Мұхтар ҚОЖА. Тyзеу ме, әлде кyзеу ме?..
Қожа Ахмет Ясауи кесенесi - ЮНЕСКО-ның әлемдiк мұра тiзiмiнде лайықты орын алған архитектуралық өнердiң ғажап үлгiсi. ХVI ғасырдың белгiлi тарихшысы Фазлаллах ибн Рузбихан Исфахани бұл құрылысты «дүние жүзiнде салынған керемет ғимараттардың және адамзат баласының таңғажайып туындыларының бiрi» десе, «адам қолымен сомдалған керемет дүние сол замандағы шеберлердiң дарындылығын көрсетумен қатар қазiргi көркемдiк дүниелерге де үлгi боларлық деңгейде...» - деп жазды Оңтүстiк Қазақстанның Ресей империясы құрамына қосылғаннан кейiн Түркiстан қаласында болып, Қожа Ахмет Ясауи кесенесiн тамашалап қайтқан Мир-Салих Бекчурин.
Бұл ғимаратта байырғы қазақ тарихының аса маңызды оқиғалары өрбiген. Қазақтың атақты ханы Абылайдың орыс патшасына жазған хатында: «Өз дәстүрiмiзге сай және алдыңғы хандардың жолымен, бiздiң әулие әзiрет Қожа Ахмет Ясауи дүние салған Түркiстан қаласында, оның қабiрi қасында Фатиха сүресi оқылып, мен хан болып көтерiлдiм», - деген үзiндiден Қожа Ахмет Ясауи кесенесiнде хан көтеру салтанатты рәсiмi өткенiн байқауға болады. Ортағасырлық Қазақ хандығының астанасы болған Түркiстанның ең көрiктi ғимаратында бұдан да басқа бүкiл Еуразия тағдырына қатысты мәжiлiстер мен құрылтай жиналыстары болып тұрғаны күмән туғызбайды.
Қожа Ахмет Ясауи кесенесi - ЮНЕСКО-ның әлемдiк мұра тiзiмiнде лайықты орын алған архитектуралық өнердiң ғажап үлгiсi. ХVI ғасырдың белгiлi тарихшысы Фазлаллах ибн Рузбихан Исфахани бұл құрылысты «дүние жүзiнде салынған керемет ғимараттардың және адамзат баласының таңғажайып туындыларының бiрi» десе, «адам қолымен сомдалған керемет дүние сол замандағы шеберлердiң дарындылығын көрсетумен қатар қазiргi көркемдiк дүниелерге де үлгi боларлық деңгейде...» - деп жазды Оңтүстiк Қазақстанның Ресей империясы құрамына қосылғаннан кейiн Түркiстан қаласында болып, Қожа Ахмет Ясауи кесенесiн тамашалап қайтқан Мир-Салих Бекчурин.
Бұл ғимаратта байырғы қазақ тарихының аса маңызды оқиғалары өрбiген. Қазақтың атақты ханы Абылайдың орыс патшасына жазған хатында: «Өз дәстүрiмiзге сай және алдыңғы хандардың жолымен, бiздiң әулие әзiрет Қожа Ахмет Ясауи дүние салған Түркiстан қаласында, оның қабiрi қасында Фатиха сүресi оқылып, мен хан болып көтерiлдiм», - деген үзiндiден Қожа Ахмет Ясауи кесенесiнде хан көтеру салтанатты рәсiмi өткенiн байқауға болады. Ортағасырлық Қазақ хандығының астанасы болған Түркiстанның ең көрiктi ғимаратында бұдан да басқа бүкiл Еуразия тағдырына қатысты мәжiлiстер мен құрылтай жиналыстары болып тұрғаны күмән туғызбайды.
Қожа Ахмет Ясауи кесенесiнiң тағдыры қазақ халқының тағдырымен үндес болған десе де болады. Түркiстан әкiмiнiң 1846 жылғы Қоқанға қарсы әрекетiн басу үшiн қоқандықтар қорған айналасын, оның iшiнде Қожа Ахмет Ясауи кесенесiн де ұзақ уақыт суға бөктiредi. 1864 жылғы орыс әскерлерiнiң Түркiстан қаласын қоршауға алып атқылағанда, Қожа Ахмет Ясауи кесенесi соғыс майданына айналды. Орыстарға қарсы жақ кесенеге тығылғандықтан, Қожа Ахмет Ясауи ғимаратына зеңбiректен оқ атылды. Оның он бiрi ғимаратқа тиiп, кесене қабырғаларына, күмбездерiне зақым келтiрдi. Кесененi қалайда сақтап қалуды ойлаған шырақшылардың бiрi басын қатерге тiгiп, мұнара басына өрмелеп ақ жалау тастамағанда, оқтар легi толастамай керемет жәдiгерiмiз жермен-жексен болар едi...
