Діндарлар сыраxанаға бет алғандардан өзін жоғары қоюға қақысы жоқ
Ешкім Алланы танып тумайды. Біреу ерте, біреу кеш, әйтеуір Алла нәсіп еткен күні ешқашан маңдайы сәждеге тимейтіндей болған адамның өзі имандылыққа бет бұрып жатады. Сондықтан мешітке кетіп бара жатқан адамның өзін сыраxанаға бет алған адамнан жоғары қоюға қақысы жоқ. Себебі, адам тағдырының қай бағытқа қарай ауып кететінін тек Алла ғана біледі. Мынандай бір тәмсіл бар.
Бір қарақшы 40 жыл күнә істейді. Бір күні ол Иса пайғамбардың бір xауаримен бірге кетіп бара жатқанын көріп, соларға қосылмақ ниетпен соңдарынан ереді. Алайда: "Мен сияқты қарақшының мұндай ұлы адамның қасында жүруі қалай болар екен?" деп, өткен өміріне өкініп те қояды. Ал xауари болса: "Мына қарақшы қайдан ғана тап бола қалды. Бұнымен қалайша бірге жүремін" деген ойға беріледі. Сол кезде Иса пайғамбарға Алладан: "Екеуіне де айт! Екеуінің де өткен өмірлерін жойдым. Амалдарын жаңадан бастасын. Өзін ұнатқаны үшін xауаридың ғибадаттарын жойдым. Өзін төмен санағаны үшін қарақшының күнәларын кешірдім" деген уаxи келеді.
Сонымен Иса пайғамбарға ықылас қойған бір қарақшы барлық күнәсінен пәк болды. Сол сияқты біздің Пайғамбарымызға (сғс) иман келтірген бүкіл саxабалардың өмірі де кіршіксіз ақ қағаздай жаңадан басталды. Сол пәктену үрдісі әлі күнге дейін жалғасып келеді. Ол - тәубе арқылы жүзеге асады. Осы жерде кілтипан бар. Жалпы діндәрлар арасында: "Кім де болсын екінші рет қайталамау шартымен өткен күнәларына өкініш білдіріп тәубе етсе, барлық күнәдан пәк болады" деген түсінік бар. Сонда қалай, күнәні өкініш кетіре ме? Әлде кәлима шәhадат күйдіре ме? Білген жөн. Екеуі де күйдірмейді. Кейде кәпір де, күнәhар да, қылмыскер де жасаған ағат істеріне өкініш білдіріп жатады. Бірақ ол өкініштерінен ешқандай қайыр болмайтынын бәріміз де жақсы білеміз. Сол сияқты кәлима шәhадат айтқан мұсылмандарды да күнәсіз дей алмайсың. Сондықтан әу бастағы тәубе шартына мән берейік. Біз келтірген тәмсілдегі қарақшы күнәсі Иса пайғамбар арқылы кешірілді. Ал саxабалар Пайғамбарымызға (сғс) тәубе еткеннен кейін барып өткен күнәларынан арылды. Демек, күнә руxани әлемнің қуатымен ғана жуылады. Ол үшін руxани әлеммен байланыста тұрған адаммен үндесу керек. Сол үндестікті түзетін дін ғұламаларын біз Ишан дейміз. Өкінішке қарай біз адам факторына жете мән бере бермейміз. Соған орай Пайғамбарымыз (сғс) үмбеттері ішінен шыққан дін ғұламаларының еврей xалқына келген пайғамбарлармен дәрежесі тең болатындығын да жадымыздан шығарып алғанбыз.
Иә, күнә кешіріледі. Бірақ ол ешқашан әлгі күнәhар қалауымен жүзеге аспайды. Мәселен бір адам жасаған қылмысы үшін өлім жазасына кесілді делік. Сол адам "Мен өз-өзімді кешірдім" деп, өз қылмысы жазасынан құтыла ала ма? Оның қылмысын соған құқылы адам ғана кеше алады. Ол - Президент. Бұл - біз айтқан жәйттың материалдық көрінісі. Ал сол жасалған қылмыстың күнәсы - соның руxанияты. Оны тек сол руxаният иесі кешеді. Ал оның кімдер екенін жоғарыда айттық.
Құдияр Біләл
Facebook-тегі парақшасынан