Сенбі, 23 Қараша 2024
Мәйекті 5168 0 пікір 11 Наурыз, 2015 сағат 04:52

СЕРИАЛҒА БӨЛІНГЕН ҚАРЖЫ «МЫҢ БАЛАДАН» ҮШ ЕСЕ АЗ

Қазақ хандығының 550 жылдығына орай бірқатар жобалар қолға алынды. Соның бірі – Қазақ хандығы туралы 10 бөлімді сериал. Оның шет-жағасын өткенде айтып едік. Айтулы жоба жұмысына режиссер Рүстем Әбдіраш ағамыз кірісіп те кетті. Тарихи сериалда Керей мен Жәнібек хандығынан Кенесары ханға дейінгі кезең қамтылмақ. Мемлекет тапсырмасы бойынша сериал жыл аяғына дейін дайын болуға тиісті. Ал шығармашылық топтың қазіргі қарқыны қандай екен, оны Рүстем ағамыздан сұрап білдік.

– Рүстем аға, сериалға қай жылдар аралығындағы оқиғалар енеді? Қай тарихи тұлғалар негізгі кейіпкер болмақ?

– Туындыны Жәнібек пен Керейдің Әбілқайыр ханнан 1465 жылы бөлініп шыққан кезінен бастаймыз. Қасым ханның таққа отырған Әбілқайыр ханның немересі Шайбанидің ұрпақтарымен 1512 жылы шайқасы болады. Керей мен Жәнібектің таққа отырғаны, ең соңғы Қасым ханның таққа келгенімен бітеді. Міне, осы жылдар аралығындағы оқиғалар қамтылмақ. Қазақ хандығы бір күнде құрыла салған жоқ. Қаншама қиындықты өткерді. Мысалы, Жәнібек ханның аталары, әкелері Ақ орданың иесі болған. Қазақ мемлекетінің түп негізі Ақ ордадан басталады деп санауға болады. Ақ орданың мемлекет ретінде екі жүз жылдай тарихы бар. Сонда биылғы жылды Қазақ хандығының 750 жылдығы деуге де болады. Соның бәрі осы фильмнің барысында шет жағалатып айтылады. Әбілқайырдың Көк ордасында пайда болған кішкентай мемлекет елу жылдың ішінде Қазақстанның қазіргі шекарасын белгілейтін жерлерге шейін кеңейеді. 200 мың адамнан басталған қазақ көшін Жәнібек пен Керейдің балалары Қасым мен Бұрындық бір миллионға жеткізеді. Міне, осындай тарихи деректер келтіріледі. Сериал атауы әлі қойылмады.

– Керей, Жәнібек, Әбілқайыр, Қасым, Шайбани сынды тарихи тұлғаларды кімдер сомдайтыны анықталды ма?

– Актер таңдау әлі де жалғасып жатыр.

– Көркем туындыда қай тұлғалардың жеке тағдыры суреттелмек?

– Иә, біраз тарихи тұлғаның жеке өмірі де суреттеледі. Оның ішінде Жәнібектің әйелі Жақан, Керейдің әйелі Айымбикенің тағдыры, Әбілқайырдың әйелі, Ақсақ Темірдің немере қызы тәрізді кейіпкерлер бар. Кейбір тарихи тұлғалардың өзара туыстық қатынасын көпшілік біле бермейді. Мәселен, Жәнібектің ұлы Қасым мен Әбілқайырдың ұлы Мұхаммед екеуі өзара бөле. Міне, сол жайттарды көркем туындымызда ашып айтуға талпынамыз. Бұл сериалды қазақ тарихының киношежіресінің бастамасы деуге болады.

– Сценарийді кімдер жазып жатыр?

– Сценарийге Ілияс Есенберлиннің «Көшпенділер» трилогиясының бірінші кітабын арқау етеміз. Смағұл Елубай, Тимур Жақсылықов үшеуміз қосылып жазып жатырмыз.

– «Шетелден маман шақырылады» деген сөз қозғалып еді. Оның қажеттілігі туындай ма?

– Көркем фильм түсіріп жүрген маманның сериал түсіруге де мүмкіндігі жеткілікті. Ол үшін біреуді шетелден шақыртудың қажеті жоқ. Кәсіби мамандар өзімізде де жетерлік. Қазақ тарихы туралы фильмде қазақ мамандары, қазақ актерлары жұмыс жасауы тиіс деп ойлаймын. Ал қару-жарақ жағынан, көне әскери киімдерді дайындауда Қытайдың кейбір технологиясын пайдаланамыз.

– Туындыны түсіру уақыты өте шектеулі. Жыл аяғына дейін аяқтай аласыздар ма?

– Иә, уақыт аз. Шетелде мұндай жобаға кем дегенде бір жарым, екі жыл беріледі. Қазақ хандығы өзі өте күрделі жағдайда тез арада құрылған ғой. Біз де дәл солай аз уақытта күрделі кезеңнен өткелі отырмыз (күлді). Қазір түсірілім алдындағы дайындық жүріп жатыр. Жаздың ортасында түсірілімді бастасақ, он серияны түсіруге кем дегенде бес ай, яғни 120 күндей уақыт керек. Егер күні-түні тоқтамай жұмыс істесек, үлгеріп те қалармыз.

– Шамамен қанша актер қатыспақ, ол жағын есептеп көрдіңіздер ме?

– Әзірге санап көрмедім, бірақ бірсыпыра актер қажет болады. Арасында әскерді көбейту үшін компьютерлік технологияларды, арнайы эффектілерді қолданамыз.

– Жобаға бөлінген қаражатты нақты айта аласыз ба? Жеткілікті ме?

– Белгілі бір сомада қаржы бөлінді. Бірақ есептесек, «Жаужүрек мың балаға» бөлінген қаражатпен салыстырғанда, бұл үш есе аз. «Мың баланың» қамтитыны бір ғана оқиға, ал қазақ хандарының тарихы ауқымдырақ дүние ғой. Оның үстіне, бір-екі емес, он бөлім. Демеушілер болады деген үміт бар. Өйткені, бұл – бүгінімізге де, болашақ ұрпаққа да маңызды жоба.

Сұхбаттасқан Қарлығаш ДОСАНОВА

 

Abai.kz

 

Дереккөз: «Ұлан» газеті, №10 (10.03.2015)

0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1466
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3241
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5385