1876 жылы зеңбiрек оқтарынан жараланған кесененi көзiмен көрген француз зерттеушiсi Мариде Ужфальви-Бурдон баспасөз бетiнде оның сымбатына тамсана отырып, кесененiң таяу болашағына алаңдаушылық бiлдiредi: «Түркiстан кереметi - Әзiрет мешiтi. ...Жiңiшке күн сәулелерiн өткерiп тұрған күмбез архитектурасының үйлесiмдi пiшiндерi таңдандырады. Бұл туындыны сомдаған архитектор аса дарынды маман және аса талғампаз адам болған. Ғимараттың iрi бөлiктерi батылдықпен және қайталанбас пiшiнiмен таңғалдырады, ал ұсақ бөлiктерi аса ұқыптылықпен сомдалған... Осы ғажап ескерткiштi қазiр жөндеу үшiн миллиондаған қаражат қажет болар едi; кесененiң ұсқынсыз құланды төбеге айналу сәтi тақап-ақ қалды».
Француздың болжамы қалт кетiп, ескерткiш көптеген реставрациялық жұмыстар нәтижесiнде бiзге аман-есен жетiп отыр. Негiзi, кеңестiк дәуiрде жүргiзiлген реставрациялық жұмыстар ескерткiштi қауiптi жағдайдан алып шықты. Арнайы архитектуралық, археологиялық және инженерлiк зерттеулер жүргiзiлдi, кесененiң ғылыми негiзделген алғашқы нақыш-өрнегi қалпына келтiрiлдi. Алайда барлық жұмыс ойдағыдай болмады. Қожа Ахмет Ясауи кесенесi айналасындағы бiр топ ескерткiштер бұзылды, ескерткiштiң тiршiлiгi мен бұрынғы қоршаған ортасы өзгердi. Кеңестiк заманда кесенеге тек ортағасырлық сәулет ескерткiшi тұрғысынан ғана қарау басым болды. Оның қазақ халқының ең атақты тұлғаларының жерленген пантеоны екенi, онда қазақ даласы үшiн маңызы зор оқиғалардың өткенi ескерiлмедi. Жөндеу және реставрациялық жұмыстар барысында құлпытастардың басым бөлiгi өз орындарынан жылжытылды, олардың астындағы қабiрлер көп жағдайда зерттелмедi және жермен-жексен етiлдi.
Кеңестер заманында Қожа Ахмет Ясауи кесенесiне қатысты көп мәселе жасырылды. 1959 жылы қабырхана есiгiндегi керемет өнер туындысы - күмiстелген қола қоңыраушалар ұрланды. Алайда көпшiлiк қауым бұл қылмыс жөнiнде бейхабар болды. Мен бұл ұрлық жөнiнде ленинрадтық ғалым А.А. Ивановтың 1981 жылы аз ғана данамен басылған ғылыми мақаласынан оқып бiлдiм.
Кейбiр реставраторлардың ақылсыз тiрлiгiнен кесененiң ғасырлар бойы аман-сау келген бөлiктерiне зақым келген. Алматылық бiр реставратор қазандық күмбезiнiң ойығын бiтеп тастап, кесене iшiндегi қалыптасқан ауа ауысу тәртiбiн бұзды. Осының салдарынан қазандық күмбезiндегi бiр топ сталактиттер опырылып құлапты. Бiрақ бұл жағдай ғылыми әдебиетте айтылмайды. Осының рас-өтiрiгiн тексергiсi келген адам 1980 жылы Алматыдағы «Өнер» баспасынан шыққан Нағым-Бек Нұрмұхаммедовтiң «Қожа Ахмет Ясауи кесенесi» атты альбомын қолына алып кесенеге баруы керек. Осы альбомдағы фотосуреттен (132-бет) қазандық күмбезiнiң еш кетiгi жоқ байырғы сталактиттерiн көре аласыз. Осы суреттi қазiргi қазандық күмбезiндегi сталактиттермен салыстырсаңыз, қазiргi сталактиттердiң саны азайғанын, күмбездiң үстiңгi бөлiгi үңiрейiп қалғанын байқайсыз.
