Мырзабай ОМАРОВ. Аңызға айналған арғымақтар
«Басқа халықты қайдам, біздің қазақ жылқыдан жаралған» деп Асқар Сүлейменов ағамыз айтқандай, дүниеде жылқы баласына қазақтай бауыр басқан халық кемде-кем шығар. Қазақты және арғы ата-бабаларымыздың тарихын бұл жануарсыз елестету мүмкін емес. Жылқы шын мәнінде, бізді олармен байланыстыратын бірден-бір дәнекер, тірі тарих. Ұлт рухын әлдилейтін сұлу жыр, сиқырлы саз, ұлтымыздың мақтанышы, көзайымы, әсемдік әлемі. Жылқы түлігінің қыр-сырын жан-жақты зерттеп жүрген ғалым Мырзабай ОМАРОВПЕН болған екеуара әңгімеміз осы аңызға айналған арғымақтар жөнінде өрбіді.
«Басқа халықты қайдам, біздің қазақ жылқыдан жаралған» деп Асқар Сүлейменов ағамыз айтқандай, дүниеде жылқы баласына қазақтай бауыр басқан халық кемде-кем шығар. Қазақты және арғы ата-бабаларымыздың тарихын бұл жануарсыз елестету мүмкін емес. Жылқы шын мәнінде, бізді олармен байланыстыратын бірден-бір дәнекер, тірі тарих. Ұлт рухын әлдилейтін сұлу жыр, сиқырлы саз, ұлтымыздың мақтанышы, көзайымы, әсемдік әлемі. Жылқы түлігінің қыр-сырын жан-жақты зерттеп жүрген ғалым Мырзабай ОМАРОВПЕН болған екеуара әңгімеміз осы аңызға айналған арғымақтар жөнінде өрбіді.
- Мырзеке, тұлпар тұқымының сақталуы жөнінде не дейсіз?
- Халқымыз «айғырды неден шалсаң, атты сонан мінерсің» деп даналық ой қалдырған. Асыл текті тұлпар тұқымын сақтау, оны жетілдіруге аса зор мән берген. Текті айғыр өз үйірінің тазалығын сақтайды, қорғайды, өзінен тараған ұрпаққа шаппайды. Өз үйіріне буаз биені қабылдамайды, оны теуіп, шайнап қуады, терлетіп, мұздай суға зорлап кіргізеді. Оның құлынын тастатып, үйірге қабылдайды. Құнажындар айғырға тиісіп, ызасын келтіріп, мазасын алады. Сондықтан оларды үйірден қуып, уақытылы ажыратады. Бурада, қошқарда, бұқада мұндай қасиет жоқ. Текті жылқы да текті жігіт тәрізді.
Ертеректе барымта кезінде енесінен құлындай ажырап қалып, жылдар өте үйіріне қайта қосылғанда аңдаусызда енесіне емексіп, ниетінің бұзылғаны үшін айғырдың өзін-өзі жазалап, жардан құлап өлгені туралы аңызға бергісіз әңгіме бар.
Ел ішінде ылғи тұлпар туатын бір бие бар екен. Пысықай біреулер сол биені есекпен шағылыстырып, шаруаға жайлы қашыр тұқымын алмақ болып әрекет етеді. Сонда әлгі биенің көзінен жас моншақтап тұрыпты. Жануар қатты қорланды ма екен кім білсін? Ел арасындағы тағы бір әңгімеге тоқталғым кеп тұр: бір атақты бай асыл текті айғырын көзден таса ұстап, тұқымын алуға сараңдық жасайды екен. Бір кісі ретін тауып әлгі айғырға биесін жетелеп тұқымын алуға әрекеттенген. Айғыр енді биеге шауып жатқанда бай да сезіп қалып, жүгіре басып келіп, айғырды бастан салып жібереді. Амалсыз ажыраған айғырдың қасасынан аққан шауқатты жерден ілі-шала қос-қолдап уыстап алған әлгі кісі өз биесінің сарпайына салып үлгерді дейді. Кереметі сол айғырдан әлгі кісі тұқым алып қалыпты. «Құлын - жатырына, бала нағашысына тартады» деген осы-ау.
Текті айғырдан біраз құлын өрбіткен иесі әлгі айғырдың бейсауат биеге шапқанын байқамапты. Мұның сырын ұққысы кеп, аңдиды. Сөйтсе, жануар биелерге таң білінбей ешкімнің көзіне түспей шабады екен. Тектілік деген осындай-ақ болар, сірә!
- Биыл 100 жылдығы аталып өтіп жатқан атақты батыр Бауыржан Момышұлының ақ боз аты жөнінде де аңызға бергісіз әңгімелер бар ғой...
