Жұма, 20 Қыркүйек 2024
Қоғам 7510 0 пікір 16 Наурыз, 2015 сағат 10:42

РИНАТ ЗАЙЫТОВ НЕ ДЕДІ?

Жуырда от ауызды, орақ тілді айтыскер ақын Ринат Зайытов ҚазҰУ-дың студенттерімен кездесу өткізді. Әр заманда да ақынын әспеттеген елдің ақыннан күтері аз болмаса керек. Оның бір дәлелі – осы кездесуге жиналған жұрттың молдығы. Бір бұрышта бүкіл кездесуге куә боп біз де тұрдық. Сосын да сол жердегі жұрт болып жапырыла қойған сұрақтардың жауабын ептеп түртіп алып, елді құлағдар етуге асықтық.

Топ пен тобыр

«Жалғыздан жортады екен жолбарыстар, өзі мықты – қайтеді топ көбейтіп?» деген сөз бар. Бізде қазір – топтанып қадам басуға тәрбиеленген қоғам. Бірақ адам баласы патриот болу үшін, оған біреудің соңына еріп қажеті жоқ. Студенттер, жастар, сөз жоқ – үлкен күш. Бірақ олар әлі өздерінің күш екенін сезіне қойған жоқ. Қазір «мынадай топ болайық, бүйтейік-сүйтейік» десе, ол бір адамға ғана бағынатын тобырға айналады. Неге біздің практикант-студенттер әрі кетсе мектепке барады немесе басқа бір мекемеге барады? Неге біреуі министрлікте практикадан өтпейді? Неге ең болмаса шешуші қызметте отырған адамның көмекшісі болып көрмейді? Қазір осы бастан дайын болмаған бала 30 жасқа келгенше, әркімнің орынбасары болып, туфлиін тазалап беріп жүреді. 35 жасқа келгенде, бір жерге басшы болса, одан оңған бастық шықпайды. Ол жас кезінде көріп алды, енді өзгелерге де өз туфлиін сүрткізуді міндет етеді. 

Үйрену мен жирену

Біздің жастар келешек туралы ойланбайды. Ең болмаса, ертең үйленемін немесе тұрмысқа шығамын: менің осынша балам болса ғой дегенді де ойламайды. Себебі, олар баланың не үшін керек екендігін білмейді. Сондай мақсатсыздықтың нәтижесінде интернет деген жақсы құрық пайда болды. Кімге қалай екенін қайдам, бірақ менің намысыма тиер еді: егер менің қарындасым немесе қызым (Құдай бетін әрі қылсын) жартылай жалаңаш кейіппен айнаға қарап, өзін-өзі суретке түсірсе. Бұл мен үшін жартылай өліммен тең! Әрине, бұл жерде ол үшін бүтін жастарды кінәлай да алмаймыз. Себебі, біз оларға «Батыстан үйреніңдер» дедік, бірақ не үйрену қажет екендігін айтпадық. Сол үшін де дәл қазір кешегі өткен Мағжан ақынға ұқсап, «Мен жастарға сенемін» деп айта алмасам да, мен жастардан үміттенемін.

Күпіршілік пен шүкіршілік

Ел болашағы соғыс болмаған жағдайда ғана жарқын болады. Біздер сахнаға шығып: «Ойбай, үкімет не қарап отыр?!» деп айтуымыз мүмкін. Бірақ сол жағдайлардың барлығы бір күндік тыныштыққа садаға болып кетуге дайын тұрады. Біз жарқын болашақты қалауымыз үшін, саналы қауым қажет! Қазір интернетті ашып қарайды да, біреу діни уағыз айтса, «мынау дұрыс айтып отыр» деген пікірде қалады. Ал оны айтып отырған адам кім? Саналы адам ең алдымен сол сұраққа үңіледі. Үш мыңға жуық халықтың алдында айтыста отырып, «мынау неге бүйтіп жатыр, қолдарыңа таяқ алып, жүріңдер, шығайық!» деу қолымнан келер еді. Бірақ бұның соңы ешқашан жақсылыққа апармайды. Тыныштығы бар ел ғана, мейлі он жылдан соң, мейлі жүз жылдан соң, әйтеуір түбінде дамиды. Сондықтан барлығымыз таңертең оянғанда, Аллаға шүкіршілігімізді айтып, елімізді сақтасын деп тілейік!

Музыка мен саясат

Музыканың жаппай адамзатты бағындыруға құдіреті жетпейді. Біздің музыкаға келген кезде талғамымыз жан-жаққа бөлінеді. Музыканы саяси құрал немесе ұрпақ тәрбиесіне ықпал етеді дегенге өзім аса келіспеймін. Музыка тек құлақтың еншісіндегі нәрсе. Ол саған ешқандай бағыт-бағдар да, ой да бермейді. Ол тек жаныңды тыныштандыру үшін немесе іштегі жынды қоздыру үшін тыңдалатын нәрсе деп білемін.

Бірде мынадай оқиға болды: досыммен шай ішіп алмақшы болып, кафеге кіргенбіз. Қазақ қызы ұялы телефонынан музыка жіберіп қойып, тамақтанып отырды. Анығында, ағылшын тілін мен өзім жақсы біле бермеймін, бірақ өлеңнің сөзін ептеп түсіндім. Сосын қыздың өзіне барып: «Мынау не деген сөз, білесің бе?» – дедім. Қыз болса: «Жоқ, күшті өлең ғой!» – демесі бар ма?! Сонда «Бұл осындай мағына береді, сен сондайсың ба?» дегенімде, әлгі қыздың көзі алақандай болғаны бар. Мысалы, көздеріңді байлап қойып, тамақ берсе – жемейсіңдер ғой. Ендеше неге сөзін түсінбейтін музыканы тыңдайсыңдар?!

