Жұма, 22 Қараша 2024
Әдебиет 7221 0 пікір 26 Ақпан, 2015 сағат 00:54

Жанат ЖАҢҚАШҰЛЫ. "УАҚЫТ ЕМЕС ДЕЙДІ АТАЛЫҚ ОН КІСІ, ОРЫСТЫ ҚАЗІР ЖАУ ЕТЕР..."

ҚАҺАН

Археологтар қорымнан арғымағы қоса жерленген қаһан мүрдесін тапты. Олар олжаларды сыртқа шығармақ болғанда, қорым ішінен мына бір дауыс шығып, шошытқан еді...

Тарт қолыңды, түздің тарпаңы,

Атқан ба жерде құзғындар таңы?

Тариқат еткем тарғыл әлемді,

Тыныштығымды бұздыңдар тағы.

Тимеңдер менің арғымағыма,

Тағдырым тұлпар салды бағыма.

Жаяулап емес, құлдардай өңшең,

Тәңірдің атпен бардым алдына.

Қаһанға ғана сай ғұрып қылып,

Жерлеген жұртым қайғырып тұрып.

Қаратабанды соңыма тастап,

Кеткенмін жерден сәйгүлік мініп.

Дәуренім өтті, әттең, білемін,

Барлығып қалды-ау, ақ тер күреңім.

Тарт қолыңды, тексіздің ұлы,

Тарихыңа да атпен кіремін!

Тозаңға көміп жаһанамыңды,

Танытам елге ата-қанымды.

Мұражайыңа атыммен барам,

Білсем де бұзық атанарымды.

Дүбірмен жердің түріп етегін,

Шеңгелге түссе бүріп өтемін.

Арғымағымнан айырма мені,

Көрінсін елге Түрік екенім.

Тарт қолыңды!

ОРАЗ-МҰХАМЕД! 

Ондан сұлтанның ұлы Ораз-Мұхамед - қазақтың Ұлы оғландарының бірі. Он алты жасында ел қамымен сапарлап жүріп орысқа тұтқын болған. Одан кейін кепіл ретінде ұсталғаны М.Мағауиннің «Аласапыранынан» белгілі. Қасіретке толы ғұмырбаянын Мұхтар ағамыз сол романында жазып тастаған. Тұтқын боп барып Хан болған Бейбарыс қазақ үшін қандай қастерлі болса, Ораз-Мұхамед те сондай қастерлі. Тәуекел ханның қалғасын (хан өле қалған жағдайда хан көтерілуі тиіс адам) Алпамыс, Ертарғын, Қобыландыдай ер санаймын өз басым. Құрмет пен сүйсінуден туған өлеңнің деңгейі қандай екенін мұқтарам жамағат білер...


ТҰТҚЫН

Он сан оқты Онданның ұлы,
Ордада тұғыр орыны.
Кремльде алғаш болғанның бірі,
Керменде қалды қорымы!

Шығайдан қалған шаңырақ еді,
Шыңғыстың тіке жалғасы.
Тәуекел сонда аңырап еді,
Тұтқын боп кеткен Қалғасы!

"Орда шайқалды, күрсінді қырат, 
Он алтыда еді бұл бөрің.
Жоныңды күдірейтіп, жүрісіңді бірақ,
Оғлан ғой деді күллі елің!

Доңыз сасыған, қауға сақалды,
Кәпірге тұтқын болдың ба?
Берсең де қолдан жауға шаһарды,
Өзіңді бермей,
Өле салмадың ба орныңда?!

Алты қыратты асыра қуайын,
Атасы тексіз бұл елдің!
Дәретімді патшаларының басына қылайын,
Жібергін мені, жібергін!!!"

Баһадүр еді ер қағанның болмысы,
Заты да бұның Тәуекел!
Уақыт емес дейді Аталық он кісі:
"Орысты қазір жау етер!"

Азбанқара кісінеді, 
Соңғы күшін бір жиып,
Күрек тісі көрінеді ағарған.
Тұтқынға ол тұрғандай
ма ыржиып,
Көз моншағын
төгіп алып жанардан...

КЕПІЛ

Ақ патша тұр тұтқынға аңтарыла,
«Он алтыда бала ғой мұның әлі.
Қалай қалға сайлаған хан тағына?
Көрініп тұр көзінің сұғы бары!

Он алтыда... Бұл қалай ел билепті?
Менің ұлым ойнап жүр қар атқылап.
Біздерге ғой баланы бермейді епті,
Қазір берсем, тағымды талақ қылад...

Бала емес, мынауың бәле шығар,
Екі көзі барады тесіп өтіп.
Түбінде дүниені дәл осылар,
Тербейтін болады бесік етіп».

- Чингизиды, -деп патша күбір етті,
Тұтқын тұрды тек үнсіз тасырайып.
 
«Біздің бастан қаншама дүбір өтті...
Қасқырға қарсы қасқыр асырайық».

Патша енді күлмілжіп сөз бастады,
Тұтқын да тілге келді жібігесін.
«- Неткен тұқым, әй, бұлар тозбас қаны,
Он алтыда кететін біліп есін!

