Мұрат ӘБЕНОВ, Мәжіліс депутаты: Интернет - саясаткер үшін керемет құрал!
Кеше «Нұр Отан» ХДП Астанадағы мәжіліс залында «Sabі Astana» мен «Бота» қорлары «Нұр Отан» халықтық демократиялық партиясының қолдауымен, халықтың әлеуметтік жағдайлары нашар бөлігіндегі мектепке дейінгі тәрбие жөніндегі жоспарларды жүзеге асыруға қоғамды жұмылдыру және «Білім - әрбір үйге» атты жобаны іске асыруға бағытталған дөңгелек үстел өткізді.
Кеше «Нұр Отан» ХДП Астанадағы мәжіліс залында «Sabі Astana» мен «Бота» қорлары «Нұр Отан» халықтық демократиялық партиясының қолдауымен, халықтың әлеуметтік жағдайлары нашар бөлігіндегі мектепке дейінгі тәрбие жөніндегі жоспарларды жүзеге асыруға қоғамды жұмылдыру және «Білім - әрбір үйге» атты жобаны іске асыруға бағытталған дөңгелек үстел өткізді.
- Жаңа сізді жиында отырған блоггерлер «Twіtter» сайтынан көрінген алғашқы депутат» деп өз әріптестеріндей қабылдап жатты...
- Осы жиында отырған кездің өзінде қалта телефонымдағы «Twіtter» арқылы 6-7 сұрақ келіп түсті. Жақында жастармен кездесуімде сөйлеп, орныма отырғанша 6 сұрақ жолданыпты. Жастар өздерінің түрлі сұрақтарын интернет арқылы жылдам қойып, пікірлерін ашық білдіріп отырды... Интернет - көптеген азаматтардан ұсыныстар алып, олармен пікір алмасудың жақсы мүмкіндігі.
- Белсенді интернет пайдаланушы ретінде қазақтілді интернет ақпарат құралдарының бет алысын қалай бағалайсыз?
- Даму деңгейі жаман емес. Дегенмен билік органдарына тез арада қазақтілді интернетін дамытып, алдыңғы қатарда болмаса, келешекте қазақтілді электронды ақпарат құралдары жетіспей, қазақ тілді жастардың сұранысына жауап бере алмай қалуы мүмкін. Егер өз азаматтарымен өз тілінде сөйлесе алмаса, билікке деген халықтың сенім деңгейі төмендейді. Қазақстанның билік органдары көбірек жаңа технологияларды қолдануы керек.
Өйткені Қазақстанның жер ауқымы кең, ауыл-аймақтың арасы алшақ. Елмен жүздескенше көп уақыт кетеді. Қазақта жақсы сөз бар ғой: «Көз жетпеген жерге сөз жетеді". Біз сөзімізді алыс аймаққа осы интернет арқылы жеткізуімізге болады. Екіншіден, интернет ашықтыққа бастайды. Яғни интернет пайдаланушы билік мекемелеріне өз сұрағын қойып, өз пікірін интернетте қалдыра алады. Айқын саясат жүргізу үшін жаңа технологиялар керек. Осындай блогтар, әлеуметтік желілер, сайттар арқылы кейбір шенеуніктердің деңгейі байқалып қалады. Соның салдарынан кадрлық өзгерістер де болып қалуы мүмкін.
Қазір жаңа технологияларды білмей, сапалы басшылық қызмет атқару екіталай. Индустриялды-инновациялық жобалар жайлы кейде әдемі сөздер көп айтылғанмен, іс жүзінде көп басшылар компьютерді қолдануды, өз азаматтарымен жаңа технологиялар арқылы байланыса білмейді. Бұл - үлкен кемшілік.
- Интернет қазақстандық саясаткер үшін қаншалықты тиімді құрал?
- Керемет құрал! Мысалы, АҚШ президенті Барак Обама сайлауды интернет арқылы жеңді. Ол қысқа мерзімде интернет көмегімен 600 млн доллар жинады. Сонда салынған қаржының ең қомақтысы - 100 доллар ғана. Бірақ бұл қаншама қарапайым азаматтардың Обаманы қолдағанын паш етті. Ресей президенті Дмитрий Медведевтің «Twіtter» парақшасында оның жазбаларын тұрақты оқитын 70 мың адам тіркелген. Олардың арасында мен де бармын. Медведевтің көмекшісі Аркадий Дворковичтің жазабаларын да қарап отырамын. Өкінішке қарай, біздің саясатта интернетті пайдалану кең дамымаған.
Бүгінгі күні ең үлкен мәселенің бірі - үкімет сайтынан бастап, министрлік сайттарына дейін қазақ тілді толығымен қолданбайды. Электронды сатып алу мәселесінде де барлық ақпарат орыс тілінде беріледі. Электронды үкімет туралы заң қаралған кезде мемлекеттік тілді мемлекеттік ақпараттық жүйеде қолдану туралы мәселе көтердім. Ақпарат айдынында тіл туралы заң жүзеге асқанымен, өз деңгейінде емес. Біз қазақ тілді ақпарат орыс тіліндегі ақпараттан кем болмауы тиіс, барлық ақпарат жүйесінде қазақ тіліндегі интерфейс болуы қажеттігі туралы айттық.
Алайда қазіргі мемлекеттік орындар жасап отырған ақпараттық жүйелер көбінесе ағылшын және орыс тілдерінде жұмыс істейді. Бұл қазақтілді мамандарды тартуға мүмкіндік бермей, шектейді. Соның салдарынан қазақтілді бағдарламалар жасап, қазақтілді технологияларды пайдалана білетін азаматтарға қажеттілік төмендетеді. Ал бұрынғы мамандар қазақ тілін үйренгісі келмейді. Сондықтан ең бірінші ақпарат жүйесінің қазақтілді болуын министрліктерден, әкімдерден талап еткеніміз жөн шығар.
Айжан КӨШКЕНОВА
«Айқын» газеті