Сенбі, 23 Қараша 2024
Жаңалықтар 2608 0 пікір 19 Қазан, 2010 сағат 20:08

ШОҚЫНҒАН ҚАЗАҚТЫ ДА ШЕТТЕТПЕЙІК

Заманына қарай адамы және оның амалы болатыны рас. Жаңа технология оның ішінде ғаламтор - Алаш үшін айтарын іркіп қалмаған, сөзі мірдей, еңбегі телегей теңіздей профессор Тұрсынбек Кәкішевке де таңсық болмай шықты. Күні кеше Тұрсынбек Кәкішев www.kakishov.kz  деп аталатын веб-сайтын ашып, қазақ ғылымы мен мәдениетіндегі, әдебиетіндегі замандастарына жаңаша үлгі көрсетті. Ғаламтордың ішінен бірен-саран болмаса, қазақ зиялыларының жеке сайты қат. Тұрсынбек Кәкішевтің өнегелі ісінен сабақ алған ел зиялылары өздерінің шығармашылық еңбектерін, ойларын жаңа технология заманындағы ұрпақтарының назарына ұсына отырып, заманмен бірге жасайтындарын паш етер деген үміттеміз.
Төменде біз Тұрсынбек Кәкішевтің 1999 жазған мақаласын оқырман назарына ұсынып отырмыз.

«Абай-ақпарат»

Заманына қарай адамы және оның амалы болатыны рас. Жаңа технология оның ішінде ғаламтор - Алаш үшін айтарын іркіп қалмаған, сөзі мірдей, еңбегі телегей теңіздей профессор Тұрсынбек Кәкішевке де таңсық болмай шықты. Күні кеше Тұрсынбек Кәкішев www.kakishov.kz  деп аталатын веб-сайтын ашып, қазақ ғылымы мен мәдениетіндегі, әдебиетіндегі замандастарына жаңаша үлгі көрсетті. Ғаламтордың ішінен бірен-саран болмаса, қазақ зиялыларының жеке сайты қат. Тұрсынбек Кәкішевтің өнегелі ісінен сабақ алған ел зиялылары өздерінің шығармашылық еңбектерін, ойларын жаңа технология заманындағы ұрпақтарының назарына ұсына отырып, заманмен бірге жасайтындарын паш етер деген үміттеміз.
Төменде біз Тұрсынбек Кәкішевтің 1999 жазған мақаласын оқырман назарына ұсынып отырмыз.

«Абай-ақпарат»

1993 жылы Моңғолия қазақтарына шыққан фольклорлық-этнографиялық экспедиция Алтай өлкесінің Таулы Алтай республикасындағы қазақтар арасында болдық. Бізді әсіресе қайран қалдырғаны - Тұрата елді-мекенінде тұрып жатқан шоқынған бауырлар. Ал Қосағаш пен бергі Антоновкадағы қазақтар өздерінің ұлттық менталитетін жоғалтпай, рәсім-дәстүрлерін сақтауға талаптанғандарымен қоршаған ортаның әсерін қабылдамасқа шаралары қалмаған. Тіпті тұтас отыр деген Баян-Өлгий қазақтарының өзі моңғол ықпалын сезбей қалмапты. Ал Алтайдың ең бір аяқ жетпес қуысына тығылған Тұратадағы бауырлардың бүгінгі қалпына өкпелеп, оны өзімізден алыстатуға болмайды-ау деген қорытындыға келдім. Психологиялық кеңдікке ие болған ел әрқашан ұтады. Оған дәлел - Ресей.

Сол Тұратадағы қазақтар хрестиан дініне кірген, үйлерінің төрінде - икона. Жасы егделер, алпыстан асқандар қазақ тілінде таза сөйлейді. Ал 30 бен 55-тің арасындағылар шүлдірлеп, орысша мен қазақшаны араластырып өзіміздің қалаларымыздағыдай сөйлейді. Ал 30-дан төменгілері тілден айырылған деп айтса да болар. Осыған қарамастан әу деп ауыз ашқанда айтатын әндері - «Елім-ай», онан кейінгісі осы Қазақ гимні мен орыстың әсіресе дастархан басында ішіп алғаннан кейін айтатын әнімен будандасқан «Эх милый, дүние-ай». Ұлттық әуен әлі құрып бітпеген, өзінің халықтық негізін мықтап сақтамағанымен қазақи елестері мен элементтерін тауып алуға болады.

