Ербол неге хит болды?
Біз үшін ол кезекті хабардың бірі еді. Ербол көмек сұрап келді. Тыңдадық та түсіреміз деп шештік. Түсіріп эфирге шығардық та ары қарай келесі хабарлардың қамымен шапқылап кеттік. Содан бері бір апта өтті. Ерболдың «жыры» әлі таусылған жоқ.
Ол түскен «Тәңірі қосқан жар едің сен» хабарын Ютубта 127 мың адам көріпті.
Хабардан кесіліп алынған үзік бейнелер ватсап желісіндегі топтан топқа көшіп жүр.
Фейсбукта бірталай адам оған пост арнады.
Кездескен, сөйлескен адамның көбі соны айтады.
Ерболды әркім өзінше түсінді. Даттаушылар көп. Аяушылық білдіріп, түсінгендер де баршылық. Күлкіге айналдырғандар да жетеді. "Ұлттық арна осындай отбасылық «ұсақ» мәселені эфирге неге шығарды?" деушілер де болды.
Әйел сабаушы «батырлар» туралы бұрын да хабарлар жасадық қой. Олардың ешқайсысы мұндай резонанс тудырған жоқ. Ал Ерболға неліктен елдің назар ауды? Сіз қалай ойлайсыз? Ерболдың феноменіне тереңірек үңіліп көріңізші...
P.S. «Ерболдың феноменін» өзім жазып тастағым келген. Уақыт жоқ. Келесі хабарды түсіру керек. Кезекті кейіпкер күтіп тұр. Бірақ, Ерболға бір оралам...
Бейсен Құранбек
Facebook-тегі парақшасынан