Сенбі, 23 Қараша 2024
Алашорда 6990 1 пікір 25 Сәуір, 2017 сағат 09:35

Жалпымұсылман және Алаш қозғалысы мүдделері

Тарихи миниатюра

Жалғасы. Басы мына сілтемеде.

4.

Жаңа Ресейдің унитарлық сипатта ұйысуын жақтаушылар Ахмед Цаликовтың сөзін қолдап сөйлеп жатты. Олардың көшін Ғаяз Исхаков бастады. Оның  көзқарасына   Шәкір Мұхамедьяров, тағы басқа сөйлеушілер қосылды. Тіпті Цаликов те өз баяндамасының негізгі қағидаларын қорғап, мінбеге тағы бірнеше мәрте шықты. Исхаков та қайта көтеріліп, оның ұсынысына  тағы басқа дәйектер келтіріп жақтасты.

Суреттерде

Фатих Кәримов

Ғұбайдолла Әлібеков

Ғұбайдолла Жәңгірханов

Әлихан Бөкейхан

Жаһанша Досмұхамедов

 

Ильяс Бораганский

Исмаил Гаспринский

Халел Досмұхамедов

Ал оларды тығырыққа тіреген, әрине, Мұхаммед-Әмин Расулзаде тұғырнамасының көпшілік көкейіне қона кеткені еді.  Әрі баяндаманы қостап сөйлеушілердің негіздемелері мықты көрінгенін аңғарғандарында,  өздерінің жария етілген және дұрыстығына кәміл сенген көзқарастарына жан-жақтан дәлел тартып, одан сайын ширыққан.

Федерацияшылдар қатарына әзірбайжан Әлимардан Топчибашев, қырымлы Жағыфар Саидахмедовпен бірге  жарқ етіп, қазақ Жаһаншаһ Досмұхамедов қосылды.

– Жадыңда ұста оны, Слава, – деді Өтеміс, – байқаймысың, қалай сілтейді?! Мен тоғыз жүз бесінші жылы онымен алғаш танысқанда – нақты училищені бітіре де қоймаған еді. Содан бері ол ескі жүйе қызмет басқыштарымен тәп-тәуір өсті. Ұлттық  қозғалысқа революциядан кейін келді, юстиция генералы мәртебесін тәрк етіп, халыққа қызмет етіп жүр...

Слава оны қасын таңдана керіп тыңдады да, мінбедегі Жаншадан көзін айырмай, сөзіне жіті құлақ тосты. Пайым-байламдарының кесектігін аңдады. Енді  аз уақытта онымен Питерде ұшырастыратынын, әрине, тап сол сәтте біле қоймады.

– Мынау құдды Жасай ғой, – деп сыбыр етті Өтеміске.

Өтеміс үнсіз, басын шұлғыды.

– Әттең, Жасайдың денсаулығы қалыпты болғанда ғой...

Слава күрсініп, шамалы үндемей отырды да:

– Олар пікірлес болар еді, халықтарыңды жаңа өмірге бұруда бір-біріне сенімді  үзеңгілес болар еді... – деді.

Сосын Питердегі дімкәс досын іштей мына шешенмен салыстыра ойлаған қалпы, тым-тырыс қатты да қалды.

Өтеміс Жаншаны Оралдағы қазақ конституцияшыл-демократтар ұйымы жиналысынан кейін көрмеген болатын. Сонау  бір жылдардан бері осы съезге келгенінде бір-ақ кездесті. Сондағы еті тірі сидаң бала жігіт, одан бері бір мүшел уақыт өткенмен, қазіргі жігері кемерінен аса  бұлқынып тұрған, сөзі мірдің оғындай өткір, шалт, дәлелді, кесімді қапсағай азамат бейнесінен  бүгін де танылып тұрған. Оның бар болғаны он шақты жыл ішінде империя жоғары оқу орнына түсіп, анау-мынау емес, заң, құқық мәселелерін оқығаны өз алдына, сол салада патшалықтың билік сатысымен өрлеп, үлкен дәрежеге жеткені ғаламат еді. Ол заң қызметкерлеріне берілетін үлкен атаққа ие болды, оны генерал дейтін. Өтеміс өзі бала кездегі ұғымымен,  тек генерал Жәңгірханов тәрізді әскери киім киіп жүргендерді ғана  солай атауға болатындай көретін. Бірақ мына өзінен аз ғана үлкендігі бар жігітті Бақытжан сұлтан серіктеріне сыпаттап, әділет саласындағы шенін айтып жатқанда, ә дегенде таңырқап қалған.

Жанша сақал-шашы әппақ егде кісіге соншалықты балалық ізетпен еркелегендей түр көрсетіп, өзінің о баста заң оқуына баруына Бақытжан сұлтанның ықпал еткенін мұсылман қозғалысының ардагерлері боп табылатын түркі-азаматтар көзінше ықыластана айтты.

Әкесі ұлының училище бітіруіне орай, Өлеңті жағасына қонған малды ауылына дастархан жайып той жасап, сыйлы азаматтарды шақырған. Сонда Текеден солқылдақ күймемен арнайы келіп, қонақ болған кісілердің ішінде осы қадірменді Бақытжан аға да бар еді. Оның жиылған жұрт алдында Жаншаға бата беру іспетті айтқан сөзі  тек өмірлік жолын таңдау сәтін бастан кешіп тұрған жас жігітке емес, күллі халыққа арналған бағдарлама тәрізді болып шыққан-ды.

– Қазақтардың өкімет озбырлығын көріп жүргені аз ба, – деген ол. – Тек сол неден шығып жатыр дегенге ой жүгіртіп көріңіздерші... Мәселе – біздің қазақтың заң жағынан надандығында жатыр. Мырзалар, біз өзіміз қоластында тұрған мемлекеттің заңдарын жетік білмегендіктен, алуан қиындыққа ұшырап жүрміз. Заң мен құқық мәселелерінен қараңғы болғандықтан да, біз ең алдымен, өз ішімізде, түрлі топқа, атаға, руға бөлінеміз де, қилы алауыздыққа жол береміз. Сондайда, тіпті, үй сыртында біздің осал тұстарымызды аңдып тұрған діні бөлек қожайынның барын ойламаймыз.

Аймақтағы беделі айрықша зор Бақытжан Қаратаев сұлтан сөйлегенде, той дастарханына жиылған жұртшылық әр сөзін қалт жібермей тыңдаған. Іштей  қысылып, айтылған сыни сөзді әрқайсысы әртүрлі дәрежеде қабылдаса да, тым-тырыс, ілтипатпен тыңдаған. Ол пікірін өрбіте келіп:

– Ал біздің ондай сауатсыздығымызды өкімет әбден оңды пайдасына асыруда. Билік адамдарының қазаққа қоқаңдап кететіні содан. Біздің  заңды құқтарымызды ажырата алмайтынымызды, яғни заңнаманы қолданып қорғана алмайтынымызды  олар жақсы білгендіктен де  – түрлі озбыр қылықтарын емін-еркін жүргізе береді, – дегенде, үн-түнсіз бастарын шұлғып мақұлдай берген.

Отар елде отарлаушылар жасаған біржақты заңдардың өзі орнымен қолданылмайды. Сөйтіп, тиісінше, отардағы бодандар тіршілігін қиындата түседі. Ұзақ жыл империяның басқа өңірінде қызмет атқарған заңгер мұны біліп айтады...

Ол сөзінің қорытындысы ретінде, Жаншаның өмірдегі болашақ орнына, алуға тиіс мамандығына бағдар берді.

– Досеке, – деді оның Жаншаның әкесіне бұрыла қарап, – есімін жаһанның билеушісі, шаһы, қаһаны  болса екен деген  үлкен үмітпен Жаһаншаһ деп қойған сіздің мына балаңыз өкіметтің озбырлығын біліммен ауыздықтайтын ұрпақтың алды болсын, сіз оны заң оқуына беріңіз!

Қадірменді зиялының тілегі көптің қолпашына, әкенің құптауына ие болды. Сонда ол қара жусанды сайын дала аспаны астында жас өскінге кең шалқар көңілімен ақ жол тілеп, ақ батасын берді...

Бақытжан ағаның сөзін Жанша жоғары оқуда жүрген кезінде бір сәт те естен шығарған жоқ. Ол тек құқықтың қисындарын, империя заңнамасының қыр-сырларын оқып үйренумен шектелмей, ұлы даланың құрыққа түсу тарихын зерттеп, отарлаушылардың бодандарына көрсетіп жүрген заңсыздықтарын зерделеді. Университеттегі оқушы жастардың демократиялық қозғалысына да араласты.  Түрлі саяси жиындарға барып жүрді, студенттік сходкаларға қатысты. Әлгінде салиқалы баяндама жасаған Ахмед Цаликовпен де сол Мәскеу университеті студенттерінің іс-шараларында, соларға өзі де қатыса жүріп танысқан.

Ахмед өте жақсы баяндама жасады, өз ұсынысын жап-жақсы дәлелдеді де. Бірақ онысы Жаншаның көзқарасымен мүлдем үйлеспейтін еді. Өйткені, екеуі танысқаннан бері өткен он шақты жыл олардың ұстанымдарын өз аймақтарының нақты әлеуметтік-саяси ахуалдарына сай, бір-бірінен өзгешелеу етіп шегендеген-ді.

Ахмед Ресейдің европалық бөлігінде, Кавказда, ал Жанша азиялық бөлігінде, Сібірде еңбек етті. Ахмед үнемі қоғамдық-саяси жұмыстарда, ал Жанша мемлекеттік қызметте болды. Рас,  мемлекеттік қызмет оны бірден алақанына салып аялай қойған жоқ. Оқу бітіріп еліне келгенінде бірден Орал облыстық губернаторының басқармасына қызметке алынған еді, бірақ ресми лауазымға тағайындалмастан, босап қалды.  Оған себеп болған – өкіметтің орталық губерниялардан шаруаларды көшіріп әкеліп қазақ жеріне қоныстандыру шараларына байланысты, Жаншаның баспасөз бетінде жариялаған сыни мақалалары  болатын.

Содан кейін билік оған, дегенмен, мамандығы бойынша қызмет атқаруға пұрсат береді. Ол бірер жыл округтік сотта базбұзарлық істер бөлімі мен ұсақ басбұзарлық және азаматтық істерді қарайтын судьяның хатшысының көмекшісі болды. Мұнда судья лауазымын алуға кандидат ретінде қызмет атқарған-ды, алайда оған судья лауазымы бұл жерде бұйырмады. 1912 жылы сондай лауазымға аға кандидат болып, Сібірге – Омбы сот палатасына ауыстырылды. Барнаул және Змеиногорск үйездерінде ұсақ басбұзарлық және азаматтық істерді қарайтын судья боп істеді. Одан көп ұзамай Барнаул қаласының прокуратурасына шақырылды. Тағы төрт-бес айдан кейін, 1914 жылдың наурызында Том облыстық прокурорының Каинск үйезі бойынша орынбасары лауазымына тағайындалды. Саяси себеппен жер аударылғандарды бақылау саласын басқарды. Әділет генералы шенінде қызмет атқара жүріп, ол патшалық биліктің көзсіз қолшоқпарына айналмай, демократиялық иланымға берік қайраткер ретінде қалыптасты. Сондықтан да монархия тағы құласымен, Сібірдегі революцияшыл ұйымдар басшыларының қатарына көтерілді.

Соңғы үш жылы Үлкен Сібір пошта жолында, Тастысудың Омға құйылысында орын тепкен Каинск қаласында өтті. Қала тарихы терең-ді. Ол орыс мемлекетінің Көшім ханды Сібір тарихы сахнасынан ығыстырған дәуірінен көп кейін, Барбара даласын он сегізінші ғасырдың басында мекендеген көшпенді қазақтар мен қалмақтардың шабуылынан қорғану үшін салынған  бекіністен бастау алатын. Том губерниясының округтік қаласына айналғанына да ғасырдан асып бара жатқан.

Барабалық түркілердің көбі орыстанып кеткен. Дегенмен, мұсылман дінін ұстанып отырғандары да аз емес-ті: жалпы саны сегіз мың қаралы. Оларды  Бараба  татарлары деп атайды. Іштерінде  бірлі-жарым тегі қазақ екенін ұмытпағандар ұшырасады. Ал таза қазақы салтпен тіршілік құрушылар мүлдем жоқ десе де болады, қалай болғанда да Жанша оларды кезіктірген емес. Барабалықтар орыс шаруалары секілді егіншілікпен және мал шаруашылығымен шұғылданады. Сондай-ақ кірпіш құю және күйдіру, тері илеу, май қорыту, сабын қайнату кәсіпорындарында, диірмендерде, тіпті, арақ және сыра зауыттарында жұмыс істейді. Қалада тұрақты базар бар, жыл сайын жәрмеңке де болады. Жақын маңдағы аймақтардан сауда жасау үшін кездейсоқ келген бірлі-жарым қазақтар да кейде солардан көрініп қалады.

