағалаға, әруақтарға, рухани әлемге еңбегімнің біршамасы арналды.
Айдар Абуов, Мәдениеттер мен Діндер халықаралық орталығының директоры, философия ғылымының докторы, профессор:
Халық ауыз әдебиетінде қалыптасқан сөз. Менің пікірімше, бұл өте дұрыс. Ол дәстүр. Қазақ даласы ислам дүниесінің ең шеткі жері деп есептеледі. Ілуде біреуі ғана Мекке баратын болған. Ал, Мекке жете алмайтын қарапайым халықтың санасына уағыз айтып жүретін ақын, ағартушылар осы төңіректегі Түркістанға үш рет зиярат жасасаң, ол да қасиетті сапар деп айтылатын. Ол қажылыққа теңелмейді, бірақ әулиелерге де зиярат ету де сүннеттен, жақсылықтан туған игі іс, қалыптасқан дәстүр. Сондықтан әрбір мұсылман Ясауи бабаға, Бекет атаға зиярат етуді үлкен құрмет деп есептейді. Халықтардың исламға қайшы келмейтін дәстүрлері ислам әлемінің философиясын дамытады. Түркістанда Қожа Ахмет Ясауидің шәкірттер тәрбиелеп, түркілерге түсінікті түркі тілінде «Диуани хикмет» еңбегін жазды. Оның шәкірттері, дәруіштері Қазақ даласына, Тұран әлеміне, барша түркі еліне Ясауи ілімін таратқан. Ясауиді тек Қазақстан емес, түркі дүниесі өзінің ұстазы есептейді. Бекет ата Қожа Ахмет Ясауидің ілімін игерген, оның рухани мектебін дамытқан тікелей ізбасары, шәкірті.
Смағұл Елубай, жазушы:
1. Меккеге және қазақ даласының Меккесіндей болған Қожа Ахмет Ясауи кесенесіне, Бекет атаға бару үшін де адамға дайындық керек деп ойлаймын. Менің сол дайындығымның жоқтығынан шығар, Атаға бірінші рет келдім. Аталарымыздың қазақтың рухани тарихындағы орнын түсінетіндей халге жетіп, зиярат еттік. Сопылық - исламдағы әулиелерді тудырған керемет ұлы жол. Шынын айтқанда, ислам дінін суфизмнен ажыратуға болмайды. Әулиелер - Пайғамбардан, сахабалардан кейінгі исламияттың пайғамбар жаққан алауынан от алып, қараңғылықты жер бетінен серпу үшін жан-жаққа жүгірген рухани желаяқтар. Қазақ даласында Пайғамбардың жолын қуған әулиелер көп болды. Соның ішінде Қожа Ахмет Ясауи мен Бекет атаның орны бөлек.
2. Сопылардан қандай үлгі қалды? Жалпы иман жолында тазалыққа, құлшылық етуге, төзімділікке, қанағатқа, Құдайдың шапағатынан үміт етуге өзін арнаса, құдіретке ие болатынын, қарапайымдылықтан рухани шыңға көтерілетінін олар өзінің өмірімен дәлелдеді. Қазақ даласында рухани шыңға айналған әулиелерге Қожа Ахмет Ясауиге, Баба Түкті Шашты Әзизге, Бекет атаға қарап, рухани биіктеуіміз керек. Жер бауырлап қалмауымыз керек. Олардың қалдырған сабағы осы. Біз әулиелердің үлгісіне қарай бет бұрдық. Бекет атаның әруағы қолдағай!
3. Сол адамгершілікке барар жолдамыз деп ойлаймын.
Жанат Әскербекқызы, Филология ғылымдарының кандидаты, ақын:
Түркістан - түркілердің рухани отаны. Дәстүрлі мұсылмандығымыздың қанат жайған жері. Мұсылмандықтың іргесін қалап, бүкіл қазақ даласына таралған жері. Ислам дінін ұрпақтың жүрегіне сіңірген ұлы ұстаз Әзірет Сұлтан, әулиелердің сұлтаны - Қожа Ахмет Ясауи. Бекет-Атамыз осы Қожа Ахмет Ясауидің жолын жалғастырушы, дәстүрін жалғастырушы рухани шәкірт. Арыстан баб Мұхаммед пайғамбардағы аманат-құрманы алып, Қожа Ахмет Ясауиге табыстаған. Бұларды біріктіріп тұрған жол - дәстүрлі мұсылмандық, қазақтың ішіне кеңінен тараған, ата-бабаның салтын, дәстүрін, ғұрпын, ұлттық ерекшелігімізді, тілімізді, ділімізді сақтай отырып тарайтын мұсылмандық. Осы жолды ұстайтын болғандықтан хақиқат жолы, хақтың жолы негізгі тірегі, ұстыны осы кісілер деп білемін. Сондықтан біріктіріп тұрған күш осында.
Нұртөре Жүсіп, «Айқын» газетінің бас редакторы:
1. Бұл тұлғалардың аты неге әйгіленіп тұр? Құранда «егер Мені кімде-кім шын сүйсе, Мен оның есімін мәңгілік қыламын» деген аят бар. Мұхаммед (с.ғ.с.) пайғамбар, оның ілімін ұстаған Құл Қожа Ахмет Ясауи, Пір Бекет Атамыз да Құдайды шын сүйген адамдар. Сондықтан бұлардың аты жаңғырып тұрады, ұмытылмайды. Бұл кісілердің атын атай алмайтын замандар болды. Тәуелсіздік алып рухани бастау беретін ұлы тұлғаларымызға қайта жүгініп жатырмыз.
3. Енді оны мен айта алмаймын, әйтеуір жақсылықтың, әділеттің жаршысы болсақ, тура жүрсек, кішкентай болса да халқымызға қызмет етсек деген ойымыз болады. Бекет атаның басына зиярат қылғанда жақсы әсерде болдым. Адамның жігеріне-жігер қосады. Өмірді пайымдайсың, таразылайсың. Үлкен, ғаламат ой саларлық сапар болды.
Пікірлерді жинаған: Дәурен СЕЙІТЖАНҰЛЫ, Камшат БАТЫРБЕКҚЫЗЫ
«Үш қиян» газеті