Ал тұрмыс-тірлігінде қазақи ғадет басым. Шай ішу, ет жеу ғана емес, тіпті тұрмыстық рәсімнің өзі түгелге жақын сақталған сияқты. Өйткені біз барған кезде есік алдына қойды жетектеп келіп, бата сұрауларына қарағанда рәсімнің ең негізгілерінен хабары бар. Әрине, менің бұл бақылауларым үстірттеу болуы ғажап емес, бірақ мұндай құбылыстарды қазақ диаспорасының рухани әлеміне тартпау, белгілі бір көрініс есебінде ескермеу әбестік болар еді.

Тағы да сол Алтай өңірінен, өзіміздің аймағымыздан бір мысал келтірейін. Қазақтың «әр елдің салты басқа, иттері қара қасқа» дейтіні рас болуға тиіс. Біздің республиканың құрамында болғанымен, орыс ортасының, оның ішінде киржактардың ықпалында болған өз қазағымыздың рәсімді сақтамау жайы да ойлантуға тиіс. Әрине, жеке адамның психологиясы, іс-әрекеті деуге болар, сонда да «үйге кіріңіз, шай ішіңіз» деуді «ұмытып» кеткендерге кездескенде орыс Алтайы мен қазақ Алтайының арасындағы айырмашылықты бірден аңғарады екенсің. Орыс Алтайында шоқынып кеткен қазақтар өзінің ұлттық дәстүрін жоғалтып алмауға күш салса, қазақ Алтайындағылар өзіміздікі қайда кетер дейсің, артынан жинап алармыз, әуелі өзгенікін үйреніп алайық деп жүріп, санын соғып қалатын сияқты. Оларды күнде көріп жүрміз ғой.

Қазақтың рухани байлығын сақтау жөніндегі үлкен мәселені бастап келе жатып, көрген-білгенге, нақты мысалдарға ауып кетіп жатқаным, ұлт мәдениетінде ірі-ұсақ құбылыс болмайды, шын руханият пен өркениет солардан құралады, аспаннан еш уақытта дайын күйінде түскен дүние  болған  емес.  Міне, сондықтан тұла бойында қазақ қаны ағып тұрған адамдардың жасаған әдеби-мәдени байлықтары ұлт  тарихында,   оның  рухани  дүниесінде      түгелдей ескерілуге, қамқорлыққа алынуға тиіс.

Қазақтың Әл-Фараби атындағы мемлекеттік  ұлттық университетінің қазақ әдебиетінің тарихы мен сыны кафедрасы «Қазақ диаспорасының рухани әлемі» деген орталық ашып,  біраз ізденістер жасады. Қазақ және Қытай Халық Республикасындағы Үрімші университетінің творчестволық байланыстары көлемінде  1992 жылы фольклорлық-этнографиялық ғылыми экспедиция жасақталып, Қытай өкіметінен визаның кешеңдеуі  салдарынан  ол елдің дәмі тартпаған еді. Алайда басқа бір себепті пайдаланып   Шынжаңға   барып   қайтқан   уақытта  Қытайдағы қазақтардың әдеби-мәдени мұраға қамқорлығы   біздегіден  де   мықты   екенін аңғардық та, үлкен жоспарды кейінгі кезектерге ығыстыруға тура келді.

Өйткені Нығмет Мыңжани сынды ұлы тарихшының «Қазақтың қысқаша тарихын» жасап беруін былай қойғанда, Қытай жерінде жиырмаға тарта газет-журнал, оның ішінде «Мұра» атты арнайы журналдың қазақ тілінде шығып тұруы, әзірге 12 том болып шыққан «Қазақ қиссалары», екі том шежіре, тағы басқа басылымдарды ауызға алар болсақ, халық мұрасын шашау қылмауға ниеттенген жетелі мамандардың барлығын тілге тиек етер болсақ, онда біз сол Қытай Халық Республикасында қазақ руханияты туралы шыққан еңбектерді мұқият пайдаланып, өзіміздің әрқилы тарихымызды ажарландыруға тиіспіз.

