АҚШ-тың Ауғанстанға тастаған бомбасынан 36 содыр өлді
"АҚШ бейсенбі күні кешкісін Ауғанстанның Нангархар провинциясына ең қуатты ядролық емес бомба тастады. Одан "Ислам мемлекеті" тобының кемінде 36 адамы қаза тапты",- деп хабарлады Ауғанстанның қорғаныс министрлігі.
Бомбадан қару-жарақ сақталған үш жерасты үңгірі қираған. Әскери мекеменің мәліметінше, бейбіт тұрғындар зардап шекпеген.
Нангархар провинциясының губернаторы Гулаб Мангальдың мәлімдеуінше, жерасты үңгірлерін ИМ күштері маңызды жиын өткізетін жер ретінде пайдаланған.
АҚШ "барлық бомбаның анасы" ретінде танымал GBU-43B ядролық емес бомбасын лақтырған. Ол бірінші рет 2003 жылы сыналған. Содан бері қолданылмаған. Оның қуаты - 11 тонна тротил эквивалентіне тең, жою радиусы – 140 метр.
Ауғанстан президенті әкімшілігі операция алдын ала келісілген дейді.
Abai.kz