Намыс пен қамыс

Негізінен, қазақ жігітіне намыс қана керек. Қалғанының барлығы – соның илеуіндегі дүние.

Намысы жоқ адам шетелге барса да, «мен – қазақпын» деп айта береді, бірақ өз тілін білмейді. Жақында осының анықтамасын тауып еді. Келешекте айта жүріңіздер: тілін білмейтін қазақтың анықтамасы – «полуграмотный». Ол 42 әріпті жаттай алмайтын болса, оны толық сауатты деп айта алмаймыз. Қазақша «шаласауатты» деп атауға болады. Бірақ бұл оның намысына тимейді.

Басшы мен қосшы

Қойшының баласы да, генералдың баласы да айтады: «Ел үшін құрбан боламын» деп. Бірақ олардың мүдделері әртүрлі. Абай атамыз айтпақшы, «мені» мен «менікінің» арасын ажыратып алу керек. Біз қазір өзімізде не бар деп емес, ертең артымызда не қалады деп ойланудан қалдық. Осы отырған әрқайсысың – бір-бір күшсіңдер.

Астанада оқып жүргенімде, белгілі математик Мұхтарбай Өтелбаевпен таныстым. «Аға, кезінде математиканы мықтап оқығансыз-ау» дедім. Сөйтсем, ол үш-ақ сыныпты бітірген адам екен ғой. Көрдіңіз бе? Бұл сіздердің де қолдарыңыздан көп нәрсе келеді деген сөз. Қазақта «Басшы болған – жаман, қосшы болған – аман» деген сөз бар. Біреудің айтқанымен жүру – бәріміздің қолымыздан келеді. Ал біреуге айта білетін адам – Қазақстанның болашағын ойлайтын нағыз азамат болады.

Шығыстың бір шайырының айтқан сөзі бар: «Жолда жатқан жыланды баспағаның – менен кейін біреуді шақ дегенің» дейтін. Біз Отан деп құрбан болу үшін, алдымен құрбан боларлық Отанды қалыптастырып алайық.

Діндар мен дүмше

Жақында мына бір жағдайды кезіктірдім. Алғаш Конституциямыз қабылданған уақытта ол жерде адамның бостандығы емес, діннің бостандығы бірінші жазылған. Демек, кейін ел ішіне іріткі салынар болса, дін арқылы ғана бүлік салынатынын сол кезде білген. Сол уақытта санамыз болса, «мектепте бірінші қазақшаны оқыңдар» десе, жалғыз Алладан басқа ешкімге табынбаған Иассауиге келер едік; «Алланың өзі де рас, сөзі де рас» деген Абайға келер едік; «Кел, балалар, оқылық, бір Аллаға сыйынып» деген Ыбырайға келер едік. Онда біз дүмше мен молданың арасын ажыратып алар едік. Егер дәл осылай «Отанымды сүйем» деп құрдан-құр айқайлай берер болсақ, оның да екі ұшы бар. Ертеңгі күні біреу кеп: «Отаныңды сүйсең, жүр, көтеріліс жасаймыз» десе, еріп кете берер еді. Бірақ, не үшін бара жатқанын білмейді. Отан үшін құрбан болу деген міндетті түрде өзіңнің өлуің емес, өзіңнің бір нәрсеңді құрбан ету. Мәселен, бір мамандықты амалсыздан игеріп, кейін айлық үшін ғана жұмыс атқару – сенің Отанға деген сатқындығың болмақ. Мен Отанды сүйем деп жар салмай-ақ, өзіміз Отанға кішігірім қызмет жасасақ – ең абзалы сол!

Өкініш пен қуаныш

Әңгімені тым ауырлатпай, кішігірім өкінішім туралы айтып берейін. 2006 әлде 2008 жылдары Парижге барған кезде Түркияның бір қазағы кеп: «Бауырым, домбыраңды маған тастап кетші!» – деді. Арғы жағын ойлап жатпадым: домбырамды жақында ғана жасатқан кезім еді, бере алмадым. Кейінірек ойласам, ол кісі маған жақсылық жасамақ болған екен ғой. Егер менің домбырам сол жақта қалса, ол Еуропадағы қазақтардың жәдігеріне айналар еді. Олар өзара араласып-құраласып тұрады: бәлкім, сондай басқосуларда қолдарындағы менің домбырам екенін айта жүрер ме еді, кім білсін? Кейде сол кезде домбыраны қалдырып кетпегеніме шындап өкінем... Бірақ биыл Қазақ хандығының 550 жылдығы тойланатынына шынымен-ақ қуанып жүрмін.

Тіл мен діл

Егер маған салса, Конституциядағы орыс тілін ресми пайдалану дегенді алып тастар едім: басқа ұлттарға қазақ тілін үйренуге 5 ай уақыт берер едім және мемлекеттік қызметке қазақ тілін білмейтін адамды алмау керек деген заң шығарар едім. Себебі, бұл әлемдік практикада бар нәрсе. Тіл ешқашан, еш мемлекетте проблема болып көрген емес. Тек заң жүзінде ғана шешу керек. Мысалы, ешкім салықты өз еркімен барып төлемейді ғой. «Салық төле» деп теледидардан айтады, үйіне қағаз жібереді. Жылдың аяғында барып, сол салықты төлейді. Өйткені, ол – заң. Тілді қайтіп үйренеді деп жүре бермеу керек, заң шықса, оны бес ай, бес күнде-ақ үйреніп алуға болады...

Дайындаған – Қозыбай ҚҰРМАН

Дереккөз: «Общественная позиция» («DAT» жобасы №10 (281) 12 наурыз 2015 ж.

0 пікір