Сенбі, 23 Қараша 2024
Мәйекті 6449 0 пікір 19 Наурыз, 2015 сағат 09:40

НАУРЫЗ ТУРАЛЫ ТҮСІНІГІМІЗ НЕГЕ ТАРЫЛЫП БАРАДЫ?

Наурыз мейрамының Ұлыстың Ұлы күні аталып, халықтық мерекеге дәл қашан айналғанын дөп басып айту қиын шығар. Дегенмен, XIII ғасырдың еншісіне тиесілі болуы мүмкін. Себебі, көшпенді тайпалар құрған хандықтардың мемлекет болып қалыптасуы осы кезеңмен байланыстырылып жатады. Көкте күн, жерде хан мен қараша теңесетін «Ұлыстың Ұлы Күні» делінуі тегін болмаса керек.

Бұл жерде біз бұл мерекенің дәстүрін жіті зерттеп, салт-санасын мейлінше қатаң сақтауымыз керек. Дәстүр дегеніміздің өзі озық үлгіні қабылдай отырып, ары қарай ұрпақтан ұрпаққа жалғастырып сақтау дегенді білдіретін ұғым. Олай болса, дәстүр - халықтың зияткерлік меншігі. Дәстүрінен айырылған ел де, ұлт да жер бетінен жойылып кетеді. Ондай елдің өз мемлекеті де болмайды. Сондықтан, қазақты өз болмысымен сақтау үшін салт-дәстүрі оның түпкілікті қайнар көзі болады.

Қазақ баласы ежелден Ұлыстың ұлы күні мерекесінде аға буынға ілтипат танытып, бала-шағаларға қуаныш сыйлап, бір бірлеріне тарту-таралғы жасап, ағайын туыс, құда-жегжат, көрші-қолаңдарымен жиналып ойын-сауық құрған.

Қазіргідей алаңда киіз үй тігіп, түрлі деңгейдегі басшылар бір біріне жағымпазданып, тәтті-дәмділерін кімнің лауазымы жоғары болса соның аузында тосып, қарапайым халықты көзге ілмей шікірейетін тоңмойын бюрократтық біздің тарихымызда ешқашан болмаған. Ешкім көптен оқшауланбай, бәрі теңескендіктен бұл нағыз халықтық мейрам сипатын алған ғой.

Совет заманында Наурызды мүлдем ұмыттыруға тырысып, жаппай шырша мерекесін тойлауға көштік. Тәуелсіздік жылдары Наурыз ортамызға оралғанымен оны әлі өз болмысымен тойлай алмай ырың-жырың етіп жүрміз. Оны тек көже ішу, көне қазақ болып рөл ойнау, бір күн шапан кию деп түсіну қате!

Қазақтар Ұлыстың ұлы күніне күзден бастап дайындалған ғой. Мал семірген қоңды кезінде қыстың алғашқы күндерінде соғым сойып, құрт-ірімшік, жент секілді тағамдарын дайындап, қарын-қарын жас ет, май, қатық жинап, ең дәмді-тәттілерін «ұзын сары келгенде» деп кейінге сақтайтындарының бір шеті Наурыз мерекесін күткендіктерінде жатыр.

Сондай-ақ, киім-кешектерінің өңдісін, жаңасын мерекеде киеміз деп таза, кіршіксіз күйі сақтап отырған. Үйін, ауласын, қора-қопсысын да тазалап барынша жаңаруға тырысқан.

Ұлыстың ұлы күнімен бірге ырыс-береке, құт кіреді деп сенгендіктен көңілде кірбің, уайым-реніш болмауын маңызды санаған. Бұрын ренжіскен ағайындар «көңілдің кірі айтса кетеді, қолдың кірі жуса кетеді» деп, өзара ашық-жарқын сырласып, кешіріскен. Үйге келген қонақты қалай күтетіндігін айтпай-ақ қояйын. Жыланның да басына ақ құйып шығаратын халықпыз ғой.

Мереке күндері ешқандай бейберекеттікке жол берілмеген. Жаман сөз айтуға тиым салынған. «Ескі жыл есіркеп, жаңа жыл жарылқасын» дегендей тек ізгі ниеттен шыққан игі тілек, баталар ғана айтылған.

Енді, Ұлыстың ұлы күні қандай әрекеттерге тиым салынғаны туралы бір-екі ауыз айта кетейін:

  • Бұл күні іс тігуге болмайды. Әсіресе, ескі киімдердің жыртығын жамауды «ескімен алысқанның есі кетеді» деп санаған;

  • Бұл күні бөтен үйге қонуды сол жыл бойы үйіне тоқтамай алыс сапарда болудың нышаны санаған;

  • Жылап-сықтау, жүз щайысу, боқтасу секілді жат қылықтар жасаса, жыл бойы жанжалдан құтылмайды деп сенген;

  • Күндіз жатып ұйықтауға тиым салған. Төсек тартып жатқан науқастың өзі отырып, бір сәт көңіл көтеруге тиіс болған.

Олай болса, біз бүгінгі күні қалай тойлап жүрміз? Жаппай театрландырылған көрініске еріп, жасандылыққа көшіп кеттік. Бұқаралық мәдени шараларды айтпағанның өзінде әр мекеме салт-дәстүрді көрсетіп жатырмыз деп «бесікке бала салып», өтірік «тұсау кесіп», «құдаласып, қыз ұзатып» шала бүлінеміз. Оның не керегі бар? Тойлаған соң бәрі шынайы болсын да! Қалай?

Біріншіден, жылдық жұмысты Наурыз мейрамы қарсаңында қорытындылап, мыңнан тұлпар, жүзден жүйрік шыққан үздіктерімізге осы мерекеде мемлекеттік марапаттар мен атаулы сыйлықтарды ұсынуды дәстүрге айналдыруымыз - Ұлыстың Ұлы күнінің абыройын көтереді.

Екіншіден, мерекеге орай Президент рақымшылық жариялап, бұрын істі болған, кінәлерін ашық мойындаған, жасаған қылмысына шын өкінген адамдарға өз Жарлығымен бостандық беруі керек. Мұндай әрекет дәстүрімізге сай келумен қатар биліктің беделін көтереді, халықтың мемлекетке деген сый-құрметін арттыра түседі.

Үшіншіден, Ұлыстың Ұлы күні мерекесінің даңқын көтеріп, абыройын асқақтату және халықтың асыға күтетін мейрамына айналдыру үшін күнтізбелік бес күн демалыс тағайындалып, әр мекеме меншік нысанына қарамастан бір айлық еңбекақы көлемінде сыйақы тағайындауды Үкімет Қаулысымен заңдастыру керек.

Қуандық ШАМАХАЙҰЛЫ,

халықаралық журналист.

Abai.kz

0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1467
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3241
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5387