Сенбі, 23 Қараша 2024
Жаңалықтар 3330 0 пікір 1 Маусым, 2009 сағат 09:30

Байқоңырлық аналар сәби сүю бақытынан бас тартуда

 

 

Байқоңырлық аналардың біразы сәби сүю бақытынан бас тарта бастағаны байқалады. Себебі соңғы кездері шарананың белгісіз себептермен іште өліп қалатыны, туғаннан кейін жамбасындағы ұршық сүйегінің жоқ болатындығы жөніндегі суық сөздер жұрттың құлағына түрпідей тиетін болған. Білуімізше, алғашқы жағдайдағы жайсыздықты аяғы ауыр әйелдің өзі бірінші сезініп, дер кезінде дәрігерге қаралмаса, жиі қолданылатын қарабайыр тәсілдер арқылы құрсақтағы өзгерістерді тап басып тану мүмкін емес көрінеді. Ақ халаттылар алдына барғандардың бәрін бірдей және тізімде тұрғандарды күн сайын УЗИ аппаратына топырлатып түсірмейтіні белгілі. Іштегі баланың тынысын тыңдап-көру кезінде мыңдаған тамырлардың бүлкілін медицина мамандары қалыпты жағдаймен жиі шатастыратынын есіттік. Мәселен менің жақын бір танысымның әйелі былтыр осындай оқыс оқиғадан әупіріммен аман қалғаны бар. Өйткені іші түйіліп ауырған бойда жедел жәрдеммен осы қаланың перзентханасына жеткен келіншекті дәрінің көмегімен әрең босандырып алғандар: “Cенің бүгін келген бақытың бар екен. Егер екі-үш күнге кешіккеніңде ішіңдегі өліп, денесі шіріген баланың бұзылған қаны денеңе тарап өзіңнің де  қайтпас сапарға аттануың мүмкін еді” - депті. Және бұл келеңсіздікке учаскелік дәрігердің біліксіздігін  кінәлаған. Қарсы жақ болса бойыңда белгісіз бір инфекцияның табы болуы мүмкіндігін айтып, зәресін одан сайын ұшырса керек. Бірақ тараптар осы кеселдің құпиясын ортақ мақсатта зерттеп, нақты қортындысын шығармаған сыңайлы. Қорқынышты көріністер әлі де қайталануда. Жалдық сипатта ресейлік жүйемен жұмыс жүргізетін медициналық мекемелердің басшылары мәселенің мән жайы жөнінде жұмған ауыздарын ашар емес. Бұл мемлекет тарапынан қаншама қаржылық қолдау көрсетіліп, жыл сайын жоғарылайтын жалақының негізінде әлеуметтік тұрмысын түрлендіріп отырған денсаулық сақтау саласының мамандарында кәсіби тұрғыдағы жауапкершіліктің жоқтығын айғақтайды. Қарапайым көпшіліктің бір бөлігі - дандайсыған дәрігерлердің дәрменсіздігін жазғырса, екіншілері күрт көбейген ғарыштық ұшырылымдардың адам ағзасына тигізген экологияның әсерімен байланыстыруда. Бұрыннан бар сан түрлі науқасқа және тағы екі жамандық жамалғандай.    Қалай десек-те қол қусырып отыра берген жөн емес. Дереу дабыл қағып, кез-келген аурудың алдын-алу шараларын жүргізбесек қатерлі қауіптердің басқа да түрлері одан әрі дендеп кетсе демографиялық ақуалды қалай түзейміз? Демек салалық министрлік мамандары мен медицина ғалымдары бірлесіп байқоңырлық ел азаматтарының денсаулығын жан-жақты тексеріп, жүйелі қызмет көрсететін мезгіл жетті. Екі жақты қол қойылған Келісім барына малданған жоғарыдағы шенеуніктер осы уақытқа дейін елден есендік сұраған емес. Кезіндегі құжаттардың кемшіліктерін заман талабына сай қайта түзетіп, жаңаша өзгерістер енгізу жұмыстары да маңдымай тұр. Тіпті олар қос  мемлекеттің заңдарымен еншілес өмір сүргелі бері бұл өңірде қандай өзгерістер орын алғанын және қазіргі қалыптасқан кейбір ақуалдар турасында толыққанды мәліметтерді білмейтін де шығар. Он жылдан астам уақыт бойы тек тепіреш көруден көз ашпағандықтарына ашынған ағайынның айтары төмендегі талапқа табан тіреп тұр: “Қазақстан Үкіметі ғарыштық нысандарға қоса өз азаматтарын да уақытша пайдалану үшін ресейліктерге жалға бергендей, 1994 жылдан бері ұстанған өгейлік саясатын тоқтатсын. Байқоңырда барлық бағыты бойынша мемлекеттік бақылауды күшейтіп, тиісті қаржыландыру тетіктерін дербес жүргізуі қажет”

 

 

Нұрлан ТІЛЕГЕНҰЛЫ, журналист. Байқоңыр қаласы. 01. 06. 2009 жыл.

0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1468
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3244
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5397