Сенбі, 23 Қараша 2024
Мәйекті 7390 0 пікір 9 Ақпан, 2015 сағат 15:36

БІРТУАР

Зиялылықтың белгісі барлық іс-әрекетінен көрініп тұратын адамдар бар. Рабайда бір туатын ондай тұлғамен сырлас болу - пенде баласы үшін зор бақыт. Ол адамды әр көрген сайын жаның жылып, әр сөйлескен сайын, ойламаған жерден рухани олжаның кенішін тапқандай көңілің марқайып қалады. 
 

Күні кеше ғана дүниеден өтіп, жамбасы әлі қара жерге тие қоймаған Герағаң – Герольд Бельгер  мен үшін сондай асыл жандардың бірі болды. Мен мәңгілік мекеніне кетіп бара жатқан осы бір аяулы жанмен сырласқан кездерімнің қас-қағым сәтін де ұмыта алмаймын. Кешеден бері солардың бәрі есіме түсіп, көңілім бұзылды. Жүрегі қазақ деп соққан бір әдемі сәуле мәңгілікке сөніп, енді оның елесі ғана қалғандай көз алдымда. 
Тоқсаныншы жылдары «Ақ жауын» атты тұңғыш кітабым жарық көрді. Заманның қиын кезі еді. Мемлекеттен қаламақы сұрамақ түгіл, кітабымыздың шыққанына мәз-мәйрам болдық. Шынымды айтсам, марқұм Зейнолла Серікқалиевтің алғыссөзімен шыққан сын кітабым туралы біреулердің жақсы пікір айтатынына аса сенімді емес едім. Бірақ оған аса қатты мән де бере қойған жоқпын. Ең бастысы – кітабым жарық көрді. Мен ол фактіні әдебиет майданындағы ең алғашқы жеңісім ретінде қабылдадым. 
Бір күні кешке ылғи да жастарға жанашыр болып жүретін Зейнолла Серікқалиев ағам хабарласты. Аз-кем амандық саулықтан соң:
- Сенің кітабың туралы «Книголюб» газетінде орыс тілінде бір жақсы мақала шықты, оқыдың ба?- деп сұрады. 
- Жоқ, аға. Оқымақ түгіл естіген де жоқпын. Кім жазған екен? 
- Авторы жазылмапты. Бірақ мақала өте жақсы, жан-жақты талданып жазылған. 
Сол күні Алматыны шарлап жүріп, әрең дегенде «Книголюб» газетін тауып алдым. Газеттің тұтас бір бетіне шыққан мақала көзіме оттай басылды. «Первая книга критика». Сын кітабыма жақсы баға беріліпті. Енді оның бәрін айтып берсем, тым қатты мақтанып кеткендей болармын. 
Қанша сұрастырсам да, мен осы мақаланы кімнің жазғанын ұзақ уақыт біле алмай жүрдім. Біраз жыл өткеннен кейін радиодағы журналистік қызметіме байланысты Герағаңнан сұхбат алуға тура келді. Ол кісінің жазған дүниелерімен жақсы таныс болғаныммен, бірінші рет кездесуім. Әкемнің сонау бір жылдары Герағаң туралы очерк жазғанын жақсы білетінмін.
Өте ұқыпты адам екен. Жұмыс істейтін әр минуты есептеулі. Түскі сағат үште бір сағат уақыты ғана бар екенін алдын ала ескертті. Белгілеген уақытында үйіне келдім. Қырық минуттай сөйлестік, әңгімесінің бәрін диктофонға жазып алдым. Ойындағысын бүкпей, ашық айтады. Кейде әңгімесінің арасына юмор араластырып, күлдіріп алады. Қоштасарда ол менен: 
- Айтпақшы, сенің кітабың туралы «Книголюбта» шыққан менің мақаламды оқыдың ба? – деп сұрады. 
- Оқыдым, Гераға. Соны сіз жазып па едіңіз? - деп қатты ұялғаннан Герағамды құшақтай алыппын, таңданысымды жасыра алмай...

Енді, міне, сол қамқоршы ағамнан мәңгі айрылғаныма сене алмай отырмын. Ей, жалған дүние-ай!

Амангелді Кеңшілікұлы

             

НЕМІС БОП ТУЫП, ҚАЗАҚ БОП ӨЛДІҢ

 

 (Герағаның қазасына)

 

 Халыққа Абыз боп,

Ой-толғағын айтқан,

Қазаққа Ауыз боп,

Айта алмағанын айтқан

Асыл ойдың қанаты топшысынан қайрылды,

Әділетті Сөз жоқшысынан айрылды.

Алатауым бүгін басына қара салып тұр,

Аспаным мұңайып аласарып тұр...

 

Жапанға біткен жалғыз емен едің,

Ақыл-ойдың байрағы,

Ар-намыстың қайрағы – нағыз кемел едің!

Мыңдардың мұңын жүрегіңде қайнаттың,

Надандықтың көгіне жай оғын ойнаттың...

 

Тек жүрсең бәлкім, тоқ жүрер ме едің,

Домалаңдап жүзге кеп жүрер ме едің?

Тозақты көрдің, мазаққа көндің.

Неміс боп туып, Қазақ боп өлдің!

 

Сәбидей таза, кішіпейіл, дана...

Өксікке тұншығып, қош дейім, Аға!..

 

 Тұрысбек Сәукетаев.

  07.02.2015 ж.

  Алматы.

Abai.kz  

0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1468
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3244
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5402