Ғ. Әбілсейітов республиканың ғылым және жаңа технология министрі болып тұрған кезде қазақ диаспорасын зерттеу ісіне едәуір қолғабысын тигізгенін айтпасқа болмас. Қолына билік пен мөр тиген кейбір төрелер Қазақстанды көркейтуге жәрдемім тиіп жатыр деп қолындағы қаражатты халықтың рухани мұрасын жинауға жұмсауды артық шығын көріп, өресінің төмендігін талай көрсетіп келеді. Әлі де бар ондайлар.

Сол кездегі министрдің қолдауымен Қазақ университеті Моңғолия мен Ирандағы қазақ диаспорасында болып, едәуір жұмыс тындырды. Қазақ қауымдастығының «Моңғолия қазақтары» жинағын құрастыруға жәрдемдесіп, «Моңғол қазақтарының әзілдері» деген кітап шығардық. Экспедицияға ажар ғана емес, үлкен мән-мағына берген Қазақстан Республикасының өнеріне еңбегі сіңген Ілия Жақановтың осы екі экспедицияда болуы, екі жүзге тарта өлең, ырғақ, мақам жинап алып, «Моңғол қазақтарының әні» деген сазды кешті «Ғалымдар үйінде» өткізуі айтуға ғана оңай. Мұның сыртында Қазақ радиосынан бірнеше хабар беріліп, Моңғолия қазақтарының әдебиеті мен сазы арнайы диссертациялық көлемде зерттеліп жатқаны тегін емес. Өйткені Моңғолия қазақ руханиятының дәстүрі ең мықты сақталған, қаймағы бұзылмаған аймақ екенін естен шығаруға болмайды.

 

Иран экспедициясының берген азығы да аз емес. Кірменің аты әрқашан кірме, оның үстіне тұтас өтпей бір-бірлеп кірген соң өсіп-өнудің де табиғи қиындықтары кездеседі екен. 20-жылдардың аяғынан бастап Иран жеріне өте бастаған қазақтардың 1942 жылға дейін туған сәбилерінің шетінеу фактісінің өзі биологиялық себептермен дәлелденетін шығар, ал рухани жағынан келгенде бөтен өлкенің ықпалын тез қабылдамай, өзінің қазақ жерінен алып шыққан рухани байлығымен рухтану, соны медет тұту процесі де біздің ғалымдарды ойландырып қана қоймай, тезірек зерттеуді қажет ететін құбылыс. Тоқырап қалған дүниенің тоңын жібіту, оған жаңа қан жіберу қажет болғанда парсы мәдениетінен жұқтырғандары да аз емес екен. Соның бәрін біз «Иран қазақтары» деген атпен берген бес телекөріністерде қазақстандықтарға аңғартуға тырыстық. Қатыршат, Тәжібай сынды сөзге ұста адамдардың сөздері мен өлеңдері Мырзатай Жолдасбековтің «Егеменді Қазақстан» газетіндегі жарияланымында қазақ еліне жетті. Қалай болған күнде де түп-түгел көшіп кетпей тұрған уақытта Иранға тағы да бір ойлы, көзді экспедиция жасақтағанның артықтығы жоқ.

Түркиядағы бауырларға барушылар көп, зерттеушілер аз. Аға ұрпақтың ұлтжандығы орта ұрпақта сиырқұйымшақтанып бара жатқан сияқты. Ал жастар жағы өзі өскен ортаның әсер-ықпалын толық қабылдап, тілден айырылу қаупіне ұшыраған. Сондықтан кәрі-құртандар елге жетуге асықса, орта жастағылар сауда-саттықпен байланыс орнатуға құмар. Жастар жағы түрік-қазақ дегенге мәз.