- Поместье бер, малай бер, мал-мүлік бер,
Қатын керек десе де аямаңдар.
Жолатпаңдар кәззапқа, ханды үгіттер,
Құрметтеңдер, мендей ғып аялаңдар!»

Патша айтса жарлыққа талас бар ма?
Тұтқын еді, төреге қайта айналды.
Айтармын деп дәм-тұзым жарасқанда,
Елге қайту жайын да айта алмады.

Патшаң отыр, паңданып мамығында,
Семіздіктен кеткендей еті іріңдеп.
«Бұл бізге книяз емес, анығында,
Дүниені жаулайтын кепілім» деп.

***

Ақ қар үстін қызыл қан кестелепті,

Құзғын патша отырды тоят тауып:

- Мына қыпшақ қосыны не істеп өтті?

Қан-жын қылып, кетті ғой қоя ақтарып.

Шведің де, басқа да есі кетіп,

Даусы жетті құлаққа еңіреген.

Жеңдік бүгін, Құдайым несіп етіп,

Құрметтейін баһадүр сені немен?

Қаһарыңа мінгенде сойың бөлек,

Ұрандатып қосының дүркіретті.

Сендерге ғой әйтеуір ойын керек,

Ал жауыңды бір елес сілкіп өтті.

Батый бабаң тіріліп кетті ме деп,

Швед шебі дүрлігіп, қалтыраған.

Біздің жауға дәл осы тепкі керек,

Көрсетейік көшпелі салтын оған.

 

Хан боласың!

Хан-Кермен саған бердім,

Сен боласың ұрыста сенімді ерім.

Мен сені қалға емес, қаған көрдім,

Орыс жері ендігі сенің жерің.

Туған далаң түсіңе жиі кіріп,

Елеңдейсің, елегзіп аңтарыла.

Қазағыңның кетпесе биі құрып,

Басқа қалға сайлайды хан тағына!

Сен кетсең садағыңды кім иеді?

Басылғанша жүре тұр таудағы алаң.

Урусов екеуіңмен дүниені,

Дүбірлетіп түбінде жаулап алам!

ИЗМ & ӘДЕБИ ТӨБЕЛЕС

Кезінде Парижде ақын-жазушылар арасында екі топқа бөлінген төбелес болған. Төбелес себебі: әдеби жанр мен измдер. Бұл оқиғаға бүгінде аты әлемге мәшһүр болған жазушылар қатысқан деседі...


"Жанр" да көп, "изм" де көп тым бізде,
Шаттық жырым түсіп кетті мұңды ізге.
Күңіренген күңгірт жырлар оқиды,
Тас қараңғы тұнжыраған түн бізге.

Эпос жыры бізге енді ескі деп,

 Өлеңінің жал-құйрығын кескілеп - 

Бір ақын жүр, жерді қойып, ғарыштық
Одасымен ой-санамды тескілеп.

Бір ақын жүр, Бұқарлардан сыр алған,
Өлеңдері өң мен түстен құралған.
Бір ақын жүр, Алтайдан да асқақтап,
Ұйқастары ұйық иттей бұралған.

Бәрі соның нағыз ақын, ал бірақ,
"Измдері" алдан шығар жалбырап. 
Біреуінің ойы терең тұңғиық,
Біреуінің сөзі тәтті бал-бұлақ.

Бірақ, бірақ... Мойындаймын бәрін мен,
Өзімде де жаңалық кем, дарын кем.
Мен де келем ат үстінен ақырып,
Махаңдардан қалған асау арынмен.

Кімге опа әпереді көп егес?
"Изм" жайлы дауымызда көп емес.
Аңсап тұрам, бізде де осы бұрқанған,
Болса екен деп әдемі бір төбелес!

ҚОС ҚЫРАН
Қартайғанда қиын екен қыран құс, 
Қайтқан кезде тұла бойдан бұлан күш.
Өжет құсың көжек құсап бүкшиіп,
Тұранында мүлгігіш те, сыланғыш. 

БөріҚұт-тың құз-қияда жазмышы,
Құсбегі де қастерлі адам, әз кісі:
- Екеумізде қартайдық - деп, күрсінді,
(Бір шың сүйеп тұрғандайын бір шыңды)

- Балақ бауын ағытамын, самғасын,
Томағаға тамшы жасы тамбасын.
Текті құсқа тұғырда өлу қасірет,
Жіберемін, ерлік жолын таңдасын.

Ұзақ жылдар болды менің рас, пірім,
Қанжығамда түлкі түгіл, қасқырың...
Қартайғанда құлап өлу керек құс,
Бұздырмайын бұған баба дәстүрін!

Қарт күрсініп, қыран құсты босатты,
Көздің жасы жанарынан қоса ақты.
...Сол бір күні кеудесінен әз жанның,
Деп естідік өз жаны да босапты. 

Екі қыран өзін жерге қоса атты...

Abai. kz

0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1462
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3229
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5308