- Ғасырлар бойы аттың жалында өскен қазақ халқының атқа мінуі - аспанда құс боп самғау, - депті батыр Баукең. Даңқты қолбасшы, шабандоз Б.Момышұлы қанқұйлы ұрыста өзіне жансерік тұлпар таңдайды. «Батареяға берілген көп жылқының ішінен мен өзіме сүттей аппақ, сүліктей жіңішке, екі құлағы тас төбесіне шаншылған, қаракөз атты таңдап алдым» - дейді.
Ақбоз ат майданда батырдың жан серігіне айналған. Кезекті бір шабуылда полк минаға толы алаңға кезігеді. Ашық алаңда жаяу әскер не алға басуға, не кері кетуге жол таппай дағдарады. Соғыс кезінде мұндай бір жерде көп тұру өлімді күтумен тең. Сонда Баукең ақ боз атпен құйындай шауып әскерінің алдына түсіп жол бастайды. Батыр шапқан ақ боз аттың ізімен полк аман-есен өтеді. Қалған басқа полктің әскерлері сол алаңның басқа жерінен өткенде минаға түседі. Бұл кездейсоқтық па, әлде ақ боз аттың киесі ме, жоқ батырдың оқ қағар аруағы ма? Қалай дегенде де бұл оқиға шешілмеген жұмбақ күйінде қала бермек.
- Абсент әулетінің тағдыры кімді де болса қызықтырмай қоймайды...
- 1935 жылы түрікменнің бір топ жігіті сайдың тасындай іріктелген сәйгүліктермен 4300 шақырым Ашхабад - Мәскеу аралығын басып өтті. Солардың ішіндегі ең сұлу, ең жүйрік ақалтеке бесті арғымақты КСРО Қорғаныс министрі болып тұрған К.Е.Ворошиловқа сыйлайды. Ол біраз жыл Қызыл әскердің орталық спорт клубында бағылып, кешегі күндей күркіреп өткен соңғы соғыста Казбек атымен қатысып, жеңістен кейін тұқым тастауға қиырдағы Құланды ауылынан бір-ақ шығады. 1952 жылы одан Баққара құлындап, кейіннен жер жаһанды таңғалдырып, Рим, Токио мен Мехико олимпиадаларына қатысып, жеңімпаз атанған Абсент дүниеге келді. Абсент латын сөзі, түп мағынасы - бейтарап, қатыспау дегенді білдіреді.
1901 жылы Пабло Пикассо адамзаттың өнер тарихына «Абсентке әуес әйел» атты әйгілі туындысын сыйлайды. 1975 жылы «Қазақфильм» кинематографистері «Абсент-Араб пен Баққараның тұяғы» фильмін түсірді. Келер жылы экранға шыққан шығарма «Адамдар мен арғымақтардың» да сол киностудияда тұсауы кесілгені белгілі.
- Биенің сүті - сары бал, Қымыздан асқан дәм бар ма! - депті Ақтамберді жырау. Әңгімемізді қымызға қарай бұрсақ...
- Айтулы ғұламалар қымызға арнап қаншама еңбек жазған. Қымыздың тамақтан өткен тамшылары көкірекке дауа береді. Өз денесін қымызға дағдыландырған адам барлық аурулардан ем табады. Қымыз - әрі тағам, әрі дәру. Бұл шипалы сусын тіршілік тынысын сыйлап, дерт бойлаған денені жаза алады, - дейді ХVІ ғасыр ғұламасы Фазлаллах ибн Рузбихан Исфахани «Михмен-наме Бұхара» еңбегінде. Ғалым қымыздың тек дене емес, сананы да билей алатын қасиетін сипаттайды. «Қымыз денеге дарып, бастың қақпағына жетіп, миды бойлағанда, отты сусын қуанышқа бөлейді, жүрек қақпаларын ләззат пен қанағаттылыққа ашып, адамды мейірбандыққа жетелеп, қайғы-мұңын тарқатады. Бірақ адам есінен айырылмайды, қайта миы тынығып, ауыр ойлардан арылып, қуаныш нұрына бөленеді» деп түйеді.
Алғашқы қымыздан дәм татар алдында, баяғының қазақтары күнге қарап тұрып ыдысындағы қымыздан бір ұрттамын шығыс жаққа бүркіп, иіліп тағзым етеді екен.
Қымыз адамға қуат беретінін мынадан да білуге болады.