Түркияда қазақ зиялыларының үлкен тобы бар. Атышулы «Азаттық» радиосы арқылы танылған Хасен Оралтайды, діндар ғалым Халифа Алтайды, саятшы Дәлелханды, ұлт дәстүріне Қызырбекті, ғалым Зейнеш Исмаил, екі елді ғылыми көпірмен жалғастырушы Мұхтархан Оразбай сынды талай азаматтардың өнімді де пайдалы еңбектерін қазақ тарихында мықты ескеруге тиістіміз.

Мен бұлай дегенде, қазақтың өркениеті сыртта жасалып, енді өзімізге қайтсын деп отырған жоқпын. Іштегі де, сырттағы да түгел санатқа алынып, толыққанды қазақ дүниесі жасалу мәселесі кімді болса да ойландырады ғой деймін.

Міне, осы арада екі мәселе қатарласа ойға оралып отыр. Бірінші - қазақтың рухани байлығына ие болатын бір орталық жасау проблемасы. Қазір университетте де, академияның философия және құқық, тарих институттарында да, Тіл департаментінде де қазақ диаспораларымен айналысып жүргендер, ірілі-уақты топтар бар. Меніңше, осының бәрі бірігуге тиіс, әрқайсысы өз басына қос көтермей, Дүниежүзі қазақтарының қауымдастығында мәртебелі отау тігіп, тиісті қару-сайманмен, техникамен, әсіресе қаражатпен қамтамасыз етілсе, нұр үстіне нұр болар еді. Сонда шашырандылықтан құтылып, шеттегі қазақ мәдениетінін жұрнағы бір орталыққа жиналып, елдігімізді көркейтуге көмектесер еді.

Көшіру, қоныстандыру, көмектесу мәселелерімен қатар ойланатын тағы үлкен бір жай бар. Көшіп келген бауырлардың 5-10 отбасын бұрынғыдай әр облысқа шашып жібермей, үйірлей орналастыру жағын қатты ескеру шарт. Тіпті, мүмкіндік болса, әсіресе Моңғолия мен Қытайдан көшіп келген, келер бауырларды бір өңірге, аймаққа жинастырып, өз әкімшілігін құрып, билік тізгінін өздерінің қолына берсек тіпті тамаша. Әрине, экономикалық даму жағынан үйлестіре қою да қиындық кездесуі әбден мүмкін: бірақ оның есесіне қазақ мәдениетінің дәстүрі мен сілемдері жұлмаланбай, тоздырылмай, өзінің табиғи қалпын сақтап, сөйтіп, біздің бүгінгі рухани дүниемізге өзінің айшықты үлесін қосатын үлгілер сақталар еді. Сонда біз әрі экономикалық, әрі демографялық, әрі мәдени факторларды қатар өркендетіп, бүкіл қазақ тарихына пайдасы тиетін құбылысқа кезігер едік.

Сондықтан Дүниежүзі қазақтарының қауымдастығы мәдени-идеологиялық, үгіт-насихаттық, әдеби-эстетикалық орталық болып көп мәселеге қоғамдық негізде қозғау салып, мұрындық болып отырса. Неміс, поляк ағайындардың үлгілі істері бізге елдікті, ұлттықты қалай сақтаудың және одан әрі өркендетудің жолын көрсеткенінен намыстанбай үйрене білсек, көздеген мақсатымызға тез жетер едік.

Сонымен байлық та, батырлық та, өрекпіген көңіл де бір мақсат та, бір бағытта тоғысып, тарыдай шашыраған қазақтардың әр жерде жүріп жасаған рухани байлықтарын рәсуа етпей, тұтас жинап, тарихымызда жарқырата көрсетсек - қазақ деген елдің де дүние жүзінде өзінің кескін-келбетімен танылып, жарқырап көрінері сөзсіз. Қазір осыған саяси-әлеуметтік, тіпті экономикалық негіздер де жасалып қалды. Тарихта бір-ақ рет болатын мүмкіндікті ақыл-парасатпен пайдалана білсек қана мұратқа жетеміз. Рухани байлық - бар дәулеттің басын біріктіретін ұлттық құбылыс екенін ұмытпайық, ағайын!

«Қазақ елі»

12-18. 02. 1999

 

0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1487
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3257
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5527