Кеңестiк дәуiрде сын-мақала бастыру қиын болатын. Қожа Ахмет Ясауи кесенесi жөнiнде ғылыми-көпшiлiк әдебиеттегi кемшiлiктер туралы мақалам сол кездегi бiрден-бiр ғылыми-танымдық «Бiлiм және еңбек» - «Зерде» журналында басылмай бiраз жыл қозғаусыз жатты. Тiптi белгiлi ғалым Құлбек Ергөбектiң өзi мақаламның басылуын сұрап редакцияға телефон шалғанынан нәтиже болмады. Тек тәуелсiздiк алған соң ғана Қожа Ахмет Ясауи кесенесi жөнiндегi мақалам 1993 жылы Шымкенттегi «Жiбек жолы» журналының №1-2 «Көне кесененi танудың кейбiр мәселелерi» деген атпен, 1994 жылы «Қазақ тарихы» (№4) журналында жарияланды.
Тәуелсiздiгiмiз ұлттық мәдени мұрамызды сақтап танытуға зор мүмкiншiлiк бердi. Қазақстанның өтiнiшiмен 1993-95 жылдары түрiк мамандары Қожа Ахмет Ясауи кесенесiнiң iргесiн бекiттi, «Вакиф Иншаат» фирмасы 1995-2000 жылдары кесененiң үлкен реставрациясын атқарды. Қазақстанның ұсынысымен Қожа Ахмет Ясауи кесенесi ЮНЕСКО-ның «Әлемдiк мұра тiзiмiне» қосылды.
Мәдени мұраның ең басты жанашыры - зиялылар. Таяу арада Түркiстан қаласында Қожа Ахмет Ясауи кесенесiн қорғау қоғамы құрылыпты деген хабар естiдiм. Мұндай қоғам құруды ұйымдастыру алғаш рет 1926 жылдың өзiнде жоспарланған болатын. Ташкенттегi Музей iсi, табиғат, өнер туындылары мен көне ескерткiштердi қорғау жөнiндегi ортаазиялық комитет Түркiстан қаласында Қожа Ахмет Ясауи кесенесi жөнiнде тұрақты комиссия құруға әрекет жасайды, арнайы өкiл жiбередi. Бiрақ большевиктер үстем еткен заманда Түркiстан қаласында бұл комиссия дiнге жәрдем беру үшiн жасақталған деп танылып, комиссия мүшесi Садық Өтегенов милицияға ұсталған.
Соңғы кезде баспасөз бетiнде Қожа Ахмет Ясауи кесенесi жөнiнде жарияланған түрлi материалдарға қарағанда жәдiгерге қандай қауiп бар деген мәселе көпшiлiктi ойландырады. Сондықтан осы мәселеге қатысты жинақталған ой-пiкiрiмiздi, туындаған сұрақтарымыз бен ұсыныстарымызды баян етудi қажет деп таптық.
Жалпы, Қазақстанның оңтүстiгiнде орналасқан сәулет өнерi ескерткiштерiнiң бүлiнуiнiң басты себебi - жерасты суының жақындығы. 1940 жылғы өлшемдер бойынша Қожа Ахмет Ясауи кесенесi астындағы жерасты сулары 7-10 м тереңдiкте, кесене iшiндегi құдықта су 9 м тереңдiкте жатқан екен. Ол кезде кесенеге судан қауiп жоқ едi. Ал Арыс-Түркiстан каналы салынған соң, жәдiгер астындағы су жер бетiнен 3-4 м тереңдiкте кездесетiн болған. 1982 жылы су деңгейi көтерiлiп, жер бетi деңгейiнен 1,5 м тереңдiкте кездескен. Бұл ескерткiш астындағы топырақ қабаттарының жұмсарып, босап, кесене қабырғаларының шөгуiне әкелiп соқтыруы мүмкiн. Бұған қоса ғимарат қабырғаларына көтерiлетiн су жоғары мөлшерде тұз әкеледi. Тұз шоғырланған қабырға бұзылады, мүжiледi.
Қожа Ахмет Ясауи кесенесiнiң қабырғаларының шөгу қаупiнiң алдын алу үшiн Қазақстан тарапынан өтiнiш жасалып, 1993-94 жылдары түрiк фирмасы кесене қабырғалары астына үлкен қысыммен цемент айдап, ұзындықтары 4-7 м тiреулер орнықтырды. Бұл кесененi сақтау үшiн аса маңызды әрекет болды. Ол үшiн түрiк ағайындарына алғысымыз шексiз.