Бірақ осылардың бәрінің Каин өлкесінің қоғамдық-саяси тыныс-тіршілігінде ешбір үлесі жоқ-тын. Жаншаның ойынша, мұндағы көне түркі тайпаларының жұрнақтары мүлдем әлсіреген. Түп-тамырымен байланыс нышаны мүлдем сезілмейді. Көбі ислам дінін ұстанады дегенмен, өз мешіттері жоқ себепті, сол мұсылмандарыңның өзінің діні қатты дей алмайсың. Орысша өмір сүру салты олардың тіршілігіне қалыпты жағдай секілді сіңіп келе жатыр. Тіпті, бұл тұрғыда, синагогалары* бар еврейлер де қоршаған ортасынан аса ерекшеленбейді.

 

*иуда дінін ұстанатындардың ғибадат ететін үйі.

 

Патшаны тақтан түсірген қаһарлы революцияның зор дүмпуі Сібір қалаларының саяси өмірін де тез жандандырған-ды. Сонда Досмұхамедовтің де аймақтағы беделі айқын танылған. Ол Каин үйезінде болған съезде үйезді басқару жөніндегі азаматтық атқару комитеті төрағасының орынбасары болып сайланған еді. Бірақ айға жетер-жетпес уақытта ондағы саяси қызметін  дөңгелектеуге тура келді. Өйткені елдегі бір ағасынан жүрек толқытар хабар келген болатын...

Ақ патшаның ел билігінен тайдырылуы, барлық жерлердегі тәрізді, Жанша туып-өскен өңірге де үлкен жандану әкелген еді. Орал облысының түрлі қызметте жүрген оқыған қазақтары мен ел ішіндегі бас адамдар Текеде бас қосып жиналыс өткізді. Жиналыста жағдайды талқылай келе,  ресми түрде Жайықтың сыртқы бөлігі  деп аталатын даладағы, өзеннің сол жағалауынан әрі қоныстанған қазақтарды басқаратын азаматтық комитет атты басқару ұйымын құрды.   Азаматтық  комитеттің төрағасы болып байырғы қайраткер, заңгер, Екінші Мемлекеттік Дума мүшесі, қадірменді Бақытжан сұлтан Қаратаев сайланды. Комитеттің атқару алқасының құрамына облыстық басқарма мен үйездік полицияның қазақ қызметкерлері, бірер беделді болыс басқарушысы, бір белгілі дәрігер енді.

Азаматтық  комитеттің төрағасы Қаратаев бірінші кезекте жаңа Ресей құрылысшыларын құттықтауды жөн көрді. Күзде ғана ол Төртінші Мемдума төрағасы Родзянконың  алдында болып, қазақтар жайында естелік жазба тапсырған. Қазақ  ішіндегі дүрбелеңді басу үшін – тыл жұмыстарына адам алу мерзімін кейінге қалдыруды сұраған болатын. Бүгінде Родзянко Думаның Уақытша комитетін басқарып, жаңарған Ресейді жасаушылардың көшбасы болып отыр. Міне осы демократиялық өкімет серкесіне айналған октябрист Михаил Владимировичке Орал облысы қазақтарының замана талабына сай ұйысқан басқару құрылымы атынан жеделхат жолдап,  жаңа үкімет жұмысына тілектестік білдірді. Сосын азаматтық комитет атқаруға тиіс қызметтер аясын нақтылауға кіріскен.

Алайда аймақтағы азаматтардың сана-сезімдеріне революция айрықша серпін бергендіктен,  олар ел ісін ескі дақпыртпен төре тұқымына басқарта берудің дұрыстығына күмән келтіре берді. Ақыры, араға екі апта салып,  зиялы қауым қайта жиналыс өткізді де, азаматтық комитетті тарқатты. Оны облыс қазақтарының құрылтайын өткізгенше жұмыс істейтін уақытша қазақ комитеті ретінде қайта құрды. Уақытша қазақ комитетінің төрағалығына болыс басқарушысы Ғұбайдолла Әлібеков сайланды. Бұрынғы азаматтық комитеттің мүшелері негізінен жаңа құрылым құрамына кірді, Қаратаев та бір мүшесі болды. Сол тұста ол социал-демократтар ұйыстырған Орал облыстық азаматтық комитеті құрамына Әлібековпен бірге,  қазақ комитеті атынан енгізілді. Онда негізінен Қаратаев белсенді қызмет атқарды, ал Әлібеков қазақ комитеті шаруаларымен шұғылданды.

Міне осы Ғұбайдолла Әлібеков, Жаһаншаның жымпитылық жерлес ағасы, сол аймақтағы Өлеңті болысын басқарушы Ғұбайдолла Әлібеков – сақал-шашы ағарған қартамыш Қаратаевтан он шақты жас кіші, қайраты кемелінде тұрған ел ағасы еді. Кезінде  училище, семинария тауысқан, көзі ашық,  лауазымды. Сондықтан да оған қазақ  комитетінің жұмысын жаңаша үйіріп әкетеді деген сенім артылған.

Ал ол сол сенім үдесінен шықпаққа тырысты. Озық  білімді, мемлекеттік қызметші дәрежесіндегі биік лауазымға жеткен, патшалықтың юстиция саласында ірі шенмен қызмет атқарып жүрген Жаншаны – жас та жігерлі азаматты революция дәуірі талабына сай қызмет қылуы үшін Оралға шақырды.   Оның сан-салалы тарам жол алдында тұрған туған еліне келуін сұрап, алыс та беймәлім Сібірге жеделхат жолдады. Туған елде тосып тұрған революциялық өзгерістерге Жаһаншаһтай жігіт  тікелей қатысуға міндетті, оның білімі мен жинаған жұмыс тәжірибесі қазіргі таңда мұнда өте-мөте қажет. Демалыс алған сайын жылда бір ат ізін салып кететін Жымпиты түлегі Жайық сыртындағы сардаланы мекен еткен халықты бүгінгі алмағайып заманда білек сыбанып тура жолға бастауы керек...

Жанша Досмұхамедов Каин үйезі аткомы төрағасының жолдасы* қызметін қалдыратынын жария етіп, күрестегі үзеңгілестерімен қош айтысты. Сосын бес жылдай мекен еткен Сібір қалаларын, соңғы жылдары мүлдем етене жақын тұтып кеткен Каинск мен Барбара даласын біржолата артқа қалдырып, жан жары Ольганы ертіп алды да, батысқа, Оралға тартып кетті.

 

*орынбасары.

 

Оны жерлестері қуана қарсы алды. Ғұбайдолла ағасы оған саяси ахуалды баян етіп, революция толқынымен әр жақтан жиналып жатқан, уақытша қазақ комитеті төңірегіне ұйыса бастаған жігіттерді таныстырды. Жанша олардың біразын бұрыннан білетін, кейбірімен енді білісіп, пікір алмасты. Юстиция саласындағы биік ресми мәртебесі мен көпшілікке баспасөз арқылы мәлім көзқарасы оны ұлттық қозғалыс жетекшісі деңгейіне бірден және дау-дамайсыз көтерді.

Уақытша комитет облыс қазақтары съезін дайындайтын ұйымдастыру бюросын құрды. Саясат  істеріндегі жаңа әріптестері Жаншаны сол бюроның басына сайлады.

Петроград орталық мұсылман бюросынан келген жалпы нұсқаулар мен ұсыныстардың негізінде ол алда атқарылмақ істерді нобайлады. Бюро  мүшелеріне үйездерде жиналыс өткізіп, мәселені талқылау және облыстық съезге делегаттар сайлау науқанын жүргізу хақында міндеттер бөлді. Жалпы басшылық жасауды өз қарауына қалдыра  тұрып, әр атқарылмақ жұмыс жайында түрлі ақыл-кеңесін беріп отырды. Сосын съезге ұсынылатын басты құжатты – облыстың қазақтар өмір сүріп жатқан Жайық сыртындағы бөлігін басқару ережесін жасады.

Құрылтайға үйездер мен болыстардан келгендер тура мына күлліресейлік жалпымұсылман съезіне шартараптан жиналған делегаттар санындай еді. Оралдағы цирк үйіне сегіз жүзден аса өкіл сыйды. Солардың алдында уақытша қазақ комитетінің төрағасы Ғұбайдолла Әлібеков қысқаша құттықтау сөз сөйлеп, съезді ашты. Сосын  құрылтайдың төрағалығына осы күндері демалысына орай ел ішінде жүрген Том округтік соты прокурорының орынбасары Жаһаншаһ Досмұхамедовты сайлау жөнінде делегаттарға ұсыныс айтты. Жұрт ду етіп, ұсынысты бір ауыздан қолдады...

Сәуірдің  он тоғызы күні талтүсте ашылған Орал қазақтарының құрылтайы төрт күн бойы жұмыс істеді. Делегаттар елдің басқарылу жүйесі жөнінде федеративтік демократиялық республиканы қолдады. Қазақтарға  міндетті түрде кең көлемде ұлттық-аумақтық автономия берілу керек деген қағидаға дауыс берді. Жанша бас болып, заңнамалық сипатпен дәйектеп жасаған Орал облысының Жайық сырты бөлігін басқару ережесін бір ауыздан қабылдады. Барлық күн тәртібіне шығарылған соғыс, сыртқы саясат, жер-су, оқу-ағарту мәселелеріне қатысты ұлттық мүддеге жауап бере алатын бекем шешімдер қабылданды.  Жаһаншаһты бас етіп, атқарушы орган – қазақ комитеті құрылды.

Ол бір топ үзеңгілестерімен бірге осы бүкілресейлік мұсылман съезіне делегаттыққа сайланды. Яғни енді ол бұл жерде – Мәскеу құрылтайында – Орал қазақтарының ой-пікірін арқа тұтып, облыстық сиезде қорытқан көзқарастарын қорғауға тиіс еді.

 

5.

Сондықтан да Жанша жарыссөз басталысымен, алғашқылардың бірі болып, мінбеге шықты. Империя заңнамасына жетік заң қызметкері әм ұлт қайраткері білігімен қазақ жерінің отарлану тарихын шолды. Империяның ұлы дала тіршілігіне қатысты заңдарын сыни тұрғыда қарастырды. Қазақтың мемлекеттілік белгілерін түгел жоюға бағытталған пәрмендерді, жер-суды бөлшектеп, түрлі әкімшілік бірліктерге қарату, халықты өзінің атамекенінен қилы жолмен ығыстыру әрекеттерін делегаттар алдына айқара ашып тастады.

– Түркі халықтары ішіндегі ең саны көп қалың көшпенді қазаққа мүлдем адам айтқысыз озбырлық жасап отырған ескі үкімет жойылған тұста, оның орнына келген жаңа мемлекеттік құрылым көне жолмен жүріп кететіндей болмауын ойлау керек, – деп, ол прокурор сабырымен ортаға салмақты ой тастады. – Шынайы демократия орнатады екенбіз, демек, кешегі отарлық  дәуірде езілген халықтардың тарихи құқтары қалпына келтірілуі қажет екеніне дау тудырмаған жөн. Қазақ халқы өз жерінде тұтастанып отыр, ол тек империялық басқару жүйесіне күштінің құқымен зорлап кіргізілгендіктен ғана бөлшектеніп қалған, және тиісінше, дамуы кенжелеген. Жаңа ахуалда оның аумақтық автономия  алуы – тарихи қажеттілік болып отыр. Жерлік, территориялық өзін-өзі басқару құқығын жүзеге асыра отырып, қазақ елі  федеративті, парламенттік, демократиялық  Ресей құрамына кіруге әзір болады...

Осы тұрғыда Досмұхамедов съезде салиқалы баяндама жасаған Расулзадені қолдайтынын бар дауыспен жария етті. Бұрынғы империяның шартарабында өз тарихи атамекендерінде тіршілік кешіп жатқан жалпы саны отыз миллион мұсылман отарлаушы құрсауы қаусаған, отар қамытынан азаттық алған тұста өз елдік сипаттарын жаңғыруға тиіс. Сол себепті Жаһаншаһ бүткіл халықтар өкілдерін Мұхаммед-Әминнің ұсынысына – жұрттардың ғасырлар бойы тұншыққан армандарына жауап беретін түрде ұсынған жобасына дауыс беруге шақырады.