Қазақстан боксшылары жауапты жарыстардың алдында тау баурайында оқу-жаттығу жиынын өткізіп, екі үш апта қымыз ішеді екен. Сидней Олимпиадасы алдында Ташкентте бокстан Азия чемпионаты өтеді. Ермахан Ыбырайымовтың әкесі Сағи қаһарман ұлы қайда барса, соңынан бір мес қымызын, қазы, қартасын арқалап барады. Ташкент - тиіп тұрған жер. Барса Ермахан мен Болат Жұмаділовтің көзі шүңірейіп кеткен дейді. Қазы мен қымыз ұсынса, салмағымыз өсіп кетеді деп шыр-пыр етеді. Жекпе-жектерін көріп, соққыларының әлсіздігін сезген Сағи аға келген соң қарсылықтарына қарамай, екеуіне де бір-бір білем майлы қазы асатып, қымыздан жұтқызады. Жігіттердің көзі оттай жанып шыға келеді. Кезекті жекпе-жекте қарсыластарын қоғадай жапырады.
Кейін сол Ермахан алыстағы Сиднейге екі мес қымыз көтеріп барған дейді. Жарыс алдында сүр қазы мен сары қымыздан сіміріп алады. Рубалкабадай алып зәңгіні сұлатып салған Мұхтархан да сол қымыздан ішкен екен. Бабаларымыздан жеткен қасиетті бал қымыздан бекзада болмысты Бекзат бауырымыз да құмарта ішкен дейді. Міне, қымыздың кереметі!
Қымыз дайындау тәсілі Қазақстанның бәрінде бірдей емес. Сарыарқада әбден тұз сіңіп сүрленген жылқының жаясымен ашытқан, қымыздың түсі сары болсын деп жылқының тобығын, Шығыс Қазақстанда айрықша дәмді болсын деп байлар құйма күміс - тайтұяқ салған. Қымызды күміс ыдысқа құйса, дәмі бал татиды деген сөз бар халықта.
Қазақстанның үш жері - Қазығұрт, Баянауыл- Көкше, Марқакөл - Алтай қымызы ерекше.
Қымызды сабада сақтайды. Оны бес биенің терісінен жасайды. Байлардың сабасына 35-40 шелек қымыз сыяды. Мұндай сабалармен ас, тойға қымыз апарылады. Арқада шұбыртпалы Ағыбай батырдың бес биенің терісінен жасалған сабасын екі түйе көтеріп жүрген дейді этнограф А.Тоқтабай. Екі түйенің ортасына керегені жалпағынан жатқыза байлап, үстіне сабаны қойған. Мұндай сабаны киіз үй жабығынан атқа мініп тұрып піскен. Сабаның одан үлкен «Тайжүзген» деген түрін 10 жылқы терісінен істеген. Арқада Найман ішіндегі бағаналыларда жиі кездескен. Мұндай сабаларды арнаулы қос доңғалақты арбаға салып, бірнеше атпен тартқан. Сыйымдылығы 100 шелек. Сабадан өзге де ыдыс түрлері мол болған. Ол туралы әңгіме де бөлек. Қысқасы, қымыздың пайдасы ұшан-теңіз, айтып тауыса алмайсыз!
- Жылқы малының киесі туралы не айтасыз?
- Аттың киесі туралы әйгілі кино шебері Асанәлі Әшімов ағамыз былай деген еді. «Ш.Уәлиханов туралы кино түсірілімі кезінде Шоқанның рөлін сомдаған ұлым Сағидың астына мінген ақбозы түсіру алаңында шаршаған, әлде мезі болды ма, икемге көнбей мінез көрсетті.Ашу қысқан мен атты қатты жекіп, басынан қамшымен ұрдым. Өмірі бетіме келмеген ұлым: «Аға, тоқтат!» деп, қатты дауыс көтеріп, қолымнан қамшыны жұлып алды. Сабама түскен соң атқа қарасам, көзінен жас мөлтілдеп тұр екен. Алланың құдіреті, көп ұзамай көзімнің қарашығындай қос құлынымнан айырылдым. Сонда мені аттың киесі ұрды ма деймін. «Сол сәттегі аттың жанары есімнен кетпейді» деп күрсінген еді киногер ағамыз.
Қазақ халқының ұғымында атты басқа, көзге сабағанды жақсылыққа жори бермейді. Қазақтың көптеген жыр-дастандарында батырлар өздерінің сүйікті атымен адамша сырласады, олардың ғашық жарлары батырдың мінген атын көргенде, оның өзін көргендей күй кешеді. Демек, жылқы адамдар арасындағы рухани дәнекер. Ең бастысы - достықтың, сенімнің, махаббаттың жаршысы. Ел мен жердің көркі.
Әңгімелескен
Ақтан ҚОҢЫР
«Айқын» газеті