Алайда мамандардың жазуына қарағанда, 1993-94 жылдарғы Қожа Ахмет Ясауи кесенесiнiң iргесiн бекiту кезiнде, белгiсiз себептермен кесене қабырғалары мен цемент тiреулерi арасына гидроизоляция жасалмаған. Осының салдарынан Қожа Ахмет Ясауи кесенесiнiң қабырғаларының төменгi бөлiгiнде ылғалдылық бұрынғы жылдармен салыстырғанда екi есе өскен. 1998 жылы тазаланып қосылған қашыртқы жүйесi қайта iске қосылғанмен, ескерткiш қабырғалары ылғалды болып қалуда. Ал ылғалдылық ескерткiштiң қас жауы екенiн жоғарыда айтқанбыз. Бұл Қожа Ахмет Ясауи кесенесiне дәл қазiргi таңда үлкен қауiп төндiре қоймаса да, түптiң түбiнде керi әсер ететiнi хақ. Қазiрдiң өзiнде бұл олқылық жәдiгерiмiздiң әсем сырлы қыштары мен сылағына терiс әсерiн тигiзiп отыр.
Мамандардың пiкiрiнше, Қожа Ахмет Ясауи кесенесiнде 1995- 2000 жылдары жүргiзiлген жөндеу жұмыстары барысында жасалған екiншi үлкен қателiк - ангидриттiк ерiтiндi қолдану болды. Осының нәтижесiнде ескерткiште зиянды тұз мөлшерi еселенiп кеткен. Осы ерiтiндiмен жапсырылған көне сырлы қыштар қабырғадан ажырап жерге түсiп сынуда. Бұл жерде бiз алдымен осындай ақаулар жiберген түрiк реставраторларын ғана кiнәламай, олармен бiрге жұмыс жасаған өз мамандарымыздан да мұның себебiн сұрауымыз қажет. Не себептi реставрация кезiнде талай сынақтан өткен Қазақстанның көне құрылыстарында пайдаланылатын жергiлiктi үлгiдегi лай-сылақ қолданылмай, бұрын аймақтағы ескерткiштердi жөндеуде қолданылмаған ангидриттiк ерiтiндi қолданылды?
Осымен бiздi қынжылтатын тағы бiр мәселенi айтпасақ тағы болмайды. Бұл - Қожа Ахмет Ясауи кесенесiнде болған әрбiр жөндеу жұмыстарынан соң ескерткiште ескiнiң лебi, байырғы ұсталардың қолтаңбасы қалған кесененiң ескi бөлiктерi, сырлы нақыштарының азаю мәселесi. Қожа Ахмет Ясауи кесенесiндегi соңғы реставрациялар «қайта жаңғыртудан» гөрi «жаңалау», ескiнiң орнын жаңамен ауыстырып бара жатқан сияқты. Жәдiгерде көненiң көзi болып табылатын көркем дүниелер азайып барады. Бұл - ескерткiштiң тарихи құндылығына, туристiң қызықтап тамашалауына керi әсер ететiн фактор. Қожа Ахмет Ясауи кесенесiне байланысты интернеттегi сайттарды ашсаң жәдiгерде көненiң көзi азайып барады, «айнатас» өз орнында жоқ деген жолдар кездеседi. Жаңалай, жылтырата бергеннен көне кесененiң көркi кететiнiн, көрерменнiң алатын әсерi кеми түсетiнiн ескеру керек. Нақыш өрнегi бұрыннан жоқ тұстары өзгерiссiз қалуы керек. Әйтпесе, кесененiң кейбiр бөлiктерiнiң 600 жыл бұрын салынған ғимараттай емес, кеше салынған құрылыстай жылтырап тұрғаны көзге оғаш көрiнедi.
Ортағасырлық керамиканы зерттегендiктен, кесенедегi керамикалық бөлiктерге ерекше қызығамын. Алайда бұрынғы әдебиетте Қожа Ахмет Ясауи кесенесiнде деп аталатын керамикалық бұйымдарды қазiргi кесене iшiнен таба алмадым. Мысалы, 1980 жылғы «Қожа Ахмет Ясауи кесенесi» атты альбомның 134-бетiнде «Қазандық. Солтүстiк ойық. Панель Жақтау. Бұрыштағы дiңгекше. Майолика» деген анықтамамен фотосуретi берiлген гүлдестенi кесене iшiнен кездестiре алмадым. Қазiргi кесенеде алтынмен апталған гүлдесте орнында осы заманда олақтау жасалған бiр сырлы керамикалық бұйым жапсырулы тұр. Сұрастыра келе, көне үлгiнiң «Әзiрет Сұлтан» қорық-музейi iшiнде, қор бөлiмiнде сақтаулы тұрғанын бiлдiк. Керамикалық алтын жалатылған көне гүлдестенi өз орнына қойып, кез келген туристiң тамашалауына, жағымды әсер алуына қолайлы жағдай жасауға болмады ма?