Үзілісте оны Өтеміс өткір де дәйекті сөзімен құттықтады. Петроградтағы белді журналистердің бірі, өзінің он шақты жылдан бергі жақсы дос-жолдасы Слава Преображенскиймен таныстырды. Олар ашық-жарқын көңілмен емін-еркін пікірлесіп тұрды.

Сол кезде Жаншаның жанына серіктерімен Бақытжан сұлтан да келді. Сәлімгерей сұлтан, Серәлі, Әлимардан бәрі жастардың саяси беттерін аға ұрпақ ретінде қадағалап отырғандықтан, ризашылықтарын білдіруге арнайы бұрылған екен.

Орын алып тұрған ойжарыс ауқымын шолысты. Сосын:

– Шындап келгенде, кешегі біртұтас империя ішінде автономиялық құрылымдар тууына үкімет жол бере қоймайды ғой деп ойлаймын, – деді Бақытжан Қаратаев, – бірақ мәселе жұрттың өз пікірін айқындауында...

– Неге олай ойлайсыз? – деді Серәлі Лапин наразы үнмен. – Революция заңы түбегейлі өзгеріске құрылады емес пе...

– Нақты шындық, алайда, түбегейлі өзгеріске – біз әңгіме еткендей нұсқаға – жол бермеу жағында. – Қаратаев қысық көзін сығырайтып, сөзін ойлана сабақтады. – Биліктегілер қай заманнан орыс мемлекеті ішінде сепаратизм* туып кете ме деп қорқады, ал ұлттық автономия құруға мүмкіндік беру – соған тікелей жол салатын шара. Үкімет өкілін тыңдадыңдар емес пе?! Кадет партиясының құттықтауын жеткізген князьдің сөзіне мән беріп көріңдерші! Оның да лебізі үкімет өкілі сөзіне ұқсас. Оған таңғалатын ештеңе жоқ, билікке жеткеннен кейін кадет көсемдері үкіметтік бағытпен санасуға мәжбүр болды. Қазір олар үкіметтегі өзге серіктерімен бірге Ресейді біртұтас және бөлінбейтін республика деп жариялау амалын қарастырып жатыр...

 

*көпұлтты мемлекеттегі ұлттық азшылық қозғалысының бөлініп кетуге және дербес мемлекет құруға ұмтылысы.

 

– Қарастырсын, мейлі, бірақ мұсылман қауымы өзіне қолайлы мемлекеттік құрылым түрін айқындап, естіртіп айтқаны жөн, – деді байырғы автономияшы Сәлімгерей Жантөрин. – Және мұндайда жастардың өздерін танытқандары, кешегі Исмаил-бей, Рашид қази секілді жаңа тұрпатты күрескерлер болып келе жатқандарын көрсеткендері бек абзал.

Әлимардан Топчибашев Жаншаны ақырын қарынан қақты.

– Бағдар дұрыс, осыған көптің көзін жеткізуіміз керек...

Дұрысы дұрыс-ау, бірақ, тап осы дұрыстықты қорғап шығу оңай шаруа емес болатын.

Ғаяз Исхаки мінбеге қайта көтеріліп, таусыла сөйледі. Өз көзқарасын дәлелдей түсті. Қайткенде Ресейдің біртұтас болуы маңызды дегенді шегеледі. Ал ұлттық бірлестіктер тек мәдени автономия түрінде ғана дамуды қолға алса, өздеріне пайдалы болмақ, осыны, өкініштісі, біздің түркі тектес бауырлардың біразы ұқпай тұр деді.

Құдды Жаншаны нысанаға алғандай болды. Ресейдің федерациялық жүйеде құрылуын қалап, автономия аламыз деп отырғандар, қызығы, Ғаяздың ойынша, соншалықты жеткілікті дами қоймаған халықтардың өкілдері көрінеді.

Ол қазақтардың, сарттардың,* кавказдық халықтардың, өзге де жұрттың болашағына сенбейді, мұнысын жасырмай, ашықтан-ашық жария етті. Себебі, деді Ғаяз, олар тіпті надан. Оларда, яғни мал соңында салпақтаған қазақтарда  заманаға лайық өндіріс ошақтары, түрлі кәсіпорындар, зауыт-фабрикалар жоқ. Соны жасай қоятын озық ойлы адамдары да шамалы, шамалы дейді-ау, оқымыстылары жоқтың қасы...

 

**бұл жерде – түркістандық өзбек, тәжіктердің жиынтық атауы.

 

Өтеміс зор білімді татар жазушысы Ғаяз-Аяз Исхаки ағасын қайран қала тыңдады. Осы уақытқа дейін, баяғы Исмайыл әпенді, Рашид қазилер қатарында, дұрысында, жасы кіші шәкірт іспетті оларды өкшелей басып, мұсылман қозғалысының бел ортасында жүргенінде, оның Ғаяз ағасы дін ислам пенделерін ру-тайпаға бөлмей, тең қарап, бүтін түркі, бір мұсылман тұрғысынан ортақ мәселелер көтеріп келе жатқан.

Бір кездерде оның «Ике йоз елдан сон инкыйраз»** дейтін болжал-қиялмен жазылған хикаятын оқып, Өтемістің көп ойға қалғаны бар-ды. Онда ол татар халқын екі ғасырды артқа салып, әбден азғындап, ажалға душар болатын этнос ретінде сипаттаған. Онысы оқырманын жайбарақат қалдырмайтын, көкірегі ояу азаматты қарсыласуға, отарлық құрсаудан құтылуға ұмтылтатын. Өтеміс разы болған. Аяз-жазушы бұл фантастикасы арқылы бөтен елдің езгісіне түсіп, күші, саны басым ұлт арасында жұтылу, сіңісу кезеңін бастан кешіп жүрген ноғайдың ғана емес, сондай қалыптағы күллі түркілердің намысын жанып отыр деп ойлаған. Кім біледі, шұрайлы жерін де, бар саладағы құқтарын да жоғалтып бара жатқан қазақты да сондай келешек тосып тұрған болар, бәлкім…

 

**«Екі жүз жыл өткеннен кейін азғындап өлу».

 

Аяз Исқақов, Өтемістің өз оқыған-тоқығанынан және он шақты жылдан бері қызметшілері болып қастарында жүрген Ілияс Борағанлы мен Сәлімгерей Жантөриннен білуінше, орны ерекше адам. Ол өткен ғасырда дүниеден өткен пәлсафашы Курсави, ағартушы Маржани сана әлемінде тыңнан түрен салып нобайлаған, осыдан екі жарым жылдай ғана ілгеріде дүние салған ұлы ұстаз, ағартушы-жорналшы Гаспралы шегендеп, кеңіткен даңғылды жалғастырып, ілгері апарушылар сапынан. Курсави көне медреселерде оқытылатын қатып қалған діни қағидаларға сын көзбен қарап, оларды жаңа заман талаптарына сай түсіндіру және солай икемдеу қажеттігін тұңғыш рет  көтерген еді. Мұндай көзқарас мұсылмандықтың діни-жалаң ақылгөйсуге негізделген, өмірден алшақ оқу орындарында европалық білім беру жүйесіне ұқсас өзгерістер жасауға мүмкіндік беретін. Жаңа тәсілмен оқытатын медреселерді Маржани дамытты. Оқу бағдарламасына зайырлы пәндер енгізілді. Ұзамай жәдидшілдік әйгілі «Тәржіман» арқылы күллі түркі әлеміне тарады...

Өтеміс ескі мектеп пен жаңа мектептің айырмашылығын тәп-тәуір біледі. Егер көне медреселер жастарға тек діни көзқарасын тәрбиелеп, нығайту үшін құдай сөзін оқытып-үйретумен шектелсе, жаңа тәсілмен оқытатын медреселер олардың кең дүниеге көз аша қарауына мән береді. Ондай оқу орындарында оқыған шәкірттер тек мешіттерге емес, айналадағы тіршілікке араласып, экономикаға, саясатқа қызмет ете алатын болады. Солай болып та келеді! Ұлттық құндылықтарды сақтауға осындай мектептерден тәрбие алған азаматтар белсене араласып жүр. Сондайлардың көшбасы осы Аяз ағалар сияқты еді ғой. Оның Исмайыл-бей секілді кемеңгерлікпен: «Білім алу –  азаттыққа беттеген жолдағы алғашқы қадам!» деген қанатты сөзі баршаға мәлім...

Империядағы отарланған халықтардың баршасына жаны аши қарап жүр деп санайтын Ғаяз ағасы қазір татардан өзге түркілерді түңілте сөйледі. Өтеміс күрсінді. Ғаяз мырзаға қайран қала қарады.

Ол Қазақстан, Түркістан секілді елдерді ғылым мен білімнен, өнерден құралақан қалған деп төндірді. Сосын солардың саны аз ғана оқыған тобына кінә арта сөйледі.

– Біздің қазақ бауырларымыздың бірлі-жарым көзі ашықтары бүгін осы мінберден автономия аламыз деп жария етіп тұрса, бұл солардың артындағы жұртына қолайлы және дұрыс болады деген сөз емес, – деді ол. – Түсініңіздер, мырзалар, осылардай қараңғы халық Ресейден ажырап, автономия алар болса,  онда олар бұрынғыдан да бетер сорлады дей беріңіздер. Онда олардың патша уақытында күні өткен баяғы ақсүйектері билікті қайтадан қолдарына алады. Хан тұқымы саналатындар, қарадан шыққан өзге де ықпалды қауым – бай, манап, бек біткен атқа қонады. Бәрінің де құдайлары беріп, күні кеше патша әкімшілігі озбырлықпен жүргізген зорлықты енді өз қандастарына өздері жасайды.

«Осыны Аяз ағам шынымен қазаққа жаны ашығандықтан айтып тұр ма екен?» – Өтеміс демін ішіне алды.

– Имандылық ұстар еді оларды ондай озбыр қылықтан, – деп, Ғаяз сөзін күрсіне сабақтады, – бірақ олар шын мәнінде мұсылман да емес. Өздерінің бейтараптықтарымен қоймай, қазақ арасында мұсылманшылық күшейіп кетпесін деген пиғылмен, олар жанталасып, өз қандастарын діннен айыру үшін барларын салуда. Бұл орайдағы залалды іс жүргізушілердің алдыңғы қатарында осында сөйлегендер де, бұл съездің мәжілісіне келмегендер де бар. Жасыратын несі қалды, қазақ халқының мұсылман болуына орысша оқып, орыс тәрбиесін алған қазақтар көп кедергі көрсетіп жүр...

Жұрт шегін тартты...

 

6.

Ғаяз Исқақовтың мінберден мәлім етіп тұрған сенбеушілік сөздері тыңдап отырғандардың басқасын қайдам, Өтемістің көңіліне ә дегенде қатты келді. Ренжи отырып ойға шомды. Бүткіл түркі әлеміне әйгілі білімді де білікті қайраткердің өз ұсынысын дәйектеу үшін қазақтарға тура мұндай түрде сенімсіздік білдіруі ол үшін мүлдем күтпеген жәйт еді.

Автономия мәселесін қазақ Сәлімгерей сұлтан Жантөрин осы отырғандардың баршасынан бұрын қозғап, әуелде поляктар мұрындық болған автономистер одағының сонау 1905 жылғы басшыларының бірі болған-ды. Үкімет қырына алған бұл мәселені Алғашқы Думада поляк колосы мүшелерімен оңаша талай талқыласқан. Ол Рашид қази Ибрагимовпен бірге арнайы кітап та шығарған. Сонда олар қазақтың да, татардың да емес, исі түркінің, тіпті империядағы бөтен текті аталатын баршаның  мүддесіне жауап беретін іс қылуға тырысқан болатын. Исі  түркінің мүддесі бірлігін қырымдық ағартушы Исмайыл Гаспринскийден артық жыртқан ешқайсысы жоқ шығар. Мұсылманның рухани тіршілігіне белді қазақтардан генерал Ғұбайдолла Жәңгірханов қалай көмектесті. Сонау астана сәні боп тұрған үлкен мешітті салуды ұйымдастырғанда, ол да, осы залда отырған түркістандық заңгер Серәлі   Лапин де, өзгелер де ештеңеден тартынған жоқ еді. Тіпті, ел ішінде жүрген бұрынғы көтерілісші, жасы ұлғайғанына қарамастан мұсылмандардың басқосуынан қалмай, кезінде Дума сайлауына қатты мән беріп, Ақмола жағындағы үгіт-насихат жұмыстарына шама-шарқынша атсалысқан  өзінің Еркіндік көкесі де азаттыққа жетуді әрдайым ортақ арман деп білетін. Енді келіп, өздерін кеміткен мынандай сөз айтылатынын  қайсысы ойлапты олардың?