Аталған альбомның 133-бетiндегi «Қазандық. Солтүстiк ойық. Iшкi қабырға. Панель. Мозаикалық медальон» және 137-бетiндегi «Қазандық. Солтүстiк ойық. Батыс бүйiр кеңестiгi. Панель. Сегiз жапырақты мозаикалық медальон» деген түсiнiктемелермен берiлген фотосуреттердi қазiргi кесене iшiндегi медальондармен салыстырып көрiңiз. 1980 жылы суретте бейнеленген медальондар мен олардың орындарында тұрған қазiргi медальондар арасында айырмашылық жер мен көктей. Сонда 1980 жылы аман-сау тұрған медальондарды соншалықты өзгерту, жаңалау қажет пе едi? Не себептi оны да қорық-музейi iшiнде, қор бөлiмiнде сақтау қажет? Не себептi барымызды тыға беремiз?
Жалпы, реставратордың жұмысын сан мен көлемге қарап бағалауды қою керек. Соңғы жылдары пәлен тарихи ескерткiш жөнделiптi деген ақпаратты естiгенде денем түршiгедi. Бұл iсте бiзге сан емес, сапа керек. Реставрация - аса нәзiк жұмыс. Ал Қожа Ахмет Ясауи кесенесiндегi жөндеу одан жүз есе қиын, кез келген шебердiң қолынан келе бермейтiн iс. Шетелдерде мұндай реставрация жұмыстары ондаған жылдар бойы атқарылады. Бiздегi бiр реставрацияның бiрнеше жылға ғана жарайтыны таңғалдырады. Ұрандатып, реставрация жасадық деп түзеудiң орнына күзеп жатсақ, ескерткiшке зиян келтiрерiмiз хақ. Қожа Ахмет Ясауи кесенесi - әлемде жалғыз, дара. Оны сынақ алаңы етуге болмайды.
Қожа Ахмет Ясауи кесенесiнде реставрация жүргiзгендердiң басым бөлiгi өз жұмысына берiлген адам болғандарына күмәнiм жоқ. 1955-59 жылдары Қожа Ахмет Ясауи кесенесiнде реставрациялық жұмыстарды басқарған, кейiнгi жылдары да ақыл-кеңес берiп келген Л.Ю.Маньковскаямен жақын араласқанымды мақтаныш етемiн. Ол ғұмырының 17 жылын Қожа Ахмет Ясауи кесенесiне арнады, ғимараттың әрбiр жарықшасын, әрбiр сызатын бiлетiн. 1963 жылы түркiстандық кесененi зерттеу мен реставрациясы жөнiнде тұнғыш диссертация қорғады. Марқұм Орта Азия сәулет өнерiнiң бiлгiрi едi, ХХ ғасырдың 80-жылдары өнертану ғылымының докторы болды. Оның Қожа Ахмет Ясауи кесенесi туралы сегiз мақаласы бiр монографияға пара-пар бiр зерттеуi 1985 жылы аударылып, Англияда басылып шықты. Қожа Ахмет Ясауи кесенесiндегi кейiнгi жөндеулер туралы мына пiкiрi жайдан-жай айтылмаған: «Главное же упущено - доброе отношение, бдительность и забота о памятнике...» (18.III.1984 ж. жазған хатынан).
Сондықтан ендiгi реставрациялық жұмыс жасайтындарға жақсы ниет, шынайы қамқорлық, әр қадамына қырағылық тiлейiк. Бiз жоғарыда тiзген кемшiлiктердi болашаққа сабақ болсын деген оймен жазып отырмыз. Олар қайталанбауы үшiн келесi жөндеулер барысында қандай тәртiп болуы керек, қандай ережелер сақталуы тиiс, реставрация қандай талаптарға жауап беруi қажет? Осы сұрақтар реставраторларды, жауапты мекемелердi, зиялы қауымды мазалауы тиiс.
Мұхтар ҚОЖА,
тарих ғылымдарының докторы
"Жас Алаш" газеті