Әйткенмен... Осы орайда Өтеміс өзінің көңілін күпті қылған жәйттердің әрәдік қылаң беріп жүргенін еріксіз ойлады. Сумаң етіп, миының бір түкпірінен атойлап, әрне бой көрсетіп тұрған...

Рас, ақ патшаны састырған  бастапқы революциялық оқиғалар қазақ бұқарасының саяси белсенділігін көтеруге шешуші ықпал тигізе алмады. Бұған Өтеміс бұл күнде сенімді. Бұл орайда, бәлкім, Ғаяз мырзаның реніш туғызып тұрған әлгі пікірінің жаны бар деуге келер...

Әйтсе де 1905 жылғы 17 қазан манифесі жария еткен саяси өзгерістер қоғам өміріне белгілі дәрежеде әсер етті, оны Өтемістің өзі де шет-жағалатып көрген. Бірақ, шынында, көзі ашық, оқыған азаматтары аз қазақ арасында  бұқаралық сипат алмады, елеулі күш түрінде аңғарылмады.

Дегенмен, бұқараны оятатын саяси ой ұшқындары өлкеге жеткен-ді, бұл анық. Әділет аңсаған ұлттық топырақ азаттық арманымен тыңайтылған болатын.   Оның өсіп-өнуіне жердің тарылуы елеулі үлес қосып келе жатқан. Өткен ғасырдан басталып, Столыпин реформасымен күшейе түскен мұғажырлық – шаруалардың қазақ жеріне ағылған көші-қоны – бостандық тілеушілікті арттыра түскен.

Жер-суды дәстүрлі көшпенділік өмір салтымен пайдалану тәртібі күрт өзгеріске ұшырауға мәжбүр болды. Қауымдар арасындағы үйреншікті қарым-қатынас бұзылды. Көшпенділерді шөлейтке ығыстырып, ойдым-ойдым шұрайлы орындарға переселендердің қоныстанып алуы қалыпты жағдайды көпе-көрнеу астын-үстіне шығарған факторға айналды. Мұның алғашқы көріністеріне Өтемістің бала кезінде әкесі Батырбек қол бастап қарсы тұрып көрді. Әрине, көтеріліс жеңіліске ұшырады. Әкесі қаза тапты, ал оның қарулас серігі Еркіндік каторга дәмін татып, бірінші орыс революциясы дүбірлегенде, елге қашып келді. Бірақ,  жұртты қайта көтере алмады. Ал көп ұзамай,  күрес жолы басқа екенін ұқты.

Сонда саяси сауаты төмен, саясат әліппесін өмірден үйренген қарт сарбаз жастарға үміт артты. Баласы іспетті Өтемісті озық ойлыларға тақау жүрсін әрі оқысын деген ниетпен осынау империя астанасына орналастырды. Өзі мұсылман қозғалысына қатысты, қазақ мүддесін Дума мінбері арқылы күйттеу қажет деп білді, депутат сайлауға қайта қол жеткізу жолын табуды ойлады, ақыры, орындалмаған сол армандарымен дүниеден көшті...

Бүгінде Еділ-Жайық аймағын қара шекпенділер мен атты казактар қара құрымдай боп басып алды. Ақмола, Семей аймақтарында олар қазір жергілікті қазақтардың санына жетіп қалды, үштен бірінен анық асып кетті. Тек Түркістан аймағында әзірге азшылық, соның өзінде әр жүздің алтауы келімсек көрінеді деген сөз бар.

Осындай жағдайда елге жөн жолбасшы керек-ақ екені айқын-тұғын. Әрі ондай орыннан көрінуге тиіс ел ағалары бар да тәрізді еді. Әттең, олар үмітті ақтамады, олай болмай тұр...

Осы жерде мұны мойындамасқа болмас...

Баяндамасында айтқан қағидаларын қорғау үшін мінбеге қайта көтерілген Аяз Исқақов шешендердің жарыссөзде айтқан пікірлерімен айтысқа түскен, сонда,  қыза-қыза, жанды жараға тиіп кеткендей болды ма, қалай....

Миының терең бір түкпірінен соған байланысты бір естелік найзағайша сумаң қақты. Ұмытылса екен деген жанды жараны осынау саяси пікірталас жарқырата ашып, санасын қарып өткендей болды...

Азаттық қозғалысын бастайды деп үміт артқан аға ұрпақ өкілдерінің алауыздығы тым тереңге кеткенін 1914 жылдың жазында көріп, Өтеміс қатты күйзелген-ді. Ел сенген екі серке бар еді, солар жұртты екі жарған ба деді. Бұл қалай, мұның сыры неде?

Зиялылар ішіндегі өзі білетін, көпшілік мойындаған қос серкенің жұлдызы жараспауы жайына Өтеміс қинала ой жүгіртті.  Қанша өкпелегенмен, Ғаяз мырзаның айыптауларының жаны да бар...

Бірақ ол тап осы күллімұсылман съезі мінберінен соншалықты дабыралататындай мәселе ме еді...

Осылай уайымға салынып отырған Өтеміс бір сәт жеңілдене басын көтерді: татар ағайындардың оқығандары түгелдей Ғаяз мырза сықылды ойламайтыны анық!..

...1912 жылы ол жаздай ел аралап келіп, күзде Орынборда болды. Бұл үшінші Думаға сайлау өткізу науқанының қарсаңы еді. Осында баяғы Қоянды жәрмеңкесінде танысқан жігіттердің біразын көрді. Оған себеп болған – осынау жалпымұсылман съезі төралқасына сайланып, төрде отырған байырғы баспагер әм жорналшы Фатих Карими әбзи еді.

Толық аты-жөні Мухаммед-фатых Ғылманұлы Кәрімов, есімі Фатых, Фатих түрінде көбірек айтылады.  Самара жағында ахун отбасында туып-өскен. Алғашқы  сауатын өз әкесінен ашқан екен. Он жасында Чистопольде медреседе оқыпты. Жиырма бір жасында, 1891 жылы, Орынбор мұсылман діни жиналысына қатысып имам және мүдәріс  атағын алуға мүмкіндік беретін емтиханды Уфада ойдағыдай тапсырыпты. Бұнысы оған діни лауазыммен қызмет атқаруға жол ашады екен. Алайда Фатих оған аса қызықпаса керек. Сондықтан әкесі оны қыштамапты. Таңдаулы  мектептерде оқытып, жақсы, зайырлы білім беруге тырысыпты. Сосын Стамбулға оқуға жіберіпті.

Фатих онда төрт жыл  оқып, араб, парсы, түрік, француз, латын тілдерін үйренеді. Алгебра, тарих, география, химия, құқықтану пәндерін оқиды. Сосын медреседе сабақ береді. Одан Орынборға келеді. Бұл 1898 жыл еді. Сол жылы Орынбордағы алтын өнеркәсібімен шұғылданатын Шәкір Рамиевпен бірге саяхатқа шығып, бірқатар Европа елдерін аралайды,  Германия, Бельгия, Франция, Италия, Австро-Венгрия, Сербия, Болгария және  Түркияда болады. Сапардан алған әсері жайында кітапша шығарады.  Одан Москвада алты ай бойы тұрып, бухгалтерия мен неміс тілін оқиды.

Осы кезде әкесі Ғылман қазірет діни лауазымын тәрк етіп, баспагерлік іспен және кітап саудасымен шұғылдануға бет бұрған екен. Орынборға көшіп келіпті. Орыс  әліппесіне Ыбырай Алтынсариннің қосқан әріптерін пайдаланып, қазақтарға арнап түрлі кітаптар басқан  Бреслин деген баспагердің кітап басатын баспаханасын сатып алыпты. Сол шағын кәсіпорынмен бірер үй-жайға қоныс аударып, ақыры Ор көшесіндегі Гостиный двордың* оңтүстік қатарынан орын тепкен үш дүкенді он екі жылға  жалға алған көрінеді.  Шарттасу жолымен құрылыстың ішіне өзгерістер жасап, кітап және жазу қағазын сататын дүкен ашыпты. Бірақ істі кең жолға қойып үлгермей, дүние салған. Сонда баспахана басына ұлы Мухамметфатых тұрған екен. Міне осы Фатих ағаның Орынборға келіп әкесі бастаған баспа ісін жандандыруы ноғайлардың ғана емес, қазақтардың да бағына айналған еді.

 

*Сауда жаймалары жасаулы, арнайы салынған ғимарат.

 

Үкімет буындары, бірақ, мұндай өзгерісті қаламайтын. Олар өлкеде Мухамметфатых секілді кісінің пайда болуына сескене қарайтын. Өтеміске мәлім, ондағы Пуришкевич рухында пайымдайтын  астам пиғылды үкімет қызметшілері өзара:

– Бұратаналар дамудың төменгі сатысында тұр, мәдениетті білмейді, – дейтін. – Оларды не әдебиет, не өнер қызықтырмайды. Немесе тым аз мөлшері ғана бұл тарапта шамалы ынта танытады.  Олар негізінен бәрі немесе бәріне жуығы қараңғы, европалық мемлекеттердің тұрмыс-тіршілігінен бейхабар. Керек десеңіз, тіпті, өздеріне туыстық-тайпалық жағынан жақынырақ, діні бір Түркия жайында да түк білмейді…

Осылай менсінбеушілік танытып жүрген отар чиновниктері күндерде бір күн тағаттарынан айрылады. Иә, олар көп ұзамай-ақ жайбарақаттықтарын жоғалтады. Өйткені оқымысты адам ретінде мұсылман арасында беделді, араб, француз және  жергілікті тілдерді еркін білетін бұл зиялы, жазушы адамның Азиялық Россия тарапына келіп, баспагерлікпен айналысуы жақсы емес екенін, оның бұратаналар арасына билікке қолайсыздау білім таратуы әбден ықтимал екенін еріксіз ойлаған. Бұл шынында да солай болды.

Алғашқы революция басталысымен Кәрімов қоғам ісіне белсене кірісіп, мұсылман қозғалысының алдыңғы легінен көрінді. Жан-жақты білімі бар, қаршадайында ұлттық тамырмен сусындаған, татар мұңының күллі исі түркі, тіпті барша империяның езілген бодандары мұңымен үндес екенін, озбыр отаршы құрсауынан босануды аңсаушылар қатарының көп екенін түйсінген, өмір көрген, азаматтық тірегі айқын Фатих Каримов Орынбор өңірінде бірден-бір көшбасы ретінде танылды. Оған татарлар ғана емес, қазақтар да баратын. Оның Керуен-Сарай көшесіндегі үйіне қырдан арнайы ат сабылтып келетіндер де болатын.

Ол 1905 жылғы жазда Төменгі Новгородтағы алғашқы мұсылман съезіне қатысып, жалпыимпериялық  түркі-мұсылман қауымының кеме үстінде үкімет рұқсатынсыз бас қосу оқиғасы ішінде болды. Кейін, тағы да жасырын өткен Петрбор съезінде, Өтемістің Көкшетау медресесіндегі мұғалімі Шәймәрден Қосшығұловпен бірге мұсылман партиясы орталық комитетінің мүшелігіне сайланды. Күзден бастап, патшаның 17 қазан манифесі жария болғаннан кейін, айналдырған үш-төрт айдың ішінде аймақ мұсылмандары өкілдерімен өткен бес жиналыста да бір ауыздан төраға болып сайланды.

Фатих бостандық жаршысы ретінде қабылданған манифесті өзі татаршалап, баспаханасында бастырған. Соны жиналысқа келгендерге таратты. Содан бері үнемі жергілікті және жоғарғы өкілдік жиындарына өкілдер сайлауды ұйымдастыру жұмыстарының, қауымдар арасындағы қайшылықтарды жоюға атсалысудың бел ортасында келеді.

Нілдідегі ағаларында болып, Қарқаралы маңында тыншыған Еркіндік көкесінің басына барып қайтқан сапарында Өтеміс Орынборға соққан. Бірден Карими баспаханасының бірнеше жылдан бері мекен ететін үйіне, қалалық театр жанындағы Перовский көшесінде отырған жайына келді. Мұнда татардың ғана емес, орыстың да газеттері, тіпті кітаптар да басылатын. Фатих аға оны  үлкен кәсіпорынға айналдырған еді.

Онымен Өтеміс бұрын да Петрбордағы Борағанлы баспаханасының кітап тарату хақындағы шаруасына орай байланысып тұратын. Осы  келгенінде баспагер Кәрімовтың алдына түрлі жұмыспен кіріп-шығып жүрген бірқатар қазақ оқығандарымен жолықты. Солардың ішінен ана жылы Қоянды жәрмеңкесінде танысқан Рақымжан Дүйсебаевты көрді.

Сол 1905 жылғы жазда қазақ оқығандары жазған Қоянды тілек-хатын жұртқа таныстыру үшін көшірісуге қатысқанымен, саясат жықпылын әлі біле бермейтін балажігіт, мұрты енді ғана түбіттене бастаған бозбала Өтемістің қасында ол сақа жігіт-тін. Оқыған-тоқығаны бар, саяси шараға белсене қатысуы бар, көп жыл газетте істегені бар, ол кәдімгідей ойлы азамат болатын. Оның  аузынан естіген көп жәйттің мәнін сол жолы бұл терең ұғына да бермеген екен, енді ойлап қараса.

Рақымжан заң жағында қызмет қылып жүрген-ді. Көптен көрмеген, астанадан ел аралай келген  Өтеміспен едәуір сырласты. Ол Фатихпен де, алтын кәсіпшілігімен шұғылданатын ағайынды Зәкір және Шәкір Рамиевтермен де жұмыс бабымен тәп-тәуір таныс көрінеді.

Патша  манифесімен жарияланған сөз бостандығы ауқымында Рамиевтер «Уақыт» атты қоғамдық-саяси газет ашқан. Оны Орынборда осы Кәрімовтың редакторлығымен шығарды. Аптасына үш шығатын осынау үнпарақ қазақ тыныс-тіршілігіне де бейтарап қарамайтын. Газет әуелде Фатых Кәрімидің баспаханасында басылып тұрды. Одан, екі-үш жылда, әлгі  аталған кәсіпкерлердің қамқорлығымен  өз баспаханасына ие болды. Дегенмен  оны да іс жүзінде басқарып тұрған Мұхаммед-Фатых еді. Өтеміс білетін шығар, бұл кісі өте жан-жақты адам ғой, бәріне үлгереді. «Құсайыния» медресесінде сабақ беруді Фатых ағамыз баспагерлік жұмысымен қоса жүргізді. Бұл оқу орыны 1-гильдия көпесі Ахмет Құсайыновтың қамқорлығымен жұмыс істеп тұрған. Осынау озық  оқу орнында ол педагогикалық кеңес мүшесі, оның қамқоршыларының бірі болды. Оқулықтар жазды. Оның «Қысқаша жағырапиясын» аймақтағы мұсылман мектептерінің бәрі пайдаланып жүр. Кәрімов сондай адам.

–  Фатых ағамыздың ұстаздық қыры бар, баспагерлігі бар, әрі, ең бастысы, мұсылман жұртына деген ерекше жан ауырушылығы бар. Сол себепті шығар, оның айналасына біздің қазақ мұғалімдері  де үйіріліп жүр, – деген Рахымжан.

Шынында, алыс Түркістан шаһарынан оның алдына осы күндері мұғалім Қоңырқожа Қожықов келген. Баспадан шығармаққа ниеттенген «Әліппесінің» қолжазбасын әкелген. Түркістан өлкесіндегі үкіметтік оқу бөлімінің тиісті рұқсаты бар көрінеді. Ол келгенде Фатых өзі жазған «Ислам тарихы» оқулығының жаңа басылып шыққан данасын қолына алып отырған еді.

– Жаңа әдістемемен оқытылатын мектептерге жаңаша оқу құралдары аса қажет, – деді Қоңырқожа. – Татар және өзбек-сарт мектептерінде жәдиди бағыт жақсы өріс алған, ал біздің қазақ мектептеріне әлі талай асудан өту міндеті тұр. Мынау бір алғашқы талпыныс еді. Соның тұсауын кесу үшін сізге әкеп отырмын...

Олар  мектеп пен оның болашағы жайында едәуір әңгіме-дүкен құрды. Қоңырқожаның сауат ашу оқулығының қолжазбасын парақтай отырып, көп пікірлесті. Осындай шаруа  орайында келіп қалған мұғалім  Ахмет Байтұрсыновты Қоңырқожаға таныстырды. Ол да қазақ мектептеріне жаңа оқу құралын жасаумен шұғылданып жүрген көрінеді. Қарқаралы жағында істеген, қазір Орынборға қоныстаныпты. Фатых олардың  ағарту ісіндегі қадамдарын құптап,  баспагерлік тұрғыда көмек беруге әрқашан әзір екенін айтты.

Ол бұған дейін Қоңырқожаның да, Ахметтің де кітаптарын басып беріп жүрген, тағы неге баспасқа. Елді  жаппай ағарту үшін әліппе оқулығы керек екені анық, сол тұрғыда осынау екі қазақ жігітіне жәрдем беруді өзіне мәртебе көреді.

Көпес Құсайынов қайтыс болғаннан кейін артында мол дүние-мүлік қалған екен. Оның сонау алғашқы революция қарсаңы мен 1906 жылдың соңына қарай жазған екі аманаты бойынша, көптеген жылжымайтын мүліктен тұратын орасан зор байлық қайырымдылық мақсатқа жұмсалатын болып белгіленіп, халық игілігі үшін қызметке қойылыпты.

Соларды пайдаланудан түсетін табыс Орынбордағы ірі жәми* мен оның жанындағы «Құсайыния» медресесінің, сондай-ақ жаңа әдістемемен жұмыс істейтін мектептердің шығынына кетеді. Ал  губернияда ондай  мектеп  саны қырық шақты екен. Солардың оқытушыларына еңбекақы төлеу,  жоғары оқу орындарында, реальды**, коммерциялық және кәсіпшілік училищелерде, гимназияларда және мұғалімдік мектептерде оқитын мұсылман жастарына стипендиялар беру,  қажылық сапарға шыққандарға жәрдем көрсету, сондай-ақ медреселерге арналған оқулықтар мен діни-имандық мазмұндағы кітаптар шығару осынау қордың мойынында.

 

*үлкен мешіт.

**нақты.

 

Ал оның жұмысын  ерекше қайырым көрсету ұйымы реттеп отырады. Ұйымда ағза*** ретінде басқару жұмысына қатысатын он төрт адам бар-ды. Міне сол ұйымның қарамағындағы дүние-мүлікке ие болып, қайырымдылық қорының жинақталуына бас-көз боп отыратын   вакуф**** кеңесі мүшелерінің бірі Фатих Карими еді. Оның өзі де мұсылмандардың көптеген қоғамдық ұйымдарын құруға мұрындық болып келе жатқан. Мәселен, ол ашқан «Орынбор қаласының мұсылмандар қоғамы» алты жылдан бері жұмыс істеп келеді. Қызметінің негізгі бағыты ағартушылық жұмыстар жүргізу және мұқтаждарға қайырымдылық көрсету. Қоғам өз есебінен қаланың әр аймағынан бес бастауыш мектеп пен кітапхана ашып, ұстап келеді. Жоқ-жітік оқушыларға қолдау көрсетуде. Биыл ғана Фатых құрылтайшылардың бірі және басқарма мүшесі ретінде «Оқып жатқан мұсылмандарға жан-жақты көмек көрсететін Орынбор қоғамын» құрып, тіркеуден өткізді. Не керек, осынау қарындас қазақ бауырлардың игі ниетті азаматтарына оқулықтарын бастыруға жұмсалатын шығынның бір шетін көтеру орайында бірер жәрдемдік шара солар тарапынан жасалып қалуы ғажап емес...

 

***мүше.

****салықтан босатылған жылжымайтын мүлік, негізінен мешіттерге тиесілі жер телімдері.

 

Бұл жағымды хабар болатын. Дегенмен оған разылықтарын білдіріп, алғыс айта тұра, олар бірнеше күннен кейін Мұхаммед-Фатых мырзаға басқа өтінішпен келді. Мәселе Өтемістің Петрбордағы мұсылман қауымы мен Мемлекеттік Думаның мұсылман фракциясы жайында шерткен сырынан туындаған еді. Олар депутаттар арасында қазақ өкілі жоқтығына шын өкініш білдіріп, «3 маусым» заңын өзгерткізуге тырысқан әрекеттер болғанын, одан ештеңе шықпағанын әңгімелеп отырған.

– Жігіттер, – деді Қоңырқожа бір кезде, – осы жолы ноғай бауырларға қолқа салсақ қайтеді? Бір орынды бізге қиыңдар деп?

– Иә, бұл өте тиімді жол, – деп қостай кетті Ахмет оны, – басқа емес, осы губерниядан сұрайық. Қалаларда  тұратын қазақтардың бірін осы жақтан депутаттыққа өткізе алсақ, тамаша болар еді...

– Жақсы-ау, тек бұл губерниядан түсуге дайындалып жүрген татар өкілдері көне қойса мұнымызға...

Өтеміс дүдәмал үнмен күдігін айтты, өйткені ол осы аймақтан кешегі Үшінші Дума мүшелерінің бірі сайлануға ниеттенуде екенін білетін. Және ол адам басқа емес, мұғалім, халық әндерін жинаушы, башқұрттың ұзын-күй аталатын жырларын орындаушы, елге сыйлы Ғайса Еникеев болатын. Ол, рас,  Үшінші Думада татар және башқұрт мәселелерін көтеруімен көзге түсе бастаған.

– Бірақ ортақ мүддені ойлайтын да шығар-ау, бәлкім орнына осы жолы қазақ қарындасы баруына қарсы бола қоймас. Думада қазақ мәселесін жетік білетін ешкім жоқ қой...

Үшеуі де осы сөзге тоқтасқан. Сосын олар ойларын жинақтап, міне бүгін жалпымұсылман құрылтайы төрінде отырған, ал сол кезде баспагер әм қоғам қайраткері ретінде аймақтағы көзі ашықтарды үйіріп тұрған мына Мұхаммед-Фатых мырзаға кеп айтқан-ды. Сонда ол үлкен түсінушілік көрсетіп, бұларды қолдаған еді. Оқыған қазақтар өз халқын бұзып барады демеген. Қайта, өзінің газеті бетінде сонау Думаға қазақтан депутат сайлау жайындағы осы ой мен тиісінше зиялыларға жасалған өтінішті оқырмандар назарына ұсынуға келіскен еді. Міне отыр ғой төрде. Ғаяздың қазақ оқығандарына қарсы айтқандарын ол қолдар ма екен?..

 

7.

Мінбер жақтауына қолын тіреп тұрып, өз баяндамасындағы тұжырымын дәйектеп тұрған шешен қазақ әріптестеріне өкпесін одан әрі жайып салып жатты.

– Олар осы уақытқа дейін қазақтарды татарларға жолатпауға тырысуда, – деді ол, – түсініңіздер, олар қандастарын татарда едәуір жақсы дамыған ілім-білімге жуытқылары келмейді!  Тіпті  татар молдаларының қазақ арасына барып жұмыс істеуіне де кедергі келтірмек боп  әуреге түсуде!

Шешен қазақтардың ішінде нақты кімді кінәлайтынын ашып айтпады,  бірақ сол аты теріс қазақ оқығандарының зиянды әрекеттерін тізбелей берді.

– Олардың есіл-дерті өз халқын тамырынан ажырату, – деп төндіре түсті ол, – олар қазақтарды орыстың ғылымы мен біліміне, мәдениетіне, өнеріне, тіліне үйір қылуға тырысып жүр. Олар баяғы Ыбырай Алтынсарин іспетті миссионерлік жолды қуаттайды. Қазақтың мұсылман болып қалғанынан гөрі, жаппай шоқынуына оң көзбен қарайтындай сыңайлы.

«Татар ақылманы әм саяси күрескері Рашид қазиды татар жазушысы әрі саясаткері Ғаяз мырза да сыйлайды, ал Рашид қази Ибрагимов, бірақ, қазақ Алтынсарин жайында бұлай ойламайды ғой. Ол Алтынсаринді миссионер емес, ағартушы деп атаған», – деді іштей Өтеміс өзіне өзі.

Ал Ғаяз Исқақи мынаған сенімді – жалпы түркі-бұратананы, әсіресе серкелері қатерлі жолға бастап бара жатқан қазақ халқын бері бұрып, бір мұсылман туы астына жиғанда ғана мақсатқа жетуге болады.

– Бір түркі-мұсылман халқы болуымыз керек, қазақтардың бөлінеміз деуі өзіне зиян, жарамайды. – Шешен қазақтарды сақтандыра сөйлегендей болды. – Түркі туы астынан бөліну қазаққа тезірек орыстану қаупін төндіреді.

Оның ойынша, автономия алу – өзгелерден бөлінумен парапар. Автономия алып федерацияға кіру дегеніңіз қазақтың ұлттық мүддесіне жауап бермейді. Тек унитаризм, бөлінбес біртұтас Ресей ғана қазақты да, күллі мұсылман халықтарын да құтқара алады. Сондықтан, қазақтың да, түркістандықтардың да, кавказдықтардың да  мәселені терең байыптамай ұрандатуын қоштауға болмайды...

Қайратты шашын кері бір қайырып тастап, мінбеге Жаһаншаһ қайта шықты. Ол Ғаяз Исқақов айтып тұрған келеңсіздерге қазақ тек қана автономия алу арқылы тоқтау сала алатынын айтты.

– Ал егер Ресей біртұтас мемлекет болып тұрса, қазақтың атамекеніндегі жер-суды орталық билік түрлі желеумен кесіп алуды жалғастыра береді, – деп сабақтады ол сөзін, – бұған ұлы даланың отарлану тарихынан хабардар кімде-кім шәк келтірмес деп ойлаймын...

Жанша сәл тыныстап, залға ойлана қарады. Жұрттың ынтыға тыңдап отырғанын байқады. Сосын ақырын үнмен былай деп қосты:

–  Мырзалар, Ғаяз мырза шошындырып тұрған орыстанудың көкесі сонда болады. Естеріңізде болсын, қазақтар – Ресейдің шегінде өмір сүріп жатқан түркі халықтарының ең саны көбі... Аз ұлттардың қай-қайсысын да өктем де билеуші ұлтқа сіңісіп кетуден қазіргі ахуалда  автономия  ғана құтқара алады.

Ол ойын осылай бір тұжырып тастады да, дәстүрлі экономика мен оны дамытудағы кедергілер жайында әсерлі әңгімеледі.

Қазаққа кезінде империя қилы әдіспен жойған елдігін жаңғырту қажет. Оған қазір қолайлы сәт туды. Сол арқылы қазақ тарихтағы өз орнын ала алады, өзіне жасалған тарихи қиянатты жойып, әділет орнатады. Мұны тек саяси қайраткер ғана емес, үлкен жазушы, халқының ұлттық мүддесін тереңнен ойлай алатын Ғаяз Исқақи анық білуге тиіс. Сөйте тұра оның кешеге дейін баршамызды озбыр қиянатымен ренжітіп келген унитарлық мемлекетті тағы да жаңғыртуды қолдайтыны қалай? Бүгінгі азаттық жолын таңдау сәті туғанда да оның тап сол бұрынғы біртұтас империяны басқаша атаумен сақтау жағында тұруы Жаһаншаһ Досмұхамедовке бек түсініксіз. Мойындасын Ғаяз мырза, барша унитаристер де бір сәт қолдарын жүректеріне қойып ой жүгіртсін: күні кешеге дейін отар болып езіліп келген әр түркі жұрты енді солай, өзімен өзі болуды аңсайды. Қай-қайсысының да күмәнсіз сенетіні – өз ошағын қорғау арқылы, өз елдігін қалпына келтіру арқылы басқа қарындас халықтармен тең дәрежеде қол ұстаса алады. Өз шаңырағының түтінін түзу шығару арқылы ортақ имандылық, адамгершілік мұраттарға жете алады...

Жаншаны қолдаушылар көбейді. Жалпы мұсылман қозғалысының әр кезгі мақсаттарын жаңғырта отырып, бүгінгі таңдағы міндетті туындатқан Әлимарданның сөзі, баяндамашы Мұхамед-Әминнің өзі ұсынған негізгі қағидаларын қайтадан, басқа қырынан дәйектеуі, Жағыфардың Қырым тарихын тереңнен қозғап, унитарлы, отаршыл да озбыр, біртұтас мемлекет құрамында қырымлы жұрты көрген масқаралықтарды тізбелеуі ешкімді жайбарақат қалдырмады.

Федерациялық құрылым жағындағылар анық басымдық көрсете бастады. Сонда Ахмед мен Ғаяз мінбеге қайта-қайта ұмтылды. Олар ендігі бір ретте Ресей мұсылмандарының бірлесуі керектігін айтты.

– Патша тақтан кетіп, империя дағдарыста тұрғанда, мұсылмандар үшін батыс пен шығыс мәдениетін қоса сіңіруге  қолайлы дәуір туды, – деді бірі.

– Мұсылмандардың бірлікке қол жеткізуінің маңызы зор, – деді екіншісі.

Қай-қайсысына да мәлім, Ахмед мұны орталықтағы саяси партиялар жұмыстарына араласып жүргендіктен мүлдем анық біледі, бүгінде орыс адамдары көп партияға бөлініп алған. Олардың ортақ мақсаттарын бірлесіп айқындаулары да, өзара тіл табысулары да қиын.  Себебі бағдарлары сан түрлі. Осыны жадтарында ұстасын жалпымұсылман съезінің делегаттары...

Ахмедтің пайымын Ғаяз үстемеледі. Ол да орыс адамдары алауыз болып сан партияға бөлініп тұрғанда, исі мұсылманның бір болуы маңызды екенін баса айтты.

– Біздің баршамызға бұрынғыдан да жақындасып, тұтасуға тырысу керек. – деді ол. – Сонда ғана орыстың заң шығаратын мекемесінде бүкіл мұсылман мүддесін ұтымды қорғауға болады...

Бүкіл  мұсылман мүддесі... Өтемістің Ғаяз ағасы қазақ оқығандарын сынауын енді осылай ұластырды. Өз ұсынысының дұрыстығын дәлелдеу жолында ол қазақ қарындастарына сенбестік көрсетуін жасырмай айтқаны өз алдына, енді басқа үгітке көшкендей. Бәрібір астарында қазақтың федерацияшылдығына қарсылығы көзге ұрып тұр. Обалы нешік, Мұхаммед-Фатых мырза жарыссөзге шығып, қазақ пайдасына біраз сөз айтқан. Лауазымды заңгер Жаһаншаһ Досмұхамедов мырза қалай дәлелді сөйледі.  Бәлкім, сондықтан да Ғаяз мәселеге енді басқаша қырынан келген шығар. Әйтсе де...

Өтеміс күрсінді. Ғаяз мырзаның ой-пікірлері бас қауашағы ішінде небір сумаңдаған ой толқындарын туғызған. Өкініштісі, бүкіл  мұсылман мүддесі түгіл, бүтін қазақ мүддесі хақында қазақ оқығандары ой біріктіре алмағанына куә ғой Өтеміс. Олардың іс-әрекеттері осынау татар саяси қайраткері әм қаламгері назарына ілікпей қалмаған да...

Зиялылар ішіндегі өзі білетін, көпшілік мойындаған қос серкенің – Бақытжан Қаратаев пен Әлихан Бөкейхановтың – жұлдызы жараспауы жайына Өтеміс қинала ой жүгіртті.  Қанша өкпелегенмен, Ғаяз мырзаның айыптауларының жаны да бар...

Ана жылы, жаһандық соғыс басталар қарсаңда, мұсылман фракциясы шартараптағы діни тұлғалар, педагогтер, заңгерлер, көсемсөзшілер ішінен аз ғана адам шақырып сияз* өткізуге рұқсат ала алған. Сонда, съезге келген қазақтар, өз мәселелерін өзара келісіп, ортаға шығарар алдында ортақ пікір қорытып  алу үшін, съезд ашылғанға дейін де, съезд жұмысы жүріп жатқан кезде де ұдайы бас қосып, кеңес өткізіп тұрды.

 

*Әңгіме 1914 жылғы 15–25 маусымда Петрборда өткен мұсылман съезі жайында.

 

Ауыз толтырып айтарлық нәтижесі болмаған сол сиезде діни жиналыстың рөлін күшейту және мұсылман дін қызметшілерінің хал-жағдайын, тұрмыс деңгейін жақсарту көбірек сөз болған еді.  Өтеміс Бақытжан сұлтан Қаратаевтың сонда жасаған баяндамасын еске алды. Сұлтан қазақ облыстарындағы дін істері жайында айтқан болатын. Әңгімесін мәселенің тауарихын қоса баян қылумен өріп отырған-ды.

– Мырзалар, Екінші Екатерина патшайым Орынбор діни жиналысын ашуға рұқсат еткен 1775 жылды еске алыңыздаршы, – деген ол, – сол шақта  Орынбор муфилігіне қазақтар да қараған-ды. Императрица, баршаңыз білесіз, Орынбор мен Троицк қалаларында мешіттер салғызды. Сол жайында ұлы далаға шекаралас өлкені билейтін әкіміне қаратып, арнайы пәрмен де шығарған.

Сосын патшайым жарлығының мазмұнына тоқталды. Төртінші Мемлекеттік Думадағы Мұсылман фракциясының мүшелері мен олар шақырған осынау мәжіліске қатысушылар жадтарында ұстасын,  Екінші Екатерина Императрица сондағы Пәрменінде Ресей шекарасына жақын көшіп жүрген көшпенділердің орыс мемлекетіне құрметін өзінің осынау мешіттерді оларға арнап арнайы  салып беруі арттыратын болады деп атап көрсеткен еді. Мешіттер ұлы дала жазығын мекендейтін номадтарды билеуге игі ықпал етеді, көшпенді жұрттар ішіндегі бұзықтардың түрлі басбұзарлығын болғызбауға септеседі, жаза қолданудан да артық ықпалын тигізеді деген.

Қаратаев сияз делегаттарын  патшайым пәрменіндегі мына жәйттерге ой жүгіртуді сұрайды... Патшайым қыр төсінде аунап-қунап жүрген «Қазақ ордаларына мұсылман молдаларын әдейілеп жіберіп тұруымыз – бұл өлкені игеруге бағытталған істерімізге өлшеусіз зор пайда тигізер» деген үмітін сездірген. Сол себепті біздің татар қарындастарымыздың – Қазан ноғайларының діни қызметшілерін үгіттеп, қазақ арасына көптеп молдалар жіберуді барон Игельстромға өзінің жарлығында мұқият тапсырған.

Ұлы Екатерина қазаққа неге сонша иіді екен дейсіздер ме? Әрине, оның мемлекет мүддесін, ұлы орыс мүддесін көздеген ішкі есебі болды.

Патшайымның қазақтарды Орынбор діни жиналысына қаратуы, татар молдаларын даланы жайлаған ауылдарға жіберуі қазақ арасына ислам дінін таратуды көздегендігі емес еді. Мырзалар, қазақ онсыз да мұсылман, Қазан шаһарынан татар молдалары ат сабылтып қырға келіп, қазақтарды исламға бұрыпты дегенді осы отырған ешқайсысы ести қоймаған болар деп ойлайды баяндама жасап тұрған шешен. Ешкім шәк келтірмесін, қазақ мың жылдан астам уақыт бойы мұсылман. Ұлы Екатеринаның мақсаты Қазақ ордасы мен Ресей арасының жарасымды болуына қол жеткізу болатын.  Солай етуге ол Қаһарлы Иоанн заманынан бері Ресейге қаратылған татар жұртынан сенімді деген діни қызметшілерді көшпенділер отанына жұмсауды қош көрген. Түбі түркі, қазақ өзінің қарындасы деп білетін, орысқа адал  татардың патшалық мүддесі жолындағы қызметін пайдалануға тырысу жөн деген. Барон мынаған назар баса аударсын деген патшайым: татар молдалары Ресейді қазаққа дос етіп көрсетуге тырысуы тиіс.

Міне, хұкімет шарты осындай болды. Хұкімет шартының үдесінен шыққан, жақсы қызмет көрсеткен татар қызметшілеріне жалпы ақшалай еңбекақы төлеуді, түрлі марапат жасау жолымен ұдайы ынталандырып отыруды билік ескеруге керек. Патшайым Игельстромға осыны да мұқият ойланыңыз деген. Бұл нұсқау 1785 жылы болған еді. Жаманды-жақсылы, біраз шаруа тындырылған. Қазаққа да, татарға да, дін исламға да  жаман болмаған.

Сөйтіп жүргенде, 1860 жылы, Орынбор шекара басқармасында Ильминский деген чиновник пайда болды. Миссионер екен. Қазақтар мұсылман емес деген тұжырымды сол ұсыныпты. Оның ойынша, қазақ – шаман* ықпалындағы, әлдебір тылсым күшке сенетін, дінсіз халық көрінеді. Бекем ұстанатын діні жоқ болғандықтан да, қазақтарды шоқындырып, православиеге айналдыру бек оңай депті. Хұкімет озбырларына бұл пікір майдай жаққан. Қазақтардың  Орынбор муфтилігінен шығарылуына осы себеп болды, мұсылман кеңесіне қатысушы мырзалар мұны біліп қойсын. Бұл 1867 жылғы жәйт.

 

* бақсы.

 

Қаратаев сұқ саусағын безеді:

– Содан бері жарты ғасырға тақау  өтіпті, мырзалар! Небір зор оқиғалар болды. Қазақ «елу жылда ел жаңа» дейді. Елдің осы елу жылдық мерзімде дұрыс бағытта жаңаруына үлес қосайық!

Бақытжан сұлтан енді жаңару бағытын дәйектеуге кірісті. Қазақ ішінде, баршасына мәлім, қазіргі заң бір болыс елге бір мешіт пен бір молда ұстауды көтереді. Бірақ балаларын дін оқытылатын мектеп пен медреседе тәрбиелеуге  беруге рұқсат жоқ. Дұрысында, ондай оқу орны да жоқ. Бұл – жалпы ахуал. Енді сиез делегаттары соның ішіне үңіліп байқасын...

– Молда, алда-жалда, мұсылманшылық жолмен іс қарай бастаса, басы бәлеге қалды дей беріңіз. Әкімшілік ондай молданы әй-шәйға қарамастан орнынан түсіреді. Орнынан түсіріп қоя салмайды, абақтыға жабады. Сотқа береді. Хұкімет судьясы ісін қарап, жаза кеседі.

Тыңдаушылары аңдаған болар, қазақ ішіндегі молданың дін заңдары талабына сәйкес  атқарар міндеті жоқ. Мұсылмандар арасындағы құқық бұзушылықтарды шариғат бойынша жауапқа тартуға жол берілмейді. Барлық азаматтық және басбұзарлық істерді әкімшілік тағайындаған билер қарайды. Ал олар үкімдерін қазақтың көне әдет-ғұрып* каноны** бойынша шығаруға тиіс. Хұкімет оны  народный суд*** деп атайды.

 

*дағдылы құқық, әдет құқығы.

**ережесі, қағидасы.

***халық соты.

 

Мырзалар білсін, қазақтың империя қоластына кіргенге дейінгі билер таңдау жүйесі жойылған. Әділ сөзді ұтымды дәйекпен, тірі жанды тырп еткізбестей етіп айтуға қабілеті бар дарындар бұрын жұртшылыққа табиғи жолмен танылып, биге ылайық төбеге шығатын. Халық сондайларды құрметтейтін, үкіміне тәк тұратын. «Тура биде туған жоқ!» деп сүйсінетін.

Осынау мұсылман сиязының ағзалары білсін, қазақтың байырғы билерінен бұл күнде жұрнақ та қалмаған. Осындай қатал тұжырымын аян ете келе, Қаратаев оның қазіргі көрінісін сипаттады.

– Билерді бүгінде іс жүзінде әкімшілік тағайындайды! Оларды халық соты деп дабырайтып атайды, бірақ сол «халық соты» жекелеген әкімдердің жұмса жұмырығында, ашса алақанында...

Мырзалар көз алдарына мынаны елестетіп байқасыншы: қазақтың дәстүрлі билер институты патшалық чиновниктері ырқымен түрін де, мазмұнын да өзгертіп, тап-таза азғындауға ұшыраған. Орыс патшалығына қараған тұстағы билердің санасын көне жарғы, халықтық әдет-ғұрып ережелері және соларды әділеттілік туын жоғары ұстау орайында қатаң сақтау қажеттігі билемейді. Керісінше, олардың санасын қайткенде соларды – заңды да, заңға жүгінушіні де – өзінің жеке мүддесіне бұрып алу жолдары билейді. Бүгінгі билердің құлқынын ақша мен дүние тескен. Қалтаң тесік болса – би алдында шындыққа жетем деп үміттенбе. Олардан әділет дегеннің ауылы мүлдем алыстап кеткен. Қаратаев әдет құқығының қазіргі таңда қазақ қоғамы ішінде әділеттілік орнату ықтималдығына сенбейді.

– Ал имандылықты, иманшартты  олардан іздемей-ақ қойыңыз. Ондайды әкімдер де қаламайды. Құдайы беруге рұқсат жоқ. Қазақтар ішіндегі құқықтық ахуалдың осы қалыпта қалуы қырдағы чиновниктерге де тиімді.  Қазақтар хұкіметке неғұрлым тура, неғұрлым достана болса да, хұкімет оларға соғұрлым нашар істер қылады. Олардың өз дінімен тұруына ерік бермей, ұлттық тұрмыстарын сөндіруге һәм ептеп өзге дінге салуға қарастырады. Біздің татар қарындастар, бәлкім, қазақтарды мұсылман дініне бауырластыра түсер ме еді, қайтер еді. Бірақ олар бүгінде қазақ арасына ашық кірмейді. Өйткені оған билік мүдделі емес.

Хұкіметтің осындай тұтқан жолы, Бақытжан сұлтанның кәміл сеніміне қарағанда, қазақ ішін қатты мазасыздандырған, тыныштығын алған. Әкімшіліктің бұл ісіне, дала жұрты мүддесіне  қайшы осы жолына наразылық екі жыл өтер-өтпесте, 1869 жылы-ақ бой көрсетіп, ашық шыға бастаған-ды. Одан бергі қырық жылда, бәрібір, ұлы дала түлектерінің діни істерін жақсарта қою ниеті билік тарапынан соншалықты нақты қадамдарымен көріне қойған жоқ. Ал мұндай істердің қазақтарды орыстардан алыстатуға апарары кәміл. Ондайдан ұлт намысы зораяды. Ал озбыр әкімшілік халықтың Ресейге деген наразылығының өсуіне ғана себепкер боларын әлі ойлар емес...

Баяндамашы қазіргі ахуалға сипаттама жасады.

– Қазақтың бір болыс елінің сандық мөлшері Ресейдің бір үйез халқындай болады, – деді ол. – Бір  болыста тұратын қазақ саны мың жарымнан үш мыңға дейін. Халық шашыраңқы ғұмыр кешеді. Бір бірінен өте алыста, жалпақ далаға тарап кеткен. Сондықтан да бір болысқа бір мешіт аздық етеді, жетіспейді. Бес уақыт намаз, жұма намаз, басқа да намаздар оқу үшін тұс-тұстан уақтылы жинала алмайды, ол мүмкін де емес.

Бұндай жағдайды жеңілдету қажеттігі анық, оған осы отырғандардың ешқайсысы да күмән келтірмейтініне баяндамашы қалтқысыз сенеді. Алайда ондай шаруаға хұкімет қолғабыс етпейді. Хұкіметтің қолғабысы деп Қаратаев  бұратана-бодандардың тілегін заңдастырып беруді айтар еді. Өкінішті-ақ, чиновниктер олардың өтінішіне құлақ та аспайды. Сондықтан, қазақтар мешіттерді рұқсатсыз салуға көшті. Олар жасырын түрде, бір орынға он мешітке дейін салып жүр. Соның әлегінен үкімет пен жұртшылық арасында жанжалдар шығып қалуда. Сияз мұны қаперге алсын. Бір болыста жүз шамалы молда бар, астыртын мешіт-медресе көбейді. Қазіргі таңда әр облыста мыңнан аса мешіт бар, қыр қазақтары арасына татар діни қызметшілері де жылдан жылға көбірек кіруде. Бірақ хұкімет пұрсатынсыз қызмет істейтіндіктен,  қазақ арасындағы мешіттер мен медреселердің мүмкіндіктері шектеулі.

– Ал номадтарда ынта-жігер жетіп-артылады!

Баяндамашы серпіле сөйледі. Үкіметтің қазақ балаларын мұсылмандықтан айыруға амал-айла жасап жүргені көшпенді жұртқа құпия емес. Өз жерінде дін оқуын терең оқыта алмайтындықтан, олар балаларын діни ғылым игер деп бұл күнде шет жақтарға аттандыруда. Мұсылман фракциясы мүшелеріне де, жан-жақтан жиналған делегаттардың біразына да мәлім, қазақ жігіттері Бұқара, Хиуа, Орынбор, Қазанда оқып жүр. Олар, тіпті, Бейрут, Медине, Стамбул, Мысыр секілді алыстағы зор шәрлерге* кетті. Бірталайы елге оралып та үлгерді. Оқып қайтқан соң олар ауыл-ауылдарда жасырын мектеп-медреселер ашуды күшейтті. Бұл ұмтылыс әлі де арта түсетін ыңғайда.

 

*шаһарларға, қалаларға.

 

– Мұндай хал-жағдай  империя хұкіметінің 1860 жылдардан бастап қазақтарды орысқа бейімдету, кәдімгі, түрі қазақ болғанмен, жаны орыс адам жасау  бағытына көшкендігі себебінен болса керек, мырзалар! – Сұлтан тыңдаушыларына жағалай қарап шықты. – Бұл әншейін бір елеусіз хал  емес. Бұл өте қорқынышты хал! Бұл қазаққа ғана емес, исі мұсылманға ғана емес, алып Ресей мемлекеті үшін өте зиянды хал!

Сөйлемінің соңғы бөлшегіне екпін қоя келе, сәл тыныстады. Кеудесін кере демалып алды да, шет аймақтарда чиновниктер өктемдігімен мұндай залалды харекет жасалып жатқанын хұкіметтің өзі де аңғарғанын айтты.

Сосын ол бірінші революция кезінде император қолынан шыққан, жұртшылыққа жайлы әсер еткен бірер  рескрипт* жайын тілге тиек етті. 18 һұтта** министрлер кеңесі төрағасының атына талап-тілек жолдау құқы берілді деді ол, ал 17 сәуірде дін бостандығы жарияланды...

 

*монархтың министріне орындалуға міндетті нақты тапсырма, міндет, қағида тұжырылған хат түрінде берген акті.

**18 ақпанда.

 

Өтемістің көз алдына 1905 жылдың жазында өзі куә болған және қатысқан оқиғалар келді.

– Ақ патша ағзамның мұндай жарлықтары ел ішіндегі тынышсыз халді жайландыруға себепші болды. – Сұлтан Қаратаев тынышталуға не септескенін атады. – Естеріңізде, әрине, Духовный собраниядан*** құр алақан қалған мұсылмандарға рухани идара**** ашуға қолайлы жағдай туғаны тақ биігінен шыққан құжаттан анық аңғарылды.

Рас айтады, хақ сөз. Өтеміс іштей қуана мақұлдап отыр. Қояндыдағы ол көшіріскен петицияда қырға діни еркіндік керектігі де айтылған  болатын. Ал сұлтанның өзі талай дін қайраткерлерін бастап, Екінші Николай патшаның қабылдауына кірген еді ғой...

 

***Діни жиналыстан.

****мекеме, кеңсе.

 

– Мырзалар, қай-қайсымыз да түсініп тұрмыз ғой, – баяндамашы Қаратаев басын қағаздан алып, тыңдаушыларына сүзіле қарады, – осынау мұсылмандардың рухани хал-жағдайы жайында кеңесу жиылысын ашуға рұқсат беруінің өзі хұкіметіміздің көзі ашыла бастағанын көрсетеді.

Империя үкіметі тарапына бұлайша мүсіркегендей түрде сөз арнауына жұрттың таңырқап болуын тоспастан, ондағы шарттылықтарды таратып кетті. Бұл шарттылық шартараптан шақырылған мұсылман делегаттарының қарайтын мәселелерінің ауқымы іс жүзінде тек бір ғана мәселемен шектелгенінен көрінеді. Сондай-ақ, күллі империя мұсылмандарынан өкілдік етіп отырған осынау жиырма-отыз адамдық аз шоғыр да билік көзқарасының шуағына шомылып тұрмағанын аңғартпай ма...

Бүкіл Ресей мұсылмандары мұқтаж істерін бірлесіп талқылап алу мақсатында осы уақытқа дейін төрт-бес съезд өткізген екен. Соның тек біреуіне ғана рұқсат беріліпті. Төменгі Новгородта болған сол ресми құрылтайға сегіз жүздей делегат келген еді, ал одан кейінгі ресми пұрсат алған, содан тоғыз жыл өткенде шақырылып отырған  осы сиезге Төменгіқаладағыдан жиырма бес есе аз өкіл шақыруға ғана рұқсат етілген.  Қаратаев мұнда патша үкіметінің әсіре сақ саясаты жатыр деп есептейді.

– Соңғы жылдары хұкімет мұсылмандардан, әсіресе қазақтардан секем ала бастағандай. Мырзалар, бүкпелейтін несі бар, министрлікте отырғандар бүкіл ислам дініндегі ресейлік бодандар бірігіп кетер ме екен деп сезіктенеді. Қазақпен бірге күллі мұсылман  түркілері бірлеседі деп сезіктенеді.

Ресей мемлекеті шегінде бодан ретінде тіршілік кешіп жүрген жиырма миллион мұсылманнан үкімет неге қауіп етеді екен? Қаратаев мұндай ахуалды жақсы емес деп біледі. Осы жерде мұсылман қозғалысының көрнекті көшбасын еске алмай тұра алмайсың...

Шешен көкірегі қарс айрыла, күрсініп сөйледі:

– Мұсылманның Орыс мемлекетіне адалдығын ғұмыры бойы дәлелдеп келе жатқан, қандастарын, діндестерін, барша түркі қарындастарын «орыс мұсылмандары» деп атаған  Исмаил әпендім Гаспринский денсаулығы сыр бергендіктен, осы жолғы сиязымызға келе алмады, бұған бәріміз өкінеміз. Бірақ біз оны дәл қазір де арамызда деп ұғайық. Оның өзімізге мәлім өсиеттерін есте тұтып, үстімізден төнген күдікті сейілтуге тырысайық.

Иә, алдағы міндетті ол тағы да шегелеп айтты. Мұндай халден құтылу керек. Бірақ, қалай? Бірінші кезекте, әрине, өздері бас қосып отырған осынау империя мұсылмандарының кеңесу жиылысы патшалықтың оң істеріне дем беретін, өкіметтің бұлардың шаруаларын ыңғайлауына қолайлы мәселелермен айналыссын. Бұл ретте Қаратаев жиналыстан қазақтардың Орынбор муфтилігіне қосылуды тілейтінін ескеруді сұрайды.  Бұл ретте мырзалар мынаны қаперіне алсын: қазақтар Орынбор муфтиятына Ұлы императрица Екатеринаның әмірімен бұдан бұрын да қараған, мемлекетке адал бодан боп қызмет ету мүддесі тағы да солай етуді қалайды...

Бақытжан мырза бүгінгі таңда әкімшілік құзырындағы қазақ молдалары атқарып отырған шаруаны тағы бір тізбеледі. Олар шағын-ақ. Неке қию, мирас ісін жүргізу, дін мектебіндегі істерге айналу. Муфтилікке өткенде дін істерін, сондай-ақ  зекет, фідия тәрізді сомаларды, садақалар мәселелерін  реттейтін тәртіппен  қарауды мұрат етеді. Бүгінде садақалар орынсыз жұмсалады. Муфтиятқа бағынғанда, рухани идарада қызмет етуші молдалардың уәзипасын, дін мектептерінің тәрбиесін тезге салу қолайлы болар еді.

Ресей мұсылмандары үшін Петрборда бір діни мәркез* ашу мәселесін де осы жиында талқылап, бір шешімге келіп алған дұрыс болар еді. Күлліресейлік бір мұсылман мәркезін ашып алған жағдайда, ол бәрін біріктіріп, олардың жер-жердегі мұқтаждықтарын үкіметке білгізумен шұғылданар-дүр.

 

*орда, орталық кеңсе.

 

–  Сондай бір қолайлы, іс қарайтын орын ашылса, хұкімет мұсылмандарды миссионерлердің айтуымен ғана біліп қоя салмай, бәлкім, өз аузымыздан да естір, жақыннан білер. Жақсылап  көз салар. Біздің арамызда тек исламшыл боп, хұкіметке зиян тигізер түрде бірігуді көздейтін ойдың жоқтығына көздері жетер.

Сол күні, съезде жасалған өзге де баяндамалардан кейін үзіліс болғанда, Бақытжан сұлтанның көтерген мәселелері қазақтардың өзара мәжілісінде талқыға түсті.

Соңғы бес-алты жыл бойы Самарада тұрып, банк статистигі болып қызмет атқарып келе жатқан, былтырдан бері «Қазақ» газеті жұмысына белсене атсалысуы арқылы елге кең танымал болған Әлихан Бөкейханов сол мұсылман съезіне Семей облысы қазақтары атынан қатысып отырған еді. Міне сол Әлекең жеке кеңесте:

– Бақытжан ағамыздың баяндамасын қолдауға болмайды, – деді. – Қазақ өз қалпымен өмір сүруге тиіс, оны қараңғы мұсылмандыққа матаудың реті жоқ. Шариғат қазаққа жүрмейді. Қазақтың өз ғұрып-әдеті бар, соған – әдет заңына негізделген би соты бар. Қазір хұкімет оны народный сот деп жүр, қазаққа сол сот жарайды. Шариғат заңы бізге келмейді, өйткені қазақ мұсылман емес.

– Не дейд?!

Әлиханның Бақытжан ағасы кеудесін шошына көтерді. Оның жанына «қазақ мұсылман емес» деген сөз батып кеткен еді. Тап сол сөз жеке кеңеске қатысып отырған он шақты адамның ешқайсысына да ұнаған жоқ. Молдалар мен үлкен кісілер Бақытжан сұлтанды қолдап, үн қатып, бас шайқап жатты:

– Мұндай ғайбат сөзден абай болған жөн...

– Көп болса жартысы мұсылман, – деді Әлихан, өз сөзінен таймай. – Оның өзі де дүбәрә мұсылмандық. Егер ғұрып-әдет заңы сақталса – қазаққа пайда, сақталмаса – зиян. Ал шариғаттың залалы айтып жеткізгісіз боларына күмән жоқ. Оны қазақ өміріне ешқашан  кіргізуге болмайды.

Бұдан үш жыл бұрынғы бұл әңгіме тек қазақ өкілдері арасында ғана айтылған болатын. Өтемістің анық есінде, бұл жәйт съездің жалпы отырысында ауызға алынған жоқ. Ал  Ғаяз мырза сонда да, қазақтардың сол өзара жеке кеңесінде пікірлесу ретінде айтылған, бірақ көпшілік қолдауын таппаған, яғни сиез мінберінен естілмеген сөзді бүгін бетке басып отыр. Құдды Әлиханның бұдан үш жыл бұрынғы пікірін күллі қазақ оқығандарына таңып қайталайтындай. Әлде бір ораймен оның сондағы көрсеткен көзқарасы жайында естіп алып па, әлде осындай пиғылмен өмірде ұшырасқан ба екен...

Қалай болғанда да, шынында, сондай сөздің ортаға тасталғанына Өтемістің өзі куә болған. Сол орайда қазақтың азаттық қозғалысының басында тұр деп саналатын  қос серкесі аяқ астынан екі айырылды. Біріне бірі қайшы келіп,  сонда едәуір сөзге барысты.  Өтемістің тап қазіргідей көз алдында – қайратты, қажырлы Бөкейхановтың пікіріне сақал-мұрты ағарған қарт Қаратаев сұлтан қатты реніш білдірді. Қатқыл үнмен:

– Қазақ халқы хақ мұсылман, – деп, ашулы кескінмен орнынан тұрып кетті. – Қазақтың мұсылмандығына шүбә айту оқыған жігітке ылайық емес, Әлихан! – деді ол сосын. – Бұған дейін қазақ мұсылман емес деп айтушылар орыстар еді. Енді оған сен қосылған екенсің ғой!

Мұсылман қозғалысына көптен атсалысып жүрген, жұртшылыққа кеңінен танымал, қазақтың дау-дамайсыз ең бірінші көш бастар тұлғасы Бақытжан Қаратаев күйіне сөйледі.

– Бірақ қазақ халқы көне ғұрып  салтымен өрілген әдет заңдарын сақтаймыз, соныменен ғамал қыламыз деп қор болды. Оны хұкімет те қолдады. Қазақ  дау-шарғысын әдет-ғұрып салты қалыптастырған құқық бойынша шешсін, хакім ету өз сотына міндет болсын деген еді. Бірақ баяғы билердің ұшығы да жоқ, әділ төралік жасалмайды. Бас адамдар жер-жерде би лауазымын сатып беруді жүзеге асыруда. Ғұрып-әдет құқығы дегенің ертегі боп кетті. Әділдік дегенің елеске айналды. Дұрыстық, шындық дегенің жоқ болды. Осындай жағдайда тұрған әдет құқығын құптасақ, хұкіметпен жолдас болып, қазақ қор бола берсін һәм дінінен айырылсын дегеніміз болып шығады!

Мәжілісте отырған қазақтардың бәрі оны қолдады. Алғашқы Думаға депутат болғалы Петрборда тұрып келе жатқан Сәлімгерей сұлтан Жантөрин, Троицкіде адвокаттық қызмет атқаратын Жиһанша Сейдалин, Түркістан өлкесінде істейтін заңгер Серәлі Лапин, Жайық өңірінің дін қызметшісі Досан молда Аманшин, Баянауыл жағының мырзасы Садуақас Шорманов бәрі әдет құқығының азып бара жатқанына мысалдар келтіріп, Қаратаевқа қолдау көрсетті. Бірақ қырық кісі бір жақ, қыңыр кісі бір жақ дегеннің тура өзі  болды да қойды. Бөкейханов өз ойынан қайтпады. Өйткені оның да өз байқағаны бар болуға керек, әйтеуір Өтеміс іштей оны аса кінәлай қоймаған. Бірақ оның пікірі жалаң, нақты дәлелі жоқ екені аян-тын. Соған қарамастан:

– Қазақтың жартысы дін ұстамайтынына сенімім кәміл, мықтағанда жартысы ғана мұсылман, – деді ол безеріп, – мен мұны ертең мұсылман жиналысына департамент бастығы Тарановский мырза қатысып отырғанда да айтып бере аламын.

Жұрт тым-тырыс болып қалды. Қаратаев қатты күрсініп, қапалы үнмен:

– Қазаққа залалды, теріс пікір туғызатын мұндай орынсыз сөздерді дін мәселесін қарайтын хұкімет чиновнигінің көзінше сөйлеу – қазақ халқына зор қиянат, һәм қазақтың шын бақытсыздығы, – деп, қолын жайды.

Азын-аулақ тосылыс. Жантөрин мұртының ұзын шалғысын ширата отырып, қысық көздерін Бөкейхановқа тастады.

– Мұндай сөздер айтып қазаққа зиян қылатындай еш рет жоқ, жалпы мәжіліс кезінде бұлай сөйлемеңіз, – деді.

Осынша орынсыз да ағат сөзді қайталамауын, ондай күмәнді, салдары жаман болуы ықтимал нәрсені әсіресе үкімет чиновнигі алдында айтпауын Бөкейхановтан бәрі өтінді.

Әлихан райынан қайтты, бірақ әлгі пікірін мұсылман сьезінде Тарановский жоқ кезде айтып қалуы ықтималдығын жасырмады. Ол Самарада тұрып жатқанмен, даусы жерлестеріне «Қазақ» газеті арқылы жетіп жатқанын, сондықтан да мұсылман сиезіне солардың өтінішімен келгенін еске алды. Осы  сьезге қатыс деп өзіне жеделхат салған семейліктердің пікірін әлі де сұрастыратынын, оларға мұсылмандық хақындағы өз ойын баян қылатынын айтты.

Дегенмен  жеке мәжіліс шешім шығара алды. Семей, Орал, Торғай, Ақмола облыстары Орынбор діни басқармасына қарағаны, ал Түркістан өлкесінде өз алдына муфтилік ашылғаны дұрыс деп табылды. Қаулы басым  көпшілік дауыспен қабылданды. Бірақ Әлекең оған мойынсұнатын түр танытпады...

Өтеміс сондағы жағдайды есіне түсіре отырып, өзінің ә дегенде Ғаяз Исхакидің сынына өкпелегенінің орынсыз екенін ойлады.

Соңы бар

 

Бейбіт Қойшыбаев

Abai.kz

1 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1465
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3235
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5366